Accessibility links

Назарбаевтар, Ізбастин, Құлыбаев және басқалар: кімнің компаниясына салық төлемеуге рұқсат етілген?


Жарты триллион теңге жеңілдік. Арнайы экономикалық аймақта салықтан босатылған кімдер?
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:50 0:00

Жарты триллион теңге жеңілдік. Арнайы экономикалық аймақта салықтан босатылған кімдер?

Қазақстанда 14 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) бар. Олардағы резидент-компаниялар көп салықтан босатылған әрі бұдан басқа да жеңілдіктерге ие. Кейбірінің құрылғанына 20 жылдан асқан АЭА-тарға мемлекеттік аудит бір-ақ рет – 2001 жылы жүргізілген. Сонда олардың жұмысынан талай кемшілік тапқан. Азаттық осы артықшылықтарды пайдаланып жүрген, АЭА-да тіркелген 300-ден астам компанияны зерттеген кезде көптеген танымал адамның есім-сойы алдан шықты.

АЭА деген не?

АЭА немесе арнайы экономикалық аймақ – ерекше құқықтық режимде әрекет ететін аймақ. Бейінді деп мойындалған салаларда жұмыс істейтін АЭА резиденттері жер, корпоративтік табыс, кеден, мүлік салығынан және импортқа қосымша құн салығынан босатылған. АЭА-дағы компаниялар қызметкерлерді жұмысқа алу кезінде квота сақтау міндеттемесінен босатылады. Кей жағдайда жеңілдіктің біразы шектеулі мерзімге берілгенімен, көбіне шегі жоқ. Мұндай артықшылықтар алғаны үшін компаниялар өндірісті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, жаңа технологияны қолдануға – бір сөзбен айтқанда экономиканы дамытып, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға міндетті. АЭА қызметін "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" заң реттейді.

Қазақстанда алғашқы АЭА 2001 жылдан құрыла бастаған. Қазір олардың саны – 14. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, қазір оларда барлығы 900-ден астам қатысушы, соның ішінде 325 өнеркәсіп жобасы тіркелген. Министрлік тағы 346 "жүзеге асырылып жатқанын" хабарлады.

Осы жобалар үшін инфрақұрылымды дамытуға мемлекет 370 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған, оның ауқымды бөлігін "келешек ұрпаққа" деп құрылған, елдегі минералды ресурстарды шетелге сатудан түскен кіріс жинақталатын Ұлттық қордан алған.

ҚҰЛЫБАЕВ, ІЗБАСТИН, НАЗАРБАЕВТАР

Зерттеу барысында QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы сайтында жарияланған АЭА резиденттері туралы ақпаратқа сүйендік. АЭА-ға тіркелген компанияларды мұқият зерттеген уақытта ең алдымен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызының күйеуі Тимур Құлыбаевқа қатысы бар фирмалар көзге түсті. Бар мәселе олардың көптігінде.

Құлыбаев салық жеңілдіктерін "Кипрос" және Joint Technologies компаниялары арқылы пайдаланады. Мысалы, Жамбыл облысындағы "Тараз химия паркі" АЭА-да Құлыбаевқа қатысы бар Qazsugar Co ЖШС қант зауытын салу жобасын іске асырып жатыр. Ашық дереккөздегі мәліметтерде фирма Қазақстанда тіркелген "Кипрос" компаниясына тиесілі, ал оның құрылтайшысы Құлыбаев және "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Дәурен Ердебай деп көрсетілген. 2020 жылы Құлыбаев әуежайдың 85 пайыз акциясын түрік холдингіне сатып жібергеннен кейін кеңес құрамы өзгерген.

Арнайы экономикалық аймақтардың барлығындағы сияқты 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Тараз АЭА-сында басымдыққа ие қызмет түрлері бар. Олар – химия өндірісі, резеңке, пластмасса бұйымдарын, минералды өнімдер, химия өндірісіне арналған құрал-жабдықтар өндіру. Алтыншысы ретінде "қант зауытының құрылысы және қант өндіру" деп көрсетілген.

Жобаға қатысты білетініміз – оның құны 91 миллиард теңге екені және құрылысының 2021 жылы басталғаны. Жоспар бойынша зауытта күніне сегіз мың тонна қант өндіру көзделген. Алғашында жобаны Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) қаржыландыруға тиіс болатын. Бірақ 2022 жылы мамырда аталған банк Назарбаевтың туыстарына несие беруден бас тартты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Экс-президенттің туыстарын шеттету үрдісі 2022 жылдың басында елде жаппай наразылық болған оқиға – Қанды қаңтардан кейін басталды. Қаңтар оқиғасы кезінде кейбір қалалардағы наразылықтың аяғы тәртіпсіздікке ұласып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен күш құрылымдары қару қолданып, жүздеген адам оққа ұшқан. Сарапшылардың пікірінше, Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Назарбаевтың және оның отбасы мүшелерінің ықпалы әлсіреген. Оның ізбасары Тоқаевтың билігі, керісінше, күшейе түскен.

Алайда Құлыбаевтың Тараз АЭА-дағы қант зауыты жобасы ҚДБ қаржыландырмаса да, тұралап қалған жоқ. Оған жаңа инвестор табылған.

"Павлодар" АЭА қатысушылары ұзын-сонар салық тізімінен босатылған, оның үстіне ешқандай квотасыз және рұқсатсыз шетелден жұмысшы жалдай алады. "Павлодар" АЭА-да Тимур Құлыбаевтың мұнай коксын қыздыру зауыты бар. Ол алюминий өндірісінде ғана қолданылатын өнім. Зауыт құрылысын "УПНК-ПВ" ЖШС салған. Оның иесі Қазақстанда тіркелген Joint Technologies ЖШС. Құрылтайшылары – Құлыбаев және бұрын Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы болған Мақтай Сағдиевтің қызы Раушан Сағдиева. Құлыбаевқа қатысы бар компаниялар туралы сөз болғанда оның есімі жиі аталады.

Жобаның құны – 22,9 миллиард теңге. Зауыт 2015 жылы ашылған. Бір жылдан кейін, сол кезде кәсіпкерлер палатасын басқарған Тимур Құлыбаев АЭА-да тіркелген кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау алуға ықпал (лобби) жасаған.

Тимур Құлыбаев – Қазақстанның бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы, миллиардер
Тимур Құлыбаев – Қазақстанның бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы, миллиардер

Құлыбаевтың тағы екі компаниясы Атырау облысындағы "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" АЭА-да тіркелген. Олар – Kazakhstan Petrochemical Industries Inc ЖШС және "Атырау Нефтехим" ЖШС.

Біріншісіне газ-химия кешені тиесілі. Ол салынып қойған, бірақ әлі жоба ретінде күшіне енген жоқ. Оған иелік ету былай жүргізіледі: Kazakhstan Petrochemical Industries, негізінен, "Алмэкс плюс" компаниясына тиесілі. Ал оның иесі First Petrochemical Group Динара мен Тимур Құлыбаевтардың бақылауында. ЖШС-ға сондай-ақ "Самұрық-Қазына Өңдеу" ұлттық компаниясы мен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы иелік етеді. Жобаның құны – 814 миллиард теңге. Кешенде пропилен өндіріледі, ал өндіріске қажет газ Теңіз кен орнынан жеткізіледі.

Аймақтағы екінші компания – "Атырау Нефтехим" – Тимур Құлыбаевтың Almex Petrochemical және "Сибур Холдинг" компанияларына тиесілі. Соңғысының құрылтайшысы – Ресей үкіметі. Жоба келесі жылы басталады деп жоспарланған.

Құлыбаевтың тағы бір компаниясы "Ақтау теңіз порты" АЭА-да тіркелген. Caspian Offshore and Marine Construction деп аталатын бұл құрама-өндірістік кәсіпорын компанияларға мұнай, газ және теңіз саласы бойынша қызмет көрсетеді. Жобаның құны – 8,1 миллиард теңге. Компания "ҚазҚұрылысҚызмет" жабық акционерлік қоғамына тиесілі. Құрылтайшылары жасырын, бірақ 2021 жылғы аудиторлық есепке қарасақ, олар жоғарыда айтқан Құлыбаевтың Joint Technologies, нидерландық KazStroyService Global bv (бенефициарлық иесі Құлыбаевтың серіктесі, миллиардер Арвинда Тику делінген) және Беловичтер отбасына тиесілі Aquarelle ЖШС компаниялары екенін көруге болады. Александр Белович пен ұлы Павел Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай адамдардың тізімінде 10-орында тұр. Олар сондай-ақ BAZIS-A ірі құрылыс корпорациясына иелік етеді.

АЭА-да Құлыбаевтың қайын атасы, экс-президент Назарбаевтың да компаниясы бар. Ол Қазақстандағы ең ірі және ең көне "Астана – жаңа қала" АЭА-да тіркелген Invest Building Operation компаниясы. Компания "Қор-Инвест" мүлікті басқару дирекциясы" және "Капитал Invest-2021" атты екі ЖШС-ға тиесілі. Олардың құрылтайшысы – Назарбаевқа тиесілі "Елбасы қоры". Компания жақында, 2021 жылы құрылған және құрылыс жұмыстарымен айналысады.

"Астана – жаңа қала" АЭА қатысушылары салықтан босатылумен қатар, он жыл бойы жалға алған жерінің ақысын да төлемейді. Дәл осы АЭА-ға және бір жаңа компания тіркелген. Атауы – 3i Materials. Ол 2022 жылдың мамырында құрылған және Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Мұхамед Ізбастинге тиесілі.

Ізбастин компанияны Дмитрий Евгеньевич Деловпен бірге құрған. Ол Ресейдің Тюмень облысы думасының бұрынғы депутаты және Қазақстанның тумасы, "Ресейдің құрметті энергетигі" Евгений Иванович Деловтың ұлы. Евгений Делов пен Тоқаевтың жиені "Біріккен энерго-қызмет компаниясы" АҚ деп аталатын тағы бір қазақстандық компанияға иелік етеді. Энергия тарататын бұл кәсіпорын 2017 жылы жекешелендірілген. Қазір ол құрылтайшылары жасырын бір ЖШС-ға тиесілі.

Ізбастин мен кіші Деловтың бірлескен жаңа компаниясы 3i Materials "энергия үнемдейтін жылу оқшаулайтын инновациялық материал" шығаруды жоспарлап отыр. Маусым айына дейін компания TSM Group деп аталған. Ол өндіруі тиіс материал Ресейде патент алған.

АЭА-да сонымен қатар экс-президенттің кенже қызы Әлия Назарбаеваның да компаниясы тіркелген. Ол – Қарағанды облысындағы "Сарыарқа" АЭА қатысушысы, жұртқа белгілі RecyclingCompany. Әлия Назарбаева "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген Green Future Management Ltd компаниясының жалғыз құрылтайшысы. Ал бұл компания болса RecyclingCompany-дің жалғыз құрылтайшысы. Компанияның ескі көліктерді қайта өңдейтін зауыты болған.

Әлия Назарбаева – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы
Әлия Назарбаева – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы

RecyclingCompany утиль алымын жинау мен бөлу жұмыстарына жауап беретін әрі Әлия Назарбаеваға қатысы бар делінген "ӨКМ операторының" атышулы сот ісі кезінде ел назарына ілікті. Шілдеде сот "ӨКМ операторының" бұрынғы үш басшысы мен бұрынғы экология министрінің орынбасарына үкім шығарды. Оларды бюджет қаржысын "байланысы бар компанияның қызметіне негізсіз төлем жасауға" жұмсап, талан-таражға салғаны үшін айыпты деп таныды. Ол компания – RecyclingCompany. Сот процесі барысында Назарбаеваның аты-жөні бірнеше рет аталғанымен ол жауапқа тартылған жоқ, екі фирмамен байланысы болуы мүмкін деген сөзге қатысты да ешқандай комментарий бермеді.

Қазан айының ортасында қазақстандық саясаттанушы Санжар Боқаев RecyclingCompany зауытына утильге өткізуге ескі трактор алып барды. Бірақ кәсіпорын өкілі қазір зауыт жұмыс істемейтінін айтып, ол әкелген техниканы қабылдаудан бас тартты.

Назарбаеваның компаниясы тіркелген "Сарыарқа" АЭА қатысушылары салықтан және он жыл бойы жалға алған жерінің ақысын төлеуден босатылып қана қоймай, шетелдік жұмыс күшін жалдауға және жеңілдікпен инфрақұрылым қызметтерін алуға хақылы.

…ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Елдің әр өңіріндегі АЭА қатысушылары арасында көпшілік жыға тани бермейтін тұлғаларға, мәселен қазіргі мемлекеттік қызметкерлер мен олардың туыстарына тиесілі фирмалар бар. Олар әсіресе "Астана – жаңа қала" АЭА-ға ерекше үйір сияқты.

Мәселен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының туыстары соның қызығын көріп жүр. Әкімнің ағасы мен інісі Ғабит пен Мұхтар Сатыбалдиевтер Astana Stroy LTD, New Home Build және Ultra Build атты үш компания тіркеген. Бәрі де құрылыспен айналысады және Кіші Талдыкөл маңында жүріп жатқан құрылысқа қатысы бар. Қазір бұл бөгенді тұрғын үй салу үшін құрғату жобасына экология мәселесін көтеретін белсенділер қарсы шығып жүр. Дархан Сатыбалды туыстарының бизнесі туралы сұраққа олар "ешқашан қызметіме кедергі келтірмейді", "тендерге қатыспайды" және "тек Астана қаласы төңірегінде" деп жауап берген.

Ықшамаудан тұрғындары өздері тұратын маңдағы кіші Талдыкөлді жоюға қарсылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 12 қыркүйек, 2021 жыл
Ықшамаудан тұрғындары өздері тұратын маңдағы кіші Талдыкөлді жоюға қарсылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 12 қыркүйек, 2021 жыл

"Астана – жаңа қала" АЭА-да Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Серік Тәукебаевтың ұлының компаниясы да тіркелген. Диас Тәукебаев – "Алан Строй Групп" компаниясы иелерінің бірі. Оның АЭА-дағы қызметі – "нысандарды салу және пайдалануға беру". Сәуір айында компания құрылысқа рұқсат беретін құжаты болмағандықтан үлескерлердің қаражатын тартуға тыйым салынған құрылыс салушылар тізіміне енді. Бұл тізімде АЭА-ның басқа да резиденттері бар.

Астанадағы АЭА-да "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Ғабит Сатмағамбетовтің де компаниялары бар. Ол 2021 жылғы 14 қаңтарда Астана қалалық мәслихатының депутаты болып сайланып, екі аптадан соң, 28 қаңтар күні АЭА-да жеңілдік алған "Нұр-Сұлтан Қаржы" атты компания тіркеген. Ал тамызда "Елорда Құрылыс Консалтинг" атты тағы бір компания ашып, ол да "Астана – жаңа қала" АЭА-ның қатысушысы болады. Осы аймақтағы басқа фирмалар сияқты бұл екі компания да құрылыспен айналысады.

"Астанапром" фирмасының Астана АЭА-дағы қызметі өзгеше. Құжаттарға сәйкес, ол құрылыспен емес, азық-түлік өндірумен айналысады. Компания, негізінен, Данияр Серікұлы Ахметовке, Берік Нығыметұлы Ахметовке және Любовь Михайловна Ахметоваға тиесілі. Олар – экс-премьер-министр және бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметовтің ұлы, ағасы және әйелі. Серік Ахметов 2014 жылы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 10 жылға сотталып, 2017 жылы қамауда ұстау жазасы бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған соң бостандыққа шыққан.

Билік өкілдерінің туыстары үйір тағы бір АЭА бар. Ол – "Қорғас – Шығыс қақпасы" аймағы (бұрын Алматы облысына қараған, бірақ басқарушы компанияның бізге жолдаған жауабында ол енді Жетісу облысына берілгені жазылған). Мақсаты – "шекара маңында сауда-экономикалық ынтымақтастықты" және "көлік инфрақұрылымын, туризмді және мәдениетаралық қарым-қатынасты" дамыту деп көрсетілген.

Мұндағы тағы бір фирманың құрылтайшысы – "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы" компаниясының бұрынғы президенті Қаһарман Жазиннің қызы – Саида Жазина. Оның Khorgos Тech сontract компаниясы 2022 жылға дейін басқа атаумен жұмыс істеген және өзге адамға тиесілі болған. 2020 жылы Аиданың әкесі Қаһарман Жазин "Қорғас" орталығының басшысы қызметінен кеткен.

2018 жылы журналистердің назарына тағы бір компания ілігеді. Ол кезде "Қорғас" орталығынан бірнеше тасымалдаушы шеттетілді деген хабар тараған. Олардың орнына АЭА қатысушысы Kazakhstan Technology Solutions Ltd ЖШС бірыңғай оператор ретінде жұмысын бастаған. 2023 жылғы 30 қаңтарда компания атауы өзгеріп, Terminal A деп аталды. Тек енді құрылтайшыларының есімі жасырын. Алайда бұған дейін осы бір тасымалдау саласындағы монополиске айналған компанияның иесі деп оны Prime Capital Holding компаниясы арқылы басқаратын экс-президент Назарбаевтың інісі Болаттың ұлы Нұрбол Назарбаев деп көрсетілген болатын.

Тағы бір компания иелерінің бірі – Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпбаева. Ел арасында Қайрат Шәріпбаевты Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның екінші күйеуі, яғни экс-президенттің күйеу баласы дейді. Ресми мәліметке сәйкес, EST-Property бөлшек саудамен айналысады. Шәріпбаева фирмалар желісі арқылы оны басқарушылардың бірі.

Біз Астана және "Қорғас" арнайы экономикалық аймақтарына хабарласып, оның қатысушылары қалай таңдалатынын және онда тіркелген фирмалар қожайындары арасында бұрынғы және қазіргі мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттардың болуына қалай қарайтынын сұрадық.

Басқарушы ұйымдар резиденттерді таңдағанда заң талабына бағынатынын айтты.

"Заңның 18-бабында тапсыратын құжаттардың толық тізімі және процедурасы анықталған, заңда көрсетілмеген басқа деректерді талап етуге жол берілмейді. Сондықтан АЭА қатысушыларын таңдағанда құрылтайшыларының туыстық қатынастары қарастырылмайды. Басты талап – құжаттардың көрсетілген негізгі айналысатын қызмет түріне сай келуі". 2022 жылдың жазынан "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА-ны басқаратын Жетісу облысының қаржы басқармасы Азаттыққа осылай жауап берді.

"БҰЛ МҮЛДЕ ДҰРЫС ЕМЕС"

2021 жылы республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Есеп комитеті АЭА қызметінің тиімділігіне алғаш және қазірге дейін жалғыз рет мемлекеттік аудит жүргізіп, бірқатар тұжырым жасаған. Комитет тексеріс барысында АЭА-ға бөлінген инвестициялардың басым бөлігі (65 пайызы немесе 800 миллиард теңге) квазимемлекеттік компаниялардың ақшасы екенін анықтаған. Аудиторлар барлық аймақта іс жүзінде "жеке инвестициялардың орнын мемлекеттік инвестициялармен алмастырған" деген қорытындыға келді.

"Барлық АЭА инфрақұрылымын салуға кеткен бюджет шығындарын (371,6 миллиард теңге) есептегенде, АЭА инфрақұрылымына жұмсалған 1 бюджет теңгесі өнеркәсіпке 3,1 теңге және оның ішінде тек 1,1 теңге жеке инвестиция тарта алған. Ал "ҰИМТ" АЭА мен "Химпарк Тараз" АЭА-ға 1 бюджет теңгесі 0 теңге жеке инвестиция тартқан" деп жазылған Есеп комитетінің қорытындысында.

Аудиторлар АЭА-ны басқаратын компаниялардың жұмысынан заңға қайшы көп әрекет байқағанын және АЭА-ға шетелдерден өте аз – жалпы бөлінген қаражаттың тоғыз пайызына жетпейтін ғана инвестиция тартылғанын айтқан.

Осылайша, тоғыз жыл ішінде, яғни 2011 жылдан 2020 жылға дейін, компаниялар АЭА-ға тауар мен жабдықтарды кедендік баж салығын төлемей кіргізгені мәлім болды. Төленбеген баж салығының мөлшері 114 миллиард теңгеден асуы мүмкін. Сондай-ақ импортқа қосымша құн салығын (ҚҚС) төлемеген. Оның сомасы 230 миллиард теңгеден асады. Қазынаға түспей қалған қаражаттың үштен біріне жуығы "Астана – жаңа қала" АЭА-дағы құрылыс компанияларының қызметіне тиесілі.

Сонымен бірге аудиторлар мемлекеттік органдар берген мәліметтердің сәйкеспейтін тұсы өте көп дейді. Мәселен, Мемлекеттік кіріс комитетінің (МКК) деректерінде 2017 жылдан 2020 жылға дейін АЭА-дағы компанияларға 17 миллиард теңгенің меншік салығы, 2013 жылдан 2019 жыл аралығындағы 77 миллиард теңгеге жуық корпоративтік табыс салығы (КТС) салынбай, бірқатар жеңілдік берілген деп көрсетілген. Онымен бір уақытта аудиторларға АЭА-ға қатысты жеңілдіктер туралы ақпаратты премьер-министрдің кеңсесі де ұсынған. Есепте айтылғандай, бұл деректердегі 2013-2019 жылдардың жеңілдіктері ММК деректерімен салыстырғанда: КТС төлемі бойынша – 3 миллиард, ал ҚҚС бойынша тіпті бір жарым триллион теңгеге немесе 29 есе жоғары болған. Есеп авторлары бұл мәліметтер "АЭА қызметінен түскен мемлекеттік кірістерді бағалау туралы ақпаратты едәуір өзгертетінін" жеткізді.

"Бұл мүлде дұрыс емес", – дейді саясаттанушы әрі экономист Айдар Әлібаев Қазақстан арнайы экономикалық аймақтарының қызметі жөнінде. Ол АЭА-ны "ештеңе өндірмейтін" квазимемлекеттік компаниялар жайлап алған жобаға жатқызады.

"Олар мүлде тиімсіз десе болады, Қазақстан экономикасын дамытуға олардан ешқандай пайда жоқ. Онда көбіне әдемі сөз, бәрі қағаз жүзінде ғана. Бірде-бір АЭА қандай да бір ірі инфрақұрылым жобасын, Қазақстан брендін жүзеге асырдық деп мақтанышпен айта алмайды. Аз-маз жетістікке жетіп жүргендер бар, әрине, бірақ ондайлар өте аз", – деді Әлібаев Азаттыққа.

Экономист Айдар Әлібаев
Экономист Айдар Әлібаев

Сарапшы оларға тартылған шетелдік инвестицияның аздығына таңқалмайды. Оның да себебін тамыры тереңге кеткен жемқорлықтан көреді.

"Теориялық тұрғыдан инвесторлар келуі мүмкін еді, бірақ Қазақстанда мәселен, пара беру, ақша ұстату деген сияқты белгілі бір ережелерді қабылдаған жағдайда ғана жұмыс істей аласың. Біздің нарыққа ешкім кірмейді, себебі біздің инвестициялық абырой-беделімізді өте төмен түсіріп алдық", – дейді Әлібаев.

Экономист арнайы экономикалық аймақтар пайда болғалы бері тек 2021 жылы ғана аудиторлық тексеріс жүргізілгені көп жайттан хабар береді деп есептейді. "АЭА – алғызбайтын қамалдар іспетті ғой. Сол себепті өздерін бірде-бір рет тексерткізбеген. Оларды әбден сілкілеу керек", – дейді Әлібаев.

Экономикалық тұрғыдан да, бюджет үшін де ең дұрысы АЭА-ларды түгел жауып тастау деген сарапшы ондай сценарий жүзеге асатынына өзі де сенбейді. "[Президент] Тоқаевтың оған күші де, шамасы да, батылы да жетпейді. Бәрі саяси реформалардың жоқтығына тіреліп тұр. "Жаңа Қазақстан" – құр сөз. Реформалардың бәрі бір мақсатты көздейді. Ол – Тоқаевтың билігін нығайту. Ал халықтың өмірін жақсартуға ештеңе істеп жатқан жоқ", – деп сөзін қорытты экономист.

Есеп комитетінің қорытындысына сәйкес, жалғыз рет жүргізілген мемлекеттік аудит барысында АЭА-да жеті рет "жүйелік кемшілік" болғанын және шамамен 250 рет "процедуралар бұзылғанын" анықтаған. Былтыр мамыр айында осы тексерудің қорытындысы бойынша 24 адам жауапқа тартылды деген хабар тараған. Олардың ішінде 23 адам сөгіс пен ескерту алса, біреуі жұмыстан шығарылды. Оның қандай лауазымдағы қызметкер екені туралы ақпарат жарияланбады.

Қазақстанда АЭА-лар құрылғалы бері ел экономикасына қалай ықпал етті? Оларда жемқорлыққа қарсы заңның орындалуы қалай тексеріледі? Азаттық Өнеркәсіп министрлігіне осы сұрақтарды қойды. Қаржы министрлігінен АЭА-ларға берілген жеңілдіктердің қазіргі жалпы көлемі қанша екенін сұрадық. Ал Мемлекеттік кіріс комитетіне 20 жылдан астам уақыт ішінде аудиторлық тексеру неге бір ғана мәрте болғанын, аудиторлардың ұсыныстарын орындау қалай қадағаланатынын сұрап сауал жолдадық.

Қаржы министрлігі салық жеңілдіктерінің көлемі жарты триллион теңгеден асады деп хабарлады. Яғни, 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта АЭА-да "салық жеңілдіктерін қолдану есебінен... болған шығын" 495 миллиард теңгеге жуық екен. Ал АЭА қатысушылары импортқа салынатын ҚҚС төлемейтіндіктен, 2018 жылдан бастап 2023 жылға дейін бюджет және 62 миллиард теңгеден қағылды деп жазды қаржы министрлігі.

МКК Жоғарғы аудит палатасы арнайы экономикалық аймақтар құрылғалы аудит неге бір-ақ мәрте жүргізілді деген сауалға жауап бермеді. Осы жалғыз ғана тексерістен кейінгі ұсыныстарды орындау туралы сұраққа олар 4 ұсыныс, 105 тапсырма жіберілгенін айтты.

"2023 жылғы 9 қазандағы жағдай бойынша 2 ұсыныс пен 4 тапсырма бақылауда тұр" деп жауап қатты комитет. Аудиторлық палатаның хабарлауынша, заңға кейбір өзгерістер енгізілген, арнайы экономикалық аймақтардағы бірқатар компаниямен келісім-шарт тоқтатылған. Бірақ палата олардың атын атамады. Бір арнайы аймақтағы жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған.

Өнеркәсіп министрлігі АЭА-лар жұмысына әр үш ай сайын мониторинг жүргізілетінін, "соның арқасында проблемалар талқыланып, белгілі бір мәселелерді шешу жолдары айтылады" деп жауап берді. Ал арнайы экономикалық аймақтардың экономикаға берер пайдасына келсек, министрліктің айтуынша, қазір 2,4 трлн теңгенің жобасы іске қосылған, "24 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны" ашылған және құны 7 трлн теңгеден асатын өнім өндірілген. Іске асыру кезеңіндегі 350-ге жуық жобаның құны – 9 трлн теңге. "АЭА-лар жұмысқа кіріскен кезең ішінде өңдеуші өнеркәсіпке 2,8 трлн теңге инвестиция салынды" деп хабарлады Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Азаттыққа жолдаған жауабында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG