Алматы қалалық соты алдына жиналған отыз шақты белсенді жексенбі күнгі марафон кезінде қамалған жастар Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтің сотында заң бұзылғанын ескертіп, жай ғана плакат ұстап шығудың қылмыс емес екенін айтты.
"Сот-процесінде заң бұзылды. Хаттаманы толтырған полицей плакатта "Лидер нации - позор нации" деген сөз болған деп жазып жіберген. Судья сот кезінде плакатты көрсетуді бұйырды. Плакатты ашып қарасақ, ондай сөз жазылмаған болып шықты. Тек "шындықтан қашып құтыла алмайсың" деген жазуды көрдік. Сонда полицейлер істі қолдан жасаған ба?" деді акцияға келушілердің бірі.
Азаттықтың оқиға орнынан хабары. Алматы. 22 сәуір, 2019 жыл.
Оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиналғандар қарасы көбейгенде сот ғимараты маңына полиция қызметкерлері де көптеп келе бастаған.
Жиналған азаматтар 15 күнге қамалған екі белсендінің бірі Әсия Төлесоваға шыққан сот шешімін анасымен бірге апелляцияға беруге оқталған. Бірақ белсенділердің бірі түскі сағат 12 шамасында Әсияның анасы келе алмайтынын айтып, апелляциялық шағым қаралатын күн алдын ала хабарланатынын жеткізді. Оның айтуынша, анасының Әсия Төлесовамен кездесуі түскі сағат он екі мен бір аралығына белгіленген.
Ал Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі әзірге белсенділерге шыққан сот шешіміне байланысты апелляция түспегенін хабарлады. Заң бойынша, сот шағым түскен мерзімнен бастап оны үш күн ішінде қарап, сот отырысын белгілеуі тиіс.
Сәуірдің 21-і күні таңертең Алматыда марафон кезінде полиция бірнеше белсендіні ұстады. Ақпарат бойынша, олар жол жиегіне "От правды не убежишь. У меня есть выбор" (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар) деген жазуы бар баннерлерді іліп қойған.
Полиция оларды ұстап, Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағып, әкімшілік іс қозғады. Кейінірек Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты екі белсендіні 15 күнге қамады. Белсенділердің адвокаттары сот шешімін апелляцияға беретінін айтқан.
34 жастағы белсенді Әсия Төлесова бұған дейін Алматы ауасының ластану деңгейін көрсететін UrbanAir жобасының авторы ретінде танымал болған.
Белсенді қамалған күннің ертесінде сәуірдің 21-і күні adamdar.ca сайты "Слово Аси" ("Әсияның айтары") деген атпен белсендінің сотта сөйлеген сөзін жариялады.
"Ар-ұятымды тыңдап, [акцияға] шықтым. Бізде 9 маусымды сайлау күні ретінде белгіледі. Меніңше, бұл - әрбір қазақстандықтың өміріндегі маңызды сәт. Біз әділ, ашық сайлау өткізе аламыз. Бірақ өкінішке қарай жүйе шынайы кандидаттарға - қарапайым азаматтарға сайлауда өзін ұсынуға мүмкіндік бермей отыр, бұл өте маңызды еді. Флешмобымыз дәл осы мәселеге арналған. Мен қазіргі жағдайды қылмыс деп білемін. Қазақстан азаматы ретінде менің алдымда мемлекет осындай қылмыс жасап отыр" деген сотта Әсия Төлесова.
Сәуірдің 22-сі күні Әсия Төлесованың шешесі Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа Жансүгірованың немересін қолдап жазған хатының суреті Facebook желісінде таратылды.
Әлеуметтік желі қолданушылары, саясаттанушылар, белсенділер кешеден бері оқиғаға байланысты пікірін білдіріп жатыр.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев Facebook парақшасында "Украинада адал және бәсекеге сай өткен сайлауда жеңіске жеткен жаңа, жас президент болады. Ал бізде жастарды президенттікке ұсынып жатқан жоқ. Бізде бәз-баяғыша жастарды ұстап, азаматтық позицияларын білдіруге мүмкіндік бермегенді жөн көреді..." деп жазды.
Nuraddin Sadykov есімді қолданушы "әділ сайлауды талап еткен жастарды қамау - барып тұрған ақымақтық" деп жазды.