"Полицияның бейберекет атқан оғы тиді" деп хабарланған Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Мамырсу ауылының тұрғыны Орал Бармантаев қазір Семей қаласында ауруханада жатыр. Ұлы Әлібек Оралұлының айтуынша, арқасынан тиген оқ жұлынын зақымдап барып, омыртқасына қадалған.
- Оқ әлі алынбаған. Себебі, омыртқадағы оқты алса, тамырдан аққан қан тоқтамай, әкемнің өліп кетуі мүмкін, - дейді Әлібек.
Мамырсу тұрғындары полицияның оқ атқаны туралы:
Your browser doesn’t support HTML5
Куәгерлердің айтуынша, шілденің 26-сында шамамен кешкі сағат 20:00 шамасында қызыл түсті "Mazda-323" автокөлігі жол бойында тұрған жол-патрульдік полициясының ескертуіне тоқтамай өтіп кеткен. Көлік соңынан қуалаған полицейлер бірнеше мәрте оқ атқан. Аягөз бен Мамырсудың арасы шамамен үш шақырымдай. Рөлде 64 жастағы көлік иесі Зәкір Раев, артқы орындықта 63 жастағы Орал Бармантаев отырған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, су жүргізу үшін тереңдігі екі метрдей етіп қазылған траншеяның бойымен баяу келе жатқан көлікті қуып жеткен полиция өкілдері ауылға кіре берісте оқ атқан. Көліктегі екі адам "орта деңгейде мас болған".
ОҚ АТУ ҺӘМ ҰРЫП-СОҒУ
Болған оқиға жайлы сол ауылдың тұрғыны Қазбек былай дейді:
- Аулада жүргенбіз. Бір уақытта полиция көлігінің дауысы мен атылған мылтық дыбысын естідік. Мылтық дауысына жүгіріп шықсақ, алдында қызыл машина, артында полицейдің көлігі кетіп барады екен. "Мазда" тоқтап еді, қуып келе жатқан полицияның көлігінен түскен құқық қорғау өкілі машинаның алдына жүгіріп шықты да, қасындағы серігіне "видеоға түсір" деп айғайлады. Сол кезде "Мазда" ақырын қайтадан жүріп еді, полиция жолдың шетіне қарай ығысты да, "Ат! Ат!" деді. Сол кезде көлікте отырған полиция өкілі тағы да екі мәрте оқ атты. Оған дейін екі рет атылған оқтың дауысын естігенбіз. Оқиғаны көзімізбен көріп тұрдық.
Куәгерлердің сипаттауынша, жол-полиция қызметкерлері көлік жүргізушісін көліктен түсірмей ұрып-соққан. Ауыл тұрғындарының арашалауымен әрең тоқтаған олар өздерінің әрекеттерін жасырып, қарсы тараптың іс-әрекетін бейне таспаға түсіріп отырған. Кейін "Мазда" көлігінің артқы салонындағы адамды шығарып, жолдың шетіне апарып жатқыза салған. Ол Мамырсу ауылының тұрғыны Орал Бармантаев болып шыққан.
Орал Бармантаевтың үлкен ұлы Айбек Оралұлы әкесінің не жағдайға ұшырағаны туралы:
- Әкем көліктің арт жағында жолаушы ретінде отырған. Сол кезде ту сыртынан тиген оқ он бірінші омыртқасын үзіп кеткен. Әкем есінен танып қалған. Кейін көлік тоқтаған кезде есін жиып, есіктен шыға берген кезде полиция өкілі жағынан ұрып, иектің астынан пистолеттің дүмімен соққан. Құлағын жырып жіберген. Қазір құлағынан қан кетеді. Жағы қисайып, дұрыс сөйлей алмай отыр. Сосын екі аяғында мүлдем жан жоқ. Себебі, оқ жұлынын талқандап тастаған, - дейді.
Оқ жұлынды жарақаттап өтіп, омыртқаға барып тоқтаған. Оны біз ала алмаймыз. Өйткені өте қауіпті.
Семей қалалық медицина орталығының дәрігері, нейрохирург Дәулет Сағымбаевтың айтуынша, Орал Бармантаевтың халі өте мүшкіл.
- Қазір оқ жұлынды жарақаттап өтіп, омыртқаға барып тоқтаған. Оны біз ала алмаймыз. Өйткені өте қауіпті. Ал науқастың жүріп кетуіне үміт жоқ, - дейді дәрігер.
ШҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаев "полиция қызметкерлерінің заңға сай әрекет еткенін" айтады. Торғаевтың сөзінше, Аягөз бен Мамырсу ауылының арасындағы жолда жол-патрульдік полиция қызметкерлері қызыл түсті "Mazda-323" жеңіл автокөлігінің жүру мәнері оғаш екенін байқап, тоқтауға белгі береді. Алайда көлік жүргізушісі полиция өкілдерінің тоқтау туралы нұсқауына қарамай өте шығады. Қызметкерлер автокөлікті қуады. Бірақ көлік тоқтамай, алыстай бастайды.
- Сол кезде осы автокөлікті жүргізіп бара жатқан тұлғаның ары қарай қандай да бір жол-көлік оқиғасын жасамау немесе құқық бұзушылыққа тап болмауы үшін қызметтік қаруды қолдануға шешім қабылдайды. Көліктің доңғалағын көздеп, екі мәрте оқ атқан. Бірақ оқ нысанадан тайып кетіп, көліктің арт жағында отырған жолаушыға тиген, - дейді Торғаев.
Алайда ауыл тұрғындары қазір Мамырсу ауылына жете берістегі жолдардың қазылып тасталғанын, көліктің сағатына 30-40 шақырым жылдамдықпен өте баяу жүргенін айтады. Көліктің жүргізушісі Зәкір Раевтың жас жігіт емес, жасы 64-те екеніне назар аудартады.
- Біріншіден, ауылға кіре беріс жердің бәрі қазылып тасталынған. Екіншіден, полициядан қашып құтылып кететіндей әкем мінген көлік жаңа машина емес. Өзі әрең жүр, - дейді баласы Айбек Оралұлы.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Оқ атқан екі полицейден комментарий алу мүмкін болмады. Облыстық ІІД олардың аты-жөндерін де жарияламай отыр. ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Mazda-323" автокөлігінің жүргізушісі Зәкір Раевқа Қылмыстық кодекстің 380-бабы ("билік өкіліне күш қолдану") бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу-тексеру басталған. Ресми айыптауға сәйкес Раев полиция көлікті тоқтатқан кезде "есіктен шығып, патрульдік полиция қызметкерлерінің бірінің аяғынан бірнеше соққы жасап, оның түймесі мен бейджін жұлып тастаған". Соған байланысты қазір Раев уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал көлікте болған екінші адам Орал Бармантаев жәбірленуші ретінде қарастырылып отыр. Яғни полиция қызметкерлерінің үстінен Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("қызметін асыра пайдалану") бойынша іс қозғалған.
Заңгер Алмас Жұмағали "Құқық қорғау қызметі туралы" заңның 8-тарауы, яғни "құқық қорғау қызметкерлерінің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдануын" реттейтін 61-бабында қандай жағдайларда атыс қаруын қолдануға болатындығы көрсетілгенін айтады. Ол Аягөз түбіндегі оқиға тек 61-баптың 1-тармағының 5-тармақшасына ғана жақын келетініне және ол үшін ережедегі бірнеше шарттың орындалу керектігіне нұсқайды. Заңгердің сөзінше, полиция заң бұзушыға оқ ату үшін оқиға кем дегенде үш шартқа сәйкес қауіпті деп танылуы тиіс.
Бұл жерде заң бұзуға мүлде қатыссыз адамның зардап шеккенін көріп отырмыз.
- Біріншісі, көлік жүргiзушi полиция қызметкерiнің заңды талаптарына бағынбауы. Бұл шара оқиғада болған сыңайлы. Екіншісі, жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiруі. Бұл жайтқа қатысты оқиға туралы толыққанды мәлімет алмай тұрып, айта алмаймыз. Мұндай қауіпті жағдай туды деп есептеген күннің өзінде үшінші шартымыз орындалмай тұр. Ол – [оқ атпай тұрып заң бұзушылардың] көлiгін зақымдау арқылы оларды тоқтату, - дейді Алмас Жұмағали.
Заңгер жараланған жолаушының денсаулығына полицей "қатты зиян келтірген" деп санайды.
- Бұл жерде заң бұзуға мүлде қатыссыз адамның зардап шеккенін көріп отырмыз, демек полиция қызметкерінің өз өкілетін асыра пайдалану туралы мәселе қозғау орынды, - дейді заңгер Азаттыққа.
Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша "билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдаланған" және "қару қолданған әрекеті ауыр зардапқа соқтырған" айыпталушыға 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНДЕГІ ӨЛІМ
Бұған дейін ШҚО Үржар ауданына қарасты Қаратұма ауылының 53 жастағы тұрғыны Рақымберді Қыдырмолдиннің маусым 18-інде Аягөз қаласындағы полиция бөлімшесінде қайтыс болғаны хабарланған болатын.
Қазақстандық ақпарат құралдарында сұхбат берген марқұмның әйелі: "Алдымен күйеуім полицейлердің көлігінде болған. Сол кезде тәртіп сақшылары дәл сондай ережені бұзған өзге жүргізушіні тоқтатып, оған хаттама толтырып, қайтарып жіберіпті. Ал менің күйеуімді, неге екені белгісіз, өздерімен бірге полиция бөлімшесіне алып кеткен. Тергеушіге баратындай ол қылмыс жасаған жоқ қой. Неге хаттамасын толтырып жібере салмады?" деген.
Қыдырмолдинді полицейлер бөлімшеде бірнеше сағат бойы ұстаған. Кейін оның денсаулығы күрт нашарлап, жүрегі қысыла бастаған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем ер азаматтың қайтыс болғанын ғана тіркеуге үлгерген.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаев "бұл істің де жай-жапсары анықталып жатқанын" айтты.