"Халқын тонаған клептократтар". Ағылшын парламентінде Қазақстанды талқылап, 28 адамды атады

2015 жылғы 4 қараша. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияға сапарында.

3 ақпан күні Ұлыбритания парламентінде Қазақстандағы жемқорлыққа арналған пікірталас өтті. Ағылшын депутаты елдегі байлықтың басым бөлігі билікке жақын санаулы адамдарға тиесілі екенін, олардың бұл байлыққа халқын тонай отырып заңсыз жолмен жеткенін айтып, санкция салынуы тиіс 28 адамның атын атады. Олардың дені елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындары. Осы күні парламент ғимаратының сыртында қазақстандық белсенділердің пикеті өтті.

"ЕЛДІ КЛЕПТОКРАТ ЭЛИТА БАСҚАРЫП ОТЫР"

Ұлыбритания парламентіне 1994 жылдан бері мүше Маргарет Ходж төменгі палатаның бейсенбі күнгі жиынында Қазақстандағы жемқорлық туралы пікірталас бастап, "халқын тонап отыр" деп айыпталған қазақстандық олигархтардың атын атады, жиынға келген сыртқы істер министрлігі өкілінен оларға қарсы санкция салуды сұрады. Депутат Қазақстандағы жемқорлықтың өршуіне Ұлыбританияның да үлес қосып отырғанын, "жемқор элитаның заңсыз ақшасы" осы елден бір-ақ шығатынын мәлімдеді.

"Бүгін мен өзге бір елдегі жемқорлыққа назар аударғым келеді. Мәселе ол елдің өзінде ғана емес, мәселе осы құқықбұзушылықтағы Ұлыбританияның рөлінде. Соны атап өткім келеді. Қысқаша айтқанда, Британия клептократияны күшейтіп отыр" деді Ходж ағылшын үкіметін Қазақстандағы заң бұзушыларға санкция салуға шақыра отырып.

Лейбористік партияның мүшесі саналатын Ходж Қазақстанның кейінгі 30 жылда белгілі бір жетістіктерге қол жеткізгенін, жалпы ішкі өнімінің көрші елдерден жоғары екенін, елде 2010 жылға дейін саяси тұрақтылық болғанын атап өтті, сөйте тұра ел тарихының екінші жағы бар деді.

"Елді клептократ элита басқарып отыр. Олар халқын тонап байып алған... Қазақстанда байлықтың 55 пайызы бар болғаны 162 адамға тиесілі. Олардың көбі – Назарбаевтар отбасының мүшесі немесе жақын серігі. Елдегі адам құқығының ахуалы нашар, баспасөз еркіндігі шектелген" дейді депутат.

Оның айтуынша, 2008-2015 жылдары Ұлыбритания "қазақ клептократтарына" 205 арнайы виза берген. Tier 1 деп аталатын бұл виза Ұлыбританияға кемі 2 миллион фунт стерлинг салатын адамға беріледі. Кейінгі жылдары осы инвестор визасы қатты сынға ұшырап келеді. Ел арасында оны "алтын виза" деп те атайды. Сыншылар бұл ерекше визаның олигархтар мен жемқорлыққа жайлы тетік екенін, мұның Ұлыбритания беделіне нұқсан келтіретінін айтады.

Бұл визаны алған адамдар белгілі бір уақыттан кейін Ұлыбритания азаматтығына да құжат тапсыра алады. Егер 2 миллион фунт салсаңыз бес жыл күтесіз, 5 миллион фунт болса үш жыл, 10 миллион фунт болса екі-ақ жыл күтесіз.

Ұлыбританияның осы алтын визасына постсоветтік елдерден көп тапсырады. Маргарет Ходждың айтуынша, Қазақстан Tier 1 визасына тапсыратын елдер арасында бесінші орында тұр.

"Chatham House-дың (Британдық сараптама орталығы – Ред.) кейінгі зерттеуі Ұлыбританияда қазақ элитасының жалпы құны жарты миллиард фунттан асатын жылжымайтын мүлігі барын көрсетті. Оның 330 миллионға жуығы Назарбаев әулетіне тиесілі. Соның ішінде Назарбаевтың күйеу баласы 15 миллион фунтқа сатып алған (сұралған бағадан 3 миллион фунтқа жоғары) Sunninghill Park та бар. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы Назарбаевтың төрт қайырымдылық қоры арқылы құпия түрде 7,8 миллион долларлық активті басқарып отырғанын әшкереледі. Ол активтердің бір бөлігіне 2020 жылы құрылған Jusan Technologies компаниясы иелік етеді" деді Ходж ол компанияның Ұлыбритания қор биржасында тіркелгенін атап өтіп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев өзі құрған қайырымдылық қорлар арқылы қалай байыды?

Парламент мүшесі өз елін де сынап өтті. Оның айтуынша, Ұлыбритания қазақстандық олигархтар мен билік өкілдеріне шекарасын, жылжымайтын мүлік нарығын және қаржы құрылымдарын ашып беріп, оларға заңсыз ақшасының ізін жасыруға мүмкіндік беріп отыр.

КЛЕПТОКРАТИЯ ЖӘНЕ ҚАҢТАР ДҮРБЕЛЕҢІ

Депутаттың сөзінше, Қазақстандағы қаңтар дүрбелеңіне де осы жемқорлық кінәлі.

"Қазақстандағы қайғылы қаза Британиядағы бізге де ой салуы керек. Қазақстандағы жағдайға біздің де қатысымыз бар. Шетелдіктердің [Ұлыбританиядағы] мүлікті иеленуінде ашықтық болмауы, заңнаманың тиімсіздігі және құзырлы мекемелердің әлсіздігі – осының бәрі қазақ элитасына көмек болды" дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Адам шығыны, қылмыстық істер, қамалғандар. Қаңтар оқиғасынан кейін дәл қазір не белгілі?

2021 жылы Ұлыбритания парламенті Жемқорлыққа қарсы ғаламдық санкция заңын қабылдаған. Маргарет Ходж осы заңды "халқын тонап, қалтасын қомпайтқан қазақ олигархтарына қарсы" қолдануды сұрап, 28 адамның атын атады.

Олар: Назарбаевтың екінші қызы Динара мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевтар, олардың серігі Арвинд Тику (Үнді миллиардері); Дариға Назарбаева мен оның күйеуі саналатын Қайрат Шәріпбаев; Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев; Кәрім Мәсімов пен оның әріптесі Айгүл Нұриева; Қазақстанның ең бай адамы деген Владимир Ким, Кимнің әріптесі Эдуард Огай; Шешенстан басшысына жақындығы бар кәсіпкер Кеңес Рақышев; энергетика министрі болған Сауат Мыңбаев; ERG компаниясының иелері олигархтар Александр Машкевич пен Патох Шодиев; Назарбаевтың сенімді адамы саналатын Болат Өтемұратов пен экс-президенттің інісі Болат Назарбаев; "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорын басқарған Ахметжан Есімов пен оның күйеу баласы Ғалымжан Есенов; Назарбаевтың немересіне қызын тұрмысқа берген Қайрат Боранбаев; Александр Клебанов пен оның ұлы Яков; Назарбаевтың жақын серіктері Нұрлан Нығматулин, Бауыржан Байбек және Марат Бекетаев; экс-президенттің кенже қызы Әлия Назарбаева, кәсіпкер Айдан Кәрібжанов, Назарбаевтың немере інілері Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құлыбаев пен үнді миллиардері, инфляция рекорды және Шыңжаңдағы азап

"Бұл жемқор элитаға санкция салу зиянды әрекетті түбірімен қопарып тастамас және Қазақстанға түбегейлі демократиялық өзгеріс әкелмес. Бірақ бұл лас ақша мен жемқорлыққа қарсы күресіміздің бос сөз емес екенін көрсетер еді. Әрекетсіздік салдары ауыр болмақ" деді Маргарита Ходж.

ҮКІМЕТ ӨКІЛІНІҢ ЖАУАБЫ ЖӘНЕ ДЕПУТАТТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Парламент мүшесінің мәлімдемесінен сөз Ұлыбритания сыртқы істер министрінің Таяу Шығыс жөніндегі орынбасары Джеймс Клеверлиге берілді.

Вице-министр Қазақстандағы жағдайды бақылап отырғанын, Тоқаев үкіметімен байланыста екенін айтты, Ұлыбритания үкіметінің жемқорлықпен күрес жөніндегі бастамаларын тізіп, олардың нәтижелерін тізумен болды. Депутат Маргарет Ходжға бұл жауаптар тым жалпылама көрініп, аталған адамдарға санкция салына ма, жоқ па деп төтесінен сұрақ қойды. Клеверли депутат айтқан адамдарды өзіне түртіп алғанын мәлімдеді.

Осы күні Ұлыбритания парламентінің алдында бір топ қазақстандық белсенді пикет өткізді. Ақ киініп, кеудесіне қызыл бояу жаққан белсенділер "Қанды ақшаны жасыруды тоқтат, қазақ клептократтарының активтерін бұғатта", "Адам құқығын таптағаны үшін қазақ тирандары санкция" деген ұрандар жазылған плакат ұстап тұрды.

Қазақстандық белсенділердің Ұлыбритания парламентінің сыртында өткізген акциясы. 3 ақпан 2022 жыл.

Кейінгі айда Ұлыбритания астанасында осыған ұқсас акциялар бірнеше мәрте өтті. Бұған дейін олар қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде тергеуге шақырған. Қаңтардың басында Жаңаөзенде басталған наразылық Қазақстанның бүкіл аймағына тарап, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Қазақстан президенті елге "20 мың содыр" шабуыл жасады деп Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгер әскерін шақырды, әскерилер мен полицияға "ескертусіз оқ атуға" бұйырды. Ресми дерек бойынша, дүрбелең кезінде 227 адам қаза тапқан. Оның 19-ы – құқық қорғау органдарының қызметкері. Үкімет қаза тапқандар арасында террористер бар деді, бірақ әлі күнге дейін айғақ келтірген жоқ.

САНКЦИЯ ТУРАЛЫ КӨП АЙТЫЛАДЫ, МҰНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕ?

Автократиялық елдер мен олардың билігіне қарсы ғаламдық санкциялар әдетте екі негізбен салынады. Бірі Ұлыбритания парламентінің мүшесі Маргарита Ходж қозғаған жемқорлық санкциясы болса, екіншісі – адам құқығының өрескел бұзылуына қарсы санкциялар. Соңғысы көбіне Ғаламдық Магнитский заңы аясында салынады.

19 қаңтар күні Еуропарламент депутаттары осы екінші тетікті пайдалануды ұсынды. Олар Қазақстан билігі қаңтар оқиғасы кезінде адам құқығын өрескел бұзды деп оған жауапты адамдарға санкция салу жөнінде қарар қабылдады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жауапты шенділерге санкция". Еуропарламент Қазақстандағы жағдайды талқылап, қарар қабылдады

Ғаламдық жемқорлық санкциялары да автократиялық елдердегі клептократиямен күресте тиімді механизм саналады. Себебі ондай елдердің басшылары мен элитасы жиған байлығын әдетте заң үстемдігі орнаған Батыс елдеріне шығаруға талпынады. Бірақ автократ елдердің элитасы оңайшылықпен беріле қоймайды. Олар байлығын заңды екенін дәлелдеуге күш салады.

2019 жылы Ұлыбритания үкіметі "шығу төркіні белгісіз байлыққа" алынған деп Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевке тиесілі үш жылжымайтын мүлікке ордер салған. Назарбаевтар сотқа жүгініп, келесі жылы ордерді алдырып тастады. Осыдан кейін Ұлыбританияда заңсыз ақшамен күрес жөніндегі мекеменің жағдайы мүшкіл екенін айтып, оның құзыретін кеңейтуді ұсынды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дариға Назарбаева мен ұлының "төбесі көкке жетті". Олар Лондондағы мүліктерін сақтап қалды