Қытай билігі қазір елде 9239 адамның вирус жұқтыру күдігімен дәрігерлер бақылауында екенін мәлімдеді. Қытайдағы коронавирустың өршуінен кейін Қазақстан 29 қаңтардан бастап екі ел арасында қатынайтын автобустарды, 1 ақпаннан бастап Алматы – Үрімжі, Нұр-Сұлтан – Үрімжі, Достық - Алашанькоу, Алтынкөл – Қорғас бағытындағы пойыздарды, 3 ақпаннан бастап ұшақтарды тоқтатпақ. Екі ел арасында қазақстандық Air Astana, SCAT және қытайлық China Southern Airlines, Air China әуе компаниялары тұрақты түрде рейс ұшырады. Үкімет 3 ақпаннан бастап Қытайға сапарламақ болған азаматтар билеттерін қайтара алатынын хабарлады.
Нұр-Сұлтан Қытай азаматтарына 72 сағаттық транзит визасын және негізгі визаны беруді де уақытша тоқтатты.
Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің сөзінше, қазір Қытайдан Қазақстанға келген 35 адам ауруханаға жатқызылған. Олардың 27-сіне тұмау диагнозы қойылған. Ал сегіз адамның анализінің нәтижесі жақын күндері шығады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Короновирус тарағаны" жайлы хабарламалар қаншалықты рас?Қазақстан 4-8 ақпанда Нұр-Сұлтанда жоспарланған теннистен әйелдер арасындағы Федерация кубогының Азия аймағы бойынша жарысын өткізуден бас тартты. Бұл турнир бұған дейін Қытайдың Дунгуан қаласында өтуі тиіс болған. Кейін Халықаралық теннис федерациясы жарысты өткізуді Нұр-Сұлтанға ұсынған. Бұдан бөлек, Қазақстан спорт комитеті 12-16 ақпанда Нұр-Сұлтанда жоспарланған су добынан Токио олимпиадасына іріктеу жарысы да өтпейтінін мәлімдеді.
Бұған дейін Қазақстанда белсенділер биліктен теннис турнирін өткізбеуді, Қытаймен шекараны толық жабуды талап еткен. Үкімет шекара жабылса, Қытайда қалған қазақстандықтар елге келе алмай қалатынын айтқан. Қазақстанның азаматтық авиация комитеті Қытайда қалған қазақстандықтарды шығару үшін қосымша рейстер жіберілетінін мәлімдеді. Қазақстан билігі вирус ошағы Ухань қаласында қалған қазақстандық 98 студентті эвакуациялау үшін Қытай үкіметімен ақылдасып жатқанын, арнайы борт дайын тұрғанын хабарлаған.
Денсаулық сақтау министрлігі қазір жедел түрде 3 миллион медициналық маска сатып алатындарын мәлімдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытай вирусты жеңе алады деп сенетін. Бірақ дерттің асқынуына байланысты қазір вирус ошағы Уханьда жүрген шетелдіктер жаппай кетіп жатыр.
Уханьда тараған вирус жұққандар саны бойынша 2002-2003 жылы Қытайды әуреге салған SARS асып түсті. SARS вирусынан 600-ден астам адам өлген.
Қазір Қытайда өршіп тұрған вирустың белгілері – жөтел, температура. Бұдан бөлек, бұл вирусты жұқтырған адамның тыныс алуы қиындайды.
Қытай вирус алғаш тіркелген Хубэй провинциясындағы 17 қаланы жауып тастады.
Австралия Қытайда жүрген 600 азаматын алып кету жағын қарастырып жатыр. Еуропа одағы елдері, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және Солтүстік Корея да Қытайдағы азаматтарын әкетуді бастап кетті.
Әлемдегі әуе компанияларының көбі Қытайға ұшатын рейстерін тоқтатып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазір Қытайдағы вирусқа байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялау мәселесін талқылап жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үйден шықпаймыз". Қытайдағы қазақстандықтар коронавирус жайлыВирус Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. 22 қаңтар күні "Медициналық вирусология" журналында зерттеу жариялаған ғалымдар "вирустың жыланнан тарағанын" жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.