Accessibility links

"Бір белдеу – бір жол" қайда апарады немесе Бішкек Пекинге қарызын қалай өтемек?


Қырғызстанның сол кездегі президенті Сооронбай Жээнбеков (оң жақта) Қытай президенті Си Цзиньпинге "Манас" орденін табыс етіп тұр. Бішкек, 13 маусым 2019 жыл.
Қырғызстанның сол кездегі президенті Сооронбай Жээнбеков (оң жақта) Қытай президенті Си Цзиньпинге "Манас" орденін табыс етіп тұр. Бішкек, 13 маусым 2019 жыл.

Экономикасы тұралап, қаржы мүмкіндіктері шектелген Қырғызстан мемлекеттік қарыз салмағын бұрынғыдан да қатты сезініп отыр. Елдің сыртқы қарызының басым бөлігі – Қытайдан алынған несие. Қазір билік өкілдері қаржы міндеттемесін орындау үшін радикал шаралар қолдануды талқылай бастаған.

"ЖОСПАРЛАР БАР"

Қолда бар деректерге қарағанда, Қырғызстанның сыртқы қарызы бес миллиард долларға тең, оның 40 пайызы (1,8 миллиард доллар) Қытайдың экспорт-импорт банкіне тиесілі. Бұл қаржы Қытай басшысы Си Цзиньпиннің сыртқы саясатының маңызды бағыты саналатын "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясында кейінгі онжылдықта жүзеге асырылған инфрақұрылым жобаларына берілген.

Қазір Қырғызстан экономикасының көлемі қысқарып жатыр. 2020 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 8,6 пайызға азайған. Бұл Қырғызстан шет мемлекеттер мен ұйымдардан алған несиені, әсіресе, Қытайға қарызын төлей алмауы мүмкін деген қауіпті күшейтіп отыр.

Несие бойынша міндетті төлем жасау уақыты таяған сайын Қырғызстан ресми тұлғалары қарызды жабу үшін кредиторға мемлекеттік активтердің бір бөлігін беру мәселесін талқылай бастады.

13 ақпанда "Кабар" мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаров "қарыздың бір бөлігін уақытылы төлемесек, көп нысанымыздан айырылып қаламыз. [Президент Алмазбек] Атамбаев осындай шарты бар келісімге қол қойған. Бірақ Құдай қаласа, барлық қарыздан уақытылы құтыламыз. Жоспарлар бар" деді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.

Бұл жоспарға нақты қандай шаралар кіретіні әзірге белгісіз.

Жапаров Қытайды тікелей атамаса да, оның сөзінен кейін қоғамда "Қырғызстан ең ірі несие беруші және Орталық Азиядағы маңызды саяси ойыншы Пекиннен алған қарызын қалай қайтарады?" деген әңгіме өршіді.

Қырғызстанды тығырыққа тіреген бұл жағдай "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясында ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін Пекиннен қарыз алған, қазір Covid-19 пандемиясына байланысты экономикасы дағдарысқа түскен Қазақстан, Тәжікстан мен Пәкістан сияқты көп мемлекетке Қытаймен байланысу оңай емес екенін көрсетеді.

Осыған дейін Пекин кей қарыз бойынша төлем мерзімін кейінге шегеруге ыңғай білдіргенімен, Қырғызстан сияқты қаржы мәселесі шешілмеген мемлекеттермен келіссөз жүргізудің шарты қиын екенін алға тартып, несие бойынша міндеттемелерді жеңілдетпеген.

"Қытай Латын Америкасы мен Африкада бұл жобаның қайырымдылыққа жатпайтынын және қарызды қайтарып алуға келгенде өте ұқыпты серіктес екенін бірнеше рет дәлелдеді. Бұл – Қырғызстан үшін анық шешімі жоқ қиын жағдай" дейді Мәскеудегі Карнеги орталығының Қытай мен Орталық Азияның қарым-қатынасы жөніндегі сарапшысы Темур Умаров.

Қырғызстан кейінгі айларда Жетим-Тоо темір кен орнын игеру нұсқасын қарастырып көрген. Үкіметті сынаушылар билік қарызды жабу үшін темір кен орнын игеру құқығын Пекинге беріп немесе нысанды толықтай сатып жіберуі мүмкін деген болжамдар айтады.

Жапаров президенттікке үміткер болған кезінде Қытайдың қарызын қайтару үшін Жетим-Тоо кен орнын пайдалану идеясын ұсынған. Қырғызстан Ұлттық банкі үкімет меншік құқығын сақтап қалады деп мәлімдеген.

Пайдалы қазбаларға қатысты талқылаудан бөлек, кей депутаттар Қытайға энергетика саласының бір бөлігін басқаруға мүмкіндік беруге болады деген пікір айтқан.

22 ақпанда парламент депутаты Акыл Жапаров [президенттің туысы емес] мемлекеттік қарызды осындай жолмен қайтаруды ұсынды. Ол өз сөзінде Бішкектегі бас электростанцияны реконструкциядан өткізу үшін алынған несиені қайтаруға мүмкіндік болмаған жағдайда не істеуге болатынын меңзеген. Құны тым жоғары жоба өте көп сұрақ туғызған, сол кездің өзінде істен шығып тұрған электростанцияда әлі күнге ақаулар байқалады.

"Қырғызстанда бұл дағдарысқа әсер ету тетіктері жоқ, оны жеңіп шығу әдістері де аз. Көп нәрсе Жапаровтың экономикалық реформаларын соңына дейін жеткізуіне және жемқорлыққа қарсы күрес шараларын жүргізуіне байланысты" дейді Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясының зерттеушісі Нива Яу.

ҚЫТАЙДЫҢ СЕНІМІ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨҢІЛ-КҮЙ

22 ақпанда Садыр Жапаров пен Си Цзиньпин алғаш рет телефон арқылы сөйлесті. Қырғызстан президенті әңгіме барысында елдегі Қытай жобаларына қолдау білдіріп, Пекиннің бірқатар халықаралық мәселелерге ұсынған шешімін жоғары бағалады.

Қос президент былтыр қазанда Қырғызстанда саяси дағдарыстың басталуына және Жапаровтың билікке келуіне себеп болған оқиғалардың салдарынан Бішкек пен Пекин арасындағы қарым-қатынастың ушығуы жайлы да сөйлескен.

Ұлтшыл Жапаров билікке парламент сайлауынан кейін басталған наразылық акцияларының нәтижесінде келген. Наразы халық үкіметті орнынан алып тастап, президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткен.

Наразылық акциялары кезінде және одан кейін Қырғызстандағы қытай азаматтары мен олардың кәсібіне шабуыл жасалып, қоқан-лоқы көрсетілгені туралы хабарлар бар. Осыған байланысты Қытай ресми тұлғалары Қырғызстанның Пекиндегі елшісі Канайым Бактыгуловты шақырып алып, өз азаматтарының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, болған жағдайға наразы екенін жеткізген.

"Пекин Жапаров сияқты популист көшбасшылардан көп қауіп күтеді. Қытай [Қырғызстандағы] ішкі саяси жағдай тұрақталады деп күткен, сондықтан әлі де күмәні көп" дейді сарапшы Яу.

Кейінгі жылдары Орталық Азияда Қытайға наразылық акциялары күшейген. Олардың көбі Қырғызстан мен Қазақстанда өткен.

Наразылыққа жерді иелену құқығы, мемлекеттің қарызы, Қытай компанияларындағы еңбек жағдайы, Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар мен қырғыздарды күштеп лагерьге жабу сияқты мәселелерге алаңдаушылық себеп болған.

Ана пикеті. Тұңғышы - Қазақстан, кенжесі Қытай түрмесінде

Тұңғышы - Қазақстан, кенжесі Қытай түрмесінде. Кейуана Шыңжаңдағы баласына араша сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:22 0:00

Кейінгі жылдары Қырғызстан мен Қазақстанда вандализм актілері мен Қытай жұмысшыларына шабуыл жасау фактілері тіркелген.

Ата-анасы көп жыл Қытайда тұрған Садыр Жапаровтың алдында Пекинді өзінің сенімді серіктес екеніне сендіру және билікке қол жеткізуге көмектескен ұлттық бағыттағы және жемқорлыққа қарсы бастамаларынан бас тартпау міндеті тұр.

Президент екі мәселеде де үлкен кедергіге тап болып отыр.

Қырғызстан қоғамында жемқорлыққа байланысты үлкен наразылық бар. Қоғам осыған дейін қытай ұйымдарымен жасалған келісімшарттар жайлы мардымды ештеңе білмейді. Осыдан "Үкімет Пекинге қарыз қайтару мәселесін қалай шешеді?" деген қауесет көбейген.

Оның үстіне, бұрынғы кеден басшысы және елдегі ықпалды тұлғалардың бірі Раимбек Матраимовтың үстінен қозғалған істі аяғына жеткізу міндеті де Садыр Жапаровтың еншісіне қалған. Қоғам өкілдері құқық қорғау органдарының қолына түскен бұрынғы шенеуніктің азын-аулақ айыппұл төлеп құтылып кеткеніне наразылық білдірген соң, 18 ақпанда Матраимов ақша жымқыру бабы бойынша күдікті ретінде қайтадан тұтқындалған. Матраимовқа заң жүзінде айып тағуға Азаттықтың Қырғыз қызметі жүргізген журналистік зерттеу себеп болған.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров. Кремль, Мәскеу, Ресей, 24 ақпан 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров. Кремль, Мәскеу, Ресей, 24 ақпан 2021 жыл.

Халықаралық тәжірибесі аз Жапаров Ресейдің қолдауына ие болғысы келеді. Қазір Қырғызстан президенті Мәскеуде екі күндік сапарда жүр. Осы сапар барысында ол Ресей президенті Владимир Путинмен және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездеседі.

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗДАН ҚҰТЫЛУ МҮМКІНДІГІ

Жапаровтың билікке келуіне әсер еткен саяси толқуларға дейін Бішкек Қытайдан алған қарызын кешіруін сұраған.

Пандемияға дейін Қырғызстан өтелмеген қарызы бойынша төлем жасауда жақсы нәтиже көрсетіп келген. Бірақ Covid-19 пандемиясына байланысты туған қаржы қиындықтары елдің Қытаймен трансшекаралық саудаға тәуелді экономикасын тұралатып, төлем кестесін бұзған.

2020 жылғы қарашада Пекин жеңілдік жасап, сол жылғы 35 миллион доллар қарызды төлеу мерзімін екі пайыздық жылдық мөлшерлемемен 2022-2024 жылдарға дейін шегерген.

Қырғызстан былтыр маусымда Париж клубымен жасалған келісім аясында халықаралық кредиторлардан көмек алып, 11 миллион доллар қарыз бойынша төлемді жыл соңына дейін тоқтатқан. Жалпы алғанда, Бішкек Дания, Франция, Германия, Жапония мен Оңтүстік Кореяға 300 миллион доллар қарыз.

Мұның бәрі – Қырғызстанның қарызын қайтара алмауына байланысты құрылымдық мәселелерін шешпейтін, уақытша жеңілдіктер ғана. Бішкек Қытайға қарызын өтеу үшін әртүрлі радикал әдістерді қарастырып жатқандықтан, Пекиннің қандай жеңілдік ұсынатыны шешуші факторға айналуы мүмкін.

"Схема мынадай: Қытай қарызды төлеу мерзімін ұзарта беруі мүмкін, бірақ қарызды кешіру сияқты қадамға өте сирек жағдайда ғана барады. Активтерді тартып алу да аз кездеседі" дейді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығындағы Reconnecting Asia жобасының директоры Джонатан Хиллман.

Қытайдың келіссөздерде қолданатын қарызға қатысты "көзірі" көп. Қырғызстанмен жасалған келісімшарттарда қарызды жабуға байланысты кез келген дау халықаралық соттарда емес, Қытай арбитраж соттарында шешілуі керек деп жазылған. Келісімшартта Пекиннің пайдасын көздейтін басқа да бөлімдер болуы мүмкін.

"Қырғызстан кездесіп отырған мәселелердің көбі ұзақ жылға созылған ұқыпсыздықтан, қырғыз билігінің шаруаға икемсіздігінен туындап отыр. Бұл Қытаймен бизнес жүргізуге байланысты қауіп-қатерді көрсететін сабақ болады деп ойлаймын. Несие алу процесі ашық жүрмесе, осылай болады" дейді Хиллман.

Қытай әлі де Қырғызстандағы және өңірдегі беделіне алаңдайды. Сондықтан Пекин елдегі кез келген мемлекеттік активті бақылауға алудың қоғамда қандай реакция туғызатынын және нендей салдарға әкеліп соғатынын ескеруге тырысады.

"Активті тартып алу – нашар саяси қадам. Бұл адамдардың Қытайға және ["Бір белдеу – бір жол" бастамасына] қатысты күдігін растайды" дейді Хиллман.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG