Accessibility links

"Автократтарды қолдайтын" Ресей мен Қытайға қарсы "жеті стратегия"


Мәскеудің Пушкин алаңындағы наразыларды жаппай ұстау. 3 тамыз, 2019 жыл.
Мәскеудің Пушкин алаңындағы наразыларды жаппай ұстау. 3 тамыз, 2019 жыл.

Америка сыртқы саясатта демократияны дамытуға, Қытай, Ресей және өзге елдердегі авторитаризммен күреске басымдық беруі керек. АҚШ ғалымдары мен бұрынғы саясаткерлерінен құралған жұмыс тобының Американың сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздік стратегиясына қатысты баяндамасының басты идеясы – осы.

14 сәуірде жарық көрген баяндаманы Freedom House, "Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы" (CSIS) мен Маккейн институты (McCain Institute) ғалымдары мен бұрынғы саясаткерлерден тұратын "Демократияны қолдау және авторитаризммен күрес жөніндегі АҚШ стретегиясы бойынша" жұмыс тобы" әзірлеген.

"Демократияның әлсіреуі мен авторитаризмнің бас көтеруі ғаламдық тұрақтылыққа, Американың экономикалық және қауіпсіздік альянстарына, адамның қадір-қасиетіне деген құрметке қатер төндіреді"

Олардың айтуынша, "демократияның әлсіреуі мен авторитаризмнің бас көтеруі ғаламдық тұрақтылыққа, Американың экономикалық және қауіпсіздік альянстарына, адамның қадір-қасиетіне деген құрметке қатер төндіреді".

"Бұл қатерлі жақындасу шұғыл да батыл әрі түрлі буынның бірлескен жауабын қажет етеді" деген сарапшылар "Қытай демократиялық басқаруды күйретіп, Азияда және басқа аймақтарда ықпалын арттыру үшін экономикалық, әскери және дипломатиялық мәжбүрлеу әдісін қолданып отыр" деген қорытынды жасайды.

Бұған қоса, америкалық сарапшылардың айтуынша, Ресей "демократияның таралуын аса үлкен қатер деп санап, демократиясы орныққан я сол жолда күресіп жатқан елдерде, әсіресе өз шекарасына жақын аймақтарда жік туғызып, сенімсіздік орнатып отыр".

Сарапшылар есебінде Пекин де, Мәскеу де "Америка Құрама Штаттары мен олардың одақтастары 75 жылдай бақылап келе жатқан, ережеге негізделген және олардың амбициясын тежеп отырған халықаралық либералдық тәртіпке сына қағып, өз мүдделерін орындауға тырысып жатыр" делінген.

"ЕРКІНДІККЕ ҚАРСЫ ТОЛҚЫН"

"Біз тарихта бұрын-соңды болмаған шапшаң технологиялық, экономикалық, демографиялық және геосаяси өзгерістерді бастан кешіп жатырмыз және бұл тұрақсыздық бүкіл әлемде авторитаризмнің етек жаюына мүмкіндік берді" деген Freedom House директоры Майкл Абрамовиц АҚШ әкімшілігін "кеш болмай тұрғанда бұл қауіпті тенденцияны тоқтатуға" шақырды.

"Қытай демократиялық басқаруды күйретіп, ықпалын арттыру үшін экономикалық, әскери және дипломатиялық мәжбүрлеу әдісін қолданып отыр"

Наурызда жарық көрген жылдық есебінде Freedom House жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы, экономикалық белгісіздік және кикілжіңдер 2020 жылы әлемдегі еркіндік деңгейін төмендетті деген қорытынды жасаған. Вашигтонда орналсқан құқық қорғау ұйымының айтуынша, "еркіндік жоқ" елдер саны соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.

Жұмыс тобының есебінде "еркіндікке қарсы бас көтерген толқынды" тоқтату үшін өзара байланысты жеті түрлі стратегия ұсынылады. Онда АҚШ "авторитаризм қатеріне қарсы тұрып, демократиялық басқаруды нығайту жолында халықаралық коалицияны жұмылдырып", демократияны және авторитаризммен күресті дипломатиялық іс-әрекетінің негізгі басымдығына айналдыруы керек делінген.

Алматыда наразылыққа шыққан адамды полицейлер әкетіп барады. 28 ақпан, 2021 жыл.
Алматыда наразылыққа шыққан адамды полицейлер әкетіп барады. 28 ақпан, 2021 жыл.

"АҚШ және оның демократияшыл серіктері Қытайдағы, Ресейдегі және басқа елдердегі авторитар үкіметтер өз азаматтарын негізгі құқықтарынан айырып, демократияны бөлшектеп, жаныштауға тырысып жатқанын түсінуі тиіс" делінген құжатта.

"Демократия авторитарлық модельге қауіп төндіреді" деп санайтын Қытай мен Ресей "басқа автократтарды, әсіресе халқының қарсылығына тап болған елдер басшыларын қолдауға тырысады".

Баяндама авторлары АҚШ пен олардың серіктестерін "ашық, жауапты әрі көпшілікті қамтитын демократиялық қоғамның негіздеріне, соның ішінде еркін әрі әділ сайлау, тәуелсіз ақпарат құралдары және жігерлі де белсенді азаматтық қоғамға шұғыл түрде көп инвестиция салуға" шақырады.

Сарапшылар соның ішінде "халықаралық деңгейде пікір бостандығын насихаттап, журналистика сапасын арттыру үшін Тәуелсіз медиа кәсіпкерлік қорына" ауқымды инвестиция салуға үндейді.

"ДЕЗИНФОРМАЦИЯ МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ПРОПАГАНДАМЕН КҮРЕС"

Бұған қоса, АҚШ халықаралық дезинформация, мемлекет қолдаған пропаганда, білместікпен таратылатын жалған ақпарат, онлайн өшпенділік және кемсіту сияқты құбылыстармен күрес стратегиясын жасауы керек. Сарапшылардың айтуынша, бұл жайттардың "жаппай таралуы" басты демократиялық процестерге кесірін тигізіп жатыр.

"Ресей мен Қытай зиянды стратегия аясында көп жылдан бері бүкіл әлемде жалған ақпарат таратып келеді"

"Ресей мен Қытай сияқты мемлекеттік акторлар хаос тудыру, ел ішіне жік салу, сынаушылардың беделін түсіру және демократиялық процеске деген сенімді азайту үшін зиянды стратегия аясында көп жылдан бері бүкіл әлемде жалған ақпарат таратып келеді" делінген есепте.

"Мәселен, Ресей үкіметі Еуропада, әсіресе Балқанда, сонымен бірге Африка, Латын Америкасы және Азия - Тынық мұхит аймағында "келіспеушілікті өз мақсатына пайдалану" үшін RT және Sputnik деген көптілді жаңалықтар қызметі сияқты дәстүрлі мемлекеттік ақпарат құралдарын және әлеуметтік медианы қолданады".

Жұмыс тобы жемқорлықпен және клептократиямен күресті АҚШ Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының "негізгі тірегі" деп атады.

Шетелге көмек және қауіпсіздік саласындағы жәрдем "тиімді басқаруға, экономикалық өсімге нұқсан келтіретін, заң үстемдігін әлсірететін" жемқорлықпен күресте жетістікке жеткен елдерге жеке инвестицияны ынталандыратындай, жемқорлықты азайтуға ықпал ететіндей етіп бөлінуге тиіс”.

Авторлардың айтуынша, Ресейдегі жемқорлық "режимді берік ете түсуде ерекше рөл ойнайды", себебі президент Владимир Путин негізгі саяси элитаның парақорлықтан пайда көруіне жағдай жасап, өз билігін нығайтып отыр. Сонымен бірге, Кремль жемқорлықты "Еуропадағы демократияның іргесін сөгу және АҚШ-тың әлемдегі ықпалына қарсы тұру үшін қолданады”.

Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон экономикалық келісімдерге қол қойғанда басқару мен демократияның жоғары стандарттарын талап етуі керек және дамуға бағытталған қаржы мен үкіметаралық даму банктеріндегі АҚШ-тың жетекші рөлін "көпшілікті қамтитын даму мен тұрақты өсімді ынталандырып, демократиялық басқаруды жетілдіру; қарыз тұзағынан құтқарып, демократияның жеміс беретінін көрсету" мақсатына пайдалану қажет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG