Иран билігіне әйелдердің леггинс кигені уайым

Полицей әйелге киіміне қатысты ескерту жасап келеді. Тегеран, 11 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Иранның ішкі істер министрі иран әйелдерінің леггинс кигені үшін депутаттардан сөз естіді. Заң шығарушылар «леггинс» аталатын жұқа әрі денеге жабысып тұратын тыртысқан киімді әйелдер кимесін дейді.

Иран әйелдерінің көңілінен шыққан леггинс Ислам республикасының парламентін шулатты. Елдің ішкі істер министрі әйелдер киімі үшін сөгіс естіді.

МИНИСТРДІҢ АЙЫБЫ

Иран парламентінің мүшелері маусымның 24-і күнгі жиындарында ішкі істер министрі Абдолреза Рахмани Фазлиді «әйелдердің леггинс кигенін тоқтататын шаралар жасалмай отыр» деп айыптады.

Иран парламентінде консерваторлар көп. Олар әйелдердің ислам талаптары бойынша киінуі, шашы мен денесін жауып жүруі тиіс екенін айтып, Фазлиді сұрақтың астына алды. Әсіресе леггинске айрықша шүйлікті.

Консерваторлар бұл киімді «рухани тұрғыда құлдыраған Батыс елдеріне тән» деп сынады. Депутаттар «Ішкі істер министрі Тегеран мен басқа қалалардағы әйелдердің сондай тыртысқан киіммен жүргеніне неге немкетті қарап отыр?», «Әйелдердің киім үлгісін қадағалау үшін полицейлерге бөлінетін шағын бюджет неліктен қысқарды?» деген сауалдар қойған.

Фазли ішкі істер министрлігінің «әйелдерді хиджаб киюге міндеттейтін заңның бұзылмауын бақылауға тиіс 22 ұйымның бірі ғана екенін» айтты.

Қатаң саясатты қолдайтын ирандық азамат әйелдерді ислам ережесімен киінуге шақыратын плакат ұстап тұр. Тегеран, 16 мамыр 2014 жыл.

Иранда 1979 жылы діни төңкеріс болып, ислам республикасы құрылды. Содан бері әйелдерге хиджаб кию - міндет. Кейінгі 30 жылда діни билік әйелдерге хиджаб кигізу үшін күш пен үгітті қатар қолданып келеді.

Фазли министрліктің осы жұмыстарды белсенді түрде атқарып отырғанын айтып, мәселенің әп-сәтте шешіле қоймайтынын ескертті. Министр «әйелдерді хиджаб киюге ынталандыру үшін бюджеттен қаражат бөлінгенін» де хабарлады.

«ҮКІМЕТ КҮНӘҺАРМЕН КҮРЕСУ КЕРЕК»

Фазли ішкі істер министрлігінің әйелдердің мұсылманша киінуін бақылауға байланысты бірқатар шаралар атқарып отырғанын айтты. Мекеме осы жұмыстарды атқаратын бірнеше үкіметтік емес ұйым құрған, әмбебап дүкендерде, әуежайлар мен студенттер жатақханасында әйелдердің киімін бақылайтын топтар да бар.

Бірақ Иран баспасөзі министрдің депутаттарды тыныштандыра алмағанын айтады. Олар министрге «сары қағаз» (футбол ережесін бұзған ойыншыға берілетін ескерту – ред.) көрсеткенмен барабар ескерту жасаған. Заң шығарушы Әли Мотахари «леггинс киген әйелдер ресми ғимараттарға кірмесін» деп мәлімдеген.

Мотахаридің айтуынша, «Иран әйелдерінің көбі хиджаб киіп жүреді, бірақ отбасы беріктігіне қауіп төндіретіндер ара-тұра кездесіп қалады». Ол жартылай ресми ISNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «Үкімет күнәһар әрекеттерге қарсы күресуі тиіс. Бұл киім сәнге айналып кетпеуі үшін қосымша шара қабылдауымыз керек» деді.

Иран әйелдері. Тегеран, 7 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

​Иран ақпарат агенттіктері «Мотахари парламент жиынында леггинс киген әйелдерді үлкен экранмен көрсетті. Оның мұнысы жиында үлкен дүрбелең туғызды» деп жазады. Олардың айтуынша, Мотахари «депутаттар суреттерді көргеннен ләззат алған сияқты» деген.

Парламенттегі бұл оқиғаға пікір білдірген бір тегерандық әйел Facebook парақшасына «леггинс Иранда ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды» деп жазды. «Ядролық бағдарлама, кедейшілік пен инфляция және «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» ұйымы төндірген қауіпті ұмытыңдар. Әйелдердің іш киімі біздің депутаттардың басты мәселесіне айналды» дейді ол.

(Голназ Эсфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)