Accessibility links

"Бүкіл жазбаларын өртеп жіберген". Өзбек құқық қорғаушысы түрмедегі белсенділермен кездесті


Өзбек блогері Отабек Саттори сот залындағы темір тордан қарап тұр.
Өзбек блогері Отабек Саттори сот залындағы темір тордан қарап тұр.

Түрмедегі екі белсендімен кездескен өзбек құқық қорғаушысы екі түрлі көңіл-күйге куә болды. Тұтқындардың бірі болашағынан күдер үзсе, екіншісі оптимистік көзқарас білдірген.

Өзбек құқық қорғаушысы жазықсыз түрмеге жабылды деп айтылатын екі белсендіні көруге барған. Тұтқындардың бірі мерзімінен бұрын қамаудан босап, журналистикадан бөлек жаңа өмір бастағысы келетінін айтса, екіншісі болашақтан күдер үзгендей әсер қалдырған.

“Эзгулик” құқық қорғау тобының басшысы Әбдірахмон Ташанов жақында 6,5 және 16 жылға сотталып, әртүрлі колонияда жазасын өтеп жатқан белсенділер Отабек Саттори және Даулетмурат Тәжімұратовпен кездесуге рұқсат алды.

Өзбек және халықаралық құқық қорғау ұйымдары белсенділердің үкімін “соттың өрескел қателігі және сөз бостандығына соққы” деп бағалаған.

Ташанов кездесуден кезінде оптимистік және пессимистік екі түрлі көңіл-күй байқаған.

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЗЕРТТЕГЕН БЛОГЕР ЖУРНАЛИСТИКАҒА ОРАЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ

Саттори бостандыққа шыққаннан кейін жаңа мамандық игеріп, IT саласында жұмыс істегісі келеді. 42 жастағы Саттори жергілікті шенеуніктердің ықтимал жемқорлығын зерттеп, Сурхандария облысында өңір билігін сынаумен танылған. 2021 жылы қамауға алынғанға дейін блогердің Youtube және Telegram желілерінде “Халық пікірі” деген влогы болды.

Саттори түрмеден шыққан соң, влог жүргізгісі келмейді. Ол 13 қаңтарда Карши қаласындағы колонияға келген Ташановқа “тыныш өмір сүргісі келетінін” айтқан.

— Отабек “Бүкіл жазбаларымды өртеп жібердім. Енді блог жүргізбеймін” деді, — дейді Ташанов.

Саттори сәуірде мерзімінен бұрын түрмеден босап шығатын сәтін асыға күтіп жүр. Түрме әкімшілігі Ташановқа блогердің жақында бостандыққа шығатынын айтқан.

2021 жылы мамырда сот Сатториді ақша бопсалау және жала жабу баптары бойынша кінәлі деп тапқан. Құқық қорғау ұйымдары сот үкімін “блогерді журналистік қызметі үшін жазалау” деп бағалады.

Сатторидің адвокатының айтуынша, оған қарсы айып қолдан құрастырылған, прокурор блогердің заң бұзғанын дәлелдейтін айғақ көрсетпеген.

Өзбекстан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып, Сатторидің үкімі заңды дейді.

Human Rights Watch ұйымы блогердің сотталуын “Өзбекстандағы сөз бостандығына жасалған соққы” деп атады

Желтоқсанда қылмыстық жазаны атқару жүйесі Сатториді түзету мекемесінен қоныс колониясына ауыстырған. Бұл — өндірістік нысан маңында орналасқан, жатақханаға ұқсайтын, тұтқындар қарапайым қызметкерлермен қатар жұмыс істейтін мекеме. Ташановтың дерегінше, Саттори қазір тігін фабрикасында істейді.

КҮДЕР ҮЗУ

Науаи қаласындағы түзету мекемесінде 44 жастағы Тәжімұратов жазасын өтеп жатыр. Оның мерзімінен бұрын босаудан үміті жоқ. Заңгер әрі блогер Тәжімұратов 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстанда болған жаппай наразылықтан кейін 16 жылға сотталды.

— Оптимизмнен алыс, кейіген көңіл-күй байқадым, — дейді Ташанов тұтқынның жайын сипаттап. — 25 желтоқсанда оған ішкі тәртіпті бұзды деген айып тағылған. Ол шетелден келген хаттар мен сәлемдемелер кешігіп жететінін, өзі жазған хаттар да көбіне түрменің ауласынан әрі аспайтынын айтып, шағынды.

Дәулет Тәжімұратов
Дәулет Тәжімұратов

“Ел қызметінде” газетінің адвокаты Тәжімұратов былтыр 21 азаматпен бірге Қарақалпақстан астанасы Нөкісте өткен жаппай наразылыққа қатысып, елдің конституциялық құрылымын бұзуға талпынды деп айыпталған. Заңгер өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

2023 жылы қыркүйекте Тәжімұратовтың адвокаты түрмеде оның бір адамдық камерада отырғанын, газет, радио, кітапхана сияқты ақпарат көздерінен мақұрым қалғанын хабарлады. Тәжімұратов дұрыс ас-су мен медициналық көмектен де қағылған.

Бірақ белсендінің сөзінше, қазір оның түрмедегі жағдайы түзелген. Түрме әкімшілігі Ташановқа тұтқынмен жеке кездесуге мүмкіндік берген. Тәжімұратов құқық қорғаушыға түрме әкімшілігі туыстарымен кездесуін жіті бақылап, тұтқын құқығын бұзатынын айтқан.

Бұған дейін Human Rights Watch ұйымы Өзбекстан билігінен Тәжімұратовтың түрмедегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен.

Өзбекстан билігінің дерегінше, Нөкісте болған наразылық кезінде 21 адам қаза тапқан. Наразылыққа Өзбекстан Конституциясына Қарақалпақстанды автономия мәртебесінен айыру туралы өзгерту енгізу бастамасы себеп болған. Қантөгіске ұласқан қарсылықтан кейін билік райынан қайтты.

“Эзгулик” құқық қорғау тобы Өзбекстан билігінен кей тұтқындармен кездесуге рұқсат сұрап, Саттори және Тәжімұратовпен көрісуге мүмкіндік алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG