Төкен Еркінов Мәскеу Шереметьево әуежайындағы мейрамханалардың біріндегі жұмыс орнын сақтап қалған төрт аспаздың бірі. Клиенттер азайған соң, мейрамхана иесі қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болған.
"Бұған дейін 13 аспаз болды, олардың тоғызын жұмыстан шығарды. Асханада жұмыс істеген еден жуушылар, даяшылар мен көмекшілер де жұмыстан босатылды" дейді ол.
Төкен Еркінов Қырғызстанның Ресейде жұмыс істейтін азаматы. Жұмыс орнында қалғанымен еңбекақысы толық төлене ме, жоқ па, білмейді.
Бұрын адам толастамайтын мейрамхана бүгінде қаңырап бос тұр дейді Еркінов. Батыс Ресейдің Украинаға басқыншылығы үшін Мәскеуге санкция салып, біршама халықаралық рейс тоқтап қалған.
Батыс санкцияларынан кейін Ресейдегі біршама кәсіпорын қызметкерлерін қысқартып, Батыс компаниялары кетіп қалды. Сөйтіп мыңдаған адам жұмыссыз қалды.
Дағдарыс ресейліктерге ғана емес, Ресейде жұмыс істейтін Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтарына да әсер етті. Ресейде Орталық Азия елдерінен шыққан миллиондаған еңбек мигранты жұмыс істейді.
Тәжікстаннан шыққан ерлі-зайыпты Зебо мен Назармамад айдың басында жұмысынан айырылған. Олар Батыс компаниясының Мәскеудегі қоймасында жұмыс істеген.
43 жастағы Зебо "жұмыссыз қалған Ресей азаматтары бұрын істегісі келмеген, жалақысы аз немесе [тым ауыр] жұмысты місе тұтса, мигранттардың жағдайды бұдан да нашарлайды" деп қауіптенеді.
Мигранттар көбіне қызмет көрсету, құрылыс, ауыл шаруашылығы секілді жұмысы ауыр, жалақысы аз жерлерде жұмыс істейді.
"Соғыс тағы бірнеше айға созылса, орыстарда таңдау болмайды. Күн көріс үшін кез келген жұмысты істеуге мәжбүр болады" деді Зебо.
Батыстың бөлшек сауда, азық-түлік, энергетика салаларындағы біршама компаниясы Ресейден кететінін мәлімдеді. Олардың қатарында Nestle, IKEA, Adidas, Nike, McDonald's, Burger King, Starbucks, Exxon Mobil, BP және Shell компаниялары бар.
Тіпті, Ресей компанияларының өзі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Әсіресе, әуежайлар қатты жапа шеккен.
Ресейдегі ең үлкен Шереметьево әуежайында жолаушылар азайған. Мемлекеттік БАҚ компания төрт халықаралық терминалдың екеуін, наурыздың ортасында бір ұшу-қону жолағын жапқанын хабарлады.
Шереметьево әуежайындағы кафе, мейрамхана, дүкендерде жұмыс істеген жүздеген қырғыз мигранты жұмыссыз қалды. Ал орнын сақтап қалғандардың жұмыс уақыты қысқарды.
"Өткен аптада бір күн ғана жұмыс істедім" дейді әуежай мейрамханасының қызметкері Таалайгүл. "Мейрамхана ашық, бірақ клиент жоқ. Әріптестерім басқа жұмыс іздеп жүр".
Мәскеуге Қырғызстаннан барған еңбек мигранттары WhatsAppта арнайы топ құрып, сол жерде жұмыс жайлы ақпарат алмасады дейді Нуриза Қадырканова. Мәскеудегі KFC жылдам тамақтану орнындағы жұмысынан айырылған қырық адамның қатарында болған ол басқа жұмыс іздеп жүр.
ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Отбасына ақша жіберу қиындап, пәтерақысын төлей алмай жүрген мигранттардың көбі уақыт жоғалтуға болмайтынын айтады.
Зебо мен оның күйеуі Астрахань қаласындағы тәжік достарына хабарласып, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс бар-жоғын сұраған.
"Бұрын Астраханда қарбыз еккенмін. Астраханға қайта баратын шығармын" дейді ілгеріде мұғалім болған 46 жастағы Назармамад.
Ол Батыс эмбаргосы азық-түлік импортына нұқсан келтіргендіктен, санкция ауыл шаруашылығы саласына әсер етпейді деп ойлайды. Ресей бидай мен басқа да дақылдардың экспортын тоқтатқан.
22 жастағы Нұрсұлтан Зулпаев дағдарысты жаңа мүмкіндік деп санайды. Қырғызстан азаматы екі ай бұрын Мәскеудегі сауда орталықтарының бірінен қырғыз, орыс және жапон асханасын әзірлейтін кафе ашқан. Осы айдың басында KFC мейрамханасы жабылған соң Нұрсұлтанның бизнесі өрлей бастаған.
Зулпаев Мәскеудегі басқа да сауда орталықтарынан осындай кафе ашқысы келеді. Қазір оның қол астында алты мигрант жұмыс істейді.
"McDonald's пен KFC-дің мыңдаған клиенті бар еді. Соларды өзімізге тартудың реті келіп тұр" деді Зулбаев Азаттыққа. "Мәскеу тұрғындарының көбі үйінде тамақ істемейді. Бұл мигранттардың жаңа бизнес бастауына жол ашады".
Еңбек нарығы азайып, рубльдің құнсызданғанына қарамастан, Орталық Азиядан шыққан мигранттардың көбі Ресейде қалады деген болжам бар. Сарапшылар олардың өз елдерінде жұмыссыздық жайлағандықтан Ресейден кете алмайды дейді.
СОҒЫСҚА ЖІБЕРУ ҚАУПІ
Қырғыз диаспорасы ұйымының басшысы Толқынбек Акматов мигранттар әскерге жарамды адамдарды соғысқа жіберуі мүмкін деген сыбысқа алаңдатып отырғанын айтады.
"Олар Қырғызстанға барғысы келеді, бірақ онда не істейді? Жұмыссыз қалай күн көреді?"
Ресей үкіметінің мәліметінше, 2021 жылы Ресейде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келген 7,8 миллион мигрант тіркелген.
Дүниежүзілік банк былтыр сырттан келетін ақша аударымдары Тәжікстан ішкі жалпы өнімінің 30 пайызын, Қырғызстанда 28 пайызын құрағанын айтады.
Орталық Азия бойынша халық саны ең көп Өзбекстанға былтыр қаңтар мен қараша аралығында 7,6 миллиард доллар ақша аударылған. Бұл осы елдің ІЖӨ-нің 11,6 пайызын құрайды. Бұл ақшаның көбі Ресейден аударылған.
ПІКІРЛЕР