Accessibility links

Пекиннің әскери көмек беруді заңдастыру талпынысы және Мұхаммедкәрімге үкім


Қытай және Орталық Азия елдерінің басшылары. "Орталық Азия + Қытай" саммиті. Қытай, Сиань, Мамыр 2023 жыл.
Қытай және Орталық Азия елдерінің басшылары. "Орталық Азия + Қытай" саммиті. Қытай, Сиань, Мамыр 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қытай жаһандық қауіпсіздік бастамасы арқылы Орталық Азияға әскери көмек беруге заңды негіз жасап жатқанын, бірақ бұл аймақта геосаяси шиеленіс тудыруы мүмкін екенін талдады. Сонымен қатар халықаралық басылымдар журналист Думан Мұхаммедкәрімді жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» бастамасына нұқсан келтіретінін жазды. Бұдан бөлек Оңтүстік Корея демографиялық дағдарыс мәселесін шешу үшін Орталық Азиядағы этникалық кәрістерді көшуге шақырғанын қамтыды.

МҰХАММЕДКӘРІМГЕ ШЫҚҚАН ҮКІМ ЖӘНЕ ТОҚАЕВТЫҢ ТАЛПЫНЫСЫНА ТҮСКЕН "ДАҚ"

АҚШ-тағы Diplomat басылымы журналист Думан Мұхаммедкәрімді Қонаев қаласындағы сот «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты» деген айыппен жеті жылға бас бостандығынан айырғанын жазды.

Журналист 2023 жылы жазда қамауға алынды, ал сот 2024 жылдың ақпанында басталды. Мұхаммедкәрім алғашқы сот отырысында қамауда отырғанда полиция өзіне қысым жасағанын мәлімдеген. Кейін прокуратура «азаптау» бабы бойынша іс қозғап, журналист ол істе жәбірленуші деп танылды. Артынша іс «дәлел жетпеуіне байланысты» тоқтады. Мамыр айында сот қайта жалғасты.

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім мен оның әкесі Алмаз Тілепов.
Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім мен оның әкесі Алмаз Тілепов.

Мұхаммедкәрім 2015 жылдан бері жүргізген «Не дейді?» Youtube-арнасының 147 мың жазылушысы бар. Журналист онда 2022 жылдың басында болған Қаңтар оқиғасы, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдар жайлы жүздеген материал жариялады.

Мұхаммедкәрімге айып тағуға оның көп жылдан бері шетелде тұрып жатқан оппозиционер, елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтан 2022 жылдың желтоқсанында алған сұхбаты себеп болды. 2018 жылы сот «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салды.

Мақала авторы Кэтрин Путц Әблязовпен немесе ҚДТ-мен кез келген байланыс қуғын-сүргінге ұласуы мүмкін дейді. «Экстремистік ұйымға қатысты» деп айып тағылған блогер, журналист Айгүл Өтепова 2020 жылы соттың алдында мәжбүрлі түрде психдиспансерге жіберілгенін бұған мысал ретінде келтіреді. 2021 жылы оның бас бостандығы шектеліп, екі жыл бойы саяси және әлеуметтік мәселелер бойынша пікір білдіруіне тыйым салынды.

Путцтың жазуынша, айыптау үкімін шығарған сот «[Өтепованың мәлімдемесінің] мазмұны мен ҚДТ және «Көше» партиясы экстремистік ұйымдарының идеясы ұқсас», бұл оның экстремистік топқа қатысуын көрсету үшін жеткілікті деген қорытындыға келген.

Путц Мұхаммедкәрімнің ісі де осы іспетті болды дейді. Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы танысқан айыптау қорытындысына қарағанда, Мұхаммедкәрімнің Әблязовпен сұхбатына жасалған психологиялық-филологиялық сараптама журналистің видеодағы кей сөздері «экстремистік идеялар мен көзқарасты насихаттайды», «экстремистік ҚДТ ұйымына қатысу белгісі бар» деген тұжырымға келді. Бірақ сөйте тұра сараптамада екі адам «саяси өзгерістер бейбіт жолмен жасалуы керек» деп сөз қозғағаны айтылады, «сараптамаға ұсынылған материалда митинг ұйымдастыруға және билікті күшпен басып алуға шақыру белгісі жоқ» делінген.

"Шындықты айтып сотталып барамын". Мұхаммедкәрімге шыққан үкімге реакция
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:27 0:00

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында ел заңнамасында азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бап жоқтығын айтқан. Сондай-ақ сол сұхбатта «ескі жүйе жоқ» деген. «Бірақ Астананың Әблязовтың соңына түсуі Назарбаевтың да, Тоқаевтың дәуіріне тән, бұл қазіргі президенттің өз режимін реформаторлық, ал Қазақстанды «жаңа» деп көрсеткісі келген талпынысына нұқсан келтірді», дейді Путц.

"ҚАУІПСІЗДІК ГАРАНТЫНА" АЙНАЛУҒА ТАЛПЫНҒАН ПЕКИН ЖӘНЕ ГЕОСАЯСИ ШИЕЛЕНІС ҚАУПІ

Қытайдың жаһандық қауіпсіздік бастамасы Орталық Азиядағы күштер ара салмағын өзгертеді, деп жазады АҚШ-тағы Бейбітшілік институты.

Қытай ондаған жыл бойы Орталық Азияға қызығушылық танытып келсе де, 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасы Қытайдың аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысуы шектеулі екенін көрсетті. Пекин Астанаға көмек ұсынса да, Қазақстан үкіметі ресми түрде Қытайдан көмек ала алмады, себебі ол үшін ешқандай құқықтық механизм жоқ еді.

Есесіне мұндай механизм Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше Орталық Азия елдері мен Ресей арасында бар.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті елге "террористер шабуылдағанын" мәлімдеп, ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Ізінше Алматыға ҰҚШҰ әскері келді. Қаладағы нысандардың бірін күзетіп тұрған ҰҚШҰ жасағы, 11 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті елге "террористер шабуылдағанын" мәлімдеп, ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Ізінше Алматыға ҰҚШҰ әскері келді. Қаладағы нысандардың бірін күзетіп тұрған ҰҚШҰ жасағы, 11 қаңтар 2022 жыл.

Қытай басшысы Си Цзиньпин 2022 жылдың сәуірінде Боао форумында жаһандық қауіпсіздік бастамасын таныстырды, мұны Пекиннің Орталық Азиядағы қауіпсіздікке ықпал ету әрекеті деп бағалаған жөн, дейді мақала авторы Өзбекстандағы Әлемдік экономика және дипломатия университетіндегі Қытайтану бағдарламасының жетекшісі Аббос Бобохонов. Жаһандық қауіпсіздік бастамасы Қытайға Орталық Азия елдеріне қауіпсіздік және әскери салада көмек көрсетуге құқықтық негіз береді.

Былтыр мамырда Сиань қаласында өткен Қытай – Орталық Азия саммитінің декларациясында жаһандық қауіпсіздік бастамасы талқыланды. Қытай аймақпен екіжақты қарым-қатынас тарихында алғаш рет Пекин Орталық Азияның қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын екенін ашық мәлімдеді. Осылайша халықаралық қауымдастыққа аймақтағы мүддесі қауіпсіздік мәселесін қамтитынын көрсетті.

Бобохоновтың жазуынша, Пекиннің аймақты жаһандық қауіпсіздік бастамасына тартуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қытай «Бір белдеу – бір жол» бастамасы арқылы аймаққа қыруар инвестиция құйды. Пекин аймақтағы инвестициясы мен экономикалық мүддесін қорғауды көздеп отыр.

Одан бөлек Украинадағы соғыс Ресейдің аймақтағы ықпалын әлсіретті. Сондай-ақ былтыр маусымда «Вагнер» жеке әскери тобының жетекшісі Евгений Пригожиннің бүлігі мен биыл наурызда Мәскеу түбінде "Крокус Сити Холлға" жасалған террористік шабуыл Ресей ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келгенде осал екенін көрсетті. Осы оқиғадан соң Пекин Орталық Азиямен қауіпсіздік саласындағы серіктестікті күшейтуге ұмтылды.

Қытай жаһандық қауіпсіздік бастамасын аймақта державалардың бәсекесі күшейген тұста ұсынып отыр. АҚШ-тағы Қытай бойынша сарапшы Роберт Дейли Қытайдың жаһандық қауіпсіздік бастамасы күшейген сайын аймаққа Пекин құшағынан шығу қиындай түседі деп есептейді. Сол себепті Орталық Азия Қытайдың қауіпсіздік саласындағы табандылығына қарсы тұру үшін оңтайлы стратегия құруы қажет.

Қытай және Орталық Азия басшылары. Қытай, Сиань, мамыр айы 2023 жыл.
Қытай және Орталық Азия басшылары. Қытай, Сиань, мамыр айы 2023 жыл.

Автордың жазуынша, жаһандық қауіпсіздік бастамасы Қытайдың ұзақ және орта мерзімдегі стратегиясына айналатынын ескерсек, оны іске асыру аймақта геосаяси шиеленіске әкелуі мүмкін. Бұл Ресей, АҚШ тәрізді өзге ойыншылар арасындағы бәсекені күшейтіп, экономикалық және дипломатиялық мәселелерге ұласуы ықтимал. «Қытай инвестициялары мен несиелеріне тәуелділік Орталық Азия елдерінің сыртқы саясатта шешім қабылдау еркіндігі мен тәуелсіздігін шектеуі мүмкін».

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ КӘРІСТЕРІ ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫСТАН ҚҰТҚАРА АЛА МА?

Оңтүстік Кореядағы Чечхон қаласы халықтың тез қартаюы мен бала туу көрсеткіші төмендігіне байланысты демографиялық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. АҚШ-тағы New York Times басылымы Орталық Азияның этникалық кәрістері ахуалды өзгерте ала ма деген сұраққа жауап іздейді.

Бұрынғы дипломат Ким Чангю Чечхон қаласының мэрі ретінде туған қаласына оралғанда шаһар құлдырап жатқан еді. Орталықтағы дүкендердің сөрелері бос тұрды, жергілікті кәсіпкерлер жұмысшылар табу қиын екеніне шағымданды. Ким Чангю алысқа көз жүгіртті: Орталық Азияда бір ғасырға жуық тұрып жатқан этникалық кәрістерді көшіруді ойластырды. Ол халқы небәрі 130 мың Чечхонға этникалық кәрістерді көшуге көндірсе, бұл қала болашағына серпін берер еді.

Олар Корей түбегінен 100 жылдан астам уақыт бұрын кетіп, Сібірдің шығысына қоныстанды. 1937 жылы Иосиф Сталин басқарған Совет Одағы оларды Өзбекстан, Қазақстан мен Қырғызстанға күштеп депортациялады.

Ким тіл және тарихи байланыс жоғалса да, Корея халқы жұмысшы мигранттардан гөрі посткеңестік елдерден келген кәрістерді жылы қабылдайды деп үміттенеді.

Ким оларды алғаш рет 1993 жылы Қазақстанға дипломат болып барғанда көрді. 2022 жылы мэр қызметіне кіріскенде этникалық кәрістерді шақыру үшін Орталық Азияға барып, орыс тілінде әлеуметтік желіге арналған видео түсірген. Осы бастамадан кейін Чечхонға 130 адам көшіп, тағы 150 адам көшу үшін тіркелген. Орталық Азиядағы кәрістер Оңтүстік Кореяға соңғы он жылда көше бастады.

Чечхон көшіп келушілерге баспана мен жұмыс тауып береді, бала күтімі мен олардың білім алуына, тұрақтап қалуына көмектеседі. Қала жатақханаларынан төрт айға дейін тегін баспана мен тегін тамақ беріледі.

Сондай жатақханалардың біріне биыл наурызда Қарағандыдан Руслан Ли өз әйелі және екі кішкентай ұлымен көшіп келген. Лидің айтуынша, ол Корея туралы сирек ойлайтын. Ли аккумуляторға арналған кремний ұнтағын шығаратын зауытта ең төменгі жалақыға жұмыс істей бастады. Ол мен әйелі екі және төрт жасар ұлдары қазақ мәдениетімен байланысы жоғалта ма деп алаңдайды. Отбасы бағдарлама бойынша жеңілдіктерге қол жеткізу үшін Чечхонда екі жыл тұруы керек.

«Бұл бағдарламалар бейімделуге көмектеседі, бірақ сонда да бөтенситін сияқтымыз», дейді ол.

Көшіп келушілер әр жексенбі сайын кәріс тілі мен мәдениетін оқытатын төрт сағаттық сабақтарға қатысады, бұл оларға ықтиярхат алуға көмектеседі.

Корё Сарам (бұрынғы Совет республикаларынан шыққан кәрістерді солай атайды) орыс тілі мен қоғамға бейімделу үшін ондаған жыл жұмсады, дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Герман Ким. Оңтүстік Кореяға көшкен соң олар қоғамға бейімделуді қайта бастан өткереді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG