Орталық Азияда дипломатияның 25 жылдығында нота жазу жиіледі

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғыз республикасының президенттігіне кандидат Өмірбек Бабанов. Алматы, 19 қыркүйек 2017 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.

Орталық Азия (ОА) елдері өзара және аймақтан тыс елдерімен де кейбір мәселедегі келіспеушіліктер бойынша дипломатиялық нота тапсыруды жиілетті. Азаттық биылғы ерекше көзге түскен нота жолдау оқиғаларына шолу жасады.

Орталық Азия елдері өз дипломатиясының тарихын әрқилы көрсетеді. Қырғызстан мен Қазақстан өз дипломатиясы тарихын СССР тұсында одақтас республикалардың сыртқы істер халық комиссариаты құрылған 1944 жылдан бастайды. Алайда хандық дәуір, патшалық Ресей құрамындағы кезеңді де ортақ тарих ретінде қарастырып жатады. Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан болса, өз дипломатиясының тарихын орта ғасырдағы осы елдер территориясындағы мемлекеттер тарихымен байланыстыруға тырысады.

Алайда іс барысында Совет одағы құлағаннан кейін тәуелсіздік алған Орталық Азия елдерінің қазіргі дипломатиясына енді ғана 25 жылдан аса бастады. Осы аралықта Орталық Азия елдері өздері келіспейтін саяси мәселелерге байланысты нота жазуды да жиілете түскен. Ондай ноталардың кейбірі аймақ елдеріне бағытталса, кейбірі аймақтан тыс елдерге де арналған. Биылғы жылғы көзге ерекше түскен саяси мәселелерге қатысты дипломатиялық нота жариялауда Қырғызстан дипломатиясы белсенділігімен көзге түсті.

НОТАСЫЗ "НАРАЗЫЛЫҚ"

Биыл қаңтардың 26-сы күні Ресей парламентінің депутаты Павел Шперов өз елінің "ұлы" екенін айтып, "дүниежүзіндегі өз мүддемізді қорғауымыз қажет" деді. Ол "Таяу шетел" деп жүрген елдерде әзірге мұндай мүмкіндік бар. Қазақстандағы орыс отандастырымызды диаспора деу - қате, өйткені олар отырған жер - уақытша шетел иеленген біздің жеріміз. Мәңгілік шекара жоқ, біз әлі Ресей шекарасына қайта ораламыз және ол таяу уақытта жүзеге асады" деп мәлімдеді.

Қазақстан-Ресей шекарасындағы Үй өзені мен қала маңындағы ауыл. Шілде, 2009 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бұдан соң Қазақстан сыртқы істер министрлігі ресейлік депутаттың мәлімдемесіне қатысты ұстанымын Ресей сыртқы істер министрлігіне "телефон арқылы білдіргенін" хабарлады. Соңынан Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "сыртқы саясат мәселелеріндегі ресми ұстанымды Ресей президенті, премьер-министрі, сыртқы істер министрі және уәкілетті тұлға ғана білдіре алатынын" мәлімдеді.

АҚПАНДА ҚЫРҒЫЗСТАН НОТА ЖАЗУДЫ ЖИІЛЕТТІ

Биылғы ақпан - Қырғызстан үшін жиі нота жазған айлардың бірі болды. 15 ақпанда Мәскеудегі фитнес-клубтардың бірінде Қырғызстан азаматының зорланғаны хабарланып, Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігі Ресей сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған. Онда істің мұқият және әділ тексерілуі сұралған еді. 16 ақпанда Бішкекте Ресей елшілігінің дипломатиялық нөмірі тағылған Toyota Land Cruiser Prado көлігі бағдаршамның қызыл жарығына өтіп кетіп, микроавтбусқа соғылған. Оқиға салдарынан ауыр жараланған микроавтобустың қырғызстандық жүргізушісі ауруханада қайтыс болды. Осы оқиғадан соң Ресейдің Қырғызстандағы уақытша сенімді өкілі Алексей Мзареулов қырғыз сыртқы істер министрлігіне шақыртылып, нота тапсырылған. Онда оқиғаның тексерілуіне Ресей жағының барынша құқықтық көмек көрсетуі керектігі және оқиғаға қатысқан адамның да тікелей тексеруге қатысу қажеттігі айтылған.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Euronews телеарнасына сұхбатын монитордан қарап отырған адамдар. Бельгия, 17 ақпан 2017 жыл.

Ал 17 ақпанда Euronews арнасына сұхбат берген қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев елдегі революция кезінде Қазақстанның шекараны "бір ай жауып тастап, оның соңы адам құрбандығына" ұшыратқанын айтқан соң, Қазақстан жағы "Алмазбек Атамбаевтың сөзін ескердік. Енді Қырғызстан тарапынан түсініктеме күтіп отырмыз" деп мәлімдеген. Соңынан Қырғызстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Динара Кемелова Қазақстанның осы елдегі елшісі Айымдос Бозжігітовті қабылдап, сұхбатқа қатысты жайды түсіндірген. Кемелова 2010 жылғы сәуір оқиғасына байланысты Қазақстан жағы шекарасын жауып, шектеу енгізгенде қиындықтар туындап, адам өліміне ұшыратқанын айтқан.

Соңынан 21 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев Қырғызстанның Астанадағы уақытша сенімді өкілі Қайнарбек Токтомушевқа дипломатиялық нота тапсырды. Онда қырғыз президентінің аталған арнаға берген сұхбатында айтқандары қазақ тарабының "таңданысын және келіспеушілігін тудырғаны" айтылған. Қазақстан бұған дейінгі келіссөздерде Қырғызстан жағының "блокада және адам құрбандығы" туралы айтпағанын мәлімдеп, президент Атамбаевтың бұл сөздерін жағдайға бейімделген конъюнктуралық сипатқа ие мәлімдеме деп бағалаған.

ҚЫРҒЫЗСТАНҒА БАҒЫТТАЛҒАН НОТАЛАР

Қырғызстанның келесі бір әрекетімен келіспейтін нотаны 6 наурызда Ирактың Қазақстандағы елшілігі жолдады. Онда елшілік Қырғызстанда ұсталған ирактық әйелдердің денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, оларды босатуды сұрады. Бұған себеп - жалған паспортпен ұсталып, Ош қаласында төрт-бес жылға сотталған Ирак азаматтарының ісі еді. Олардың арасында 76 жастағы әйел адам да болған.

Наурыз айының ортасында Ресейдің Бішкектегі елшілігі Қырғызстан сыртқы істер министрлігіне елден шығарылған Regnum агенттігінің редакторы Григорий Михайловты кіргізбеу шешіміне наразылық нотасын жолдады. Онда Ресей жағы журналистің елге келуіне тыйым салу себебін түсіндіруді сұраған.

27 наурызда Украинаның Бішкектегі елшісі Николай Дорошенко қырғыз парламентінің екі депутатының Ресей аннексиялап алған Қырымға сапарына наразылық білдіріп, қарсылық нотасын жолдаған.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМҒА АРНАЛҒАН НОТА

Биылғы мамырдан бастап Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бішкектегі өкілдігі "орталық" мәртебесінен айрылды. Қазір ол ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі бағдарламалық кеңсесі деп аталады.

Қырғызстанда сырттай сотталған қуғындағы бизнесмен Қадыржан Батыров (ортада) ЕҚЫҰ-ның жиынында Қырғызстан үкіметін сынап сөйлеп отыр. Варшава, 21 қыркүйек 2016 жыл.

Мұның алдында өткен жылы күзде Қырғызстан Венаға нота жолдап ЕҚЫҰ орталығының мәртебесін төмендетуді сұраған болатын. Оған Қырғызстан сырттай өмір бойына сырттай соттап, іздеу жариялаған Қадыржан Батыровтың ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы форумында сөйлеуі себеп болған.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТЫСТЫ НОТАЛАР

Тамыз айында Қазақстан Египетке қарсылық нотасын жолдап, қауіпсіздік мекемесі қамаған алты қазақстандық студенттің жағдайын түсіндіруді сұраған. Египеттің Астанадағы уақытша сенімді өкіліне тапсырылған нотада Қазақстан өз азаматтарының ұсталу себебін түсіндіру және олармен жолықтыруды талап еткен. Соңынан студенттер босатылып, Қазақстанға оралды.

Астанадағы EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысушы елдерге арналған экспозиция. 29 қыркүйек 2016 жыл.

Маусым айында Украинаның Қазақстандағы елшілігі Астананың орталығында тұрған инсталляциялардағы глобустарда Ресей картасы 2014 жылы Мәскеу аннексиялап алған Украинаның Қырым түбегімен берілгеніне байланысты наразылық білдіріп, Қазақстан сыртқы істер министрлігіне нота жолдады. Соңынан глобустағы суреттер дереу "түзетілді".

20 қыркүйекте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қырғызстандық саясаткер, президент сайлауының кандидаты Өмірбек Бабановпен кездескен соң екі елдің дипломатиялық мекемелері тағы да нота "алмасты". Бішкек бұл кездесуді "ішкі іске араласуға тырысу деп бағалайтынын" білдірсе, Астана жауап нотасында Қырғызстанның мәлімдемесін "ойдан шығарылған тұжырым" деп бағалаған.

Орталық Азиядағы бейтарап ел Түркіменстан да жиі болмаса да өздері келіспейтін мәселе туындаса, нота жолдап позициясын білдіріп отырған. Ашғабат 2015 жылы Қазақстан президентінің түркімен және тәжік шекарасындағы "әлдебір оқиғаларға" қатысты айтқанына наразы болып нота жолдаған. Соңынан Қазақстанның сыртқы саясат мекемесі де жауап нота жолдап, Қазақстан президентінің айтқандары "әлемге және аймаққа төнген терроризм қаупінің алдын-алу ниетінен туындағанын" айтып түсінік берген.

ТӘЖІКСТАН - ИРАН НАРАЗЫЛЫҒЫ

Тамыз айында Тәжікстанның мемлекеттік арнасында "Иран: 91-97 жылдарғы азамат соғысын қолдау" деректі фильмі көрсетілгеніне байланысты Иран наразылық танытты. Фильмде Тәжікстанда соғыс жылдары болған оқиғаларға Тегеранның қолдау көрсеткені айтылған. Иран өзінің ресми мәлімдемесінде фильмдегі деректердің растығына күмән келтірді.

Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеи (сол жақта) мен Тәжікстан исламдық жаңғыру партиясының жетекшісі Мухиддин Кабири. Иран, 30 желтоқсан 2015 жыл.

2015 жылы Тәжікстанда тыйым салынған Тәжікстан исламдық жаңғыру партиясының басшысы Мухиддин Кабиридың Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеимен кездесуі де Душанбенің наразылығын тудырып, Тәжікстан Иранға қарсылық нотасын жариялаған еді. Ал 1991 жылы Совет одағы тарағанда Тегеран Душанбемен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекет болатын. Соңғы жылдары екі ел арасындағы байланыс күрт суып кетті.

Орталық Азия елдері сыртқы саясат мекемелері қатынасын жария түрде айқындап алу үшін нота жолдап қарсылығын білдірсе, кейде жауап нота арқылы талап етілген мәселеге түсінік беріп отырған. Қайсыбір кезде сұралған жағдайға келіспейтіндігін байқатып, қайтара нота жолдағандары да бар. Кейде талаптардың орындалғаны белгілі болса, қайсыбір нотадан кейінгі ахуал бұлыңғыр күйінде қалған.