Қадыров мұнай компаниясын Мәскеуден қайтарып алды

Ресейдің Шешенстан аймағының басшысы Рамзан Қадыров.

Кремльдің «Чеченнефтехимпром» компаниясын Шешенстан иелегіне беруі Ресейдің өзге аймақтарын да өз «үлестерін» талап етуге итермелеуі мүмкін. Кейбір сарапшылар Мәскеу қаржы тапшылығы кезінде Шешенстанды алдарқата тұрмақ дейді.

2015 жылдың соңында Ресей президенті Владимир Путин Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың өтінішін орындап, республиканың мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібі инфрақұрылымын бақылайтын «Чеченнефтехимпром» компаниясын осы аймақтың иелігіне қайтару керек деп шешті.

Дегенмен, Қадыровқа бұл да жеткіліксіз сияқты. Ол енді өз елінде мұнай өңдеу зауытын салуға қаржы сұрамақ. Бірақ мамандар бұл жобаны экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп санайды. Шешен басшысының өзі де осыдан бес ай бұрын зауыт салудың ауылы алыстап кеткенін айтқан еді.

«ҚАДЫРОВТЫҢ БАҒАСЫ АРТА ТҮСТІ»

Кейбір сарапшылардың айтуынша, экономикалық дағдарыс кесірінен федералдық бюджеттен көмек қаржы азайған тұста Мәскеу Шешенстанды «Чеченнефтехимпромды» қайтару арқылы алдарқата тұрмақ. Ұлттық стратегия институты президенті Михаил Ремизовтың пікірінше, Сириядағы азамат соғысы толастамай, Ресей мен Түркия арасында дипломатиялық кикілжің ушығып тұрған қазіргі кезеңде «Қадыровтың Мәскеуге бағыныштылығының бағасы» арта түскен.

Бұдан шешен халқы пайда көре ме, жоқ па, ол басқа әңгіме.

Келер жылдың соңында жекешелендіріледі деп жоспарланған «Чеченнефтехимпром» осыған дейін Ресей мемлекеттік мүлік агенттігінің иелігінде болып келген. 2014 жылы ол бар болғаны 44 миллион рубль (қазіргі бағаммен 600 мың доллар) ғана пайда түсірген.

Мәскеу үшін ең қиыны – мұны көрген басқа өңірлер де орталықтан өз «үлестерін» талап ете бастауы мүмкін, сонда Путин мұндай шешім шығарғанына өкінетін болар. Күні кеше Сібірдегі алып аймақ - Красноярск өлкесі парламенті спикерінің орынбасары Алексей Клешко Қадыровтың ізімен осы өңірдегі мұнай инфрақұрылымдарын жергілікті үкіметке қайтаруды талап етейік деген бастама көтерді.

ШЕШЕНСТАНДА ЕКІ ЗАУЫТ САЛУ ЖОСПАРЫ

Мұнай мекемесін өздеріне қайтаруды сұрап былтыр 3 желтоқсанда Путинге жазған хатында Қадыров «Чеченнефтехимпромның» өнеркәсіп орындарын жалдап отырған мемлекеттік «Роснефть» компаниясы оның жері мен инфрақұрылымын дұрыс пайдалана алмай отыр деп шағымданған. Шешен басшысының «Роснефтьпен» біраздан бері араздасып жүргенін айта кету керек.

Қадыров хатында «Чеченнефтехимпромның» жеріне литий-ионды аккумулятор зауытын салмақ ойы барын жазған. Мұндай зауыт құрылысын бастау туралы 2014 жылдың желтоқсан айында оңтүстіккореялық «КОКАМ» компаниясымен келісім-шарт жасалып қойған.

"Грознефтегаз" компаниясы кеңсесі, Грозный, 23 наурыз 2006 жыл. (Көрнекі сурет.)

Мұнымен қоса шешен басшысы егер «Чеченнефтехимпром» өздеріне қайтарылса, онда «Грознефть» немесе басқа инвесторларды тартып, жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаратын мұнай зауытының құрылысын бастауға ниетті екенін жазған.

Жоба экономикалық тұрғыдан өзін ақтамайтынына қарамастан, Рамзан Қадыров «Роснефтті» ел аумағында мұнай өңдеу зауытын салдыруға үгіттеп келеді. Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының сарапшысы Игорь Юшковтың айтуынша, зауытқа қажетті өндіріс көлемін сақтап тұру үшін Шешенстан кем дегенде 5 миллион тонна мұнай өндіруі керек.

2014 жылы «Грознефть» бар болғаны 448 мың 80 тонна шикізат өндірген, бұл сарапшы айтқан мөлшердің он пайызына да жетпейді. Оның үстіне, өндіріс көлемі 2013 жылғыдан да төмендеп кеткен.

МҰНАЙ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖЫРЫ

Соған қарамастан, Путин өзін аймақ басшысы етіп тағайындаған 2008 жылдан бері Рамзан Қадыров Шешенстан аумағында мұнай өңдеу зауытын салуды табандылықпен талап етіп келеді. «Роснефттің» Солтүстік Кавказдағы Қабардин-Балқар республикасында зауыт салу жөніндегі балама нұсқасы қолдау таппай, Қадыров ақыры жеңіп шыққан.

2009 жылдың қарашасында Қадыров пен «Грознефтегаз» директоры Мұса Эскерхановтың кездесуінде «Роснефттің» Грозныйда мұнай өңдеу зауытын салуға келісім бергені ресми түрде хабарланған.

Красноярск өлкесіндегі "Роснефть" компаниясы мұнай кеніші. 26 наурыз 2015 жыл.

«Роснефть» 2010 жылдың қаңтар айында Шешенстанға мамандарын жіберіп, зауыт салатын орын қарастыра бастаған. Екі аптадан соң ресейлік компанияның сол кездегі басшысы Сергей Богданчиков «құрылыс келер жылы басталып, 2013 жылы аяқталады» деп Рамзан Қадыровты сендірген. Ал Қадыров болса шикізат көлемін екі есе ұлғайтып, 2 миллион тоннаға дейін мұнай өндіруге уәде берген.

2011 жылдың сәуірінде құрылыс сол айдың соңында басталып, 2013 жылдың қазанында аяқталады деп хабарланған. Осы заманның ең озық технологиясымен жабдықталатын зауыт құрылысына 400-ден 600 миллионға дейін доллар жұмсалады деп жоспарланған.

Арада бір жыл өткенде Қадыров «Роснефттің» еш себепсіз құрылысты бастамай, кейінгі созып отырғанын айтып шағымданған. Тек 2013 жылдың қараша айында ғана «Роснефть» жылдық өнім көлемі бір миллион тонналық мұнай өңдеу зауытының жобасын жасауға тендер жариялады.

Екі айдан соң «Роснефттің» жаңа басшысы Игорь Сечин «шикі мұнайды экспорттау жақсы пайда әкеліп отырғанда мұнай өңдеу зауытын салудың қажеті жоқ» деп мәлімдеді. Сол кезде әлемдік нарықтағы мұнай баррелінің бағасы 106 доллар болып тұрған еді.

ВЬЕТНАММЕН УАҒДАЛАСҚАН ДАҒЫСТАН

2015 жылдың ортасында Ресей валютасының АҚШ долларына шаққандағы бағамы 55 рубльге дейін құнсызданғанда әу баста 17 миллиард рубль деп бағаланған Грозныйда салынатын зауыттың өзіндік құны 80 пайызға қымбаттап шыға келді.

Жақында Вьетнамның мемлекеттік Petro Vietnam компаниясының көршілес Дағыстанның мемлекеттік мұнай және газ компаниясына 150-300 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға әзір екендігі хабарланды. Бұл компания 2014 жылдың маусым айында республика басшысы Рамазан Абдулатиповтың бастамасымен құрылған.

Жоба аясында Дағыстанда жылына 6 миллион тонна өнім шығаратын мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланған. Шешенстандағы мұнай өндірісінің кеміп бара жатқанын, көрші елде ірі балама жобаның пайда болғанын ескерсек, Грозныйда кішкентай зауытты ашу қажет болмай қалатын тәрізді.

(Лиз Фуллердің материалы ағылшын тілінен аударылды.)