Былтыр Азаттық радиосы Владимир Путиннің санкцияға ілінген серіктесі Геннадий Тимченконың Өзбекстандағы құны 850 миллион доллар болатын газ қоймасы жобасына қатысы барын жазған. Жаңа зерттеу мемлекет қолдап отырған жобаны басқару құқығы Өзбекстандағы саяси инсайдерге қарасты офшорлық фирмаға өткенін көрсетті.
Өзбекстандағы құны 850 миллион доллар болатын, санкцияға ілінген ресейлік магнат Геннадий Тимченкоға қатысы бар газ қоймасы көпшілікке беймәлім офшорлық фирмаға өткен. Фирма иесі – өзбек саяси инсайдері. Азаттық тілшілері Тимченко мен газ қоймасын иеленген фирма басшысы арасында коммерциялық байланыс барын анықтады.
Өзбекстандағы ірі газ кен орнының жерасты қоймасын кеңейту жұмыстарына "Газли" газ қоймасы деп аталатын орыс-өзбек кәсіпорны жетекшілік етеді. Газ кен орны Бұхар облысының оңтүстік-батысындағы Газли қаласы маңында орналасқан.
2018 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев әкімшілігімен болған құпия келісім аясында құрылған кәсіпорынның негізгі акционері – ресейлік "Форус" компаниясы. Былтыр Азаттықтың Өзбек қызметі бұл компанияның АҚШ пен Еуроодақ санкциясына ілінген ресейлік магнат Тимченкоға қатысы бар сенімді тұлғаға тиесілі екенін анықтаған.
14 ақпанда Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов бекіткен жаңа инвестициялық бағдарламаға сәйкес, "Газли" газ қоймасының бұрын "Форус" компаниясының үлесінде болған 60 пайыз акциясы Гонконгта орналасқан Daxon Holdings Limited компаниясына өткен.
Азаттықтың Өзбек қызметі мен Ольстер университетінің криминология бойынша профессоры Кристиан Ласслетт корпорация есептерін сараптап, Daxon компаниясының түпкі иегері – Өзбекстанның энергетикалық магнаты Бахтиер Фазилов деген қорытындыға келді.
Азаттықтың былтырғы зерттеуі Фозилов пен бұрын Өзбекстан қауіпсіздік қызметінде істеген тұлғалардың туыстары орыс-өзбек саяси байланыстарының дәл ортасында жүргенін көрсетті.
Зерттеуге сәйкес, Мәскеу мен Ташкенттің энергетикалық байланыстарында маңызды рөл атқаратын Фозилов Мирзияев бағдарламасының арқасында миллиардтаған доллар тұратын келісімшарттарға қол жеткізген.
2023 жылы ақпанда жарияланған зерттеуде Өзбекстан үкіметінің құпия баяндамасына сілтеме жасалады. Онда "Газли" газ қоймасын кеңейту жобасын офшорлық компанияның басқаруы елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді" делінген. Баяндама авторлары стратегиялық нысанды қолына алған "Форус" компаниясының шығу төркіні күмәнді дейді.
Фозилов енді "Газли" газ қоймасына Гонконгтағы офшорлық компаниялар арқылы иелік етіп отыр. Жобаның 40 пайызы – мемлекеттік "Узбекнефтегаз" энергетикалық монополиясына тиесілі.
Құпия есепке сәйкес, "Газли" газ қоймасының сыйымдылығын 2025 жылға дейін қазіргі 3 миллиард текше метрден 10 миллиард текше метрге дейін кеңейтудің экономикалық мәні жоқ. Boston Consulting Group-тың құпия есебінде бұл жоба "тиімсіз" деп аталады.
Газ қоймасы акциясының 60 пайызын басқаратын Daxon Гонконгта тіркелген үш компанияға тиесілі. Олар – Фозиловқа қарасты Kenfame Limited, Denmount Limited (Daxon кәсіпорны акциясының 34 және 33 пайызы осы компаниялардың еншісінде) және Фозиловтың немере бауыры Санжар Самиевтің басқаруындағы Sunworth Limited компаниялары.
Kenfame Limited компаниясын ресейлік кәсіпкер Иван Егоров құрған. 2023 жылы тамызда "Досье" орталығы жүргізген зерттеуде Егоров Путиннің жақын серігі Тимченконың іскерлік серіктесі деп аталады.
Былтыр Азаттықтың Өзбек қызметі жариялаған зерттеуде "Форустың" негізін қалаушы Аида Чачхалия есімді заң кеңесшісі екені айтылады. Чачхалия 2021 жылдың желтоқсанына дейін "Форустың" жалғыз акционері болған Тимченкомен тығыз байланыста жұмыс істейді.
"Досье" орталығының дерегінше, кейін "Форус" акциясының 34 пайызын Егоров алған. Ал Фозилов пен оның анонимді басқаруындағы кипрлік Kunlun Red Star Investment компаниясына 33 пайыз акциядан тиген.
Осы зерттеуден кейін Украина Егоровқа қарсы санкция салды. Киев Егоров Тимченкоға санкциядан жалтаруға көмектесті деп күдіктенеді.
Фозилов пен Тимченконың басқа да коммерциялық байланыстары бар. Фозилов Өзбекстан энергетика секторындағы монополист – Eriell Group компаниясының басқарма төрағасы. Ол бұрын бұл корпорацияны Газпромбанкпен және ресейлік AMGA Consulting-пен бірге офшорлық компания арқылы басқарған. AMGA Consulting компаниясының Мәскеудегі орналасқан жері Тимченко мен оның күйеубаласына тиесілі компаниялардың мекенжайымен сәйкес келеді.
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуроодақ ресейлік саяси және бизнес элита өкілдеріне қарсы санкция салды.
Өзбекстандағы ірі жерасты газ қоймасын кеңейту жобасы ресейлік алпауыт компания – "Газпромнан" газ импорты артқан кезге тұспа-тұс келіп отыр. Кремль газ тасымалын Еуропа мемлекеттері мен постсоветтік елдерге геосаяси қысым жасау құралы ретінде қолданады.
"Газпром" былтыр жасалған келісімге сәйкес, 2025 жылға дейін Өзбекстанға жыл сайын 2,8 миллиард текше метр газ жібереді.
Азаттықтың Өзбек қызметі Фозилов, Тимченко, "Узтрансгаз" бен Өзбекстан үкіметінен Daxon компаниясының "Газли" газ қоймасындағы шешуші рөліне қатысты пікір сұраған.
Мақала жарияланғанға дейін аталған тұлғалардан жауап келмеді.
Азаттықтың Өзбек қызметі.
ПІКІРЛЕР