КарЛАГ туралы көрме ашылды

Совет билігі тұсында тұтқындар лагерінде азап шеккен жандарды еске түсіруге арналған бұл көрменің ашылуына жүзден астам адам жиналды. Үш жыл бойы түрлі тарихи деректер мен мұрағат материалдарын зерттеп, қуғын-сүргін құрбандары болған тарихи жерлерді аралаған суретшілер еңбектері бейнеинсталляция мен фотосуреттер, ауқымды композицияларда көрініс тапқан.

Алмагүл Меңлібаеваның "Шанель № 5" деп аталатын инсталляциясына АЛЖИР (Карлаг құрамындағы "отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері") тұтқыны болған әйелдің тағдыры негіз болған. Совет билігі кешкі сәнді көйлек киіп, француз әтірін себінген ол әйелді театрда тұтқындап, лагерьге қамаған.

"Халық жауының" қызымен сұхбат - осы көрмеде сталиндік қуғын-сүргін жылдары туралы "жадыны өшіретін сұмдық конвейер" жайлы Алмагүл Меңлібаеваның бейнеинсталляция ретінде көрсетілген кадр.

Көрмеге журналист, жазушы, қуғын-сүргін тарихын зерттеуші Екатерина Кузнецова да қатысып, Қарағанды аймағындағы Карлаг туралы, 1930 жылдары оларда азап шеккен адамдар жайлы баяндады.

"АЛЖИР" инсталляциясы Қарлаг құрамындағы «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагерінде» (АЛЖИР) азап шеккен 18 мың тұтқын әйелге арналған. 

Көрме залының ортасындағы «Сылдырмақ» бесігі – сталиндік билік жүргізген қуғын-сүргін саясаты кесірінен Қазақ даласында еркінен тыс тап болған жандарға арналған.

"Қызыл сүзгі" атты фотосуреттер экспозициясының авторы Сырлыбек Бекботаев көрерменге "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысының тарихын жеткізуді көздегенін айтады.

Көрмеге келушілердің арасында студент жастар көп болды. Кейбірі ондағы суреттер, инсталляциялар мен өзге де бейнематериалдарды тамашалап, көрме жабылғанға дейін жүрсе, енді біреулері тезірек кетуге асықты. Зерттеушілер жастар сталиндік қуғын-сүргін тарихына немқұрай қарайтынын айтады.

Көрмеге келушілерге сталиндік қуғын-сүргін тақырыбына арналған кітаптар оқу ұсынылды. Ол кітаптар залдың ортасындағы алып бесіктің ішіне салынған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме қоғамға Қазақстанның 1930-1956 жылдар аралығындағы тарихының бұрмаланған тұстары жайлы шынайы ақпарат беріп, қатыгез саясаттың құрбаны болғандардың қасіретті тағдыры туралы баяндайды. Авторлар СССР кезінде ОГПУ-НКВД бақылауа қараған 11 арнайы лагерьде тұтқында болғандардың өмірбаянын зерттеген.

Мұражай залында үлкен бөшкелерден тұратын тағы бір ерекше инсталляция көзге шалынды. Ұйымдастырушылар Карлаг лагерінде тұтқын әйелдердің өлген балаларын ағаш бөшкелерге салып жинағаны туралы баяндады.
 

Қарағанды облыстық көркемсурет мұражайындағы "Архипелаг КАРЛАГ" көрмесінің жұмысы 2017 жылғы желтоқсанның 10-ына дейін жалғасады.