Біржақты үгіт-насихат құралы болып келген Египет баспасөзі бостандық алмақ

Газет сатып жүрген каирлік. Тахрир алаңы, 14 ақпан 2011 жыл

Хосни Мүбәрәктің режимі құлай сала Египеттің ақпарат министрлігі таратылып, БАҚ саласында түбегейлі реформалар басталды.

Египеттің мемлекеттік «Әл-Әһрам Дейли» газетінің жаңалықтар бөлімінде қарулы күзетшілер пайда болды.

Билікке қарсы толқудан кейін елдің өмірі қайтадан бұрынғы арнасына түсе бастағанына қарамастан әскери адамдардың ақпарат құралдарын әлі күнге дейін күзетіп жүруі мемлекет бақылауындағы БАҚ-тарда айтарлықтай алауыздық бар екенін аңғартады.

Джордж Оруелл мысалындағы стильмен жұмыс істейтін ақпарат министрлігі таратылды. Мемлекеттік БАҚ-тардың көптеген басшылары мен қызметкерлері қызметтерінен босатылды, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алайда Египет журналистері реформаны әрі қарай тереңдетуді талап етіп, тіпті «мемлекеттік БАҚ-тардың керегі бар ма, жоқ па» деген мәселе көтеріп отыр.

БАС ГАЗЕТТІҢ БАСЫНА ТҮСКЕН СЫН

«Әл-Әһрам Онлайн» газетінің редакторы Хани Шүкіролла ақпанның 11-і Хосни Мүбәрәк орнынан түскеннен кейін редакцияда болған оқиғаларды былайша баяндайды.

Газеттің бас редакторы Осама Сарайя Хосни Мүбәрәк кезеңінің құжаттарын ғимараттан әкетіп бара жатқан жерінен күтпеген жағдайда қолға түсті. Газеттің халыққа тілеулес қызметкерлері Египет армиясынан жәрдем сұрады.

- Бірнеше қабат ғимаратты түгел алып жатқан «Әл-Әһрам Дейлидің»
жаңалықтар бөліміне бас сұқсаңыз, ол жердің әскери адамдар қоршауында тұрғанын көрер едіңіз, - дейді Хани Шүкіролла. -Барлық жерде солдаттар тұр. Олар, біріншіден редактордың немесе басқа бір қызметкерлердің құнды құжаттарды алып кетуіне жол бермеу үшін, екіншіден редакторды журналистерден қорғау үшін қойылған.
Үкіметке қарсы демонстрант Египет армиясының сарбазының бетінен сүйіп тұр. Каир, 29 қаңтар 2011 жыл

«Әл-Әһрам» корпорациясы – көптеген баспа және электронды басылымдардан құралатын кешегі мемлекеттік баспасөз жүйесінің құрамдас бөліктерінің бірі. Араб және ағылшын тілдерінде басылымдары бар «Әл-ӘҺрам» Хосни Мүбәрәктың саясатын насихаттайтын газеттердің «саяси орталығы» болды.

Хани Шүкіролла Хосни Мүбәрәкті орнынан түсіру жолында 18 күн бойы тоқтаусыз жүрген халық толқуы кезінде «Әл-Әһрамның» кейбір қызметкерлері қылмыстық әрекеттерге барды деп санайды.

«Кейбір журналистер, әсіресе, мемлекеттік телеарнаның журналистері жаппай кісі өлтірушілікке апаратын арандатушы әрекеттер жасады. Олар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет», - дейді Хани Шүкіролла.
1930-1940 жылдардағы король Фаррухтың билігі тұсында бұл елдегі баспасөз бостандығы Жерорта теңізінің екі жағында жатқан көршілерінен көш ілгері еді.

Freedom House («Фридом Хаус») үкіметтік емес ұйымының 2010 жылғы зерттеуі баспасөз бостандығы бойынша Египет 196 елдің ішінде 130 орында тұрғанын көрсетті. Хосни Мүбәрәк басқарған 30 жылдың ішінде баспасөз ахуалының қаншалықты нашарлағанының бұл да бір айғағы. 1930-1940 жылдардағы король Фаррухтың билігі тұсында бұл елдегі баспасөз бостандығы Жерорта теңізінің екі жағында жатқан көршілерінен көш ілгері еді.

Бұрынғы ақпарат министрі Әннас Әл-Фиккидің тұтқындалуы да ақпарат құралдарындағы жағдайды жақсартуға арналған айтулы қадамдардың бірі болды. Көптеген басшылар «Әл-Әһрам Дейлидің» бас редакторы Осама Сараяны да орнынан түсуге шақырып жатыр.

«БАСТАН-АЯҚ ҚАЙТА ҚҰРУ КЕРЕК»

Дегенмен Хани Шүкіролла «бұл шаралар да аздық етеді, ең дұрысы - мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын біржола қайта құру» деп санайды.

Хосни Мүбәрәк режимінің күні бітуге таяғанда мемлекеттік БАҚ-тардың көптеген қызметкерлері Каирдегі Тахрир алаңында қарсылық көрсетіп жатқандардың қатарына қосылып, баспасөзге реформа жасауды талап етті. Хосни Мүбәрәк орнынан кеткен соң олар «Египет баспасөзі мұнан әрі қай бағытта жүруі керек?» деген мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеп жатыр.
«Әл-Әһрамның» ішінде қалыптасқан жағдайға сараптама жасап, ұйымды демократиялық жолға түсіруді көздейтін ұсыныстар мен идеялар айтатын топтар бар», - дейді Хани Шүкіролла.
Египеттік тележүргізуші Шахира Амин. 5 қараша 2009 жылғы сурет

Олар «уақиғаны бүкпесіз жеткізу», «журналистердің жалақысын көтеру» және «Мүбәрәк режимінің қолшоқпары болған кадрларды қызметтерінен аластау» секілді талаптар қойып отыр. Ал бір топ адамның «Әл-Әһрам» газетіне байкот жариялау жөнінде Facebook-тағы («Фейсбук») бастамасына мыңдаған адам қосылды.

Ондаған жылдар бойы озбырлық мен жемқорлықтың зардабын тартып келе жатқан мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында түбегейлі өзгеріс жасау оңай емес.

Билікке қарсы толқу күшейген шақта мемлекеттік телеарнадағы лауазымды қызметінен өз еркімен кеткен «Ніл ТВ» телекомпаниясының бұрынғы директоры Шахира Амин де осы саладағы реформаларға үлес қосып жатыр.

«Кешегі теке-тірес кезінде жұмыс істеу мүмкін болмады. Мұндағы көптеген журналистердің төбеде «көкелері» бар. Талантты адамдарды өз бетімше жұмысқа ала алмадым, өйткені жоғарыдағы басшылық оларды бәрібір жұмыстан шығарып тынатын еді», - дейді Шахира Амин.