Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайы - әлемдегі ең қауіпсіз әуежайлардың бірі, бірақ оны сынайтындар Израильдің қауіпсіздік тәсілдері тиімді болғанымен, кейбір әдістер кейбір жолаушыларды, әсіресе арабтарды қорлау ретінде қабылдануы мүмкін дейді.
Брюссель әуежайы мен метро станциясындағы терактілерден соң еуропалық мемлекеттер Израиль қауіпсіздік сарапшыларымен кеңесе бастаған. Бұл жайында Израиль сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы мәлімдеді. «Қазір Еуропада израильдік ноу-хау мен технологияларға қызығушылық пайда болды» дейді Эммануэль Нашон.
Израильдегі Бен-Гурион әуежайы әлемдегі ең қауіпсіз орындардың бірі саналады. Әуежай әкімшілігінің баспасөз хатшысы Офер Лефлердің мәлімдеуінше, Тель-Авив әуежайынан жылына 16 миллионға жуық жолаушы өтеді. 1970 жылдары болған ұшақты айдап әкету және атысу оқиғалары Израильді бұл әуежайда қатаң қауіпсіздік шараларын жасауға мәжбүрледі. Нәтижесінде әр жолаушы тіркеу залына жеткенше бірнеше бақылау мен тексеруден өтеді.
Бен-Гурион әуежайының маңайын радарлар, қауіпсіздік күштері, камералар бақылайды. Әуежай аумағына енген әр көлікті тексеретін және ол туралы ақпараттарды жедел анықтайтын автоматты сканерлеу тағы бар. Униформа және қарапайым киінген қауіпсіздік қызметі өкілдері терминалға баратын жолды жіті қадағалайды. Жасырын және ашық жерге қойылған камералар жолаушыларды жан-жақтан бақылайды. Ішке кіргенде әуежай қызметкерлері саяхатшылардан сапары туралы, жеке басына қатысты деректер жайынды, жүктері жөнінде сұрайды.
Израильдің Бен-Гурион әуежайының қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы директоры Пини Шифф «Брюссельде болған терактілер Бельгияның қауіпсіздік және барлау қызметі жұмысында олқылықтар бар екенін көрсетті» дейді. Ол «шабуыл жасаған үш содыр Тель-Авив әуежайына жақындаған кезде оларды Бен-Гурион алаңына көліктер кіретін жерде тоқтататын еді. Ол жерден терминал ғимаратына дейін 11 километр. Ал Брюссельдегі терактілер оңай жүзеге асырылды» дейді.
Кем дегенде 31 адам қаза тапқан Брюссельдегі наурыздың 22-сі күнгі шабуылдардан соң Еуропа және АҚШ әуежайлары қауіпсіздік шараларын күшейтті. Ал Лефлердің айтуынша, «Израильге әуежай қауіпсіздігін арттырудың керегі жоқ». Өйткені Еуропадан Тель-Авивке келетін ұшақ сапарлары наурыздың 22-сі күні уақытша тоқтатылған. Кейін бұл рейстер уақтылы ұшатын қалыпты кестеге қайта көшірілген.
Израиль әуежайы бұл елдің бірінші премьер-министрі Давид Бен-Гурионның құрметіне аталған. Сирия мен Ливан сияқты жауласып отырған көршілері бар, Египет және Иорданиямен «қырғиқабақ соғысты» жағдайында отырған ел үшін бұл әуежай «қауіпсіздік сүзгісі». Израиль азаматтарының көбі Еуропа, Солтүстік Америка және басқа мемлекеттерге осы әуежайдан ұшады, бұл елге келетіндер де осы әуежайға түседі.
2014 жылдың жазында Израиль «Хамас» ұйымымен соғысқан кезде, Газа секторынан ұшырылған зымыран әуежай маңындағы үйге түскенде Америка және Еуропа авиакомпаниялары Тель-Авивке ұшатын рейстерін тоқтатқан болатын. Сол кезде әсіредіншілдер тобы жеңіске жетеміз деп үміттенді.
Осы соғыста Газадағы әскерилер Израильге мыңдаған зымыран атты, Израиль оларға әуеден және құрлық арқылы шабуыл жасады. 50 күнге созылған соғыста 2200-ден астам палестиналық қаза тапты, олардың көбі бейбіт тұрғындар еді. Ал Израиль тарабынан 67 солдат пен алты бейбіт азамат мерт болды.
Шифф бұрын еуропалық мемлекеттердің біріне әуежай қауіпсіздігі жөнінен кеңес бергенін айтады. Ол мемлекеттің атын атамады. Оның сөзіне сенсек, Израильдің көптеген әдістерін Еуропада қолдануға болады, бірақ оларды жолаушы саны өте көп кезде қолдану үшін біраз еңбек керек.
Былтыр 23 миллионнан астам жолаушы терроршылар нысанасы болған Завентем әуежайы арқылы өткен. Лондон, Париж, Амстердамда жолаушылар нөпірі бұдан екі есе көп. Араб саяхатшылары, журналистер мен палестинашыл белсенділер «Израильдің қауіпсіздік саясаты өте қатал және адамдарды нәсілдік тұрғыда алалайды» деп шағымданады.
Палестинада туған Израиль азаматы және заңгер Даяна Бутту «қауіпсіздік қызметі өкілдері үнемі оны шетке алып кетіп, екі сағаттай қосымша сұрақтар қоятынын» айтады. Олар оның жүгін мұқият қарап шығады, өзін тексереді, өмірі мен жұмысы туралы сұрақ қояды, одан соң шашын, аузын және құлақтарын қарап шығады.
Канада азаматтығын да алған Бутту Израильден басқа мемлекеттерде ондай тексерістен өтпейтінін айтады. «Еуропа Израильдің тексеру ережелерін енгізсе, осы ел тәрізді нәсілшілдікке ұрына ма деп қорқамын. Мен еврей емеспін, Израильде мені сол үшін тексереді, ол еврейлер мемлекеті саналады» дейді ол.
Ал әуежайдың баспасөз хатшысы Лефлер «біз кез келген әрекетті тек бір мақсат үшін, жолаушылар мен әуе кемелерінің қауіпсіздігі үшін жасаймыз» дейді. Оның айтуынша, тексеріс адамның дініне, түсіне, нәсілі мен жынысына қарап жасалмайды.
Қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Шифф Израильдің жолаушыларды тексеруі басқа елдерге лайық келмейтінін мойындайды. «Израильдегі тәрізді тексерісті Еуропаға көшіре алмайсыз, ондағы жолаушылар басқа, бірақ қауіпсіздікті өзге де әдістермен күшейтуге болады» дейді ол.
2014 жылы Израиль парламенті «әуежайдағы тексерістер адамның жеке өміріне қол сұғып, электрондық поштасын оқып, Facebook-тегі парақшасына дейін кіреді» деген шағымды қараған еді.
Ал әуежай әкімшілігінің заңгері Арие Шаһам (Aryeh Shaham) AP агенттігіне «Бен-Гурионда араб жолаушылардың 5 пайызынан азы ғана тексерістен өтетінін, билікке христиан немесе мұсылман арабтардан көрі еврейлер жиі шағымданатынын» айтады.
Израильдің техникалық тәсілдерін қолданған жағдайда Еуропа елдері де сондай шағымдардың астында қалуы мүмкін.
Израильдің көлік және барлау министрі Исраэль Кац наурыздың 23-і күні Израиль радиосынан сөйлегенде «Егер бельгиялықтар шоколад жеп, жақсы тұрмыстан ләззат алып, өздерін үлкен демократ және либерал ретінде көрсетіп, кейбір мұсылмандардың террорлық ұйым өкілі екенін ескермесе, олармен күресе алмайды» деп мәлімдеді.
Оның пікірі оппозициялық Еңбек партиясының депутаты Шелли Иечимовичтің (Shelly Yechimovich) мысқылын тудырды. Ол Twitter парақшасына «Парламент террорды азайту жолын тапты - шоколад жеуді доғарыңдар» деп жазды.
Даниелла Чеслоудың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.