Триумфынан трагедиясы басым: Назарбаевтың туған күні, Астананың мерейтойы

Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда өткен халық бірлігі күні мерекесінде әртістермен бірге билеп жүр. Қазақстанғ 1 мамыр 2016 жыл

Қазақстан астанасының 25 жылдығы мен елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 83 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келді. Бұл күні бұрынғы президент аста-төк той үстінде жүрер еді, бірақ Қаңтар қырғынынан соң абыройынан да, атағынан да айырылып қалды

Теміртау қаласынан Астанаға дейінгі жолға екі сағат, кейде одан да аз уақыт кетеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіби мансабы басталған шағын қаладан тәуелсіз мемлекеттің астанасына дейінгі жолы дәл мұндай қысқа болған жоқ.

Назарбаев еңбек жолын Теміртаудағы металлургия зауытында бастаған. Қарапайым шопанның ұлы мыңдаған замандасын Совет одағының индустриализация жоспарын жүзеге асыруға жұмылдырды.

Жазық далада бой көтерген жаңа қала – Астана Назарбаевтың басты жетістігі болды. Биыл 6 шілдеде Қазақстанның бұрынғы президенті 83 жасқа толды. 25 жыл бұрын ол бүкіл әлемге елдің жаңа астанасын таныстырып еді.

Теміртау музейінде бір кездері жеке басқа табынушылық нысаны болған, қазір бұрынғы ықпалы мен қолдауынан айырылған Назарбаевтың үлкен картинасы мемлекеттік пропаганданы көрсетеді.

Металлургтен Астананың бас "архитекторына" дейінгі Назарбаев жолын бейнелейтін картина. Теміртау қаласының музейі

Картинада Теміртаудағы болат қорытатын домна пештен шыққан Астана және өткен мен болашақтың арасын жалғайтын көпір салып жатқан Назарбаев бейнеленген.

Қазақстан мен оның тәуелсіздік жылдарындағы ең атақты перзенті Назарбаев жаңа дәуірге өтіп жатыр деген идея бұрынғы президенттің өмірі туралы алты бөлімнен тұратын биографиялық фильмге арқау болды.

“Көшбасшы жолы” цикліндегі фильмдер Астана атауы Нұр-Cұлтан болып өзгеріп, бұрынғы президент ықпалын жоғалтпай тұрып түсірілген. 2022 жылғы Қаңтар қырғынынан кейін Нұр-Сұлтанға Астана атауы қайтарылды.

Бұл фильмдерге билік үшін астыртын күрес, қуғын-сүргін, саяси тапсырыспен кісі өлтіру, жемқорлық пен Қазақстандағы ең бай отбасының басындағы дау-дамай сияқты детальдер қосылса, әлдеқайда қызық кинотуынды шығар еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы әрі ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Рахат Әлиевпен сөйлесіп тұрған сәті. 2001 жыл. Рахат Әлиев кейін Нұрсұлтан Назарбаевпен жауласып, "Өкіл қайын ата" дейтін кітап жазып, Назарбаевты мафия басшысы етіп суреттеді. Әлиев 2015 жылы австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда өлді.

Назарбаев билігінің екінші жартысы қазақстандықтарға ауыр тиді. Өйткені бай элита мен күнін әзер көріп жүрген қарапайым халық арасындағы алшақтық күшейді.

– Назарбаев туралы жақсы не жаман пікір айта алмаймын. Астана қарқынды дамып жатыр. Жақсы ғой. Бірақ Теміртау мүлде дамымай қалды, – дейді Теміртаудағы бірінші президент еңбек еткен зауытта істеген 38 жастағы астаналық Еркебұлан. Ол қазір такси жүргізеді, арасында әртүрлі жұмысқа жалданып, ақша табады.

Қазір Теміртаудағы металлургиялық зауыт үндістандық “АрселорМиттал Теміртау” компаниясына қарайды.

ДАУЛЫ МҰРА

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты президент етіп қалдырғаннан кейін де елдегі ықпалын сақтап қалды.

Оның "елбасы" деген конституциялық мәртебесі болды. Бұл мәртебе бұрынғы президент пен оның отбасы мүшелерін қылмыстық қудалаудан қорғады. Назарбаев президент қызметінен кеткенімен, қарулы күштер мен құқық қорғау органдарына ықпал жүргізетін Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін ұстап қалды.

Бірақ 2022 жылы қаңтарда бәрі өзгерді. Қазақстанның әртүрлі өңірінде басталған бейбіт наразылық соңы жаппай тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласып, әсіресе, Алматыда үлкен дүрбелең болды.

Қаңтар оқиғасының бір себебі ретінде айтылатын билікке таластың жай-жапсары ешқашан ашылмауы мүмкін. Тоқаев Ресейдің қолдауына арқа сүйеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде сөйлеген сәті. Алматы, 23 желтоқсан 2022 жылы

Назарбаев пен оның кланындағы тұлғалар билігі мен лауазымды қызметінен, тіпті, кейбірі бостандығынан айырылды.

238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Тоқаев Назарбаевты сынады. Ол 28 қаңтарда сөйлеген сөзінде қазақстандықтарды бірінші президенттің тарихи еңбегі мен жетістіктеріне алғыс білдіріп, ықтимал қателіктерін кейінгі басшыларға сабақ етіп қалдыруға шақырды.

Қол астындағылардан тек мақтау сөз естіп, жағымпаздық көріп келген Назарбаевқа қателіктері туралы есту ауыр тиген болуы керек.

Бір кездері Қазақстан режимінің тірегі болған тұлғаның беделі саяси-экономикалық дағдарыстар салдарынан күрт төмендей берді.

– Назарбаев хикаясы – 2022 жылы қаңтарда бәрінің күл-талқаны шықпай тұрып, жылдар бойы өз пропагандасына өзі сеніп келген авторитар басшының тәкәппарлық хикаясы, – дейді журналист, "Қою көлеңке ішінде", "Қазақстанның құпия әлемі" кітаптарының авторы Джоанна Лиллис.

2022 жылы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсы бейбіт наразылықтан басталды.

Көп ұзамай елдегі бар билік Назарбаев пен оның отбасының қолында деген наразылық айтылып, Талдықорғанда бұрынғы президенттің ескерткіші құлатылды.

Талдықорғандағы Қаңтар оқиғасы кезінде құлатылған Назарбаев ескерткіші.

2003 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан Лиллис Назарбаевтың экономикалық гүлдену мен саяси тұрақтылық туралы мәлімдемелеріне күмәндануға себеп көп еді дейді. Журналистің пікірінше, 2011 жылғы Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілін күшпен басып, халыққа қарсы оқ ату – Назарбаев билігі тұсындағы шешуші оқиғалардың бірі болды.

– Ол халқына тұрақсыз мемлекет қалдырды. Бұл – Қазақстан үшін трагедия, – деді Лиллис.

“НАЗАРБАЕВ ДӘУІРІ АЯҚТАЛДЫ”

6 шілде мен Астананың 25 жылдығы Назарбаев үшін елеулі мереке болуы керек еді.

Бірақ бұл күні қоғам қайраткерлері әдеттегідей Назарбаевты мақтамады. Әлеуметтік желі қолданушылары “шал” сөзінен басталатын құттықтауларды жаудырды.

5 шілдеде Тоқаев дипломаттармен кездесуінде Назарбаевтың астананы елдің солтүстігіне ауыстыру туралы шешімін жоғары бағалап, бұл тәуелсіз Қазақстанның дамуына серпін берді деді.

Осы мәлімдемесін есептемегенде, Тоқаев өзін Назарбаевтан алшақ ұстауға тырысады. Ол президент өкілетін бір реттік жеті жылдық мерзімге дейін қысқартатын конституциялық өзгеріс енгізіп, жаңа, әділетті Қазақстан құруға уәде берді.

Теміртау қаласының музейінде тұрған, Назарбаев бейнесі салынған кілем. Азаттық тілшісі барған күні музейге небәрі төрт адам аралады, бірақ музей қызметкерлері адамдар топ-тобымен келіп жүргенін айтты.

Қазақстан қоғамы Тоқаев берген уәделердің көбіне сенбейді. Ол құрған саяси жүйеде әлі де шынайы бәсеке жоқ, билік өзіне қарсы пікірді көтере алмайды.

Алматылық ақын әрі кинорежиссер Ербол Жұмағұлов “Назарбаев дәуірі аяқталды” деп есептейді.

– Биліктің кей әрекеті баяу әрі сенімсіз көрінгенімен, Назарбаевтан мұраға қалған жүйені өзгертуге талпыныс жасалып жатыр, – дейді ол.

Жұмағұловтың айтуынша, Назарбаевтың тұсында оның заңсыз жолмен миллиардтаған ақша тапқан туыстары жауапқа тартылған жоқ.

Қыркүйекте Назарбаевтың немере інісі, кәсіпкер Қайрат Сатыбалды түрмеге жабылды. Ол – бұрынғы президент отбасынан қылмыстық жауапкершілікке тартылған бірінші адам.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ант берген сәті. 1991 жыл

Осыған дейін Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева парламенттегі қызметінен босатылды, кіші қызы Әлия Назарбаева көлік өңдеу саласындағы табысты монополиясынан айырылды.

Жұмағұлов билік Назарбаев әулеті заңсыз иемденіп алған жерлер мен коммерциялық активтерді қайтарып жатқанын жақсылыққа балайды.

– Назарбаевтың інісі Болатқа тиесілі базардың жанындағы жолдың құрылысы аяқталды. Қанша жыл бойы сол базар үшін жол сала алмай келді. Жол құрылысы бітті, дәл қазір сол жолмен қайтамын. Қолыңызда шексіз билік болса, оны халықтың игілігіне жұмсау керек. Назарбаевтан осыны көрген жоқпыз. Объективті түрде қарағанда, әрине, оның да өз жетістіктері болды. Бірақ жақсылығынан жамандығы асып түседі, – дейді режиссер.