Каменка ауылының 74 тұрғыны екінші эвакуациядан кейін көрші Малиновка ауылындағы уақытша баспанаға орналасқан. Жақында тұрғындар жергілікті билік ұсынған автобуспен туған ауылдарына барып қайтты. Оларға аз уақытқа үйлеріне кіруге рұқсат берді.
Бірнеше адамның үйі күлге айналған. Баспанасы мен шаруашылығы түгел жанып кеткен тұрғындардың бірі – Надежда Леонова.
- Күйеуім екеуміз бақшада жұмыс істеп жүргенбіз. Көрші үйге снаряд түсіп, өрт басталды. Снарядтың күшінен құлап қалдық. Тез тұрып, кішкентай итіміз бен сөмкемізді алып, қаша жөнелдік. Құжаттарымыз үнемі осы жинаулы сөмкеде сақталатын. Үй киімімізбен көлікке отырып қаштық, сол киіммен әлі жүрміз, - дейді ол.
Надежда Леонованың үйі, моншасы, үлкен гаражы, аулада ұстап отырған тауықтары мен 60 қоянын өрт жалмаған. Оның айтуынша, үйде өз мүлкінен бөлек, балаларының "пәтерімізге сыймайды" деп әкеп тастаған заттары да болған. Каменка тұрғыны байлаудағы итін босатып үлгермегеніне қынжылады. Бірақ "Ең бастысы, деніміз сау, аманбыз" деп шүкіршілік қылады.
Надежда Леонова мемлекеттен тым болмағанда 2,5 миллион рубль (37 мың долларға жуық) берсе, соны қанағат қылуға дайын екенін айтады. Өтемақыны "оңайлықпен бермейді" деп санайтын отбасы жарылыстан келген шығын көлемін анықтау үшін тәуелсіз сарапшы да жалдаған.
- Аудан әкімшілігінде болғанымызда, басшы Розанчуговпен сөйлестік. Қорғаныс министрлігінің өкілі де болды. Біз оларға барлық құжатымызды өткіздік. Ертең Мәскеуге жібереміз деді. Күтеміз. Бір-бірімізге жөні түзу ештеңе айтпадық. Бірақ олар не айтсын? Жоғарыдан қанша ақша бөлерін олар да білмейді ғой.
Қазір Надежда Леонова мен күйеуі Назарово ауылында тұратын әпкесінің үйінде уақытша тұрып жатыр. Каменкаға құжат тапсыруға күнде барады. Кей тұрғынға 10 мың рубльден өтемақы бергенін естіген, бірақ өзіміз әлі ешқандай өтемақы алмаған. Надежда Каменкаға қайта оралығысы келмейтінін айтады.
- Жоқ, қайта оралмаймыз. Біріншіден, ол жақта бізге үй салуға рұқсат бермейді. Каменкада әскери бөлім болмауы керек еді! Қорғаныс министрінің орынбасары Булгаков келіп, бізге "Әскери бөлімнің жанына үй салғандарың не?" деп айқайлады. Шын мәнінде, олар өздері әскери бөлімді ауылдың жанына әкеп салды. Бұл ауылда халық 1901 жылдан бері тұрады. Ал әскери бөлім жақында салынды. Әлгі министрдің орынбасары теледидардан: "Бірнеше үй ғана жанды" деп мәлімдеді. Ол үшін бірнеше үй ғана шығар, бірақ қолымызда бары – тек осы үйіміз болатын. Шағын болса да, осы үйімізде бақытты өмір сүрдік. Бірақ енді Каменкаға қайтпаймыз. Жасымыз алпыстан асқанда, қалай үй саламыз? Өтемақы берсе, Назароводан пәтер сатып алып, тыныш жерде тұрғымыз келеді - дейді Каменка тұрғыны Надежда Леонова.
Шағын ауылда алты үй толықтай қираған. Түгелдей жанып кеткен үйлердің қазір орны ғана қалған. Өрт орнынан қазірге дейін ыстық леп еседі. Көпқабатты үйлердің терезелері мен балконының есіктері сынған. Есік жақтаулары мен қабырғаның кей бөлігі бүлінген. Қазір онда саперлер, полиция мен қару ұстаған әскерилер жүр. Жергілікті халыққа қарағанда, әскерилер көп.
- Генералдар қатардағы жауынгерлерге айналаны тазалауды бұйырды. Бес адам сырлау, жинау сияқты шаруамен айналысса, біреуі төбесінде мылтық ұстап тұрады. Бүгін де жарылыс даусы естілді. Саперлар жарып жатқан шығар. Бізге ешкім ештеңе айтпады. Осы жарылыстардан кейін маған 10 мың рубль берді. Үй шатырының жартысы тесік, енді қайтемін? Жарайды, мен - қарт адаммын, жасарымды жасадым, бірақ жастарға обал. Қазір үйді қалпына келтіруге көп ақша кетеді. Басшылар көмектеседі деп үміттену бекер сияқты, - дейді зейнеткер Александр Титов.
Қазір ауылда арнайы комиссия үйлердің жарылыстан кейінгі күйіне баға беріп, келген шығынды есептеп жатыр. Әзірге жарылыстан мүлкі жапа шеккендерге 10 мың рубль көлемінде өтемақы төлеген. Комиссия жұмысы аяқталған соң, кімнің қандай өтемақы алатыны белгілі болмақ. Барлық шығын Красноярск өлкесі үкіметінің резерв қорынан өтеледі. Одан бөлек, қорғаныс министрлігі де ауыл тұрғындарына көмектесуге ниет білдіріп отыр. Бірақ әзірге бәрі тек сөз жүзінде.
15 жастағы Сергей туған ауылына ата-анасымен бірге келген. Пәтерден құжаттарын алып кетуге кірген ата-анасын күтіп тұрған ол ауылға қайтқысы келмейтінін айтады.
- Жарылыс дауысынан үстіміздегі киімімізбен далаға жүгіріп, көлікке отырып, кетіп қалдық. Жылағым келді, бірақ ұялдым. Қазір пәтерімізді көруге келдік, билік өкілдері "қалпына келтіруге көмектесеміз" дегендей болды. Бірақ мен енді бұл үйде тұрғым келмейді. Қорқамын. Орманға қарай жүгірген адамдар түсімнен шықпай қойды, - дейді Сергей.
Малиновкадан келген автобуспен үйін көруге келгендердің тағы бірі - Светлана (тегін көрсетпеуді өтінді). Ол да Каменканың басқа тұрғындары сияқты тамыздың 5-і күнгі жарылысты ұмыта алмай жүр.
- Жарылыс екпінінен жерге ұшып түстім. Қоймада оқыс жағдай болғанын бірден түсіндім. Анам жас кезінде әскери қоймада жұмыс істеген. "Өрт шықса, қоймадағы қару-жарақтан Каменка жер бетінен жойылып кетеді" деп отыратын. Киім жинауға мұрша болмады, халатпен жүрген қалпы үйден жүгіріп шықтым. Сүрініп-қабынған жұрт жан сақтау үшін қашып барады. Біреулер көлікке отырып кетіп жатыр. Көшелерде снаряд дауысынан құлақ тұнады. Біреулер "Қойма өртенді, қашыңдар!" деп айқайлады. Жүгіріп бара жатып, бір апта бұрын туыстарына кеткен күйеуіме хабарластым, - дейді Светлана.
Ол бірінші жарылыстан кейін халықты үйлеріне қайтарған биліктің әрекетін түсінбейтінін айтады.
- Неге бірінші жарылыстан кейін үйімізге қайтуға рұқсат бергендерін түсінбеймін. Көршілерім үйлеріне келгенде, диван үстінде снаряд жатқанын көрген. Неге барлық пәтерді тексермеген? Төтенше жағдай аяқталмай тұрып бізді үйімізге қайтарғандары несі? Эвакуация жоспары қайда? Бомбадан қорғанатын жер бар ма? Біз маман емеспіз ғой. "Келіңдер" деді, келдік. Келесі жарылыстар басталғанда (тамыздың 9-ы күні тағы да жарылыстар болды - Азаттық.) көршілерімізбен бірге үйдегі аяқ киіммен орманға қарай жүгірдік. Еске алудың өзі қорқынышты. Қалай аман қалғанымызға таңғаламын, – дейді ол.
Каменкадан эвакуацияланғандардың ешбірі ауылға қайтқысы келмейтін сияқты. Саперлар жұмыс істеп жатқан орманнан естілетін жарылыстар жергілікті халықтың қорқынышын одан сайын күшейткен.
Оксана мен Александр Костенко Каменканың Лесная көшесінде орналасқан жатақханада тұрған. Қазір ғимарат терезелерінің бәрі сынған. Есіктер жұлынып, қабырғаларда ойық пайда болған.
- Комиссия ғимаратты қайта қалпына келтірмеу туралы шешім қабылдады. Тұрғын үй тұруға жарамсыз деді. Соғыстан кейінгі көрініске ұқсайды. Жарылысқа дейін де бәрі апатты жағдайдағы жатақханада тұруға болмайтынын айтатын. Енді жатақхана мүлде жабылды. Қазір ата-анам далада қалды. "Бәрімізге пәтер береді" дегенді естігенбіз. Бірақата-анам қазір әскери бөлімде істемейтіндіктен, оларға пәтер бермейтін болыпты. Не істерімізді білмей отырмыз. Анам осы әскери нысанда 13 жыл жұмыс істеді. Бұл есепке алынбай ма? Қазір де жұмыссыз емес: әкем темір жолда, анам балабақшада істейді. Олар ертең тағы да пәтер туралы сұрау үшін Каменкаға барады. Мүмкін беріп те қалар, – дейді Александр Костенконың қызы Евгения.
Каменкадан шығарда көлікті әскерилер тексереді.
- Көліктің артын ашыңызшы, - дейді қару асынған формадағы жігіт сыпайы сөйлеп. - Мүмкін өзіңізбен бірге снаряд ала кеткен шығарсыз? Қазір мұнда снарядтар күзгі ормандағы саңырауқұлақ сияқты көп.
2019 жылғы тамыздың 5-і және 9-ы күндері Каменкадағы қару-жарақ қоймасында болған жарылыстан бір адам қаза болып, 30-дан астам адам жараланған. Алғашқы жарылыстан кейін 16 мың адам эвакуацияланған. Бірнеше күннен кейін, төтенше жағдай режимі күшінде болғанына қарамастан, Каменка тұрғындарына үйлеріне қайтуға рұсат берген. Тамыздың 9-ы күні кешкісін тағы да жарылыстар басталып, халықты екінші рет эвакуациялаған. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, екінші жарылыстарға снарядтарға найзағай түскені себеп болған. Жараланған адам саны 30-дан асқан. Жарылыстан кейін 1200 адам әлеуметтік қорғау орталықтарынан өтемақы сұраған. Жергілікті әкімшілік ақпаратына сәйкес, Каменкаға жақын орналасқан Малый Улуй, Ключи ауылдары мен "Чистый ручей" бау-бақша серіктестігінің тұрғындары да өтемақы алуға өтініш берген.
(Сибирь.Реалии сайтының тілшісі Елена Патрикееваның материалынан аударылды.)