ЖАҢА ТӘСІЛ: «ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР»
Жапонияда шығатын Diplomat газеті «ИМ және Орталық Азия: адам жинау стратегиясы өзгеріп барады» деген мақаласында «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының кейінгі екі айдағы іс-әрекетін зерттеу нәтижелері шайқас алаңында біраз әлсіреген содырлар өз қатарына адам тарту тактикасын,«әсіресе Орталық Азия елдеріне бағытталған әрекеттерін» өзгерте бастағанын көрсетті деп жазған.
Әуелгі кезде ИМ-нің орыс тілді Furat Media баспасөз орталығының үгіт-насихат материалдарында «тәкпірлеу» («кәпір» ретінде тану) көріністері мен «кәпірлерді» қатыгездікпен өлтіру материалдары көп болатын. Қазір насихатшылар мұндай материалдарында әйелдер мен балаларды көбірек пайдалануға көше бастады. Мысалы, видеоматериалдардың бірінде жанында екі ұл бала бар ұлты қазақ екі ер адам Қазақстан мұсылмандарын Сириядағы ИМ қатарына қосылуға шақырады. Видеода екі баланың бірі Нұрсұлтан Назарбаевты «кәпір», ал Қазақстанды «Кәпірстан» деп атайды.
«Әлгі [видеороликтерден] ИШИМ-нің үгіт машинасы Орталық Азия елдерінде адам үгіттеу тактикасын өзгерте бастағанын көруге болады. Ертеректе жарияланған видеороликтерінде ИШИМ содырлары «елге оралып, зұлым билікті құлатамыз, шариғат заңын орнатамыз» деп сес көрсетсе, енді ИШИМ насихатшылары Орталық Азия тұрғындарын бала-шағасымен келіп тұруға және халифатты қорғауға шақыратын тәрізді» деп жазады Diplomat.
Мақала авторларының болжамынша, «халифаттағы» отбасылық құндылықтарды көрсету ИМ тобының Орталық Азия елдерінен адам жинауда проблемаға тап болғанын көрсетеді. Ол жақта соғыс жүріп жатқанына қарамастан «бейбіт» өмір жайлы фото, аудио және видеоматериалдар жиі жарияланады әрі «шетелдіктерді қызықтыру үшін содырлар ортасындағы аяушылық пен бауырмалдық үлгілері көрсетіледі».
«ИШИМ идеологтары балаларды шариғат заңы бойынша тәрбиелеудің халифаттағы «қоғамдық әділеттілік», діни «тазалық» пен отбасылық құндылықтарын көрсетуге ерекше мән бере бастады. Бұл «бейбіт» насихат көбінесе Ферғана алқабында тұратын халықтың билік тарапынан діни кемсітушілікке ұшыраған маргинал әрі шаласауатты бөлігіне арналған» деп жазады Diplomat.
Газет дерегінше, ИМ қатарындағы шетелдік содырлардың Батыс Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінен қосылғандардан кейінгі ең үлкен үшінші тобын Орталық Азия елдері мен Ресей азаматтары құрайды. «Орыс тілі ИМ жарнама материалдарында ең жиі қолданылатын үшінші тілге айналды. ИШИМ қырғыз, қазақ, өзбек және тәжік тілдеріндегі [жарнамалық] материалдарды да кәсіби деңгейде дайындап, көп таратады» деп жазады Diplomat басылымы.
ИМ ЗҰЛЫМДЫҒЫ
Американың Foreign Policy журналының «ИШИМ әйелдері нені көксейді?» деген мақаласы демократиялық құқығы мен теңдігі қамтамасыз етілгеніне қарамастан, кей әйелдердің не себепті экстремистік ұйымның езгісіне түсіп, оның қатарына қосылғысы келетінін немесе оны қолдайтынын талдаған.
«Жыныстық құштарлық құлына айналған немесе ер адамдардың құрық бойламас қулық-айласының құрбаны болмаса да ИМ қатарына қосылған немесе қосылғысы келетін Батыс әйелдері көп. Өйткені олар ИМ-ді өздері өмір сүретін зайырлы либералды демократиялық елдерден гөрі дені дұрыс әрі моралдық және саяси сенімдерін таныта алатын орта көреді» деп жазады Foreign Policy.
Ал америкалық Newsweek журналының «Сирттағы қанды қырғын үшін ИШИМ неге жазасыз қалды?» деген мақаласында ИМ содырларының Ливияның Сирт қаласындағы зұлымдығы сипатталған. Мақала авторы Лет Тэйлердің жазуынша, Сиртті басып алған 2015 жылдың ақпанынан бері ИМ ұйымы кемі 49 адамды заңсыз жазалаған.
«ИШИМ-нің Ирак пен Сириядағы зұлымдықтары әлем назарына енді ілігіп жатқанда ұйым Сирт қаласын өзінің үшінші тірегіне айналдырып алды. Ол жерде 1800-ге дейін (көбі шетелдіктер) содыр жинап, үкімет ғимараттарын, қазына үйін, әскери база, радиостанция мен электр станциясын басып алды. Қазір ИШИМ Сирт тұрғындарының бүкіл тұрмыс-тіршілігін – ер адамдар шалбары балағының ұзындығынан бастап әйелдердің лыпасына дейін – бақылауында ұстап отыр» деп жазады Newsweek. Мақала авторының пікірінше, бұл – «ішкі бейберекеттік» пен «халықаралық енжарлық» факторларының салдары.