Әйел құқықтары мен феминизмді талқылауды ойластырған Feminita тобының Қарағандыдағы жиыны өтпей қалды. Алматыдан келген топ өкілдері 15 шақты жергілікті тұрғынмен бірге шара өткізіп жатқанда ғимаратқа жүзден астам ер кісі келіп, жиынды тоқтатуды талап етті. Олар жиын ұйымдастырушыларының құндылықтары жергілікті дәстүрге қайшы деп санайды.
Оқиға орнына полицияның арнайы жасағы жетіп, жиын болған ғимаратты қоршауға алды, қарсылық білдіріп келген кісілерді кері ығыстырды. Полиция шараға келген адамдарды екі бөліп сыртқа шығарып, микроавтобусқа отырғызып алып кетті.
Жаңалық толықтырылады.
Бұдан соң жиналған жұрт "Аллаху Акбар!" деп айқайлап тұрды та, тарап кетті.
Алматыдан келген Feminita тобының өкілдері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Қарағандыдағы жиын өтетін орынды соңына дейін құпия ұстады. Агрессияшыл адамдар келгенге дейін олар бір сағаттай уақыт әйел құқықтары мәселесін талқылаған. Келген адамдар терезені қағып, ішке кірмек болды, бірақ есік жабық болғандықтан, олар залға кіре алмады.
Жиын болардан бір күн бұрын, 27 шілдеде Секербаева мен Сержан жиын өтеді деп жалдау ақысы төленіп қойған зал орналасқан қонақүй кезесу өткізуден бас тартқанын хабарлаған. Feminita тобының белсенділері мұны өз жұмысына кедергі жасау деп бағалаған.
Feminita тобының жиындары бұдан бұрын да болмай қалған. 29 мамырда Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева Шымкентте лесбиян, бисексуал, квир және трансгендер адамдардың құқықтарын талқылайтын жиын өткізбек болған. Қонақүйдегі жиын өтетін орынға ақша төлеп, Алматыдан келген оларды мекеме қожайыны ішке кіргізбей қояды. Көрші кафеге барып отырған оларға әлдебір ер адамдар шабуыл жасайды. Полиция шабуыл жасағандарды емес, Сержан мен Секербаеваны ұстап әкеткен. Оларды басқармаға апарып, сегіз сағаттай ұстаған соң полиция көлігімен Алматыға алып кеткен.
Feminita – әйелдердің және ЛГБТ қауымының құқығы үшін күресетін ұйым. Биыл 8 наурызда олар басқа да фем-белсенділермен бірлесіп, ауқымды әйелдер маршын ұйымдастырған, бірақ оларды қоғамның кей өкілдері сынға алды.
Биыл наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтарының жайы бойынша қарар қабылдап, онда ЛГБТ ұйымдарының кемсітілетінін атап өткен. Қазақстандағы ахуал туралы есептерінде халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары да адамдардың сексуалдық бағытына қарай дискриминацияға ұшырайтынын жиі айтады.