Accessibility links

"Сені өлтіріп тастасақ, ешкім білмей қалады". Қарақалпақ жастарына қалай қысым жасалып жатыр?


Қарақалпақстанның егемен республика мәртебесін өзгертуге қарсылық білдіріп шеруге шыққан халық. Нөкіс, 3 шілде, 2022 жыл
Қарақалпақстанның егемен республика мәртебесін өзгертуге қарсылық білдіріп шеруге шыққан халық. Нөкіс, 3 шілде, 2022 жыл

2023 жылы маусымда Ташкентте қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмағаннан кейін Қарақалпақстандағы жастарға қысым күшейген. Өңірдегі университет әкімшілігі студенттермен кездесіп, оларды саяси белсенділерге ермеуге шақырған. Азаттыққа хабарласқан қарақалпақ жастары әлеуметтік желіде Тәжімұратовты қолдағаны үшін қысым көргенін айтады. Сөзінше, оларды жергілікті милиция түрмеге қамалатынын айтып қорқытқан, айыппұл салып, кейбірін тіпті 15 тәулікке қамаған.

Азаттыққа Өзбекстанның құзырлы органдарынан қысым көрдік деген үш қарақалпақ азаматы хабарласты. Олар әлеуметтік желіде саяси наразылық білдіргені үшін қудаланғанын айтады. Қалалық милиция мекемесінде 5-8 сағат ұстап, қысым көрсетті дейді олар.

Біреуінің сөзінше, оны "түрмеге қамаласың, туыстарыңның өмірі қиындайды" деп қорқытқан.

МИЛИЦИЯ ТЕРГЕУІ ЖӘНЕ ҚОРҚЫТУ

Азаттық редакциясына хабарласқан қарақалпақ азаматының бірі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың суретін Telegram-арнада бөлісіп, оны "батыр" деп атағаны үшін милиция бақылауына түскенін айтады. Ол былтыр маусымда Өзбекстанның жоғарғы сотында Тәжімұратовтың апелляциялық арызы қанағаттандырылмағанымен келіспейтінін осылай білдіргісі келген.

"Терезесі жоқ қараңғы бөлмеге алып кіріп, 4 азамат қорқытты. Екеуі милиция киімінде болды. Сені өлтіріп тастасақ, ешкім білмей де қалады деп айтты" дейді ол.

Қарақалпақ азаматының сөзінше, құзырлы орган өкілдері оны алып барған жер қалалық милиция мекемесіне ұқсамайды. Ол оны Нөкіс қаласының шетіндегі "терезесі сынып, қаңырап бос тұрған ескі ғимарат" деп суреттейді.

Жергілікті милиция қарақалпақ азаматына туыстарына хабар беруге, адвокат жалдауға, тіпті, айыптауларға қатысты қарсы сөйлеуге тыйым салған.

Азаттық бұл бойынша Өзбекстан жоғарғы сотына және ішкі істер министрлігіне хат жолдады. Әзірге жауап келмеді.

Орталық Азиядағы адам құқықтары мәселелерін зерттейтін халықаралық Human Rights Watch ұйымының Ташкенттегі, Алматы мен Бішкектегі кеңселерін басқарған Стив Свердлов мұның бәрі Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтен қалған "мұра" дейді.

"Өзбекстанда 2016 жылы билік ауысқанымен елдегі адам құқықтарының сақталуына қатысты реформа жүргізілмеді. Мирзияев әкімшілігі басында сынды ашық қабылдаймыз дегенімен, кейін журналистер мен блогерлерге қысым көрсете бастады" дейді сарапшы.

РЕФОРМАДАН – ҚУДАЛАУҒА

Өзбекстанды көп жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болғаннан кейін орнына Шавкат Мирзияев билікке келді. Мирзияев оған дейін 13 жыл елдің премьер-министрі болған. Өзбекстанның жаңа басшысы елдегі адам құқықтары мәселелерін реттеуге, өзге елдермен экономикалық қарым-қатынасты жақсартуға және баспасөзге еркіндік беруге уәде еткен.

Өзбекстан президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев өзін қолдаушылармен өткізген жиында. Ташкент, 5 желтоқсан, 2016 жыл
Шавкат Мирзияев Өзбекстан президенті болып сайланғаннан кейін өзін қолдаушылармен өткен жиында. Ташкент, 5 желтоқсан, 2016 жыл

Құқық қорғаушы Стив Свердлов 2011 жылы Human Rights Watch ұйымының Ташкенттегі бюросына жетекшілік етуге келіп, үш айдан кейін Өзбекстан жоғарғы соты орталықты жабу туралы ішкі істер министрлігінің өтінішін қанағаттандырғанын еске салады. Құқық қорғаушының сөзінше, ол 2017 жылы Өзбекстанда билік ауысқаннан кейін елге қайта кіруге рұқсат ала алған.

"60-қа жуық саяси тұтқын босатылды. Оның көбі [Каримовтің] жүргізген саясатын сынағандар еді. Бұл менің тізімімдегі жетістіктердің ең жоғарғысы болды. [Мирзияевтің] Каримовтің саясатынан үлкен айырмашылығы осы болды... Бірақ 2019 жылдан бастап реформа үдерісі саябырсып, президентке қарсы сын айтып, айып тағатындарды қылмыстық жазаға тартуды қатаңдататын заңдар бекітіле бастады. Азаматтық қоғам үніне құлақ түру де азайды. Үкіметтік емес ұйымдарды тіркемей де қойды" дейді ол.

Британияның The Economist басылымы 2019 жылы ең көп өзгеріс жасаған ел ретінде Өзбекстанды атаған. Десе де, Мирзияев Конституцияны жаңарту мақсатында референдум өткізіп, өзінің билікте заңды отыру мерзімін 2037 жылға дейін созды. Кейін кезектен тыс президент сайлауын жариялап, оны да 87 пайыз басымдықпен жеңді.

2023 жылдың шілдесінде The Foreign Policy басылымы "Қарақалпақстандағы наразылықтан кейін елдегі медиа еркіндігі қатаң бақылау астында қалды" деп жазды. Сол жылдың көктемінде бір топ өзбекстандық журналист Мирзияевке арнайы хат жазып, сөз бостандығы мен медиа еркіндігінің "қорғаушысы" болуын сұраған. Соған қарамастан, Өзбекстанда кейінгі бірнеше жылда ондаған блогер мен журналист түрлі мерзімге сотталды.

Өзбекстан билігі адам құқықтары жөніндегі жиындарда ашық реформалардың жүріп жатқанын айтып келеді. Мысалы, 2023 жылғы 8 қарашада Біріккен ұлттар ұйымының Женевадағы кеңсесінде өткен Human Rights Council жиынында Өзбекстан делегациясы елдегі адам құқықтары мәселесі айтарлықтай жақсарғанын, айтылған талап-арыздар дәлелсіз екенін жеткізген.

Сол жиында Өзбекстандағы адам құқықтары мәселесін Германия, Канада, Чехия, Норвегия және Эстония елдерінің өкілдері көтерді.

"Норвегия Өзбекстандағы азаматтық қоғам мен фундаменталды еркіндіктің шектелуіне алаңдайды. Біз 2022 жылғы Қарақалпақстан оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланған құқық қорғау қызметкерлері арасында санаулы адам ғана сотталғанын атап өттік. Бұдан өзге, жүйелі кемшіліктерді қозғайтын тыңғылықты тергеу жүргізілуі керек" деді Норвегияның БҰҰ-дағы (Женева) тұрақты өкілі Жанник Граатруд.

Құқық қорғаушы Стив Свердлов 2017 жылы Қарақалпақстанға барып, Арал теңізі мәселесін, халықтың әл-ауқатын бақылағанын айтады. Ол Нөкіс оқиғасынан кейін мән-жайды анықтауға тағы да барғысы келген. Бірақ Өзбекстан билігі оған рұқсат бермеген.

Айта кетсек, 2023 жылдың 23 мамырында қазақстандық құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов те Бішкектен Ташкентке баратын ұшаққа отырғызылмағанын хабарлады. Ол сол кезде Ташкентте өтіп жатқан Дәулетмұрат Тәжімұратовтың апелляциялық сотына қатысуға бара жатқан.

ЖАСТАРҒА БАҒЫТТАЛҒАН САЯСИ ПРОПАГАНДА

Қарақалпақ белсенділерінің бірі Азаттық редакциясына бір сағаттан асатын аудиотаспа жіберді. Таспаны бөліскен азаматтың сөзінше, оны Нөкістегі Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған жиынға қатысқан студент жазып алған. Жиында университет әкімшілігі сотталған қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовқа ермеуге шақырған.

Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін айыруды көздейтін заң жобасына қарсылық акциясы. 2022 жылғы шілденің басында әлеуметтік желіде жарияланған видеодан скриншот.
Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін айыруды көздейтін заң жобасына қарсылық акциясы. 2022 жылғы шілденің басында әлеуметтік желіде жарияланған видеодан скриншот.

Ұйымдастырушылар Тәжімұратовты "арандатушы және алаяқ" деп атап, студенттерге ол туралы арнайы дайындалған видеотаспаны көрсеткен.

Сондай-ақ, жиында сөйлеген, аудиотаспада өзін "заң факультетінің оқытушысы Райхан Саекеева" деп таныстырған адам саяси көзқарасын білдірген университет студенттері жазаға тартылып, кейбірі оқу орнынан шығарылғанын айтқан.

"Филология факультетінің 3-курс студенті, қыз бала, осы Telegram-арнасында "осылай жүре береміз бе, қашан бастаймыз?" деген пікір жазғаны үшін оқудан шығарылды. 10 күнге қамау жазасы берілді. Және физика факультетінде де бір студентіміз сондай пікірлер жазып, Telegram-арналарға тіркелген. Заң факультетінің 1-курс студенті сол арналарға тіркелген. Химия-технология факультетінде де [мұндай студенттер] табылып жатыр. Қазіргі уақытта студенттер арасында осындай Telegram-арналарға қосылу жағдайы көбейіп кетті" деді оқытушы ол жиын барысында.

Кездесуде университет әкімшілігі студенттерге олардың Telegram-дағы белсенділігі қадағаланатынын, сол үшін интернетті тек білім алу мақсатында пайдалану керегін айтқан.

Азаттық тілшісі университет әкімшілігіне телефон шалып, байланыса алмады. Пошта арқылы жіберілген хатқа да әзірге жауап келмеді.

Құқық қорғаушы Стив Свердлов бұл қарақалпақ белсендісінің беделін түсіру мақсатында әдейі жазылған саяси пропаганда риторикасы дейді. Ашық дереккөзде Тәжімұратовтың бұрын сотты болғаны туралы мәлімет жоқ. Кездесу кезінде жазылды деген аудиотаспада университет өкілі мұның бәрін бір азамат айтып бергенін, видео сол берген мәлімет негізінде жасалғанын айтады.

UNICEF мәліметіне сенсек, Өзбекстан халқының 60 пайызы 30 жасқа дейінгі жастар. Бұл өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Мысалы, Қазақстанда бұл көрсеткіш 54 пайызға жуықтайды.

Жастардың саяси көзқарасы үнемі биліктің риторикасына сай келе бермейтіндіктен әрі олардың саны әлдеқайда көбейгендіктен, Өзбекстан билігі жастар саясатын жүргізуге белсене кіріскен. Мирзияев әкімшілігі "Жаңа Өзбекстан" бағдарламасына университеттердегі студенттермен тікелей жұмыс істейтін тюторлар бірлестігін құрған.

Бастама мақсаты – елдегі әрбір студентке тәлім-тәрбие бойынша кеңес беретін азаматтардың қауымдастығын құру. Тюторлар әдетте сол университет оқытушыларынан тұрады. Олар сабақ беруден бөлек, студенттермен оқудан тыс тәрбиеге негізделген шаралар өткізеді.

Қарақалпақ мемлекеттік университетіндегі жиын да сол бағдарлама аясында өткен.

ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДА НЕ БОЛДЫ?

2022 жылы шілде айының басында Қарақалпақстан халқы жаппай наразылық танытып, астанасы Нөкістегі орталық алаңға шықты. Халық Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамындағы егемен республика мәртебесінен айыру жоспарына қарсы болған. Билік оны күшпен басты.

Өзбекстан билігі Нөкіс оқиғасы кезінде 21 адам мерт болғанын мәлімдеді. Оның төртеуі – құзырлы орган қызметкері. Бірақ Австрияда тіркелген Freedom for Eurasia құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша, Нөкістегі халық пен құзырлы органдар қақтығысынан кемі 70 адам өлген.

2022 жылғы 7 қарашада халықаралық Human Rights Watch ұйымы Өзбекстан құзырлы органдары Нөкістегі наразылық кезінде өлімге алып келетін қару қолданғанын жазып, тергеуді ашық жүргізуге шақырды.

Адам құқықтары жөніндегі ұйым 2022 жылдың 1 шілде – 1 тамыз аралығында куәгерлер әлеуметтік желіде таратқан 55 видеоға верификация жасап, суық қарудан жараланған не өлген адам байқалатын 31 видеотаспа және фотоны анықтаған.

Өзбекстан билігі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін парламент жанынан арнайы комиссия құрды. Бірақ әлі күнге дейін тергеу қорытындысы жарияланған жоқ.

Нөкіс оқиғасынан кейін Қарақалпақстанда наразы көңіл-күй саябырсыған. Десе де, жергілікті жастар билікке наразылығын оқтын-оқтын Telegram мессенджеріндегі арналарда көрсетіп отырады.

Азаттық журналисімен сөйлескен қарақалпақ белсенділерінің сөзінше, Қарақалпақстандағы азаматтардың саяси көзқарасы көбіне Telegram-арналарда талқыланады.

НӨКІС ОҚИҒАСЫНЫҢ САЛДАРЫ

Қарақалпақстандағы көтеріліс басып тасталған соң Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев республикаға арнайы барып, жергілікті халықтың наразылығын басуға тырысты. Мирзияев қарақалпақтардың Конституциядағы егемен статусын өзгертуді оған өздері ұсынғанын айтып ақталды.

"Аздаған наразылығым бар. Мұның басында өздеріңіз тұрдыңыздар, өздеріңіз бастама көтердіңіздер, өздеріңіз қол қойдыңыздар және өздеріңіз бекіттіңіздер" деді ол Қарақалпақстан Жоғарғы кеңесінде сөйлеген сөзінде.

Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратовтың сөзінше, халық Конституцияға өзгеріс енгізу туралы жаңалық шыққан соң ғана Қарақалпақстан үкіметінің мұндай бастама көтергенін білген.

Кейін Нөкіс оқиғасына қатысты 61 қарақалпақ азаматы сотталды. Сот олардың басым бөлігін "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу" бабы бойынша айыпты деп таныды.

Айыпталушылардың бірі, "Ел қызметінде" газетінің адвокаты Дәулетмұрат Тәжімұратовқа ең ауыр жаза кесіліп, ол 16 жылға сотталды. Оған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы да тағылып, түрме жазасынан бөлек 228,8 миллион сум (20 мың доллардан астам) көлемінде шығынды өтеу міндеттелді.

Қарақалпақ белсендісі, журналист, заңгер Дәулетмұрат Тәжімұратов Жоғарғы сот залында тұр. 5 шілде, 2023 жыл
Қарақалпақ белсендісі, журналист, заңгер Дәулетмұрат Тәжімұратов Жоғарғы сот залында тұр. 5 шілде, 2023 жыл

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы сот әділетсіз әрі біржақты өткенін, билігін асыра пайдаланған құзырлы орган қызметкерлеріне қатысты тергеу амалдарын жүргізу керегін жазды. Сол жылдың тамыз айында Өзбекстан Жоғарғы соты Нөкіс оқиғасына қатысты тергеу жүргізген ішкі істер министрлігінің 3 қызметкері 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге сотталғанын мәлімдеді. Үкімде олар уақытша изолятордағы азаматтарды "азаптағаны, заңсыз тергеу амалдарын жүргізгені" дәлелденгені жазылған.

Диаспора өкілі Ақылбек Мұратовтың сөзінше, сот шешімінен кейін қарақалпақ жастары арасында наразы көңіл-күй күшейген, бірақ құзырлы органдардың қысымынан саяси көзқарасын ашық айта алмай отыр.

"[Нөкіс оқиғасынан кейін қарақалпақтардың] ұлттық сана-сезімі өсті. Бірақ әзірге қысымның астында болғандықтан [халық оны] іште ұстап отыр. Десе де, айту мүмкін болғанда, айтады" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG