Тәжікстан тәуелсіздік алғаннан бері өткен 25 жыл бойы Махмадсаид Убайдуллоев елдегі ең ықпалды адамдардың бірі болды. Соңғы жылдары тіпті биліктегі салмағы жөнінен оған тең келетін тұлға қалмаған. Орталық Азияның барлық елінде биліктегі басшының сүйенер «сұр кардиналы» бар. Алайда, тәжік үкіметі біртіндеп отбасы бизнесіне айналып бара жатқандықтан, Убайдуллоев сынды адамдардың ерте ме, кеш пе, түбінде саяси сахнадан шеттетілетіні заңдылық сияқты.
Басшы бұрынғы маңызды одақтасының қолдауына мұқтаждықтан құтылып, өзінше билеп-төстейтін дәрежеге жеткенде «сұр кардиналдың» халі қандай болатынын Тәжікстандағы Убайдуллоевты биліктен ығыстыру операциясынан байқауға болады.
БИЛІКТЕН АЛАСТАУ
Махмадсаид Убайдуллоевтың қадірінің кете бастағаны биыл қаңтардың 12-і күні Душанбе қалалық кеңесі сессиясында қабылданған шешімнен кейін белгілі болды. Жиында қалалық кеңес депутаттары Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның 29 жастағы ұлы Рустамды Душанбе мэрі етіп тағайындады. Бұл орында жиырма жылдан бері Махмадсаид Убайдуллоев отырған еді.
Душанбе қаласын модернизациялауға бөлінген ақшаның барлығы өз мақсатына жұмсалмаған сыңайлы.
Әйткенмен, осыған дейін оның бағы тая бастаған. Осыдан екі жыл бұрын Душанбе қалалық құрылыс департаментінің басшысы Саидшариф Анваров және тағы бірнеше адам тұтқындалған. Убайдуллоев қала мэрі болып тұрған кезінде тәжік астанасын жаңартып, жаңғырту арқылы халыққа жаққан. Бірақ, Душанбе қаласын модернизациялауға бөлінген ақшаның барлығы өз мақсатына жұмсалмаған сыңайлы.
Анваров 2000 жылдан бері Убайдуллоевтың жақын серігі болған, кейбіреулер оны тіпті қала мэрінің «оң қолы» деп атайтын. Ол тұтқындалғанға дейін он жылға жуық уақыт Душанбенің құрылыс департаментін басқарған.
ПАРАҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ АҚША ЖЫМҚЫРУ АЙЫПТАРЫ
Сәуір айында Душанбе қалалық соты Саидшариф Анваровты тәжік астанасында «Истиқлол» медицина орталығын салу барысында пара алып, ақша жымқырды деп айыптап, 18 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Убайдуллоевтың мэр қызметінен кететіні сол кезден-ақ айқындала бастады. Сот Анваровты 9 миллион сомони (1,1 миллион АҚШ доллары) көлемінде өтемақы төлеуге міндетті.
Анваров – Убайдуллоевтың істі болған жалғыз серігі емес. «Точикколхозсохтмон» құрылыс компаниясының жетекшісі Фазлиддин Махмудов пен оның орынбасары Фируз Рахманов та Душанбеде тұрмысы төмен отбасыларға арналған үй құрылысына бөлінген ақшаны мақсатсыз пайдаланғаны үшін айыпты деп танылып, біріне - 18, екіншісіне - 5 жыл түрме жазасы тағайындалған.
Фируз Рахманов Саидшариф Анваровтың атынан жемқорлыққа қарсы ұлттық агенттік өкіліне 450 мың АҚШ доллары көлемінде пара бермек болып жатқан жерінен ұсталған. Орташа жылдық жалақы көлемі 3 мың АҚШ долларынан аспайтын ел үшін бұл – өте үлкен сома.
Сот Махмудовты да 9 миллион сомони айыппұл төлеуге міндеттеді.
Убайдуллоевтың Душанбедегі құрылысты басқарған өзге серіктеріне де жауапқа тартылды. «Жильестрой» компаниясы жетекшісі Тохиржон Тагоев, ПMK №2780 бастығы Олим Содиков, «Хонасоз-4» компаниясы басқарушысы Тохиржон Мирзожонов және «Саманд-2010» компаниясы жетекшісі Косим Фатхуллозода «пара алған» және «Истиқлол» медицина орталығын салуға бөлінген «қаржыны басқа мақсатқа пайдаланған» деп танылып, оларға үлкен мөлшерде айыппұл салынды. Бұған қоса сот олардың 3-4 жыл бойы бизнеспен айналысуына тыйым салды.
БҰЛЫҢҒЫР БОЛАШАҚ
Бір кездері тірі жан қарсы келмеген, тіпті Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның өзі онымен биязы сөйлесетін Махмадсаид Убайдуллоевтың қазір арқа сүйер адамы қалмай барады.
Ақпанның 15-і күні Душанбе қаласының басшылығымен кездескен президент Рахмон Dushanbe Plaza кешені мен «Истиқлол» медицина орталығын салу кезінде 100 миллион доллар қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын айтты. Убайдуллоев осы екі жобаға да тікелей жауапты адам.
Президент Эмомали Рахмон өз ұлы Рустам Эмомалиге ақшаның қайда кеткенін анықтайтын комиссияны басқаруды тапсырып, тексеру қорытындысын шілденің 1-іне дейін әзрлеп, ұсыну туралы талап қойды. Сол күні Махмадсаид Убайдуллоевтың Мажилиси миллидің төрағасы ретіндегі қызметі де тоқтайтын тәрізді. Бәлкім, тіпті бұл оның бостандықтағы соңғы күні болуы да ғажап емес.