Қазақстандағы ядролық энергия мәселесі бойынша өткен референдумның даулы нәтижесі елде атом электр станциясы салынады деген шешіммен аяқталды. Ендігі сұрақ: АЭС-ті қай мемлекет салады?
Қазақстан үкіметі құрылысты ядролық энергия саласындағы компаниялардың халықаралық консорциумына жүктегісі келеді. Нақты шешім келер жылы белгілі болмақ.
Қазақстан АЭС жобасын ресейлік "Росатом" компаниясына бермесе, әлемдік тенденцияға қарсы жүрер еді.
Украинадағы соғыс пен Мәскеудің "дипломатиялық изоляциясы" тұсында Ресей халықаралық аренадағы ықпалын сақтап қалу үшін ядролық энергия саласындағы шетелдік жобаларына арқа сүйеп отыр.
Норвегиядағы халықаралық қатынастар институтының былтыр жариялаған "Ресейдің ядролық энергия саласындағы дипломатиясы жайлы" мақаласында ғалымдар "Декарбонизация процесі жүріп жатқан әлемде Ресей атом энергиясы сияқты маңызды көзіріне тиісті көңіл бөлмей отыр" деп жазған-ды.
Кремль Орталық Азиядағы энергия тапшылығын сезініп отырған серіктестерінен қолдау күтеді. Өзбекстан өз жерінде шағын АЭС салу туралы "Росатоммен" келісімге отырды. Қырғызстан одан да кіші АЭС салу мәселесін ойланып жатыр.
"Росатом" өңірдегі ықпалын арттыру үшін қандай құн төлеуге дайын?
– Совет одағының мұрасын ескерсек, Орталық Азия Ресейдің ядролық энергия саласындағы дипломатиясында маңызды рөл атқарады. "Росатомға" өңірде жұмыс істеген әлдеқайда оңай: тіл жағынан бөгет жоқ, әр елде совет дәуірінен бері келе жатқан институционалды және жеке байланыстары бар. Осылайша атом энергиясы Ресейдің өңірдегі экономикалық және символикалық ықпалын сақтау элементі болуы мүмкін, – деді мақала авторларының бірі Каспер Шулецкий Азаттыққа берген сұхбатында.
Шулецкий атом қуатының жалпы энергия өндірісіндегі үлесі едәуір жоғары болса, мұндай жобалар Орталық Азия елдерінің Ресейге тәуелділігін арттырады деп есептейді.
– Мақалада қарастырылған қауіптердің бірі – саботаж. Бұл – болу ықтималдығы төмен, бірақ салдары ауыр дүниелер, – деді сарапшы.
РОСАТОМ – ӘЛЕМДЕ
2024 жылғы дүниежүзіндегі ядролық өнеркәсіп жағдайы туралы есепке (WNISR) сәйкес, бүкіл әлем бойынша салынып жатқан 59 реактор жобасының 26-сы – "Росатомға" тиесілі.
Кемі 20 реактор Ресейден тыс жерлерде салынып жатыр. Олардың қатарында Бангладеш, Қытай, Египет, Үндістан мен Түркия бар.
2022 жылы Фукусимада (Жапония) болған апаттан кейін атом энергиясына қызығушылық төмендегенімен, Ресей – әлі де ядролық мемлекет. Бұл Мәскеудің жаңғыртылатын энергия көздеріне қарағанда, жаңа атом реакторларына көбірек басымдық беріп отырғанын көрсетеді.
Неге екенін түсіну қиын емес.
Атом электр станциясын салу қымбат тұрады және жоба құны жыл өткен сайын өсіп жатыр.
"Росатом" 2018 жылы Түркияның Мерсин қаласында қуаты 4,8 гигаватт болатын "Аккую" АЭС-ын сала бастаған. Ақпарат құралдарындағы дерекке қарағанда, бұл нысан 20 миллиард долларға түскен.
Маусымда "Росатом" бас директоры Алексей Лихачев Түркияда тұтынылатын электр энергиясының 10 пайызын беретін станция құнын 24-25 миллиард долларға бағалады.
Бангладеште салынып жатқан 2,2 гигаваттық атом электр станциясына 12,65 миллиард доллар жұмсалды. Қаржының көп бөлігін Ресей несиеге беріп отыр. АЭС туралы келісім 2011 жылы жасалып, нысан құрылысы 2017 жылы басталған.
Қазақстанның вице-премьері Роман Скляр референдум нәтижесі белгілі болғаннан кейін, бірден АЭС құрылысы 10-12 миллиард долларға бағаланғанын, бірақ алдағы жылдары инфляция әсерінен жоба құны 50 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін айтты.
"Росатом" агрессивті түрде жаңа клиент іздеп жатыр, өйткені өзі бастаған соғыстың салдарынан біраз жобасынан айырылып қалды.
2022 жылы Финляндиядағы Fennovoima консорциумы "Росатоммен" бірлесіп салғалы жатқан реактор жобасынан шығатынын мәлімдеді. Бұған құрылыстың мерзімінен кешігуі және Украинадағы соғысқа байланысты қауіптің артуы себеп болды.
"Росатомға" тікелей санкция салынған жоқ. Бірақ компанияға қажетті жабдықтар жеткізу кешеуілдеп, соның кесірінен көп жобасы тұралап қалды.
Орталық Азия саясаткерлері де осыған алаңдап отырған сияқты.
Скляр "Қазақстан Ресейді атамаса да, АЭС бойынша кез келген келісімге "санкция туралы бөлім" қосады", – деді.
Өзбекстан ядролық энергия саласындағы жолын бастады.
2018 жылы Ресей президенті Владимир Путин Ташкентке барып, қос мемлекет қуаты 2,4 ГВт болатын атом электр станциясы жобасының негізін қалаған. Бұл жоба Өзбекстандағы электр энергиясына сұраныстың бестен бір бөлігін жабады. АЭС құрылысына 11 миллиард доллар жұмсалады деп жоспарланған.
Осыдан кейін жоба біраз жылға тоқтап қалды. Жыл басында Путин мен Мирзияев "Росатоммен" АЭС салу жайлы жаңа келісім жасалғанын мәлімдеді. Енді Өзбекстанда әрқайсысы 55 мегаватт энергия беретін алты ядролық реактордан тұратын станция салынбақ.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНСОРЦИУМ
Қырғызстан былтыр "Росатом" компаниясымен қуаты 110 МВт болатын шағын АЭС салу туралы келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады.
Мамырда энергетика министрінің орынбасары Таалайбек Байгазиев бұл жобаның іргетасын құйып, мамандар дайындаудың өзіне ондаған жыл уақыт кетеді деді. "Росатом" алдағы екі жылда Қырғызстанның Ыстықкөл өңірінде қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясының құрылысын аяқтауды көздеп отыр.
Қырғызстан мен Өзбекстанда энергия тапшылығы әлдеқайда қатты сезілгенімен, Қазақстан да бұл мәселеден алыс емес. Астана мұны АЭС салу арқылы шешкісі келеді.
6 қазанда биліктің бақылауымен өткен референдумның ресми қорытындысы дауыс бергендердің 70 пайызы АЭС құрылысын қолдайтынын көрсетті. Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап көп шенеунік АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деген ой айтты.
Скляр консорциумға 5 мемлекет кіреді деді. Бұл елдер қатарында осыған дейін Қазақстанда АЭС салуға ынта білдірген Қытай, Франция, Ресей, Оңтүстік Корея мен Қазақстан болуы мүмкін.
Астана геосаяси шиеленіс жағдайында ешкімнің көңілін қалдырмай, бәріне ұнайтын ортақ жол тапқысы келеді.
WNISR биылғы есебін шығарған үйлестіруші Майкл Шнайдер "бәсекелестердің басын біріктіру қиын екенін есепке алмағанның өзінде, АЭС бұлай салынбайды" деп айтты.
– Иә, атом энергиясы саласындағы жобалар халықаралық сипатқа ие, кейде оған жүздеген компания қатысуы мүмкін. Бірақ басты мәселе мынада: құрылысқа кім жауапты болады? Инвестициялық тәуекелді кім мойнына алады, сонда бес компания 20 пайыздан бөліп ала ма? Олай болмайды, – деді Шнайдер Азаттыққа берген сұхбатында.
Халықаралық консорциумға енуі мүмкін компаниялар тізімінде қытайлық CNNC, француздың EDF, оңтүстіккореялық KEPCO және "Росатом" бар.
"Кейінгі жылдары реактор құрылысы бойынша шетелдік келісімшарттарды жеңіп жүрген жалғыз компания – "Росатом" деді сарапшы.
Үкімет шетелдік держава АЭС арқылы Қазақстанды өз ықпалында ұстауы мүмкін деген қауіпке "бұл саяси емес, коммерциялық жоба" деп жауап берді.
– Таңдалған компания немесе компаниялар тобы құрылысқа ғана қатысады, олар станция қызметін жүргізбейді, – деді шенеуніктер.
Шнайдер бұл пікірге келіспейді.
– Біріншіден, АЭС салудың өзі – саяси мәселе. Екіншіден, энергетикалық реактордың әр құрылымы ерекше және оны жобаны салған компанияның техникалық көмегінсіз пайдалану мүмкін емес. Операторлар жекелеген реактор моделін арнайы оқиды, бірінен екіншісіне оңай өтіп кете алмайды. Автономды операторларды оқытуға бірнеше жыл уақыт керек, – деді Шнайдер.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС қанша тұрады? Ақшаны кім береді?