ОА Ауғанстанның солтүстігіндегі тұрақсыздықтан тіксінеді

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен АҚШ Орталық қолбасшылығының жетекшісі Жозеф Вотел амандасып тұр. Душанбе, 15 маусым 2016 жыл.

Ресей мен АҚШ-тың жоғары лауазымды әскери шенеуніктері жақында бірінен соң бірі Орталық Азия елдеріне барды. Ресей қорғаныс министрі - Түркіменстанда, АҚШ қолбасшыларының бірі Өзбекстан мен Тәжікстанда болды.

Орталық Азияның (ОА) бұл үш мемлекеті де Ауғанстанмен шектеседі. Осы кездесулердің бір тақырыбы (негізгісі десе де болады - авт.) Ауғанстанмен шекарадағы қауіпсіздік ахуалының нашарлауы болды.

Ауғанстанның солтүстігіндегі сегіз аудандағы жағдай соңғы екі жылда күрт шиеленісіп, кейбір сарапшылар бұл тұрақсыз аймақтарды қазір «Талибан» содырлары мен олардың шетелдік одақтастары «басқаратынын» айта бастады.

Солтүстік Ауғанстандағы қазіргі жағдайды анық бағалау қазір қиындау. Ол жақтан жеткен деректер бұлыңғыр, бірақ онда жасалған шабуылдар туралы ақпараттар жиіледі. Ауғанстанның солтүстігіндегі жағдай туралы нақтырақ біліп, оның ОА елдеріне қатысын талқылау үшін Азаттықтың Түркімен қызметі дөңгелек үстел өткізді.

Талқылауды Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мұхаммед Тахир жүргізді. Оған Ауғанстаннан екі қонақ қатысты. Олардың бірі Омар Сафи - Тәжікстанмен шекараласатын Құндыз провинциясының бұрынғы губернаторы, ал екінші ауғандық Обейд Әли – Afghanistan Analysts Network орталығының сарапшысы. Осы мақала авторы да талқылауға қатысып, Ауғанстанның ОА елдерімен шектесетін солтүстік аудандарындағы жағдайға қатысты пікірін айтты.

«ТАЛИБАННЫҢ» ШОҒЫРЛАНУЫ

Екі жылдан астам уақыт бойы мұндай дөңгелек үстелдер мен «Кишлок Овози» блогында солтүстік Ауғанстандағы қауіпсіздік ахуалы мәселелері көп жазылған да еді. Сол ақпараттарды қысқаша түйіндеп айтсақ: Пәкістан 2014 жылы өзінің Солтүстік Вазиристан аймағынан содарларды тықсырып шығару үшін ауқымды әскери операция жүргізген еді. Сол кезде онда тығылып жатқан содырлардың көбі Ауғанстанның солтүстігіне қашты. Осының кесірінен 10 жылдан астам уақыт салыстырмалы түрде бейбіт өмір кешкен бұл аймақтарда шабуылдар қайта жиіледі.

«Талибан» мен Пәкістаннан қашқан содырлар қосылып, Ауғанстанның солтүстік аймақтарына шоғырланды. Орталық Азия елдерімен шектесетін бұрынғы тыныш жерлер енді тұрақсыз аудандарға айналып шыға келді. Солайша ОА елдерінің үкіметтері шекараларын бақылауды қатайтып, өз іштерінен де содырлар шықпас үшін тұрғындарды қатаң бақылай бастады.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашхабат, 9 маусым 2016 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов маусымның 9-ы күні Ашхабадта Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесті. Омар Сафидің айтуынша, үкімет осындай қиын уақытта «Арбаки» аталатын жергілікті қарулы топтармен үкімет әскерінің байланысын күшейтуге мұқтаж.

«Талибан» мен одақтас содырлардың Ауғанстанның солтүстік аудандарын таңдауына мұндағы үкіметпен байланысы бар қарулы топтардың әлсіздігі себеп болды. Бұл аймақтарда үкімет бақылауы нашар әрі заңсыз құрылған топтар көп» дейді ол.

Сафи «Арбаки» жасақтарын үкімет сенім арта алмайтын топ ретінде сипаттайды. Зерттеуші «Олардың кейбір бөлімшелері үкімет берген жабдықтарды «Талибан» содырларына сатқан» дейді. Сафидің сөзіне қарағанда, «бұл жартылай әскери топ жергілікті тұрғындардан мол салық жинайды».

Сафи өзі Құндыз ауданы губернаторы болған кезде «Арбаки» командирінің бір ауданға ықпалын жүргізгенін, оның қарамағында 2 мың жайынгер болғанын, ал Ауғанстан полициясы тек 100 адам болғанын еске алды. Аз болуы себепті полиция бұл аумаққа әмірін толық жүргізе алмаған.

«Арбаки» командирі адамдарға неше түрлі салық салды, ал ол адамдар полицияға шағымданған кезде полиция қарсы тұрар шамасы жоқ екенін ашық айтты» дейді Омар Сафи. Оның айтуынша, «Арбаки» командирі аумақтағы «Талибан» өкілі сияқты болған, өйткені, ол үнемі ауған үкіметінің беделін түсіріп отырған».

Ал талқылауға қатысқан тағы бір ауғандық Обейд Әли Ауғанстанның солтүстік-батысындағы Фаряб өңіріндегі жағдайды баяндады. «Ол жақта қазір жол жүру қауіпті. Жолда «Талибан» содырлары кездеседі. Олар заңсыз бақылау пункттерін орнатып алған, көлік құралы мен үкімет қызметкерлерін аңдиды» дейді ол.

Мамыр айының соңында Ауғанстанның солтүстік-шығысына қарай орналасқан Құндыз өңірінде де осындай жағдай орныққан. «Талибан» содырлары төрт автобусты тоқтатып, ондаған адамды өлтіріп, бірқанша адамды күшпен алып кеткен.

Азаттықтың Тәжік қызметі де «жолда содырлар көбейгендіктен, Тәжікстаннан Пәкістанға Ауғанстан арқылы баратын жүк көліктері азайып кеткенін» хабарлады. Обейд Әлидің айтуынша, «кейбір жүргізушілер содырлар орнатқан бақылау бекеттерін айналып өту үшін ұзақ жол жүруге мәжбүр».

БҰЛ ЖАҒДАЙДЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ЫҚПАЛЫ

Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Дустум 2015 жылдың жазынан бері туған өңірі – Ауғанстанның солтүстік-батыс өлкелерін төрт рет аралап шықты. Әлидің айтуынша, оның сапары қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесе қоймаған. «Дустум мен оның жауынгерлері ол жақтарда аптадай болады да... кейін қайтады. Олар кете салысымен аймақ қайтадан «Талибан» қолына өтеді» дейді ол.

Омар Сафидің бағалауынша, «Құндыз провинциясы аумағының 70 пайызы «Талибан» содырлары қолында, өңірдің 30 пайызы ғана үкіметке бағынады». Зерттеуші дерегі бойынша, Ауғанстанның солтүстік өңірлерінің «45 пайызы үкіметке қарайды, ал 55 пайызында «Талибан» содырлары шоғырланған». «Содырлар мұнда тоғыз провинцияға (Бадахшан, Тахар, Құндыз, Балх, Жаузжан, Фаряб, Бадгис, Герат, Бағлан) шоғырланған» дейді ол.

"Талибан" содырларына қарсы операцияға шыққан ауған үкіметі әскері. Құндыз провинциясы, 12 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Фаряб провинциясы туралы айтқан Әли «Қайсар ауданының көп бөлігін «Талибан» содырлары басып алды. Алмар ауданын да солар басқаратын тәрізді. Осы 14 немесе 15 ауданнан бөлек, даулы аудандар мен үкіметтің билігі орнаған аудандар да бар» дейді.

Дөңгелек үстелге қатысқан мамандар Ауғанстанның солтүстігінде жүрген шетелдік содырлар туралы да айтты. Ресей мен Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік қызметтері және кейбір сарапшылар «мұндағы шетелдік содырлардың саны мыңға жуықтайды» деген дерек айтады.

Ал Сафи мен Әли бұл дерекке күмән келтіреді. Олардың айтуына қарағанда, «содырлар сондай көп емес, әр провинцияда оннан, ал солтүстіктегі аудандарда жүзден» болса керек. «Содырлардың көбі ОА елдерінен келген, бірақ олардың көбі 10 жылдан астам өз елдеріне бармаған».

Әли «Өзбекстанның ислам қозғалысы» тобының басшысы Усмон Гази содырларын Ауғанстанның солтүстік-батысына жібергенін, кейін өзі «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына адал болуға ант бергенде олардың көбі өлгенін немесе жан-жаққа тарап кеткенін, кейбірінің «Талибанға» қосылғанын айтады.

Совет Одағы құлағалы Түркіменстанға алғаш барған Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу маусымның 8-і күні Ауғанстандағы қауіпсіздік ахуалын талқыласа керек. АҚШ орталық қолбасшылығының жетекшісі генерал Жозеф Вотел де маусымның 14-15 күндері Өзбекстан мен Тәжікстанға барғанда осы мәселені көбірек талқылаған болуы тиіс.

Дөңгелек үстелдің аудио-нұсқасы (ағылшын тілінде):

Your browser doesn’t support HTML5

Дөңгелек үстелдің аудио-нұсқасы (ағылшын тілінде)

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.