Өзбекстанда биліктегі басшыны дәріптеуге тыйым салды

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің басына гүл қойып жатыр. Самарқан, 30 қаңтар 2017 жыл.

Орталық Азиядағы постсоветтік елдердегідей Өзбекстанда да автократ басшыны мадақтап, арнау айту дәстүрі бар болатын. Бірақ Өзбекстанның жаңа басшысы мұндай мадақты қажет етпейтініне сендіргісі келеді.

МАДАҚҚА ТЫЙЫМ

Орталық Азиядағы (ОА) постсоветтік елдерде билікте отырған президенттерге ән-жыр арнап, оларды мадақтайтын кітап жазу, дәріптейтін фильм түсіру дағдыға айналған. Өзбекстан билігі бұдан былай ондай үрдістен бас тартып, билікте отырған басшыға мадақ ән арнаған әнші мен сазгерлер лицензиясынан айрылуы мүмкін екенін ескертті.

Маусымның 2-сі күні өткен "Өзбекконцерт" (өзбек ойын-сауық өндірісін бақылайтын мекеме) жиынында осындай мәлімдеме жасалды.

- Белгілі-бір тұлғаларға, мемлекет басшысына клип арнау... әдепсіздік саналады, - дейді "Өзбекконцерттің" уақытша директоры Азамат Хайдаров интернетке жарияланған видеода.

Өзбек әншісі, актриса Дильфуза Исмоилова.

Жақында өзбек әншісі әрі актриса Дильфуза Исмоилова былтыр күзде қайтыс болған мемлекет басшысы Ислам Каримовтан кейін билікке келген президент Шавкат Мирзияевке арнап музыкалық клип жариялаған еді. Осыдан соң 49 жастағы әнші сынға ұшырады. Ол мамырдың 21-і күні YouTube сайтына жариялаған "Сұлтан, мына көркем жерді гүлдендір" атты клипін кейін сайттан алып тастады.

Әнде қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің атына "сымбатты сұлтан", "Жердегі Құдайдың көлеңкесі" және "ардақты адам" деген мадақ айтылған. Каримовтің билігі кезінде 13 жыл бойы премьер-министр болған Мирзияевті клипте жұмыскер етіп көрсетеді, іскерлік сапарлары мен кездесулерінің видеоларын берген.

Клип жарық көрген соң Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында Дильфуза Исмоилова бұл әнді "шын жүректен жазғанын" айтқан еді. Клип шыққан соң өзбек әлеуметтік желілерінде оны сынағандар көп болды, "көршілес Түркіменстанға айналуымыз ғажап емес" деген пікірлер айтылды.

ТҮРКІМЕНБАШЫНЫҢ САРА ЖОЛЫМЕН

Түркіменстанда елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың (2006 жылы қайтыс болған) тұсындағыдай қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтің кезінде де билік мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын өздерін, отбасыларын және ұлтқа деген "қызметтерін" мадақтауға пайдаланады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашғабат, 2 желтоқсан 2014 жыл.

Түркімен мемлекеттік телеарнасы жақында президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтің шешесіне арналған әнді көрсетті, бұл шығармада "әлемге ұлы адамды сыйлаған" ана туралы айтылады.

Оқыңыз: Бердімұхаммедовтің анасын мадақтайтын ән

Қазақстанда 1989 жылдан бері билікте отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған "Елбасы жолы" атты биографиялық фильмнің осы кезге дейін бес сериясы түсірілген.

Оқи отырыңыз: Назарбаев туралы бесінші фильм

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2015 жылы "Ұлт көшбасшысы" атағын иеленді, тәжік тілі мен тарихы туралы кітаптар жариялады.