АҚШ-тағы ең жоғарғы саяси лауазымға бұрын Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас жүргізген республикалық партия өкілі Дональд Трамп пен өңірдегі ел басшыларымен әлі кездеспеген демократ Камала Харрис таласып жатыр. Сарапшылар Харрис пен Трамптың сыртқы саясаттағы кейбір ұстанымдары Орталық Азия елдеріне әсер етуі мүмкін дейді.
Your browser doesn’t support HTML5
ТЕРРОРМЕН КҮРЕС ЖӘНЕ ЫҚПАЛ ЕТУ АЙМАҒЫ
Біраз сарапшы Совет одағы тарағанда АҚШ одақтан шыққан Қазақстан сияқты елдерге ядролық қару бөлініп кетпеуіне күш салды, аймақта демократия мен адам құқықтары сақталуына мән берді деп санайды. 2001 жылы Ауғанстанда террорға қарсы операция басталғанда географиялық орнына байланысты Орталық Азия Вашингтонмен тығыз араласа бастады.
2000-жылдардың басында кіші Джордж Буш әкімшілігі тұсында Түркіменстаннан басқа төрт елдің басшылары Вашингтонға барып, АҚШ президентімен кездескен.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі билікте болған тұста АҚШ-ты басқарған бес президентпен түрлі деңгейде жүздескен.
Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа екі мәрте жұмыс сапарымен барды. Екеуінде де БҰҰ Бас ассамблеясы жиынына қатысып, АҚШ-тың инвестиция, бизнес, ІТ салаларында түрлі кездесу өткізіп, келісімдерге қол қойған.
Содан бері АҚШ Қазақстандағы екінші ірі инвестор болып, екі ел арасындағы тауар айналымы 40 пайызға артқаны айтылды.
2023 жылы Тоқаев C5+1 платформасы аясында Орталық Азияның өзге басшыларымен біріккен отырыста АҚШ президенті Джо Байденмен кездесті.
Ресейдің Украинаға шабуылынан соң геосаяси текетірестің ортасында қалған Орталық Азия елдерінің АҚШ пен Батыс енгізген санкцияны бұзу қаупі артқан. Азаттық сөйлескен сарапшылар бұл жиында осы жайттар көбірек назарда болды деп санайды. Жиыннан соң Ақ үй арнайы мәлімдеме жариялады, онда негізінен аймақтағы энергетика қауіпсіздігі мәселелері айтылды, адам құқығы жайы сөз болған жоқ.
АҚШ үкіметі Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты C5+1 форматындағы дипломатиялық саммит арқылы нығайтуға тырысып келеді. Обама әкімшілігі кезінен қолданыла бастаған формат жұмысына кейінгі екі президенттен қарсылық болмады. 2023 жылғы басқосуды Байден "тарихи сәт" деп атап, тұрақты түрде кездесуге шақырды әрі келесі жолы Орталық Азиядағы елдердің бірінде жолығуға үндеді. Бұл үрдіс әрі қарай жалғаса ма?
Халықаралық қатынастар мен Еуразиядағы геосаясат туралы жазатын америкалық The Diplomat басылымының шығарушы редакторы Кэтрин Путц Харрис немесе Трамп C5+1 саммиті туралы нақты ештеңе айта қойған жоқ, бірақ бұл платформа "Ақ үйде кім отырса да тиімді формат болды" дейді.
Харрис президент болып сайланған жағдайда оның Орталық Азия президенттерімен С5+1 форматында кездесуі екіталай деп болжайды Кэтрин Путц. "Бірақ Байден де олармен кездеседі деп күтпеген едім. Ал Орталық Азия елдері бұл платформаны өте ұтымды пайдаланып отыр. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты – осының айқын мысалы" деді ол.
Орталық Азиядағы тұрақтылықты зерттеп жүрген қырғыз ғалымы Әлішер Хамидов аймақтағы елдер басшылары жеке қарым-қатынас негізінде келіссөздер жүргізуге үйренген деп отыр. Ол сондықтан C5+1 платформасын сәтсіз деп атап, сайлаудан кейін бұл үдерістегі кездесулер жалғасын таппай қалуы да мүмкін дейді.
"[Ресей президенті Владимир] Путин де, [Ресейдің] премьер-министрі де ай сайын дерлік [Орталық Азияға] ұшып келіп жүр. Біздікілер (аймақ басшылары – ред.) де Ресейге жиі барады, ай сайын кездеседі. Сондықтан Ресейде жеке байланыс құралдары көп, ықпал ету тетіктері бар, біздің мигранттар сол жақта, біз Еуразия экономика одағы және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының құрамында Ресей кеңістігінде жатырмыз. АҚШ бұл жағдайды біледі, сондықтан бізге ықпал ету қиын болатынын түсінеді. Меніңше, C5+1 форматы құлдырауы мүмкін. Өйткені біздің өңірде екіжақты қарым-қатынастар маңыздырақ болып отыр", – деді Хамидов Азаттыққа сұхбатында.
Президент Тоқаев Ресей президенті Путинмен жиі кездеседі. Ол жыл басынан бері Ресейге үш рет барды. Кейінгі сапары АЭС құрылысына қатысты референдум өткен күннің ертесіне, 7 қазанда ұйымдастырылды.
Ал биыл шілдеде Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне Ресей президенті келді. Жиын барысында жеке кездесулер де өтті. Кремль басшысы Тоқаевтың шақыртуымен Астанаға қараша айында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жиыны аясында тағы келуді жоспарлап отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев сыртқы саясатта Қазақстан мүддесін қаншалық қорғай алды?УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС
Президент сайлауы қарсаңында Харрис те, Трамп та Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымын айтты. Мәскеудің жеңісі Еуропаға қауіп төндіреді деген Харрис Украинаны Ресей агрессиясынан "қанша қажет болса, сонша" қолдайтынын мәлімдеді.
Ал Трамп Украинаға қосымша көмек жіберуге құлқы жоғын білдірді. Ол сайланса, екі тарапты келіссөзге шақырып, соғысты 24 сағатта аяқтауға бекінгенін мәлімдеген.
Байден әкімшілігі мен АҚШ конгресі соғыс басталғалы бері Украинаға 175 миллиард АҚШ доллары көлемінде көмек жіберді. Биыл сәуірде АҚШ-тың заң шығарушы органы Украинаға тағы 61,3 миллиард доллар көлемінде көмек беруді мақұлдап дауыс берді. Бұл қаржының басым бөлігі Украина үкіметінің шығындарын жабуға, тағы бір бөлігі АҚШ үкіметінің соғысқа қарсы жобаларына жұмсалмақ.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ-тың қомақты қаражаты "соғыс аймағындағы динамиканы өзгертпейді" деген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Батыс елдерінің Украинаға көмегі жөнінде ашық мәлімдеме жасаған емес. Бірақ Қазақстан Украинадағы соғысқа қатысты бейтарап ұстанымда екенін білдіріп жүр. 2022 жылы Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумда Путинмен қатар мінберде отырған Тоқаев Ресей құрамына қосып алған Украинаның аймақтарын "квазимемлекеттік территориялар" деп атап, оларды "мойындамайтынын" мәлімдеген.
Биыл 16 қыркүйекте Қазақстан басшысы Астанада Германия канцлері Олаф Шольцпен кездескен кезде екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуды талқылап отырып, "әскери тұрғыдан Ресей жеңілмейді" деп, екі славян елінің арасында бейбіт келісімге келу мүмкіндігі әлі бар екенін айтқан.
Кейінірек Тоқаев бұл сөзін тағы қайталады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев "Ресей жеңілмейді" деп тағы айтты. Тарихта қалай болған еді?Республикашыл Дональд Трамптың Украинадағы соғысқа қатысты пайымы демократтарға қарағанда өзгеше. Ол қарашада президент лауазымына сайлансам, Украинаға қаржылай қолдауды одан әрі мақұлдамаймын деп мәлімдеген. Трамп Украинадағы соғысты тоқтату АҚШ мүддесі үшін оң шешім болады деген. Ол қысқа уақытта соғысты аяқтауға уәде берсе де, бейбіт келісім шарттары туралы еш ақпарат айтпады.
Британдық BBC арнасының жазуынша, Кремль АҚШ-тағы сайлауда Трамп жеңсе, Ресейге бағытталған бірқатар санкцияларды алып, тіпті Қырымды "Ресейдің құрамдас бөлігі" ретінде таниды деп үміт артып отыр.
Америкалық Brookings институтының жазуынша, Трамп пен Зеленский биыл шілдеде телефонмен сөйлескенде бейбіт келісім туралы сөз болған. Сол кезде ол бейбіт келісім аясында соғысты тоқтату үшін Ресейге бағытталған санкцияларды алып тастау мәселесі қаралады деген.
Кэтрин Путц бейбіт келісімге келу талқысы жылдам жүруі екіталай деп есептейді. Ол президенттің кім болғанына қарамай, санкция салу саясаты аса өзгермейді, Ресейдің оны айналып өтуіне көмектесіп жатқан елдерге бағытталған жанама санкциялар жалғаса береді деген пікірде.
"Санкция саясаты айтарлықтай өзгереді деп ойламаймын. Әдеттегідей Орталық Азиядағы кейбір компанияларға санкция салу жалғаса береді. Бұл компаниялардың көпшілігі соғыс басталғаннан кейін құрылған. Санкцияны айналып өтіп жатқандар Қазақстан экономикасының тірегі болатын компаниялар емес, жаңадан ашылғандар", – деді ол.
АҚШ үкіметі жыл басында Қазақстан мен Қырғызстандағы үш компанияға Ресейге ұшақ компоненттерін жеткізгені үшін санкция салды. Вице-премьер Серік Жұманғарин америкалық Bloomberg басылымына берген сұхбатында Қазақстан санкцияларды орындайды, бірақ "отандық өндірушілердің сауда жасауына тыйым салуына жол бермейміз" деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вице-премьер Серік Жұманғарин: Қазақстан санкцияларға көзсіз мойынсұнбайдыКэтрин Путцтің сөзінше, Қазақстан үкіметі санкцияны айналып өтуге кедергі жасау үшін Батыс елдерімен өте жақсы қарым-қатынас жасап отыр, сондықтан Қазақстанның өзіне санкция қаупі төніп тұрған жоқ.
Сарапшы Әлішер Хамидов билікке демократтар келсе, бекітілген санкциялар Ресейге көмектескен "компаниялардан жеке адамдарға, яғни мемлекеттік қызметкерлерге бағытталуы ықтимал" деп топшылап отыр.
"Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциялары нәтижелі болуы үшін Харрис әкімшілігі, мысалы, Ресейге көмектесіп жатқан Орталық Азия елдері басшыларына қатаң санкциялар қолдануы мүмкін", – деді Хамидов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ЖӘНЕ МҰНАЙ ӨНДІРІСІ
Демократиялық партия кандидаты Камала Харрис үндеулерінде жасыл экономикаға көшуді жиі айтып жүр. Ол биылғы сайлауалды үгіт-насихатында 2019 жылы АҚШ Конгресі бекіткен, климат өзгерісін баяулатуға бағытталған Green New Deal қарарын да сөз етті.
Десе де, демократтар партиясының үміткері тамызда CNN арнасына берген сұхбатында АҚШ аумағында мұнай мен газды фрекинг әдісімен өндіруге шектеу қоймаймын деп мәлімдеді.
Фрекинг – жер қыртысындағы мұнайды үлкен мөлшердегі су және хмииялық қоспалардың көмегімен жер бетіне шығару әдісі. Әдетте, мұндай процесс кезінде табиғи газ мұнаймен бірге шығып, ауаға тарайды.
Харрис климаттың өзгеруіне қатысты көзқарасы өзгермегенін айтты, дегенмен мұнай өндірісін ашық құптамаса да, оның өндірісін шектемейтінін жеткізген.
Конгрестегі республикалықтар Green New Deal ел ішіндегі мұнай өндірісін шектеп, экономиканы әлсіретеді деп, оған қарсы болған. Трамп сайлау науқанын бастағалы сайлаушылармен кездескенде демократтардың жасыл экономикаға көшу жоспарын "алаяқтық" деп атап, АҚШ-ты мұнай өндіретін державаға айналдыратынын айтып жүр.
"[Президент болып сайлансам], Green New Deal жоспарын жоямын, жанармай бағасының өсуін тоқтатамын", – деді ол 19 қазан күні Пенсильвания штатындағы мұнай саласының қызметкерлерімен кездескенде.
Трамп елдегі жанармай бағасын екі есе түсіру үшін мұнайды ел ішінде өндіруді қолдап отыр. Себебі АҚШ-та кейінгі үш жылда бензин бағасы орташа есеппен 2 есе өскен.
АҚШ әлемде мұнай ең көп өндіретін ел екенін ескерсек, үміткерлердің ұстанымдарынан сайлаудан кейін мұнай бағасы арзандауы ықтимал деп болжайды сарапшылар. Ал бұл мұнай экспортына тәуелді, бірақ климат өзгеруін баяулатуға бағытталған Париж келісімін ратификациялаған Қазақстанға әсер етуі мүмкін.
Кэтрин Путц АҚШ-тағы билік тармақтары арасындағы тежеуші және тепе-теңдік жүйесіне меңзеп, Трамптың бастамалары мұнай бағасына айтарлықтай әсер ете қоймас деп болжам жасады.
"Қысқа мерзімде Қазақстан климаттың өзгеруі мәселесіне назар аударуды доғара тұруды құптауы мүмкін. Қазақстан үкіметі жасыл энергияға көшу туралы көп жақсы сөз айтқанымен, ондағы өндірілген энергияның әлі де көп бөлігі мұнайға тәуелді, экономикасы да мұнайға тәуелді болып қала береді", – деді ол.
Кэтрин Путц мұнай бағасы өсіп кеткен жағдайда, әлемде энергия өндірісін реттеп отыратын OPEC кооперациялық картелі барын еске салды.