"Британияда құлпынай тересің". Шетелден жұмыс тауып беруге уәде еткен алаяқтар қалай алдайды?

Орталық Азиядан маусымдық жұмысқа адам шақыратын Ұлыбритания компаниялары ресми рекрутерлермен жұмыс істеуге шақырады.

Орталық Азияда жүздеген адам Батыс елдерінен табысы жоғары жұмыс тауып береміз деген алаяқтарға алданған. Билік жұмыс іздеп жүргендерге мұндай қызмет ұсынатындардың құжаттарын мұқият тексеру шақырып, ақшаны алдын ала төлеуді сұрағандарға жоламау керек дейді.

Батыс елдерінің жұмыс визасын алып беруге, сол жақтан жалақысы жоғары маусымдық жұмыс тауып беруге уәде берген алаяқтар Орталық Азияда жүздеген адамның ақшасын алып қойған. Олар өздерін әдетте шетелдік фирма өкілі немесе делдал ретінде таныстырады.

Маусым айында Ташкент құзырлы органдары шетелге жұмысқа орналастырамыз деп тұрғындардан елу мың доллар жинап алған алаяқтар тобын анықтағанын хабарлады.

Хабарламада алаяқтыққа барған Өзбекстан азаматтарының Батыс елдерінің елшіліктерінде жұмыс істейтін танысы барын, олар виза алуға көмектесетінін айтып, алдын ала төлем жасауды сұрағаны жазылған.

Мұндай жағдай Қырғызстан мен Қазақстанда да тіркелген. Онда алаяқтар мұндай «қызметтерін» негізінен әлеуметтік желіде жарнамалайды.

Жұмысқа орналастыратынын айтып алдап соғу бұрыннан бар. Бірақ жалған фирмалар мен алаяқтар кейінгі айларда күрт артты. Билік пен сарапшылар бұған коронавирус пандемиясынан кейін шетелге шығу талаптарының жеңілдегені әсер етті дейді.

Ресейде жұмыс іздеп жүрген Орталық Азия азаматтары да алаяқтардың құрбанына айналған. Украинаға басқыншылық жасаған соң Батыс елдері салған санкциялардан кейін онда миллиондаған еңбек мигрантының жалақысы қысқарып, жұмыс табу мүмкіндігі айтарлықтай азайған.

Қырғызстаннан шыққан жүз елуден астам мигранттың әрқайсысы Мәскеудегі жеке компанияға 1600 доллар төлеген. Компания оларды Еуропада жалақысы жақсы маусымдық жұмысқа орналастыруға уәде берген. Бірақ олардың бәрі ақшасыз қалған.

«Иммиграция 365» деп аталатын компания виза алып, жұмысқа орналастыру секілді қызметтері үшін төлемді алдын ала жасауды талап еткен. Зардап шеккендер мұны Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтып берген.

44 жастағы Айзада Мұраділова бұл компанияға екі мың доллар шамасында ақша төлегенін айтады. Ақпанда компания оған Солтүстік Еуропадағы елдердің бірінен ауыл шаруашылық саласынан жұмыс ұсынған.

«Басында ақпаннан наурызға, сосын сәуірге шегерді» дейді ол. «Сәуірде кеңсесіне барғанымдада, [жұмыс беруші] шақырту жібергенін, жуырда [Еуропаға] кететінімді айтты. Бірақ оны маған көрсеткен жоқ».

Компания Мұраділоваға Екатеринбург қаласындағы консулдықтан виза алуды тапсырған. Ол Мәскеуден Екатеринбургке барып, алаяқтардың құрбанына айналғанын білген.

Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігінде істейтін дипломаттар Мұраділова мен басқа да қырғыз азаматтардың алаяқтарды ұстап, ақшасын қайтаруға көмектесуді сұрағанын растады. Елшілік Ресей полициясы қылмыстық тергеу жүргізе бастады дейді.

Биылғы жылдың алғашқы үш айында Қырғызстан полициясы иммиграциялық алаяқтық жасау күдігімен 32 қылмыстық іс ашқан. Оның ішінде Еуропа, АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея секілді елдерге жалған жұмыс ұсынғандар бар.

«ҰЛЫБРИТАНИЯДА ҚҰЛПЫНАЙ ТЕРУ»

Кейінгі айларда Ұлыбританиядағы ауыл шаруашылық саласына тиесілі компаниялар Орталық Азияның мыңдаған тұрғынын заңды түрде маусымдық жұмысқа алған. Онда Brexit кесірінен жұмыс күші азайып қалған.

Орталық Азиядағы жұмысшыларды Ұлыбритания фирмаларымен келісімшарт жасаған, ресми тіркелген рекрутерлер іріктеп алған.

Маусымдық жұмысқа шыққан әйел Ұлыбританияда құлпынай теріп жүр.

Бірақ Орталық азиядағы алаяқтар рекрутер фирманың атын жамылып, Ұлыбританияда бос жұмыс орындары бар екенін хабарлаған.

Қырғызстан мен Өзбекстан полициясы алаяқтар көбіне жұмыс іздеушілерді Ұлыбританияда құлпынай теру жұмыстарына тарту үшін олардан жүз доллардан мың долларға дейін сұрайтынын мәлімдеді.

Содан кейін Ұлыбританиядағы кей жұмыс берушілер Орталық Азия тұрғындарына ескерту жасап, алаяқтардан абай болуды сұраған.

Fruitful Jobs компаниясы Орталық Азия тұрғындарынан жұмысқа тұру үшін AGRI HR компаниясы арқылы ғана өтініш беруді сұрап, осы агенттікпен ғана жұмыс істейтінін мәлімдеді.

«Алаяқтық жағдайларына байланысты Өзбекстанда, Тәжікстанда, Қырғызстан мен Қазақстанда Osrodek HR компаниясының (Fruitful Jobs бекітілген рекрутері) жауапты өкілдігі жоқ екенін хабарлағымыз келеді» деп жазады компания.

«[Біздің атымыздан сөйлеген] кез келген адам заңсыз әрекет етіп отыр. Ешбір компанияға ақша төлемеңіз. Бұл туралы хабарлау үшін бірден бізбен байланысқа шығыңыз» деп жазылған хабарламада.

Орталық Азия елдерінің билігі жұмыс іздеп жүрген адамдарға заңды компаниялар арқылы жұмыс іздеп, олардың құжаттарын мұқият тексеру керек екенін айтты.

Олар алдын ала төлем жасауды сұрайтындардан аулақ жүру керек дейді.

«Лицензиясыз жұмыс істейтін заңсыз компаниялар саны артып жатыр» деп ескертті Өзбекстанның еңбек министрлігінің өкілі Зохид Асқаров.

«Заң бойынша тек ресми тіркелген компания ғана шетелге жұмысқа тұрғыза алады. Сондықтан азаматтарымызды [ақша төлемес бұрын] компанияның қызметін тексеруді сұраймыз» деді Аскаров Ташкентте өткен жиында.

Сарапшылар халықтың жұмысқа орналасу тәртібін, виза ережелері мен шет тілдерін білмеуі алаяқтардың жұмысын жеңілдетіп отыр дейді.

«Компания екі аптадан соң жұмыс визасын жасап береміз деп, аванс талап етсе, бұл бос сөз. Жұмыс визасын алу үшін әдетте үш айдан алты айға дейін уақыт кетеді» деді Қырғызстандағы кадрлық фирманың басшысы Данияр Мұқанбетов.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің тілшісі Құндыз Қызылжарованың көмегімен әзірленді

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейдің Украинаға шапқыншылығы Орталық Азияға да қатты тиді