Жексенбі күні Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы екінші жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының еншісіне алғашқы жүлде – алтын медальді дзюдо күресінен Бауыржан Жауынтаев жеңіп алды.
55 килограмм салмақ дәрежесінде күрескен Бауыржан Жауынтаев финалдық белдесуде әзірбайжандық спортшы Натиг Гурбанлиді жеңді.
БІР КҮНДЕГІ ҚОС БЕЛДЕСУ
17 тамыз күні Нанкиндегі Longjing гимназиясының спорт кешенінде жайылған татамиге Бауыржан Жауынтаев екі рет шықты. Ол биылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы ретінде ширек финалдан босатылып, жарысқа жартылай финалдан қосылған еді.
Жартылай финалда Бауыржан Жауынтаев түркиялық Огузан Каракамен кездесті. Белдесу барысында төрешілер түрік балуанына сылбыр күрескені үшін екі ескерту берді. Бұл екі ескертудің арқасында қазақ балуаны юко (бір ұпай) алды. Жекпе-жек барысында қазақстандық дзюдошы таза жеңіске жету үшін бірнеше тәсіл жасауға тырысқанымен түрік спортшысы қарсыласына әдіс жасауға мүмкіндік бермеді. Жауынтаев сол бір ұпайын сақтап, жеңіске жетті.
Финалда онымен сайысуға татамиге әзірбайжандық Натиг Гурбанли шықты. Кездесудің аяқталуына бір минут қалғанда Бауыржан Жауынтаев қарсыласының аяғынан шалып, таза жеңіске жетуге талпынған еді. Бірақ әзірбайжандық балуан татамиге арқасының жартысымен түскендіктен төрешілер Жауынтаевқа бір ұпай (юко) берді. Қазақ балуаны бұл жолы да ұпайды кездесу соңына дейін сақтап, белдесуді жеңіспен аяқтап, чемпион атанды.
АЛДА ҮЛКЕН БИІКТЕР БАР
Финалдан кейін жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы Бауыржан Жауынтаев Азаттық тілшісіне сұхбат берді.
– Жеңіске жету оңай болған жоқ. Әлемнен іріктелген тек сегіз спортшы қатыстық. Соларды ұтып чемпион болу мен үшін үлкен жетістік. Бапкеріме мың алғыс айтам. Енді алдағы ірі олимпиада ойындарында жеңіске жету үшін барымды саламын, - деді чемпион.
Спортшының бапкері Қален Қалиұлы бұл жарысқа Бауыржанның үлкен жауапкершілікпен келгенін айтты.
– Себебі ол өз салмағындағы ең мықтылармен кездесті. Және ол биыл әлем чемпионатын ұтқандықтан, бүгін соны дәлелдей алмай қаламын ба деген қобалжу да болды. Бірақ дайындығымыз еш кетпеді, - деді бапкер Азаттыққа.
Бауыржан Жауынтаев бұған дейін дзюдодан жасөспірімдер арасында Азия және әлем чемпионатында жеңімпаз атанған спортшы.
Нанкиндегі жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындары 28 тамызға дейін жалғасады. Бұл жарысқа Қазақстаннан барған 51 жас спортшылар 17 спорт түрінен сайысқа түсіп жатыр.