Ана өліміне байланысты даудан соң перзентхана бастығы қызметтен кетті

Босанғаннан кейін қайтыс болған Аймира Атшыбаеваның туыстары марқұмның ажалы дәрігерлердің "салғырттығынан" болды деп есептейді. Ақтөбе, 19 мамыр 2021 жыл.

Ақтөбеде босана сала қайтыс болған келіншек жатқан перзентхана бастығы қызметінен босатылды. Туыстары марқұмның өлімін "дәрігерлердің салғырттығынан" көреді. Дәрігерлер "қолдан келгеннің бәрін жасағанын" айтады. Денсаулық сақтау басқармасы ана өлімін тексеруге кіріскенін хабарлады.

"ҚАЙТЫС БОЛҒАНЫН БІЗГЕ АЙТПАДЫ"

19 мамыр күні Ақтөбедегі облыстық перинаталдық орталыққа ұзын-саны отыздан астам адам келді. Бұл адамдар содан екі күн бұрын осы орталықта тұңғышын өмірге әкелгеннен кейін көп ұзамай қайтыс болған Аймира Атшыбаеваның туыстары еді. Марқұмды жерлей сала осында келген. Жақынын жоқтаған әйелдер жағы бір-бірін құшақтап жылап, перзентхана ауласын азан-қазан қылды. Олардың дауысы перзентханадан сәбиін құшақтап шығып бара жатқан жас босанған аналарды көргенде тіпті үдей түсті.

Ақтөбе қаласының тұрғыны 30 жастағы Аймира Атшыбаева жергілікті халық "бірінші перзентхана" деп атайтын облыстық перинаталдық орталыққа 16 мамыр күні түскен. Ертесіне үй-ішіне "маған толғақ шақыратын дәрі салды" деп айтқан келіншек түстен кейін хабарсыз қалған.

– Сіңлімнің босанған я босанбағанын біле алмай, 17 мамыр түн ортасы ауғанша перзентхана ауласында жүрдік. Дәрігерлердің ешқайсысы сұрағымызға жауап бермеді. Осында жатқан таныстарымыздан Аймираны операция жасауға әкеткенін естідік. Кешкі сегіздер шамасында перзентхананың қабылдау бөлімінде абыр-сабыр басталды. Алдымен "ота залына өтуім керек" деп кеуде (торакалды) хирург келді. Одан кейін ИВЛ аппаратын әкелді, – дейді марқұмның әпкесі Бақтыгүл Атшыбаева.

Ол "перзентханадағы ИВЛ аппараты істен шығып қалып, сіңлім тұншығып өлген" деп топшылайды. Туыстары аурухана қызметкерлері Аймираның қазасын өздеріне естіртпегенін айтады.

– Түнгі 12:30 шамасында перзентхана есігін бұза-жара кіргенімде сіңлімді екі сағат бұрын мәйітханаға әкеткенін айтты, – дейді Бақтыгүл Атшыбаева.

Аймира Атшыбаева тұңғышын 17 мамырда сағат 16:50-де дүниеге әкелген. Салмағы төрт жарым келі боп туған ұл бала қазір туыстарының қолында. Аймираның сіңлісі Гүлім Атшыбаева "дәрігерлер анаға да, балаға да көңіл бөлмеген" деп күдіктенеді.

Гүлім Атшыбаева – бала үстінде қайтыс болған Аймира Атшыбаеваның сіңлісі. Ақтөбе, 19 мамыр 2021 жыл.

– Перзентханаға Аймираны өзім әкеп салдым. Босану мерзімі өтіп кеткен, бұрын бала көтермеген келіншектің құрсағындағы салмағы 4,5 келі сәбиін неге ота (Кесар тілігі) жасап алмағанына қайранмын. Туа сала жетім қалған жиеніммен де бұлардың шаруасы болмағанға ұқсайды. Баланың басында ісік (гематома) бар, жамбасы шығып кеткен, – деді перзентханаға марқұм әпкесінің портретін ұстап келген Гүлім Атшыбаева.

Үй-іші Аймираны 19 мамырда Ақтөбеден 55 шақырым жердегі өзі туып-өскен Алға қаласына апарып, марқұм анасының жанына жерледі.​

ОРТАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ ҚЫЗМЕТТЕН БОСАТЫЛДЫ

Аймира Атшыбаеваның туыстары 19 мамыр күні перзентхана есігінің алдындағы күзетшіге бағынбай ішке өтіп, дәрігерлердің жауап беруін талап етті. Жылап-сықтаған әйелдер мен бойын ашу кернеген ер адамдарға басу айтып, сабырға шақырғанымен сабасына түсіре алмаған перзентхана басшылары тіпті болмағасын полиция шақырып та көрді. Ақырында бір топ дәрігер сыртқа шығып, марқұмның туыстарымен сөйлесуге мәжбүр болды.

– Атшыбаеваның денсаулық жағдайына қарап, дәрігерлер сәбиді анасының жатырын жарып алу қажет деп таппаған. Әйел өзі босанды. Жақсы босанды. Бірақ тонусы нашар болып, жатыры жиырылмай қойды. Қан кетуіне себеп – сол. Жас босанған әйелдің жағдайын екі жақты пневмоторакс қиындатып жіберген, – деп түсіндірді Ақтөбе облыстық перинаталдық орталық директоры Асхат Балықов.

Ана өлімінен соң қызметінен кеткен Ақтөбедегі облыстық перинаталдық орталық директоры Асхат Балықов. Ақтөбе, 19 мамыр 2021 жыл.

Аймира Атшыбаеваны перзентханада босандырып алған дәрігерлер тобы "қолдан келгеннің бәрін істедік" дейді. Олар орталықтың жабдықталуы талапқа сай, маман мен дәрі-дәрмек те жеткілікті деп сендіреді. Бірақ дәрігерлердің жауабы марқұмның туыстарын тыныштандыра алмады. Бақтыгүл Атшыбаева облыстық перинаталдық орталық дәрігерлерін сотқа беретінін айтты.

19 мамыр күні кешке Ақтөбе облыстық перинаталдық орталық директоры Асхат Балықовтың қызметінен босағаны белгілі болды. Балықов осы орталықты он жылдан бері басқарып келген.

2021 жылдың басынан бері Ақтөбе облысында 7 әйел бала үстінде қайтыс болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайтыс болған екі әйелден коронавирус инфекциясы анықталған. Туыстары Аймира Атшыбаеваның да 2020 жылы тұрмыс құрмас бұрын коронавирус пневмониясымен ауырып, емделгенін айтады. Бірақ дерттен айығып шыққан әйелдің ажалына Covid емес, дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп санайды.

– Бала үстінде қайтыс болған әйелдердің 72 пайызында жүктілікке кері әсер ететін түрлі патология болған. Облыстық перинаталдық орталықтағы ана өлімін қазір арнайы комиссия тексеріп жатыр. Патолого-анатомиялық, гистологиялық зерттеулер қортындысы шыққан соң ана өлімінің нақты себебі белгілі болады, - деп хабарлады сәрсенбі күні Азаттыққа Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пандемия кезіндегі жүктілік. Аяғы ауыр әйелді не мазалайды?