Дубайдағы Қазақстан. Құқық қорғау органдарының қазіргі және бұрынғы шенділері

Азаттықтың "Дубайдағы Қазақстан" деп аталатын зерттеуінің екінші бөлімінде сот, полиция, прокуратура және өзге де құқық қорғау органдарының қазіргі және бұрынғы қызметкерлері мен туыстарының шетелдегі жылжымайтын мүлкі жайлы айтамыз.

Бұл бөлімде құзырлы органдарды басқарып, генерал атанғандардың және олардың туыстарының Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласындағы үйлеріне тоқтаймыз.

C4ADS ұйымының реестрі

Америкалық C4ADS ұйымы Азаттыққа Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрін ұсынды. 2020 және 2022 жылдарды қамтитын бұл реестрге қарағанда, Қазақстанның 1550 азаматы жалпы құны 1 млрд доллардан асатын 2700-ге жуық жылжымайтын мүлікке иелік еткен. Бұл тізімнен Қазақстанның қазіргі және бұрынғы шенеуніктері мен олардың туыстары көп кездеседі. Азаттық тілшісі осы үйлерді көрсетіп, олардың иелеріне қоңырау шалды, мүліктің қандай ақшаға алынғанын, Қазақстан үкіметіне өткізілетін декларацияда қалай көрсетілгенін сұрады. Дерек ауқымды болған соң, зерттеу бірнеше бөлімнен тұрады.

Қазақстан мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларацияның бірінші кезеңінде бар болғаны 40 адам ғана Біріккен Араб Әмірліктерінде жылжымайтын мүлкі (барлығы 60 үй) барын көрсеткен. Комитет Азаттықтың C4ADS тізіміндегі азаматтардың мүлкі жайлы сұрағына жауап бермеді. Ол ақпарат шектеулі мәліметке жатады деді.

Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан C4ADS ұйымы халықаралық қылмыс пен кикілжіңдерді зерттейді.

Ескерту: зерттеуде жылжымайтын мүліктердің Қазақстан валютасына шаққандағы құны орташа бағаммен "1 АҚШ доллары – 450 теңге" есебімен (2023 жыл мен 2024 жылдың І жарты жылдығындағы көрсеткіштерге сәйкес) көрсетілді.

Осы зерттеудің бірінші бөлімінде Қазақстанның мұнай-газ саласында үлкен қызмет атқарғандар мен олардың жақындары жайлы айтқан едік. Ал бұл жолы құқық қорғау органдарында басшы қызметтерін атқарған, қазір де атқарып отырған азаматтар мен олардың жақын туыстарының мүлкі сөз болады. Азаттық зерттеуде аталған азаматтар Дубайдағы үйін заңды ақшаға алған болуы әбден мүмкін екенін атап өтеді. Бұл жердегі мәселе – бұл активтердің қаншалық декларацияланғанында. Екіншіден, бұл азаматтар жария тұлғаға жататындықтан, шетелдегі актив заңды ақшаға алынып, декларацияда көрсетілсе де, Қазақстан халқы бұл активтер туралы білуге хақылы.

Зерттеудің видео нұсқасында бұл үйлердің Дубайдың қай жерінде орналасқанын, келбеті қандай екенін көре аласыз.

ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛЕРІ

Ерлан Тұрғымбаевтың отбасы

Кейінгі 20 жылда Қазақстанның ішкі істер саласын кезек-кезек 7 министр басқарса, осы зерттеуде соның төртеуі аталады. Солардың біріншісі – генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаев.

Қаңтар оқиғасында Қазақстанның бас полицейі болған Тұрғымбаев арада 2 жыл өткен соң ұсталып, тергеліп, сот оған бес жыл мерзімге шартты жаза кесті. Кезінде "билік өкілетін асыра пайдалану туралы" диссертация жазған экс-министр "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша кінәлі деп танылды.

Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұлы Мәрлен Тұрғымбаев Дубайда RIMAL тұрғын үй кешенінен жылжымайтын мүлік алған. Азаттық коллажы

Дубайда оның ұлы Мәрлен Тұрғымбаевтың атында құны 300 млн теңгенің (700 мың доллар) айналасында болатын мүлік бар. Ол мүлік – Джумейра жағалауында орналасқан RIMAL тұрғын үй кешеніндегі коммерциялық апартмент-кеңсе.

Мәрлен Тұрғымбаев – Қазақстанда ғалым, оқытушы. Ресми қызметі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің аға оқытушысы. Оқу орны сайтындағы ақпарат бойынша, 2022-23 жылдары ғылыми журналдарға мақалалары шыққан. Бұл мақалаларды анасы – заң ғылымдарының докторы, профессор Рима Жансараевамен бірігіп жазған. Ол да заң факультетінде істейді. Ашық дереккөздерге қарағанда, Мәрлен Тұрғымбаев бұған дейін үлкен кәсіппен айналыспаған.

Қалмұханбет Қасымовтың отбасы

Ерлан Тұрғымбаевқа дейін ішкі істер министрлігіне Қалмұханбет Қасымов жетекшілік еткен. Ол – осы саланы өзгелерден ең ұзақ 8 жыл басқарған адам. Министр болып 2011 сәуірде тағайындалған Қасымовтың тұсында Жаңаөзен оқиғасы болған. Бірнеше айға ұласқан ереуіл аяғында жұмысшылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында қақтығыс болып, полиция ереуілшілерге оқ атқан. Салдарынан 17 адам қаза тапқан, жүзге тарта адам жараланған.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзеннің жазылмаған жарасы

Дубайда Қалмұханбет Қасымовтың әйелі Дина Қасымованың атына бір жылжымайтын мүлік тіркелген. Пәтер Discovery Gardens деген ауданда орналасқан. Аумағы 90 шаршы метр, бағасы 100 млн теңгенің айналасында (200 мың доллар). Бұл аумақта арнайы күзет жоқ, үй де басқаларымен салыстырғанда арзанырақ. Дина Қасымова телефон тұтқасын көтерді. "Бұл үйді декларацияда көрсеттіңіздер ме?" деген сауал қойдық. Өте қысқа жауап берді.

– Бәрі біледі. Болды, сау болыңыз! – деді Дина Қасымова.

Бауыржан Мұхамеджановтың отбасы

Қазақстан тарихындағы ең ірі екі саяси өлім Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы кезінде ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджановтың отбасы вилланы Джумейра аралынан (Palm Jumeirah) алған. Бұл – Дубайдың ең қымбат аудандарының бірі. Мүлік оның әйелі Зарема Мұхамеджанованың атына тіркелген.

Ішкі істер министрлігін 2005-2009 жылдары басқарған Бауыржан Мұхамеджановтың әйелі Зарема Мұхамеджанованың атына тіркелген вилла Palm Jumeirah аралында орналасқан. Азаттықтың коллажы

Құжат бойынша, үйдің аумағы 1245 шаршы метр. Нарықта мұндай мүліктерді 7-15 млрд теңгенің (16-32 млн доллар) аралығында саудаланып жүр.

Зауытбек Тұрысбековтің отбасы

Дубайдан тағы бір бұрынғы ішкі істер министрі, әкім де болған, агенттік те басқарған Зауытбек Тұрысбековтің ұлы Асқар Тұрысбековтің екі жылжымайтын мүлкі табылды. Оның бірі – BOTANICA TOWER кешеніндегі апартамент, ал екіншісі – ONTARIO TOWER-дегі кеңсе.

Екеуінің де аумағы 100 шаршы метрдің айналасында. Құнын қоса есептегенде 400 млн теңгеден (900 мың доллар) асады.

Зауытбек Тұрысбеков ұзақ жыл дипломатиялық корпуста жұмыс істеді. Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымының басшысы. Ал оның ұлы Асқар Тұрысбеков мұнай-газ компаниясында, Қазақстан бокс федерациясында басшылық қызметтерде болған.

Генерал-майор Молдияр Оразәлиевтің отбасы

Бұрынғы ішкі істер вице-министрі, бірнеше өңірдің полиция департаментін басқарған генерал-майор Молдияр Оразәлиевтің қызы Динара Оразәлиева құрылысы енді аяқталатын JOURI-5 деген ғимаратқа қаржы салған. Динараның атына тіркелген мүліктің аумағы құжат бойынша 90 шаршы метрге жуықтайды. Азаттық оған да қоңырау шалды

– Менің түнгі клубым болған.

– Алматыда ма, Дубайда ма?

– Пәтер қашан сатып алынды, уақытына қараңыздар. Ол кезде жұмыс істегенмін. Қазір жұмыс істемеймін.

Телефондағы әңгімеде Динара Оразәлиева "бұл мүлікке ақша құйғанда табысты кәсібім болды, оған әкемнің еш қатысы жоқ" деп жауап берді.

Генерал-майор Аманжол Бейсеновтің отбасы

Тағы бір бұрынғы ішкі істер вице-министрі, полиция академиясын, көліктегі полиция департаментін басқарған генерал-майор Аманжол Бейсенов әйелі Ғалия Бейсеновамен бірге Джумейра аралындағы TANZANITE RESIDENCE кешенінде 1 бөлмелі пәтерге иелік етіп отыр. Мүліктің салыстырмалы құны 225 млн теңге (500 мың доллар) шамасында.

Бұл мүліктің реестрінде Мадияр Аманжолұлы Бейсенов деген адамның телефоны көрсетілген. Ал Мадиярдың өзі Зүлфия Бейсенова деген адаммен бірге V3 TOWER ғимаратында құны 225 млн теңгеге (500 мың доллар) жуықтайтын aпартаментті меншіктеп отыр.

Тегі бір Зүлфия Бейсенова деген адамның бұл әулеттің келіні ме, қандай байланыс, туыстығы барына нақты көз жеткізе алмадық. Бейсенова Зүлвия Нұртайқызы пальма тәріздес Джумейра аралында құны шамамен 2,5-5 млрд теңгенің (6-11 млн доллар) аралығында тұратын виллаға иелік етеді. Оның атына одан бөлек жалпы құны 1 млрд теңгеге (2 млн доллар) жуықтайтын тағы төрт пәтер тіркелген.

Полковник Мирлан Мұхамбетовтің отбасы

Ашық деректерде Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Антикор) Ақтөбе облыстық департаментін басқарған полковник Мирлан Мұхамбетовтің әйелі ретінде аталатын Елизавета Ермұханова деген азамат – SAFEER TOWER 2 ғимаратында жалпы құны 400 млн теңгеге (847 мың доллар) жуықтайтын 5 пәтердің иесі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Антикор) Ақтөбе облыстық департаментін басқарған полковник Мирлан Мұхамбетовтің әйелі Елизавета Ермұханова SAFEER TOWER 2 ғимаратынан 5 пәтер меншіктеген.

Осы ақпараттың мән-жайын анықтау үшін Мирлан Мұхамбетовке хабарластық, хат жаздық. Оқыса да, жауап бермеді. Мұхамбетовтің әйелінің атына Ақтөбеде жылжымайтын мүлікті жалға берумен және құрылыспен айналысатын екі компания тіркелген.

Мирлан Мұхамбетов – Ақтөбе, Қостанай облыстарының экс-әкімі Архимед Мұхамбетовтің ағасы.

ПРОКУРОРЛАР

Рашид Түсіпбековтің отбасы

Тоғыз жыл бас прокурор, үш жыл әділет министрі, үш жыл қаржы полициясының басшысы қызметтерін атқарған, кейінгі жылдары сенатта отырған Рашид Түсіпбековтің келіні Жанна Түсіпбекова Джумейра аралында аумағы 1000 шаршы метрлік виллаға иелік етеді. Аумағы дәл осындай виллалар Пальма аралында 4,5 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін саудаланады.

Жанна Түсіпбекованың күйеуі Жанат Түсіпбеков те қызмет жолын полиция, сот қызметінен бастап, кейінгі жылдары "ҚазМұнайГазда" басшылық лауазымдарды атқарған. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан соң қызметтен кеткен.

Нәрікбаевтар отбасы

2000 жылға дейін Қазақстанның бас прокурор, жоғарғы сот төрағасы қызметтерін атқарған, марқұм Мақсұт Нәрікбаевтың қызы Жібек пен күйеу баласы Данияр Хатимнің иелігінде BAY CENTRAL-3 ғимаратында аумағы 425 шаршы метрлік кең апартамент бар. Реестр құжаттарына сәйкес, вилла деп көрсетілген мүлікке ерлі-зайыпты екеуі теңдей иелік етеді. Көлемі бұдан әлдеқайда кішірек апартаменттер нарықта 1 млрд теңгеден сатылып жатыр.

Бұдан бөлек Жібек Нәрікбаеваның атына SILVER TOWER кешенінде тағы бір мүлік тіркелген. Ол кеңсе ретінде пайдаланылады. Құны – 150 млн теңгедей (330 мың доллар).

Жібек пен Данияр әлеуметтік желідегі парағында ерлі-зайыпты екенін, Дубай қаласында тұрақты түрде тұратынын көрсеткен. Фейсбук парағында Қазақстан орналасқан халықаралық мектепті құрушылдың бірі деп жазады. Бірақ қазір ешбір компанияда үлесі жоқ.

Жібек Нәрікбаева бір кезеңде мемлекеттен Нәрікбаевтар әулетінің иелігіне өткен Астанада заң университетінің акционері де болған.

Жанар Ашляева

Алматы қаласының Жетісу аудандық прокуратурасында істейтін Жанар Ашляева Дубайда BONAIRE TOWER ғимаратында аумағы 84 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер алыпты. Марса Дубай ауданындағы бұл үйдің нарықтағы құны 220 млн теңгеден (490 мың доллар) басталады.

Жанар Ашляева – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Жезқазған облысы прокуратурасын, кейін оңтүстік-шығыс өңірлік көлік прокуратурасын басқарған, марқұм Төлеген Ашляевтің қызы. Азаттық Ашляеваға қоңырау шалғанда ол пәтерді қандай ақшаға алғанын күйеуінен сұрауды өтінді.

Прокурордың күйеуі кәсіпкер Дәулет Джаппуев Азаттыққа ұзақ уақыт бизнесте болғанын, үйді Дубайда тұратын қызына он шақты жыл бұрын сатып алғанын айтты. Джаппуев көтерме саудамен айналысатын "Almaly LTD" деген компанияға иелік етеді. Statsnet дерек базасының мәліметіне сәйкес, кейінгі 10 жылда "Almaly LTD" компаниясы жыл сайын 170 млн теңге мен 1 млрд теңге аралағында салық төлеген.

ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНЫҢ ШЕНДІЛЕРІ

Бағдат Майкеев

Бұрынғы қорғаныс вице-министрі Бағдат Майкеев 2014 жылдың жазында қомақты пара алды және заңсыз қару-жарақ сақтады деген айыппен 6 жылға сотталған. Бірақ сотта пара алғанын мойындамады. Ал бір жылдан кейін онкологиялық ауруға шалдықты деп шартты түрде түрмеден босап шыққан.

C4ADS ұйымының дерекқорындағы ақпаратпен сәйкестендірсек, Майкеев бостандыққа шыққан соң 1 апта өтпей қолына шетелге шығатын паспорт жасатқан. Ол Джумейра аралындағы ROYAL AMWAJ RESIDENCES NORTH ғимаратынан аумағы 100 шаршы метрден асатын апартамент алған. Нарықтағы бағасы 300 млн теңгеге (650 мың доллар) жуықтайды. Экс-генерал жағдайды былай түсіндірді.

– Тыңдаңыз, оны мен сатып алғанда жарты ақшасын төледім де күшім жетпегеннен кейін сатып жібергенмін. 3-4 жыл болды сатып жібергеніме. Оны 2017-2018 жылы алғанмын.

– Бізде 2020 және 2022 жылғы жаңарған деректер негізінде сіздің атыңызда көрініп тұр әлі ROYAL AMWAJ RESIDENCES NORTH деген ғимаратта.

– Жоқ, ол жоқ менде. Жөндеп қараңыздар, жоқ менде.

– Жақсы, жоқ делік. Жарты ақшасының өзін сіз қалай құя алдыңыз, себебі..

Майкеев мырза осы жерде телефонды тастай салды. Аяқталмай қалған сұрақ мынау: Сот мүлігін тәркілеген экс-генерал шартты түрде бостандыққа шыққан соң Дубайдан қымбат үй алатын қаржыны, яғни өз сөзінше айтқанда, жарты ақшасының өзін қайдан алды? Экс-генерал осыдан соң тұтқаны көтермеді.

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ

Мақсұт Нұриманов

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2001-2010 жылдардағы орынбасары Мақсұт Нұриманов әйелі Жібек Нұримановамен бірге AL MAJARA 5 кешенінен пәтер алған. Үш жыл бұрын C4ADS ұйымы ерлік-зайыпты Нұримановтардың үйін шамамен 360 млн теңге деп бағалаған. Дәл қазір жылжымайтын мүлік жарнама сайттарында бұл үйден сатылымда тұрған пәтерді таппадық. Одан бері қаншалық қымбаттағанын дәл айту қиын. Дегенмен басқа да жылжымайтын мүлік туралы жазатын басылымдар Дубай нарығы жыл сайын қымбаттап келе жатыр дейді.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Мақсұт Нұримановтың әйелі Жібек Нұриманова Al Majara кешенінен пәтер алған.

Мақсұт Нұриманов Дубайдағы пәтердің ұзақ жылдан бері кәсіппен айналысқан жұбайы Жібек Нұриманованың "адал табысымен сатып алынғанын" айтып, жауап жазды. "Қажет болса, жұмсалған қаражаттың заңдылығын дәлелдейтін" құжаттар бар деді.

Қазақстан заңды тұлғалар реестрінде Жібек Нұриманованың атына екі компания тіркелген. Оның негізгісі – Acпан Line турагенттігі. Табысты жұмыс істеген фирма кейінгі жылдары мүлде салық төлемеген. Генерал мұны жұбайының сырқатқа шалдығуымен байланысты деді.

Ерлан Өмірзақовтың отбасы

Солтүстік резиденция – THE RESIDENCES NORTH ғимаратынан Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова да үй алған. Осы ғимаратта Алуа Таңжарықованың атындағы 120 шаршы метрдей мүлікпен көлемі бірдей үйлер кемі 300 млн теңгеден (680 мың доллар) сатылымда тұр.

Таңжарықованың жұбайы – Қазақстанның кеден қызметінде, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінде басшылық қызметтерде болған Ерлан Өмірзақов. Таңжарықованың Facebook парағында күйеуі Ерлан Өмірзақовпен қатар түскен суретте ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев та тұр. Экс-әріптестер қызметтен кеткен соң да байланысты үзбеген сияқты.

Руслан Ақбердиев

2019 жылы мемлекеттік күзет қызметі "Арнайы қамтамасыз ету орталығының" директоры болған Руслан Ақбердиевтің атына Джумейра аралындағы FAIRMONT RESIDENCE SOUTH, яғни Оңтүстік резиденияда қымбат апартамент тіркелген. 3 бөлмелі үйдің аумағы 200 шаршы метр. Мұндай көлемдегі апартаменттердің нарықтағы құны қазір 450 млн теңгеден (1 млн доллар) басталып тұр. Азаттық Ақбердиевтікі деген телефон нөмірге қоңырау шалды.

– Қателесіп тұрған сияқтысыз. Менің ешқандай апартамент жоқ.

– Сіз қазір ПКҚ (президенттің күзет қызметі) немесе мемлекеттік күзет қызметі құрылымдарында жұмыс істейсіз бе?

– Жоқ, жоқ, жұмыс істемеймін. Сіз нөмірден де қателесіп тұрған сияқтысыз.

Мүлік реестрінде көрсетілген бұл телефон нөмірін Getcontact қосымшасы арқылы басқа адамдардың қалай сақтағанын көрдік. Тізімде оны Равельевич деп әкесінің атымен қоса сақтағандар, есімінің қасына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, президенттің күзет қызметі және біз айтқан "Арнайы қамтамасыз ету" орталығы деген сөздерді тіркеп қойғандар жиі кездесті. Ақбердиев қайта байланысқа шықпады.

Ол – қазір Астана орталығындағы "Lou Lou" деген француз мейрамхасының екі құрылтайшысының бірі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтар, Ізбастин, Құлыбаев және басқалар: кімнің компаниясына салық төлемеуге рұқсат етілген?

СОТ САЛАСЫ

Қайрат Мәмидің отбасы

Джумейра арал деп аталып кеткенімен, оны архипелаг десе де болады. Көптеген шағын аралдан тұрады. Архипелагтың таға тәріздес тұсында ROYAL AMWAJ резиденциясы орналасқан. Осы кешеннің солтүстік бөлігінде аумағы 160 шаршы метр, нарықтағы құны кемі 500 млн теңге (1,2 млн доллар) болатын апартамент Мақбал Ахметованың атына тіркелген. Ол – Қазақстанның жоғарғы сотын, бас прокуратурасын, сенатын және конституциялық кеңесін басқарған Қайрат Мәмидің әйелі.

Жоғарғы соттың, Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Қайрат Мәмидің отбасы – әйелі мен ұлы Дубайдан жылжымайтын мүлік алған.

Бұл – Мәмидің отбасы иеленген жалғыз мүлік емес. Оның ұлы Мирас Мәми – осы аралдағы THE RESIDENCES NORTH ғимаратындағы 2 бөлмелі, аумағы 165 шаршы метрлік пәтердің иесі.

Мұндай премиум пәтерлердің құны 500 млн теңгеден (1,1 млн доллар) бастап сатылып жатыр. Мирас Мәми LinkedIn желісіндегі парағына қарағанда Лондонда орналасқан қаржы-аналитикалық компанияда былтыр маусымға дейін жұмыс істеген. Қазір өзін инвестор деп көрсетіп отыр.

Бұл үйлер Қайрат Мәми Қазақстанда лауазымды қызметтерді атқарып жүргенде алынған.

Жәния Рысқалиева

2002-2013 жылдары жоғарғы соттың судьясы, оған дейін Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болған Амангелді Рысқалиевтің қызы Жәния Рысқалиеваның атында DISCOVERY GARDENS ауданында құны 100 млн теңгенің айналасында тұратын (200 мың доллар) пәтер тіркелген.

Роман Ғалымжановтың отбасы

Қостанай облыстық ауданаралық экономикалық сотының судьясы болған Роман Ғалымжанов Дубай Маринада мына SILVERENE TOWERS B деген кешеннен бір бөлмелі пәтер алған. Шағын үй, нарықтағы құны 160 млн теңге (350 мың доллар) шамасында.

Бұдан бөлек ол Анна Ғалымжанова деген адаммен бірге Dubai Investment Park ауданынан тағы бір апартаментке ие.

Қостанай облыстық соты әкімшілігі Ғалымжановтың қазір Денисов аудандық сотының төрағасы екенін, сот қызметкерлері мен жұбайлары жыл сайын табыс декларациясын тапсыратынын айтты. Бірақ біз көрсеткен жылжымайтын мүліктерден олар хабардар ма, жоқ па, мұны нақтыламады. Судья Ғалымжанов "кейінірек қоңырау шалыңыз" деді де, артынан тұтқаны көтермеді.

КЕДЕНДЕ ЖӘНЕ САЛЫҚ САЛАСЫНДА ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАНДАР

Ғабдулхәкім Жашыбеков

Президент әкімшілігінің құқық бөлімін, қаржы полициясын басқарған, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, Қытаймен шекарадағы "Қорғас" орталығының президенті болған генерал-майор Ғабдулхәкім Жашыбеков THE RESIDENCES SOUTH ғимаратынан жарты млрд теңгенің (1 млн 170 мың доллар) апартаментін меншіктеген.

С4ADS ұйымының базасына сәйкес, генерал Жашыбеков бұдан бөлек THE PAD деген ғимараттың бірінші қабатында жалпы құны 900 млн теңгеге (1 млн 983 мың доллар) жуықтайтын 1000 шаршы метр аумаққа иелік етеді.

Facebook парағындағы ақпаратқа қарағанда, Жашыбековтің ұлы Аделар Жашыбеков Дубайда жекеменшік мектепті бітірген. Парақта әкесімен түскен суреттері де бар. Генерал Жашыбековтің өзі – Қазақстанда алюминий өнімдер шығаратын өте табысты екі компанияның иесі. Өзге саладағы фирмаларға да құрылтайшы.

Анық-қанығын генералдың өзінен сұрайық деп қоңырау шалып едік, тұтқаны көтерді.

– Біз Дубайда орналасқан мүліктер туралы журналистік материал жасап жатыр едік.

– Иә.

– Сіздің атыңызға тіркелген бірнеше апартамент, жылжымайтын мүлік анықталды. Осы бойынша сұрағымыз бар….

Осы жерден әңгіме үзілді. Қайтадан телефонды көтермеді.

Сержан Дүйсебаев

Еуразия экономика одағындағы Қазақстан тарабы өкілдерінің бірі – Сержан Дүйсебаев. Ол қазір осы ұйымдағы кеден заңнамасы департаменті директорының орынбасары. Ал бұрын Қазақстанның бірнеше өңірінде кеден бақылау департаменттерін басқарған, кеден комитеті төрағасының орынбасары болған.

Сержан Дүйсебаев әйелі Гүлжана Мұстафина, қызы Диана Дүйсебаевамен бірге Пальма аралындағы FARIMONT ғимаратының Оңтүстік (South) және Солтүстік (North) резиденцияларынан бір-бірден екі үй алған. Орналасқан жері мен көлеміне қарай есептесек, екеуінің нарықтағы құны 600 млн теңгеден (1 млн 350 мың доллар) басталады.

БАӘ-ден кеден, салық саласында басшылықта істейтін (істеген) адамдардың туыстары да үй алған. Суретте генерал-майор Ғ.Жашыбеков, ЕЭО департамент директорының орынбасары С.Дүйсебаев, Алматыдағы “Инновациялық технологиялар паркі” АЭА кеден бекетінің басшысы Мэлс Болысбай.

Дүйсебаев телефонын көтерді де, сұрағымыздың басын ести сала тұтқаны тастай салды.

Дулат Болысбайдың отбасы

Алматы қаласындағы "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағы кеден бекетінің басшысы Мэлс Болысбайдың ұлы Дулат Болысбайдың HERCULES TOWER ғимаратында бір бөлмелі пәтері анықталды. Үйдің меншік құқығы Анара Сүлейманова деген адамның атына қатар жазылған. Сүлейменова тағы бірнеше пәтерге иелік етеді.

– Маған жарты сағаттан соң хабарласшы. Тойда отырмын. Тойдың үстінде отырмын. Жарты сағаттан кейін звондаңыз, – деді Мэлс Болысбай қоңырау шалғанымызда.

Той күні одан әрі мазаламай, кейінірек хат жаздық. Оқыды, бірақ жауап бермеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтардың Женевадағы залды жөндеуі туыстарына қандай пайда әкелген?

Биғали Тілеулесов

2000 жылдары аймақаралық салық комитетінің төрағасы болған Биғали Тілеулесовтің атында ICON 2 TOWER-де бір пәтер бар. Аумағы 90 шаршы метрге жуықтайды. Ондай үйлердің бағасы жарнама сайттарында 100 млн теңгеден басталады.

Тілеулесов қазір "Eagle" деп аталатын коллекторлық агенттік құрылтайшыларының бірі. Ол Азаттыққа "Дубайдағы мүлік кәсіпкерлікпен айналысқан кезеңдегі табысыма алынды және декларацияланған" деп жауап берді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дубайдағы Қазақстан. Мұнай-газ саласындағы бұрынғы топ-менеджерлердің қымбат мүлкі

Бұл зерттеуде есімі аталған азаматтардың телефон нөміріне қоңырау шалдық, хат жаздық. Көбі реакция білдірмеді. Материалда аттары аталған кез келген адамның мүліктерге қатысты пікір айтқысы келсе, ашық екенімізді ескерте кетейін.

Dubai Unlocked зерттеуі авторларының бірі, "Власть" сайтының бас редакторы Вячеслав Абрамовтің сөзінше, Дубайда үйі бар қазақстандықтар ол мүлікті заңды табысына алған болуы да, заңсыз ақшаға алған болуы да әбден мүмкін. Қазақстанда шенеуніктер мен олардың туыстарының шетелдегі активі туралы ақпарат жабық болғандықтан, жұрт бұл мүлік қандай ақшаға алынды деп сұрақ қоюға қақылы дейді ол.

– Неге бұрынғы ішкі істер министрлері Дубайдан үй алған, оларды не қызықтырды? Прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе өзгеде құқық қорғау органдарынының қызметкерлері, шенеуніктер, олардың туыстары не себепті пәтер алуға шешім қабылдады. Міне, мұның бәрі заңды сұрақ деп ойлаймын. Ал оның жауабын тек Қазақстан декларацияны, жай ғана қазір айтып жүрген активтер туралы декларация емес, барлық дерегі бар, шынайы табыс декларациясын ашық еткенде біле аламыз, – дейді Абрамов.

"Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінің үшінші бөлімінде парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттың қазіргі және бұрынғы депутаттары мен олардың жақындарының Дубайдан алған үй-жайлары айтылады.