Газ тасымалынан түскен миллиондар. Белгісіз компанияның артында Мирзияев әулеті тұр ма?

Қайдан шыққаны белгісіз, жеке пәтерге тіркелген компания үш жыл бұрын мемлекетпен 100 миллион доллардан аса сомаға келісімшарт жасасып, аз уақыттан соң қайта тарап кетті. Азаттық радиосының Өзбек қызметі әзірлеген жаңа зерттеу осы фирманың Өзбекстан президентіне қандай қатысы барын түсіндіреді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің күйеу баласының жақын серіктерінің Ultimo Group атты компанияға тікелей қатысы бар. Бұл фирма 2021 жылы ірі цемент өндіруші Qizilqumsement компаниясына табиғи газ сату бойынша мемлекеттік келісімшартқа қол жеткізген. Газ бағасы қымбаттатып көрсетілген бұл келісімшарт сомасы кемінде 36 миллион долларға жасалған. Бір қызығы, Ultimo Group компаниясы бұған дейін мұндай қызметпен айналыспаған.

Азаттық радиосының Өзбек қызметінің қолына түскен құжаттарға қарағанда, газ тасымалдау бойынша мемлекеттік монополист UzTransGaz осы келісімшарт аясында Ultimo Group компаниясының шотына 66 миллион доллардан аса ақша аударған. Құжаттарда компания көрші Түркіменстаннан миллиард текше метр газ импорттағаны да жазылған.

Сайлау күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің отбасымен бірге суретке түсіп тұрған сәті. Ташкент, 9 шілде 2023 жыл.

Ultimo Group компаниясының аяқ астынан мол табысқа кенелуінің сыры күмәнді көрінеді. Бұл компанияның ресми сайты да, көпшілікке арналған таныстыру ақпараты да жоқ. Ал оның құрылтайшылары қатарында бұрын ешқашан бизнеспен айналыспаған зейнеткер әжей бар.

ТАБЫСҚА КЕНЕЛГЕН БЕЙМӘЛІМ КОМПАНИЯ

Ultimo Group Limited атты компания Өзбекстан астанасы Ташкентте 2021 жылдың наурыз айында тіркелген. Жарғылық капиталы — 9500 доллар. Компанияның заңды мекен-жайы ретінде тұрғын үй көрсетілген.

Компанияның негізін қалаушылары мен иелері ретінде президент Мирзияевтің шетелдегі жақтастары тобының мүшесі Дилер Каюмов пен Өзбекстанның бұрын мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде істеген азаматтың ұлы әрі Өзбекстанның Түркиядағы қазіргі елшісінің жиені Тухфат Анвархужаев болды.

Компания құрыла сала тасы өрге домалады.

Сол кездегі акцияларының 86 пайызы мемлекетке тиесілі Qizilqumsement зауыты 2021-2022 жылдары 375 миллион текше метр табиғи газға сұраныс болады деп болжайды. Заң бойынша, мемлекеттік компания газды кімнен алатынын таңдау үшін тендер өткізуі керек.

Бұл тендердің шарттары белгісіз, бірақ Qizilqumsement 2021 жылы 13 сәуірде Ultimo Group компаниясынан газ алу бойынша келісімшартына қол қояды. Осы уақытта бұл компанияның веб-сайты доменін тіркегеніне енді бір апта болған.

Келісімшарт пен кейін енгізілген толықтырулар бойынша, Ultimo Group компаниясы Qizilqumsement-ке 379 миллион текше метр газ жеткізуге міндеттелген. Бұл зауыт керек болады деп көрсеткен шамадан біршама көп. Азаттық радиосының Өзбек қызметі осы құжат негізінде есеп жүргізіп, келісімшарт құны кем дегенде 36,6 миллион доллар екенін анықтады.

Қазір жекешелендірілген цемент зауыты газды мемлекеттен "стратегиялық маңызы бар компания" ретінде жеңілдікпен сатып алып келген. Бірақ іске делдал ретінде Ultimo Group компаниясы кіріскенде зауытқа сатылатын газ бағасы 50 пайызға өскен.

Qizilqumsement — 2019 жылы Мирзияевтің жарлығымен құрылған Оzsanoatqurilishmateriallari құрылыс материалдарын өндірушілер қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі. Оның кеңсесі Ultimo Group компаниясымен көрші тұр. Qizilqumsement 2021 жылы газды делдал Ultimo Group-тан емес, тікелей мемлекеттік UzTransGaz компаниясынан алса, 10 млн доллардай ақша үнемдер еді. Qizilqumsement газды неге бірден мемлекеттен емес, делдалдан алып, артық шығынға батқаны белгісіз.

Азаттық радиосының Qizilqumsement пен UzTransGaz компанияларына жолдаған сауалхатына әлі жауап келген жоқ. Анвархужаев Ultimo Group компаниясының табысы жайлы деректе «коммерциялық құпия бар» деді.

Qizilqumsement пен Ultimo Group серіктестігіне негіз болған 2021 жылғы үкімет жарлығынан компаниялар арасындағы келісімшарт туралы көбірек білер едік. Алайда Өзбекстан мемлекеттік тендерлер сайтының мұрағатынан табылған келісімшартта бұл жарлықтың атауы өшірілген.

Бұл келісімшарттан Ultimo Group нақты қанша пайда тапқаны белгісіз. Алайда Азаттықтың Өзбек қызметі зерделеген банк құжаттары мен кеден деректерінде жалпы құны 200 миллион долларға жуық табиғи газ келісімшарттарында Ultimo Group-тың аты ұшырасады.

КҮЙЕУБАЛАНЫҢ СЕРІКТЕРІ

Азизжон Камилов 2018 жылдан бері Өзбекстанның дзюдо федерациясын басқарғалы Мирзияевтің күйеубаласы Отабек Умаровтың сенімді әрі көпке белгілі серіктесіне айналды.

Камилов пен Умаров Өзбекстанда жекпе-жек өнерін насихаттауда етене жұмыс істейді. Бірге жиі саяхаттап, суретке де түседі.

Дәл осы қарым-қатынас тіркеле сала жүз миллион доллардан аса мемлекеттік келісімшартқа қол жеткізген Ultimo Group атты компанияның жұмбақ табысының сырын ашатын сияқты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оққағар, дипломат, кәсіпкер және миллиардер. Орталық Азиядағы 13 "күйеу бала"

Азаттықтың Өзбек қызметінің қолына Instagram-нан өшірілген сурет тиді. Онда Ultimo Group компаниясының 50 пайыз акциясына ие Камилов пен Тухфат Анвархужаевтың бірге түскен. Фотоға “Туған күнің құтты болсын!” деген жазу мен торттың суреті жапсырылған.

Камилов пен Ultimo Group-ты байланыстыратын жалғыз бұл емес.

Ultimo Group тіркеу құжаттарында көрсеткен пошта мекенжайы Бехруз Абдушукуров есімді азаматқа тиесілі. Ол — Камилов 2018 жылы құрған әрі жалғыз өзі басқаратын Falcon Hunting Solutions компаниясының менеджері.

Абдушукуровтың серіктестерінің бірі Ultimo Group компаниясының веб-сайт доменін тіркесе, Ultimo Group менеджері Равшан Муталов құрылтайшылар қатарына Абдушукуров кіретін екі компанияны басқарды. Муталова Азаттықтың Өзбек қызметіне Түркіменстаннан газ тасымалдау келісіміне қатысқанын мойындады. Бірақ бұл салада кейінгі екі жылдан бері істемейтінін айтты. Абдушукуров Ultimo Group компаниясына қандай да бір қатысы барын жоққа шығарып, Муталовты танымайтынын айтты. Екі азамат та редакциясының жазбаша сұрақтарына жауап берген жоқ.

КОМПАНИЯНЫҢ ЖОҒАЛУЫ

Ultimo Group Limited компаниясының Өзбекстанның газ нарығындағы қызметі үш жыл бұрын қалай кенеттен басталса, тап солай бірден тоқтады. Ultimo Group компаниясының 2021 жылы Qizilqumsement-ке 36 миллион долларға газ жеткізу туралы келісімшартынан соң басқа тендерлерге қатысқаны жайлы дерек жоқ.

Кеден құжаттарына қарағанда, компания 2022 жылдың наурызында Түрікменстаннан газ импорттауды тоқтатқан. UzTransGaz-дан 20 миллион доллар көлеміндегі соңғы төлем де сол жылы қыркүйекте жасалған.

Ultimo Group компаниясын құрғанда құрылтайшысының бірі болған Дилер Каюмов Инстаграм арқылы жіберген сауалға компанияның 50 пайыз акциясын 67 жастағы шешесі Матлюба Каюмоваға бергенін айтты. Компанияның екінші иесі, президенттің күйеубаласымен суретке түскен Тухфат Анвархужаев қалған акцияға әлі өзі иелік етіп отыр.

Өзбекстан дзюдо федерациясының басшысы, Мирзияевтің күйеу баласы Отабека Умаровтың сенімді адамы Азизжон Камилов (оң жақта) Ultimo Group жетекшісі Тухфат Анвархуджаевпен бірге отыр. Қазір сурет Instagram-нан өшірілген.

Қазір компанияның заңды мекенжайы — Ташкент орталығындағы Ichan Qala Hotel қонақүйі. Бұл ғимаратқа K7 Hotel Management деп аталатын компания иелік етеді. Оның қожайыны — президенттің күйеубаласы Отабек Умаровтың туған інісі Ойбек Умаров.

Анвархужаев Азаттық радиосының Өзбек қызметіне берген жауабында қазір Ultimo Group “мұнай-газ саласындағы инвестициялық жобалармен айналысатынын, газ импорттамайтынын” айтқан.

Азаттықтың Өзбек қызметі тіркелгеніне көп өтпеген беймәлім компания қалайша ондаған миллион долларлық келісімшарттарға қол жеткізді деген сауалмен Умаров пен Өзбекстандағы бірнеше мемлекеттік органға жүгінді. Мақала жарияланғанға дейін бір де бірінен жауап келген жоқ. Шавкат Мирзияевтің әкімшілігіне жолданған хат та жауапсыз қалды.