МАЙКЛ КОЭННІҢ АЙЫБЫН МОЙЫНДАУЫ
АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы жеке адвокаты Майкл Коэн бейсенбіде Манхэттендегі федералдық сотта Трамптың Ресей астанасында Trump Tower ғимаратын салу жоспарына қатысты 2017 жылы АҚШ Конгресіне көрінеу жалған ақпарат бергенін мойындады.
АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер басқаратын тергеу тобы таққан айыпта Майкл Коэннің Трамптың Мәскеуде ғимарат салу туралы жобасын ресейлік ресми және өзге тұлғалармен талқылағаны жөнінде кемінде Конгрестің бір комитетіне жалған куәлік бергені айтылған.
52 жастағы Майкл Коэн өткен жылы Сенаттың барлау жөніндегі комитетіне Мәскеуде Trump Tower ғимаратын салу жоспарын аты-жөні аталмаған ресейлік тұлғалармен талқылау 2016 жылы қаңтарда доғарылған деп куәлік берген. Ал бейсенбідегі сот тыңдауында Коэн құрылыс жобасын талқылау 2016 жылдың маусымына дейін, яғни Дональд Трамп АҚШ президенттігіне Республикалық партия кандидаты болғаннан кейін де жалғасқаны туралы мәлімдеді.
"Мен [шындықты] бұрмалауға "1-тұлғаның" саяси мүдделеріне сай келеді деп білгендіктен және өзіне адалдығымнан бардым", - деген Коэн.
Мюллердің тергеу тобының жаңа айыптауында Манхеттендегі жылжымайтын мүлік иесі ретінде аталған "1-тұлғаның" сипаты Дональд Трампқа ұқсайды.
Жаңа айыптау құжаттарында Коэннің 2016 жылдың басында Кремльмен тікелей байланысының егжей-тегжейі келтірілген. Бұған дейін Коэн "Мәскеу жобасын" талқылау мақсатында 2016 жылы қаңтарда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковқа электронды хат жолдағанын, бірақ оған жауап алмағанын мәлімдеген. Айыптау материалында қаңтардың 20-сы күні Коэннің Песковтың көмекшісінен электронды пошта арқылы жауап алғаны және кейін онымен 20 минут телефонмен сөйлескені айтылған. Бір күннен кейін Коэнмен байланысқа шыққан "2-тұлға" оған: "Бұл [Ресей президенті] жөнінде, олар бүгін хабарласты" деп хабарлаған.
Бұған дейін Коэнге Мюллердің тергеуінен басталған, бірақ кейін Манхеттенде федералдық прокурорларға берілген басқа іс бойынша айыптар тағылған болатын. Биыл тамызда Манхэттен сотында Майкл Коэн өзіне тағылған 18 баптан тұратын айыптардың сегізіне кінәлі екенін мойындаған. Олардың арасында қаржылық айла-шарғы және банк саласындағы алаяқтық, сонымен бірге сайлау заңын бұзу іс-әрекеттері бар. Коэн Трамппен жақын қатынаста болғандарын мәлімдеген екі әйелге ол жайлы ешкімге тіс жармауы үшін ақшаны сайлау кампаниясына тиесілі қаржыдан төлеген.
ТРАМП КОЭННІҢ СӨЗІН ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ
Майкл Коэннің Манхеттен федералдық сотындағы айыбын мойындайтыны туралы сөзі Америка сайлауына Ресейдің ықтимал араласуына байланысты АҚШ-та жүріп жатқан тергеу барысында президент Дональд Трампқа қатысты құқықтық проблемаларды қоюлата түсті.
АҚШ президенті бейсенбіде журналистерге білдірген пікірінде бұрынғы заңгерінің Мәскеудегі Трамп-тауэр құрылысы жобасына қатысты айтқанын жоққа шығарған.
- Ол - жеңіл жаза аламын деген үмітпен баршаға аян жоба туралы жалған айтқан әлсіз адам, - деп мәлімдеген президент.
Трамп Мәскеуде ғимарат салудан бұған дейін бас тартқанын айтқанымен ондай шешім қай кезде қабылдағанын нақтыламаған.
Дональд Трамп ұзақ жылдар бойы талпыныс жасағанымен, Мәскеуде Trump Tower құрылысын салу жобасы сол күйі іске аспаған.
Майкл Коэн 2007 жылдан бастап Дональд Трамптың жеке адвокаты болған. Биыл маусымда АҚШ президенті енді онымен жұмыс істемейтіні туралы мәлімдеген.
Қарашаның 30-ы күні АҚШ федералдық сотында Трамптың сайлау штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорт арнайы прокурор Мюллердің тергеуі таққан жаңа айыптар бойынша жауап бермек. Ол айыптауларда украиналық саясаттың, америкалық барлау пікірінше, ресейлік арнайы қызметпен байланысты көлеңкелі тұстары аталады.
Бұған дейін алқабилер соты 2016 жылы Трамптың сайлау штабын басқарғанға дейін Украинада лобби қызметімен айналысқан Манафортты қаржыға қатысты заң бұзғаны үшін айыпты деп таныған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Манафорт айыпты деп танылды. Енді не болмақ?Қарашаның 26-сы күні Трамптың сайлау штабының ішкі саясат жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джордж Пападопулос 2016 жылғы сайлау кампаниясы кезінде ресейліктермен болған байланысы туралы АҚШ федералдық тергеу бюросына жалған куәлік бергені үшін тағайындалған 14 тәуліктік түрме жазасын өтеуді бастаған.
Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі арнайы прокурор Роберт Мюллердің тергеу тобы қойған сұрақтарға жазбаша жауап жолдаған.
КОНГРЕСТЕГІ РЕАКЦИЯ
Майкл Коэннің айыбын мойындауына қатысты АҚШ Конгресі мүшелері пікірлерін білдірді.
Биыл Конгрестегі жұмысын аяқтайтын, Өкілдер палатасындағы республикашылдар жетекшісі Пол Райан Коэнді "ант бере тұра өтірік айтқаны үшін заң бойынша жазалау керек" деп санайды.
Бұл пікірге Сенаттың барлау комитетінің басшысы Ричард Берр де қосылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Президент Трамп FBI басшысын отставкаға жібердіБарлау жөніндегі комитеттің мүшесі демократ Марк Уорнер Конгресті арнайы прокурор Роберт Мюллерді президент Трамптың жұмыстан босатып тастамауын қамтамасыз ету мақсатында арнайы заң қабылдауға шақырған. Бұған дейін Сенатта басым дауысқа ие республикашылдар лидері Митч Макконелл бұл заң жобасын қолдаудан бас тартқан.
Алдағы жылдан бастап Өкілдер палатасының барлау жөніндегі комитетін басқаратын демократ Адам Шифф Коэннің кінәсін мойындауы комитеттің тергеуді қайта бастауына негіз бола алады деп санайды.
"Ресейдің килігуіне" қатысты бұған дейінгі тергеу сәуірде аяқталған. Көпшілік дауысқа ие республикашылдар құптаған есепте Трамп пен көмекшілерінің заңды бұзбағаны айтылған. Бұл құжатты сынаған демократтар биылғы аралық сайлау нәтижесі бойынша Өкілдер палатасында көпшілік күшке айналған. Барлау жөніндегі комитет Трамптың Ресеймен қаржы байланысын зерттеуді жалғастыратын болады деп мәлімдеген Шифф.