Сириядағы ИМ содырларына қосылу райынан қайтқан жігіт

Сирияға бара жатқан баласы Фуркат Ватановты (оң жақта) еліне алып қайтқан Амриддин Ватанов (сол жақта).

Тәжікстан тұрғыны Амриддин Ватанов Сирияға экстремистерге қосылу үшін бармақ болған 23 жастағы баласы Фуркатты жолдан қайтарған. Елге жеткізген соң әкесі ұлын арнайы қызмет органдарына тапсырған. Фуркат Ватанов екі ай тергеу абақтысында отырып, кейін босап шықты.

СТАМБУЛДАН ҚАЙТАРУ

«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы содырларына қосылмақ болған жас жігіттің әкесі Амриддин Ватанов «мән-мағынадан жұрдай соғыста мерт болғанша, түрмеде отырғаны дұрыс» дейді. Ресейге жұмыс істеуге кеткен 23 жастағы Фуркат Ватанов биыл көктемде Түркияға барып, сол жақтан Сирияға кетпекші болған. Бірақ Фуркаттың бұл жоспарын іске асыруға әкесі бөгет жасаған.

Ресейдің Новосибирск қаласында жұмыс істеп жүрген ұлының Сирияға аттанбақшы болып жүргені туралы хабарды Амриддин Ватанов биыл наурызда естіген. Әкесі ұлымен телефон арқылы сөйлесіп, оны райынан қайтаруға тырысқанымен Фуркат «хақ жолды таңдадым» деуден танбай қойған. Баласының Түркияда жүргенін әрі таяу күндері Сирия шекарасынан өтпек ниеті барын мамыр айының басында естіген Амриддин Ватанов дереу Стамбулға ұшқан.

Сирияда соғысып жүрген тәжіктер жайлы баяндайтын видеодан скриншот.

Түркияда бір ай бойы экстремистердің видеороликтерін көрген Фуркат тезірек Сирияға аттанғысы келген. Бірақ ол кезде Түркия-Сирия шекарасынан заңсыз өтетіндердің негізгі маршрутына Сирияның үкімет күштері бақылау орнатып, Фуркат Ватановтың Сирияға сапары созылып кеткен. «Екі күн кешіккенімде, баламнан мәңгіге айырылып қалар едім» дейді Амриддин Ватанов. Баласын Тәжікстанға алып келгеннен кейін әкесі ұлын арнайы қызмет орындарына тапсырған.

ҚАМАУДА ӨТКЕН ЕКІ АЙ

Фуркат Ватанов екі ай тергеу абақтысында отырып, жуырда бостандыққа шыққан. Түрме жазасынан оны Тәжікстан қылмыстық кодексінің 401-бабында қарастырылған ескерту құтқарған. Заңға былтыр енгізілген өзгеріске сәйкес, шетелдегі әскери қақтығыстардан елге қайтып оралып әрі ісіне өкінген (егер олардың әрекетінде өзге қылмыс құрамы жоқ болса) азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

– Ұлым бұрынғы қылықтарына өкінеді. Қазір ол бізге, әке-шешесіне ізетпен қарайтын қайырымды балаға айналды. Фуркаттың бұрынғы радикал көзқарасынан ештеңе қалған жоқ. Енді шаңырақ құрып, өмірдің рахатын көруі үшін қалыңдық іздейміз, - дейді Амриддин Ватанов Азаттықтың Тәжік қызметіне.

ҮГІТКЕ ЕРГЕН ЖІГІТТІҢ ӘҢГІМЕСІ

Фуркат Ватанов Азаттықтың Тәжік қызметі тілшілеріне үгітке қалай еріп, Сириядағы қақтығысқа қатысуға неліктен келісім бергенін айтып берді. Жас жігіт «бәрі «Ислам мемлекеті» ұйымын жақтаушылармен танысқан әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалана білмеуімнің кесірі» деп біледі.

Байланысқа шығып едім, олар өздеріне шақырды. Сөйтіп, Түркияға кеттім, «хақ жолында күресу» үшін Сирияға барамын деп ойладым.

– Бос уақытымда ерігіп интернетте отыратынмын. Сирияда тұратын әйел, бала-шағаның зарлаған көз жасы түсірілген видеороликтерге қалай беріліп кеткенімді білмеймін. Бір күні «көп ұзамай Сирия мен Ирак мұсылмандарының бәрін қырып тастайды, ал сендер – өзге елдерде тұратын мұсылмандар тырп етпейсіңдер» деп зарлаған әйелдің сөздері жазылған ролик көрдім. Тәулігіне 24 сағат бойы тек осы тақырыпты қаузайтын «Зелло» арнасына кірдім. Байланысқа шығып едім, олар өздеріне шақырды. Сөйтіп, Түркияға кеттім, «хақ жолында күресу» үшін Сирияға барамын деп ойладым, - дейді Фуркат Ватанов.

Бірақ, жас жігіттің айтуынша, Түркияға ертіп апарғандардың жанында өткізген екі аптадан кейін оның көңілінде күдік пайда болған, алайда шегінерге жол қалмаған. «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының үгіттеушілері оның алыс-беріс хаттары мен телефон арқылы сөйлескен сөздерін қалт жібермей қадағалап отырған. Бірақ Фуркат «бір жағынан, елге қайтсаң, кемі 20 жылға сотталасың деп қорқытты» деп мойындайды.

– Сондықтан өз-өзіме енді артқа қайтар жол жоқ, не де болса Сирияға кетемін дей бердім. Ал әкем мені Түркия полициясына өткізіп, кейін елге әкелген кезде бәрі бітті, қалған ғұмырым түрмеде өтетін шығар деп ойладым. Қазір енді өз елімді, маған рақымшылық жасаған мемлекетімізді тіпті жақсы көріп кеттім. Екі ай отырып шыққан тергеу абақтысы мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Менің қателіктерім өзгелерге сабақ болуы тиіс. Жұмақ – әке-шешеңнің табаны астында. Сирияда болып жатқан жағдайдың ислам мен мұсылмандарға еш қатысы жоқ екенін енді ғана түсіндім, - дейді Фуркат.

СИРИЯДА МЫҢНАН АСА ТӘЖІК АЗАМАТЫ ЖҮР

Тәжікстан бас прокуратурасы өкілінің хабарлауынша, Фуркат Ватановқа қылмыстық кодекстің 401-бабында қарастырылған ескерту қолданылған. Бас прокуратура өкілдері «өйткені оны үйге қайтаруға әкесі көп күш салды, ал жас жігіт өзінің қатесін түсінді әрі қылығына шын ниетімен өкінді» дейді.

Ресми дерекке сәйкес, қазір Тәжікстанның бір мыңнан астам азаматы Таяу Шығыстағы «Ислам мемлекеті» тобы тәрізді экстремистік ұйымдар қатарында қарулы қақтығыстарға қатысып жүр. Сирия мен Иракта жүрген немесе осы елдерге бара жатқан 100 шақты тәжікстандық елге қайтып оралған, ал олардың 50-ден астамы кінәсін мойындап, рақымшылыққа іліккен.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің материалы.)