"Қайтадан түрмеге қамалмайтыныма ешқандай кепілдік жоқ", – деді Қошқарбай Төремұратов былтыр күзде Алматыдағы тергеу изоляторынан босап шыққан соң журналистерге.
48 жастағы қарақалпақ белсендісі кейінгі жылдары Қазақстанда тұрды және осы елде бір жыл түрмеде отырды. Оны Өзбекстан "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, іздеу жариялағаннан кейін Қазақстан билігі қамауға алған.
Өзбекстан оған және Қазақстанда тұратын тағы төрт қарақалпақ белсендісінің үстінен былтыр қылмыстық іс қозғады. Оған белсенділердің Ташкенттің референдум тәсілімен Қазақстан республикасының Өзбекстан құрамынан шығуына мүмкіндік беретін нормаларды Конституциядан алып тастау туралы ұсынысына қарсы шыққан қарақалпақ халқын қолдап, Алматыда баспасөз мәслихатын өткізуі себеп болған.
2022 жылдың шілдесінде Өзбекстан билігі Нөкісегі наразылық акциялары аяусыз басып-жаншып, кемінде 20 адам қаза тапқан еді. Қантөгістен кейін билік сыртқы күштерді тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деп айыптап, Қарақалпақстанда және одан тыс жерлерде қуғын-сүргін бастады. Бұл науқан Қазақстанда тұратын қарақалпақтарды да айналып өтпеді.
Төремұратовты 2023 жылғы 13 қыркүйекте, белсендіні қамауға алу жөнінде сот белгілеген мерзім аяқталған соң, яғни 12 ай дегенде Алматыдағы тергеу абақтысынан босатты. Бірақ өзі Өзбекстанның экстрадициялау туралы сұрауы қайта күшіне енетін болса, тағы да қамалуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Біз Өзбекстанда әлі іздеуде жүрген адамбыз", – деп түсіндірді ол бұл қаупін.
Бірнеше айдан кейін Төремұратов тағы изоляторға түсті. Бірақ бұл жолы Қазақстанда емес, Австрияның депортация орталығында отыр.
ҚАЗАҚСТАННАН ЕУРОПАҒА ЖОЛ
Қошқарбай Төремұратов былтыр қазан айында Варшавада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) конференциясына қатысу үшін Қазақстаннан кетіп қалған.
Венада орналасқан Freedom for Eurasia ("Еуразияға бостандық") тобының басшысы, құқық қорғаушы Лейла Назгүл Сейітбектің айтуынша, Төремұратов конференцияда сөз сөйлеп, өз елінде қарақалпақтардың үнемі дискриминацияға ұшырайтынын мәселе етіп көтеріп, өзбек дипломаттары тарапынан өзіне қауіп төніп тұрғанын да мәлімдеген. Содан кейін ол Австрияға барып, саяси баспана сұраған.
Вена оның сұрауын қанағаттандырмай, 6 қарашада Дублин келісімі бойынша (онда баспана туралы өтінішті қарау үшін жауапкершілік виза берген мемлекетке жүктеледі делінген) Польшаға шығарып жіберу туралы шешім шығарған.
Freedom for Eurasia ұйымындағылар Төремұратов Австрияда алдымен Зальцбургтегі босқындар орталығында болғанын, ал 26 ақпанда депортация орталығына ауыстырылғанын хабарлады. Ауыстырған кезде телефонын тартып алғандықтан, қазір онымен байланыс жоқ екен.
Қыстың соңғы күні белсендіні Варшаваға шығарып жіберу жоспарланған. Лейла Назгүл Сейітбек Төремұратов Польшаға баспана сұрап, құжат тапсыруға ниетті екенін айтты.
– Бірақ жағдай қалай өрбитіні белгісіз. Құқық қорғаушылар оған көмектесе ме, Польша билігі оны қандай қауіп күтіп тұрғанын ескере ме, ол жағын нақты айта алмаймыз, – деді құқық қорғаушы Азаттыққа берген жауабында.
Ол Төремұратов қиын жағдайға тап болды дейді. Еуропа елдері бұған дейін Орталық Азиядан келген диссиденттерге баспана бермей, Тәжікстан мен Өзбекстанға қайтарып жіберген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Франция соты өзбек босқынын депортациялау туралы шешімнің күшін жойды– Оның халін басқалармен салыстырсақ, Төремұратовтың баспана алу мүмкіндігі жоғары. Бірақ біз Еуропалық адам құқықтары жөніндегі соттың шешіміне қарамастан босқындарды елден шығарып жібергенін де көрдік, – дейді Сейітбек. – Еуропа билігі Орталық Азиядан келген диссиденттердің жағдайын түсінуге тырыспайды. Себебі оларда экстремистік бабы бойынша айып тағылған адам шын мәнінде террорист немесе экстремист болмауы мүмкін деген түсінік жоқ. Оны сөз бостандығын талап еткені үшін қудалап жатыр дегенді түсінбейді. Мұндай мәселеде Беларусьтен келгендердің жағдайы Орталық Азиядан келгендермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Бірақ диктатура, адам құқықтарын таптау екі жақта да бірдей.
Ол Freedom for Eurasia қарақалпақ белсендісінің мәселесіне басқа да құқық қорғау ұйымдарының назарын бұрып, көмек сұрауға тырысатынын айтты.
ХАЛІ МҮШКІЛ
Төремұратовтың қазіргі халі Қазақстандағыдан да мүшкіл дейді Лейла Назгүл Сейітбек. Себебі Алматыда елдің жетекші құқық қорғау ұйымы – адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро қарақалпақтарға заңгерлік қолдау көрсетті, олар үшін адвокаттар жалдады, баспана алуға құжаттар тапсыруға көмектесті (Қазақстан билігі баспана сұраған адамдардың куәлігін беріп, баспана беруден бас тартты).
Қарақалпақ белсенділері Өзбекстанға экстрадицияланса, халықаралық құқық қорғау ұйымдары бірнеше рет атап өткендей, азаптауға ұшырайды және ұзақ мерзімге түрмеге қамалады.
Бюро өкілі Андрей Гришин бұған дейін OpenDemocracy платформасына жазған пікірінде қарақалпақтар Өзбекстанға барса, "жалған айып тағылып, сотқа тартылуы мүмкін" деп айтқан.
"Біз өзбек билігінің алдыңғы қарсыластарына не істегенін, сондай-ақ бұрын Қарақалпақстанда наразылыққа шығып қамауға алынғандарға қандай жаза қолданғанын жақсы білеміз", – деді Гришин.
Өзбекстанда ондаған адам Нөкіс оқиғасына қатысқаны үшін түрмеге жабылған. Олар, негізінен, азаматтық белсенділер. Сотталғандардың арасында "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылып, 16 жылға бостандығынан айырылған журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов та бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік өз қателері үшін жауапкершілікті белсенділерге артты". Түрмедегі қарақалпақ белсендісіҚұқық қорғаушылар "наразылықты басу кезінде шамадан тыс күш қолданды" деп айыптаған қауіпсіздік күштеріне қарсы сотта бірде-бір айыптау үкімі шығарылған жоқ.
Қарақалпақ жастары кейінгі екі жылда көптеген қысымға ұшырағанын мәлімдеді: билік ұстанымына сәйкес келмейтін саяси көзқарасын ашық білдіргендерге түрмеге қамалу қаупі төніп тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сені өлтіріп тастасақ, ешкім білмей қалады". Қарақалпақ жастарына қалай қысым жасалып жатыр?Қарақалпақстанда болып жатқан оқиғалар туралы айтып, халықаралық БАҚ-қа сұхбат бергендердің бірі – Қазақстандағы диаспора көшбасшысы Ақылбек Мұратов (Мұратбай). Белсендінің айтуынша, қазан айында оны Алматыдағы Өзбекстан елшілігіне шақырып, "мәлімдемесін жұмсартып жеткізуді" өтінген. Бірнеше айдан кейін оны іздеп келді...
15 ақпан күні кешқұрым полиция қызметкерлері өзбекстандық күштік құрылым өкілдерімен бірге келіп, Мұратбайды үйінен алып кетті. Содан кейін Алматы соты оны 40 күнге қамауға шешім шығарды. Қазақстан полициясы Ташкенттің белсендіні экстрадициялау туралы өтінішін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Өзбекстан билігі Мұратбайға "жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деген айып таққан және оны Ташкентке ұстап беретін болса, ұзақ мерзімге қамалып кетуі әбден мүмкін.
Мұратбайдың адвокаты Өзбекстан билігі 2022 жылы Нөкісте болған оқиғаға 500 күн толуына орай өткізілген еске алу акциясын "жаппай тәртіпсіздік пен күш көрсетуге ашық шақыру" деп есептеген дейді. Қарақалпақ белсенділері биліктен 2023 жылғы 13 қарашада 16 минутқа (Тәжімұратовты 16 жылға соттаған) жарықты өшіруді талап еткен. Бұған қоса Мұратбайдың 2023 жылы қазанда Варшавада өткен ЕҚЫҰ конференциясында Қошқарбай Төремұратовтың сөйлеп тұрған видеосын жариялауы, яғни "қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдар таратуы" қылмыстық іс қозғауға негіз болған.
Құқық қорғаушылар тобы ресми Астананы Мұратбайды экстрадицияламауға және қамаудан босатуға үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ташкент қарақалпақ белсенділерін Қазақстан көмегімен қудалап жатырҚазақстандағы тағы бір қарақалпақ белсендісі, Өзбекстан билігі іздеу жариялаған Тілеубике Юлдашева да Қошқарбай Төремұратов сияқты бір жыл қамауда отырған. Ол да жақтастарым қиын жағдайға тап болды дейді. Еуропадағы Төремұратов депортацияны күтіп отыр, Мұратбай Қазақстанда қамауда, ал диаспораның тағы бірнеше белсенді мүшесінің ертеңі қалай болары белгісіз.
– Біз жетім сияқтымыз. Қарақалпақстан бізге тіреу бола алмайды. Еліміз бар, бірақ одан қолдау жоқ. Қазақстан бізге босқын мәртебесін бермей қойды. Өзбекстанның бізге ауыр баптар бойынша айып тағып отыр, – дейді Тілеубике Юлдашева. – Меніңше, БҰҰ, құқық қорғау ұйымдары Қошқарбайға және басқа да қиын жағдайда қалған қарақалпақ белсенділеріне босқын мәртебесін беру туралы өтінішпен Польшаға жүгіне алады. Біз қазір әртүрлі соттарға барып, табалдырығын тоздырып жүрміз, әбден қалжырадық. Кейде өмір сүргім де келмей кетеді...
Материалды дайындауға Жаңагүл Жүрсін қатысты.