Қырғызстан Бас прокуратурасы осы елде ұсталып, қазір Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бішкектегі тергеу абақтысында қамауда отырған қазақстандық белсенді, блогер Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға беру туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы бүгін Азаттыққа хабарлаған оның адвокаты Нурбек Токтакунов прокуратура қаулысын мамырдың 23-і күні алғанын айтады. Оның сөзінше, Қырғызстан Бас прокуратурасы қаулысында Қазақстан бас прокуратурасының "қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Тұңғышбаевты экстрадициялау туралы өтініші жартылай қанағаттандырылғаны" айтылған.
Қырғызстан Бас прокуратурасының түсіндіруінше, бұл елдің ұлттық заңнамасында Тұңғышбаевқа тағылып отырған Қазақстан Қылмыстық кодексіндегі 266-бапқа ("экстремистік ұйымды қаржыландыру") балама бап жоқ болғандықтан тек 405-бап ("экстремистік ұйымның әрекеттерін ұйымдастыру және қатысу") негізінде ғана Қазақстан тарабының өтініші қанағаттандырылған.
Адвокат Токтакунов Бас прокуратураның шешімімен келіспей, сотқа шағымданатынын айтады. Заң бойынша оның шағымдануға 10 күн уақыты бар.
"САЯСИ АСТАРЫ БАР ІС"
Іс материалдарымен танысқан адвокат Нурбек Токтакунов Қазақстан билігі Мұратбек Тұңғышбаевқа қарсы қозғаған істің саяси астары бар деп санайды. Адвокаттың мәлімдеуінше, Тұңғышбаев Қазақстан билігін белсенді түрде сынағаны үшін қуғын көріп отыр. Қырғызстанда билікті сынау – қалыпты құбылыс дейді заңгер.
- Бұл қалыпты құбылыс және сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартпайды. Бұған қоса, өте біртүрлі жағдай қалыптасып отыр. Оған әуелі 266-бап бойынша айып тағып, барлық материалды сол бойынша рәсімдеген. Кейін Қазақстанда бар 266-баптың Қырғызстанда жоқ екені анықталған соң, кенеттен 405-бап пайда болған. Жалпы 405-бап бойынша қамауға алуға болмайды. Бірақ біздікілердің оны тұтқынға алуы түсініксіз. Және бұлардың барлығы өте жылдам болып жатыр, - дейді Нурбек Токтакунов Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, мамырдың 15-і күні Мұратбек Тұңғышбаев Қырғызстанның көші-қон департаментіне өзіне саяси баспана беруін сұрап өтініш түсірген. Енді департамент өкілдері онымен сұхбат өткізуі керек дейді адвокат.
- Тек содан кейін ғана оған саяси баспана беру мәселесі айқындалады. Бірақ сұхбаттың қашан өтетінін білмейміз, - дейді ол.
Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстан арнайы қызметі өкілдері мамырдың 10-ы күні Бішкекте, белсенді сол көзіне операция жасатқан күні ұстаған. Келесі күні Бішкектің Первомай аудандық соты Мұратбек Тұңғышбаевты екі айға қамауға санкция берген. Бұған дейін Тұңғышбаевтың туыстары сот отырысының жабық өткені, судья тек белсендінің адвокаты мен прокурорды ғана сотқа қатыстырғаны туралы Азаттыққа хабарлаған болатын.
Адвокат Нурбек Токтакуновтың айтуынша, ол абақтыдағы Мұратбек Тұңғышбаевпен мамырдың 23-і күні кездескен.
- Жағдайы қалыпты. Көзі сәл жақсарған сияқты. Оны аурухана жағдайына ауыстыру туралы өтініш түсіргенбіз. Бізде ауруханасы бар арнайы колония бар. Мұратбекті соған ауыстыруды сұрап өтініш бердік. Ол қамау жағдайына қатысты шағымданған жоқ, - деді адвокат.
Оның айтуынша, тұтқындағы белсендіге ауруханадағыдай болмаса да, дәрі-дәрмек жеткізіліп, ол медициналық процедуралардан өтіп тұрады.
Мұратбек Тұңғышбаевтың әйелі Мерей Қалиева Азаттық тілшісімен әңгімеде Қырғызстан билік орындары өзіне әлі күйеуімен кездесуге рұқсат бермегенін айтты.
"ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ҰЙЫМДЫ ҚОЛДАҒАН"
Туыстары мен адвокатының айтуынша, Қазақстан билігі Мұратбек Тұңғышбаевқа қазір Еуропада тұратын қазақстандық экс-банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдаған деген айып тағып отыр. Биыл наурыздың 13-і күні Астананың Есіл аудандық соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған болатын.
Белсендінің әйелі Мерей Қалиеваның айтуынша, мамырдың 10-ы күні Қырғызстан арнайы қызмет органы өкілдері Мұратбек Тұңғышбаев тұрып жатқан үйде тінту жасап, флеш карта, SIM-карта, ақша және басқа да заттарын тәркілеген. Сол күннің ертесінде Мұратбек Тұңғышбаевты тұтқындау туралы Бішкектің Первомай аудандық соты шығарған шешімде "Facebook әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерінде Әблязовтің басқаруындағы ұйымдасқан топтың мақсатына сай ақпараттық сипатта қызмет көрсеткені" үшін оның үстінен Алматы қалалық ішкі істер департаменті Қазақстан Қылмыстық кодексінің 266-бабының 1-бөлімі ("ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру") және 405-бабының 1-бөлімі ("экстремистік ұйымның әрекеттерін ұйымдастыру және қатысу") бойынша қылмыстық іс қозғағаны жазылған.
Сот қаулысындағы дерек бойынша, Қазақстан билігі Мұратбек Тұңғышбаевқа мамыр айында іздеу жариялап, сот оны қамауға рұқсат еткен.
Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттықтың тұтқындағы Мұратбек Тұңғышбаевқа қатысты жолдаған өтінішіне жауап бермеді. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек: "Сіздің сауал хатыңызда көрсетілген азамат біз тарапымыздан ізделмеген. Қолыңызда бар мәліметті пысықтап, тиісті құзырлы мекемеге хатты жолдағаныңыз жөн" деп жауап қатты.
Биыл наурызда Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысына тыйым салғаннан кейін елде "экстремистік ұйым жұмысын қолдағаны" үшін бірнеше адамның үстінен іс қозғалған.
Алматы соты 2017 жылы 7 маусымда БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті сырттай 20 жылға соттаған. Сот Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "өкілеттіктерін теріс пайдалану" баптары бойынша айыптаған. Мұхтар Әблязов сот үкімінің "саяси астары бар" деп мәлімдеп, тағылған айыптарды жоққа шығарады.