"БАТЫЛДЫҚ ПА, САЯСИ ҚОЙЫЛЫМ БА?
Осы аптада "Әл-Жазира" телеарнасы президент Тоқаевтың Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Мәскеу қолдайтын Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындаудан бас тартқан мәлімдемесін талдады.
"Әл-Жазираның" жазуынша, Украинада көпшілік Тоқаевтың сөздерін батыл қадам деп бағалап, мұны Мәскеу бастаған бұрынғы советтік елдердегі саяси, экономикалық және әскери одақтардың "құлдырауын" көрсететін белгі деп қабылдаған.
Телеарнаға пікір білдірген Украинадағы сарапшы Алексей Кущ Украина-Ресей соғысы мен Ресей әскерилерінің Украинадағы қылмысы салдарынан Мәскеу Орталық Азиядағы ықпалынан айырылатынын жеткізді.
"Ресейдің Украинадағы адам айтқысыз қатыгездігі, тіпті Ресей одақтастарының зәре-құтын қашырып, үрейлендірді" дейді Кущ.
Дей тұрғанмен Қазақстандағы кей сарапшылар Тоқаевтың мәлімдемесін Батыс назарын басқа жаққа аударуға бағытталған саяси қойылым деп есептейді.
"Бұл – Қазақстан да санкцияға ілініп кетпес үшін жасалған амал, ойын, − дейді аты-жөнін атамауды сұраған Алматыдағы кәсіпкерлердің бірі телеарнаға берген сұхбатында. – Санкцияларды айналып өту үшін көптеген Ресей азаматы Қазақстанда кеңсе ашып, ақшасын Қазақстан арқылы басқарып жатыр".
"Әл-Жазира" саясаттанушы Димаш Әлжановтың "бұл - Тоқаевтың Мәскеуге ақпан айында барғанда алдын ала ойластырған қойылым" деген Азаттыққа берген пікірін келтіреді.
"Тоқаевты өзі шешім қабылдайтын батыл саясаткер, сұрақтарға қорықпай жауап бере отырып, прагматикалық саясатты ұстана алатын дипломат ретінде көрсету керек болды" дейді Әлжанов.
Бірақ телеарнаға пікір білдірген Вашингтондағы Jamestown қорының сарапшысы Павел Лузин Тоқаевтың мәлімдемесі Мәскеумен алдын ала келісілмеген деп есептейді.
"Меніңше, Тоқаев Қазақстан ұстанымын жеткізді, бұл алдын ала келісілді деп ойламаймын. Мұның демарш болуы екіталай, бұл Ресей дипломатиясының жария емес әрекетіне ашық жауап" дейді ол.
РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН АРАСЫНДАҒЫ "ҚАЙШЫЛЫҚ"
Bloomberg агенттігі "Украинадағы соғысқа байланысты Путиннің одақтасы оған күтпеген жерден соққы жасағанын" жазады.
"Ресей президенті Владимир Путин экономикалық форумда Украинадағы соғысты халықаралық құқыққа сай деп ақтап алмақ болды. Оның жанында отырған негізгі одақтасы мұнымен дипломатиялық тұрғыдан келіспеді".
Bloomberg агенттігі "Батыс санкцияларын Ресей елемейді дегенді көрсетуге барынша талпынған жиында Тоқаевтың мәлімдемесі Кремль үшін сирек диссонанс" болғанын жазады.
Ал Eurasianet басылымы Украинадағы соғысқа байланысты Қазақстан мен Ресей арасындағы сахна сыртындағы шиеленіс Санкт-Петербургте сөз қағыстыруға ұласқанын жазады. Басылым Ресей президенті Путин жиында бүкіл Совет одағы – "тарихи Ресей" дегеніне назар аударады.
"Тоқаев осы сәтті пайдаланып, Ресейдегі кей комментаторлардың Қазақстанға қарата айтқан территориялық талаптарының бетін қайтарып, Украинаның Мәскеу қолпаштайтын сепаратистік аймақтарын Қазақстан қолдамайтынын қайталады".
Мақала авторы Джоанна Лиллис Тоқаевтың мәлімдемесі Ресейде наразылық туғызып, Мемлекеттік дума депутаты Констатин Затулин Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдеме жасағанын келтіреді.
"Олар орыстар көп тұратын бірқатар аймақ пен елдімекендердің Қазақстан деп аталатын жерге қатысы аз екенін жақсы біледі, − дейді Затулин. − Біз барлық жерде, оның ішінде Украинаға да қарата мынаны айтамыз: егер арамызда достық, әріптестік пен серіктестік қарым-қатынас бар болса, ешқандай аумақтық мәселе көтерілмейді. Ал ол болмаған жағдайда, көтерілуі мүмкін".
Тоқаев жиында кейбір ресейлік комментаторлардың Қазақстанға қарата айтқан жөнсіз мәлімдемелеріне наразылық білдірген. Ол ешкімнің атын атап, түсін түстемесе де, мақала авторы Қазақстан президенті режиссер Тигран Кеосаянды меңзеген болуы мүмкін дейді. Кеосаян сәуір айында бағдарламаларының бірінде "қазақстандықтар Украинадағы жағдайға мұқият қарап, сабақ алуы тиіс" деген болатын.
Бұдан бөлек Тоқаев форумда "Қазақстанға қатысты Кремльдің ұстанымын айқындап берген" Путинге алғыс айтып, "екі ел арасында алауыздық тудырып, екі елге де нұқсан келтіруі мүмкін ешқандай мәселе жоқтығын" жеткізді.
Мақала авторы Джоанна Лиллис мұндай мәлімдемелер Ресей Украинаға соғыс ашқалы Ресей – Қазақстан қарым-қатынасындағы қайшылықтарды жасыра алмады деп жазады.
"ҚАЗАҚ ТІЛДІ КОНТЕНТТІ ДАМЫТУҒА ТӨМЕННЕН ТАЛПЫНЫС"
Eurasianet басылымы елде қазақ тілінде контент өндіру дамып жатқанын, бірақ оған әлі де біраз кедергі бар екенін жазады.
Балалар тамашалайтын мультфильм – "Спанч Боб немесе шаршы шалбар" қазақша сөйлей бастады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған АҚШ-тың Nickelodeon мен Францияның TiJi арналарының танымал мультфильмдері де қазақша сөйлейді.
Дегенмен Nickelodeon мен TiJi-ге арналған жобаны басқаратын, Қазақстан қоғамдық даму мемлекеттік институтының зерттеушісі Айгүл Рақышева басылымға берген сұхбатында қазақ тіліндегі сценарист, режиссер тәрізді кәсіби мамандар жетіспейтінін айтты. Бұдан бөлек қазақ тіліндегі мәдени өнімдерге қаржы қолдауы аз.
Басылымның жазуынша, ең басты проблема – сұраныстың төмен болуы. Кинопрокатшылар қазақ тілінде дубляждалған фильмдерге қарағанда, орыс тілінде дубляждалған шетел фильмдеріне сұраныс екі есе жоғары екенін айтты. Сол сияқты 2016 жылы шыққан жасөспірімдерге арналған Oyla ғылыми журналы қазақ тіліндегі нұсқасын алты айдан кейін жабуға мәжбүр болды, себебі орыс тіліндегі журнал нұсқасы көбірек сатылған.
Мақала авторы Алмаз Куменов орыс тіліндегі контентке сұраныстың көбірек болу себебін ауыл мен қала халқының табысындағы айырмашылықпен байланыстырады. Кинотеатр мен кітап дүкендеріне баратын табысы жоғары адамдар қалада тұрады.
Your browser doesn’t support HTML5
Бірақ Рақышеваның айтуынша, түрлі кедергіге қарамастан қазақ тіліндегі контентке сұраныс тұрақты түрде өсіп жатыр. Бұған геосаясат та өз үлесін қосты.
Бұған дейін кинопрокатқа шығатын фильмдерді ресейлік компаниялар дубляждап, постсоветтік аймақта тарату құқығына ие болып келген. Бірақ Украинадағы соғыстан кейін АҚШ-тағы ірі студиялар Ресей компанияларымен жұмыс істеуді тоқтатты.
Рақышева контентті өндіретін шетелдік компаниялар енді жаңа нарыққа келеді, бұл ретте Қазақстан оларға қызық болуы мүмкін дейді. Мұның тіл мәселесіне қалай әсер ететінін болжау әлі ерте, дегенмен бұл компанияларды контентті қазақ тіліне бейімдеуге мәжбүрлеуі мүмкін.
Мақала авторы қазақ тілінде контент өндіруге талпыныс төменнен жасалып жатқанын жазады. Оның бір мысалы − қазақ тілінде қалай дұрыс жазып, сөйлеу керегін комикстер арқылы үйрететін Instagram желісіндегі 50 мың оқырманы бар Qazaq Grammar парақшасы.
Бұдан бөлек жастар тобы құрған QazaqshaJaz қозғалысы бар. Бұл қозғалыс әлеуметтік желілердегі корпоративті аккаунттарға жаппай хат жазып, жарнама мен тауар сипаттамасын қазақ тілінде жазуды талап етті. Нәтижесінде көптеген әлемдік брендтер өз өнімдерінің сипаттамасын қазақ тілінде жаза бастады.
"Егер қазақтілді азаматтар ел өміріне араласамыз десе, қазақ тіліндегі контент ауадай қажет. Бұл қазақ тілінде сөйлейтіндердің сұранысына жауап беріп, әлеуметтік, экономикалық прогреске жол ашады", дейді QazaqshaJaz тобының үйлестірушісі Әлия Сари.