Қарыз кіріптарлығы. Қытайдың несие беру шартының құпиясы

Қытай президенті Си Цзиньпин "Бір белдеу – бір жол" форумына жиналған жетекшілерге арналған банкетте сөйлеп тұр. Пекин, 26 сәуір 2019 жыл.

Қытай мен одан қарыз алған елдер арасында жасалған 100 келісімшартқа жүргізілген зерттеу әлемдегі ең ірі несие беруші мемлекеттің құпия баптары бар шартпен берілетін кредитті өз саяси және экономикалық мақсатына қалай пайдаланатынын көрсетті.

Кейінгі он жылда Қытай әлемнің түкпір-түкпірімен қаржы қатынасын нығайтты. Пекин "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында көп қарыз берді. Латын Америкасынан Африкаға, Шығыс Еуропадан Оңтүстік Азияға дейінгі кеңістікте көптеген елмен келісімшарт жасады.

Пекин – әлемдегі ең ірі ресми қарыз беруші, бірақ соған қарамастан, шетелдіктерді несиелендіру туралы негізгі деректер әлі белгісіз.

Қытай шарттарының маңызды тетіктері және мемлекеттердің дамуы мен инфрақұрылымына берілетін қарыз әлі күнге бұлыңғыр. Шетел үкіметі мен Қытай жасаған несие келісімшарттарының тек азы ғана жария болған.

Вашингтонда орналасқан "Жаһандық даму орталығы" жақында Қытайдың несие тәжірибесін зерттеді. Оның барысында Қытайдың Орталық Африка, Азия, Еуропа және Латын Америка елдерімен, соның ішінде Қырғызстан, Сербия, Черногория секілді 24 дамушы мемлекетпен жасаған 100 келісімшарты сараланды.

Қытайдың China Road and Bridge Corporation (CRBC) мемлекетік компаниясы салып жатқан жол құрылысы. Черногория, 8 сәуір 2019 жыл.

– Қытай – әлемдегі ең ірі қарыз беруші, сондықтан оның келісімшартты қалай жасайтыны маңызды, – деді Жаһандық даму орталығының бас маманы, баяндама авторларының бірі Скотт Моррис Азаттыққа. – Келісімшарттан Қытайдың қарыз алушы елге ықпалын нығайтып, ең ірі қарыз беруші мемлекет болуына септесетін талаптар мен шектеулерді көреміз. Жалпы алғанда, спектрлердің бәрінде ашықтық жетіспейді және Қытайға инвестициясын қорғауға мүмкіндік беретін терминдер көп.

Қытайдан қарыз алып, келісімшарт жасаған мемлекеттер көбейген сайын Пекиннің тиімсіз несиесі мен шектеу шарттары көпшілік назарына ілінді. Қарыз төленбесе, Қытай субъектілеріне өз активтерін қайтаруға мүмкіндік беретін кей ережелерге ерекше назар аударылды. Бұл Қытай жер немесе басқа активтерді тартып алып, қарыз алған үкімет сонда да Пекинге борыштар болып қала ма деген күдік туғызады.

Сәуірде Черногория үкіметі автожол салу жобасына Қытайдан қарызға алған 1 млрд долларды төлеу үшін Еуроодақтан көмек сұрағанда күдік ұлғая түсті.

Сонымен қатар Қырғызстан да Қытайдан алған 1,8 млрд доллар қарызын – сыртқы қарызының 40 пайызын қалай қайтарарын білмей отыр. Пандемия салдарынан туындаған қаржы қиындығына байланысты үкімет несиені төлей алмай жатыр, ал қарызды өтеу мерзімі жақындап қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бір белдеу – бір жол" қайда апарады немесе Бішкек Пекинге қарызын қалай өтемек?

"МЫҚТЫ НЕСИЕ БЕРУШІ"

Жаһандық даму орталығы биыл наурызда жарияланған баяндаманы Уильям және Мэри колледжі жанындағы AidData зертханасы қызметкерлерімен бірлесіп дайындаған. Баяндама авторлары Қытайдың қарыз беру келісімшарттарының жалпы ережелерін талдап, Пекин тәжірибесін басқа несие берушілердің несие тәжірибесімен салыстырған.

Зерттеу барысында Қытайдың негізгі екі несие берушісі – Қытай экспорт-импорт банкі мен Қытай даму банкі жасаған келісімшарттар қарастырылған.

Авторлар ең негізгі үш ерекшелікті анықтаған:

  • Қытай несие алушы үкіметке қарыз туралы ақпараттың егжей-тегжейін жарияламауды көздейтін ережелер қолданған;
  • қарызды ұжымдық қайта құрылымдаудан қорғайтын шарттар қойған;
  • борышкер мемлекеттің саясатына әсер етуі мүмкін қарыздың күшін жою немесе төлемді жылдамдату ережесін енгізген.

Қытай үкіметі бүкіл әлемді қамтыған жаһандық несиелендіру бағдарламаларына кіруге қарсылық танытып келеді. Пекин Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) несие есебі жүйесіне де, қарыз беру процесінің ашықтығына үндейтін Export Credit Group тобына да кірмейді.

Сонымен қатар Қытай қарызын төлеуде қиындыққа тап болған мемлекеттерге көмек көрсету үшін осыдан 50 жыл бұрын құрылған Париж клубының да мүшесі емес.

Пәкістанда Қытай несиесіне салынған жол құрылысы. Жобаның құны - 60 млрд доллар. Сурет 2017 жылғы 11 мамырда түсірілген.

2020 жылы G20 мен Париж клубының жалпы негізіне сәйкес Пекин дамушы мемлекеттерге берілген 2,1 млрд доллар қарызды жеңілдетті. Бұл өзгерістің басы болғандай көрінді. Әйткенмен Қытай берген қарыздардың көп бөлігі әлі де құпия.

Жаһандық даму орталығы зерттеуіне сәйкес, авторлар қарастырған Қытай даму банкі келісімшарттарының бәрінде және Қытай экспорт-импорт банкі келісімдерінің 43 пайызында несие шарттарының құпиялық ережесі бар.

Авторлар көп келісімшартта құпиялықты сақтау туралы талап барын, әдетте несие алушыны емес, несие берушіні ақпаратты жариялмауға міндеттейтін бүкіл әлемде қалыпты тәжірибеге Қытай келісімшарттары мүлдем кереғар келетінін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай Қазақстанның жүк вагондарын өткізбей, кәсіпкерлер шығынға батты

Қытай жасайтын келісімдер құпиялығы өте ауқымды және ол несиені тұтас қамтиды.

– Коммерция құпиясы қарыз алушыны қорғауы керек, себебі ол қарыз берушіге көптеген құпия ақпаратты ұсынады. Бірақ Қытай құпиялық ережесіне анағұрлым көп мән береді және ол қарыз берушіні қорғайды, – дейді Моррис.

Қытай берген қарыздың тағы бір қыры баяндамада "Париж клубынсыз" деп жазылған. Бұл қарыз алған мемлекетке Қытайдан алған қарызды басқа жерде қайта құрылымдауға немесе басқа жерден қарыз ауыртпалығын жеңілдетуге мүмкіндік бермейді.

Баяндамада қарыз алушының басымдығын болдырмау да қарастырылған. Оған сәйкес, қарыз алған мемлекеттің заңы мен саясатында маңызды өзгеріс болса, Қытай келісімшарттың күшін жоя алады немесе қарызды бірден төлеуге міндеттей алады.

Мұндай ереже бүкіл әлемде несиені төлеуге кедергі келтіруі мүмкін өзгерістерге қатысты қолданылады.

Зерттеу авторлары Қытай келісімшартында қарыз алған мемлекетке саяси қысым көрсетуге мүмкіндік бере алатын екіұшты анықтама қолданылған деген қорытынды жасаған.

"Терминдердің кең мағынада қолданылғаны сонша, өзара қатынасқа әсер етуі мүмкін саясат немесе заңдағы кез келген өзгерісті қамти алады. Егер қарыз берген мемлекеттің көңілі толмаса, ол бастапқы кезеңде қарыздың күшін жоя алады немесе төлем уақытын өзгерте алады. Оның әсер ету тетігі көп" деді Моррис.

ҚАРЫЗ ТҰЗАҚ ПА?

Қарыз берушілер жасаған келісімшарттағы бұл ереже дау туғызды.

Сыншылар Пекин қарыз алған елге салмақ салып, ықпалын кеңейткісі келетінін айтып, мұны үкіметті бақылау үшін жасаған "қарыз тұзағына" теңейді.

Қытай басшысы Си Цзиньпин екінші рет өткен "Бір белдеу — бір жол" форумында сөйлеп тұр. 27 сәуір 2019 жыл.

Черногорияның 2014 жылы автожол салу үшін алған қарызы ісінен кейін айыптаулар қайта көбейді.

Былтыр билікке келген Черногория үкіметі Қытайдан алынған көп қарыз Пекинге тәуелді ететінін айтты және кей Еуропа шенеуніктері бұл пікірмен келісті. Қытайдың экспорт-импорт банкімен жасалған келісімшарт бойынша, банк автожол мен басқа да активтерді өзіне ала алады, бірақ Қытай банкінің бұлай істеуіне еш себеп жоқ.

Черногориямен және әлемнің басқа елдерімен жасалған келісімшартты зерттей келе, Моррис келісімшарттар Пекиннің мемлекетті қарыз міндеттемесіне жегу үшін саналы түрде қарыз беретінін көрсетпейтінін айтты.

"Қытайдың қарыз беруші мемлекетке жүктеген міндеттері басқа несие берушілерге қарағанда ерекше. Бірақ келісімшарттарды қарастырғаннан кейін келген жалпы қорытынды – қытай компаниялары қарызды қайтарып алу үшін береді" деді Моррис.

Черногорияға келсек, Еуроодақ қарыз төлеуге көмек берген жоқ, бірақ Брюссель Еуроодаққа кіруге кандидат елге көмек көрсетудің басқа жолдарын қарастыратынын айтты.

Морристің сөзінше, келісімшарт ережелері Черногорияның басқа елдердегі мүмкіндігін шектейді. Пекин қарызды кешіктіріп төлеуге немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік беруі мүмкін, бірақ келісімшарт қабылданатын кез келген шешімде Қытайға басымдық береді.

"[Черногория іздеген] кез келген көмекті Қытай көрсетуі керек немесе Қытаймен келісуі керек. Даму жолы қытайлықтарды елемеуге мүмкіндік бермейді" деді Моррис.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жемқорға жаққан, халық қарсылығын оятқан жоба". "Бір белдеу – бір жол" жайлы жаңа кітап