Қазақстанда қызылша дертін жұқтырғандар саны күрт өсті

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда қызылша дерті өршіп барады

Ресми дерек бойынша, ақпан айынан бері Қазақстанда 10 мыңға жуық адам қызылша жұқтырған. Қыркүйектен бастап науқас саны күрт өскен. 80 пайызы – бала. Дәрігерлер қызылша жұқтырғандар елдің барлық өңірінде бар дейді. Кей аймақта жұқпалы ауруханаларда орын жетпей, науқастарды емдейтін қосымша орталық жабдықталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, әсіресе Алматы, Шымкент пен Атырауда ең көп науқас тіркелген.

Қазан айында Шымкентте қызылша дертінің 12 ошағы анықталған. Қаладағы 210 орындық жұқпалы ауруды емдейтін ауруханада қазір 196 адам емделіп жатыр.

"Күн сайын түсетін 70-80 науқастың бәрін қабылдай алмаймыз, жағдайы ауыр дегендері ғана жатып ем ала алады" дейді дәрігерлер.

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы. 23 қазан, 2023 жыл

Денсаулық сақтау саласының өкілдері биыл елде қызылша дертін жұқтырғандар саны кейінгі бірнеше жылмен салыстырғанда күрт өскенін айтып отыр.

– Бұл өте үлкен көрсеткіш. Бұған дейін дәл осындай жағдай 2018 жылы, одан бұрын 2005 жылы болған еді. Ал былтыр жыл ішінде төрт жағдай, алдыңғы жылы екі жағдай тіркелген. 10 мың науқасқа дейін тіркелгені – эпидемиологиялық жағдайдың қатты ушығып отырғанын көрсетіп отыр, – деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Нұршай Әзімбаева.

Министрліктің дерегінше, елде қызылша жұқтырғандардың 80 пайызы 14 жасқа дейінгі бала. Олардың көбі қызылшаға қарсы екпе алмаған.

Дәрігерлер қызылша жұқтырғандар Қазақстанның барлық өңірінде бар дейді. Кейбір қалаларда науқастарды емдейтін бөлек орталық жабдықталған. Елдің батысындағы Ақтөбе қаласында күрделі ахуал қалыптасып отыр.

"ШАҒАЛАДА" НАУҚАС КӨП

Ақтөбелік Гүлдана Салық екі жасар ұлы Мансұрмен бірге облыс орталығынан 20 шақырым жердегі Кеңес Нокин ауылындағы "Шағала" шипажайындағы қызылшамен ауыратын науқастар үшін қосымша ашылған инфекциялық бөлімшеге 17 қазанда түскен. Олармен бірге мұнда Ақтөбедегі инфекция ауруханасынан қызылшамен ауыратын науқастардың алғашқы легі жеткізілген.

– Бәрімізді автобусқа тиеп, осында алып келді. Бір автобуста 68 адам болдық. Арнайы жасақталған орталық дегесін келгенбіз. Келсек, басқасын айтпағанда, мұнда дәрігер де жетіспейді екен. Баламның қызуы 39 градусқа жеткесін көмек сұрасам, үлгере алмай жатырмыз деп ешкім келмей қойды, – дейді Гүлдана Салық.

Бұрынғы "Шағала" шипажайында қызылшамен ауыратын науқастарды емдеу үшін қосымша инфекциялық бөлімше ашылған. Ақтөбе қаласының маңындағы Кеңес Нокин ауылы, 23 қазан, 2023 жыл

Облыста қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуал қазан айының ортасынан кейін қиындай бастаған. Ауру жұқтырғандар әсіресе Ақтөбе қаласында көп. 1958 жылы салынған ескі ғимаратта орналасқан 135 орындық инфекциялық ауруханаға науқас сыймаған соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасының 17 қазанда қабылдаған №172 бұйрығымен бұрынғы "Шағала" шипажайынан 80 орындық инфекциялық бөлімше жасақталды.

Бірақ "Шағалада" реанимация жоқ. Халі өте ауыр науқастарды қаладағы инфекциялық ауруханада қалдырады.

Гүлдана Салықтың сөзінше, дәрігерлер бастапқыда Мансұрдың қызылша жұқтырғанын білмеген. Стоматит деген диагнозбен үйден емдеген. Ұлы әбден әлсіреген соң ауруханаға әкетіп, вирустық инфекцияның ем-домын жасаған. Баланың қызылша жұқтырғанын үсті-басы бөрте бастағанда білген.

Анасының сөзінше, Мансұр дүниеге келгелі бері қызылшаға қарсы вакцина алмапты.

– Бір жасқа толғанда невропатолог рұқсат бермеді. Кейін уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалдық. Оның үстінде қоғамда вакцинаға қарсы көзқарас та көп. "Екпеден кейін балам сөйлемей қалды, ауырып қалды" дегенді естіген соң қорқып та жүргенбіз, – дейді Гүлдана.

Қызылшадан толық айығып кеткен соң ұлына екпе салдыртуға Гүлдана қарсы емес. Ал бір жарым жасар Мұхсинаның анасы Гүлжанат баласына вакцина салуға қарсы.

– Осы кезге дейін Мұхсина ешқандай екпе алған емес. Екпенің құрамында не барын білмейміз. Болашақта да салдыртатын ойым жоқ. Аллаһ өзі көмектеседі ғой, иншааллаһ! – дейді Гүлжанат.

Мұхсина ауруханада бес күн емделген. Баланың беті бері қарай бастаған соң Гүлжанат "науқастарға түк жағдай жасалмағандықтан емді үйде жалғастырамын" деп, баласын алып "Шағаладан" кетіп қалыпты. Бірақ дерттен толық айықпаған Мұхсина үйге келген соң қызуы қайта көтеріліп, қырық градусқа жеткен. "Ибуфенмен түсті қызуы, әлхамдулилляһ!" дейді шешесі.

– "Шағаладағы" палаталарда ересектер мен бала-шаға араласып бірге жатыр. Мысалы, біздің палатамызда 1992 жылы туған келіншек болды. Бәріміз сияқты кезінде вакцина алған адам. Сонда да ауырып қалған. Одан бөлек ауруханада бөтен ер адамдар толып жүр, Аллам кешірсін! Дінде олай болмайды. Ерлерді бөлек, балаларды бөлек, ересектерді бөлек жатқызу керек емес пе? Үйге келген соң полиция шақырдым. Дәрігерлердің үстінен арыз жазып жібердім. Ашуланғаннан көзім көрмей қалды, астағфируллаһ! – дейді Азаттық тілшісіне телефонмен Гүлжанат Нағашыбаева. Біз әңгімелесіп тұрған кезде арғы жағында баланың күркілдеп жөтеліп жатқаны естіліп тұрды.

Қызылшамен ауыратын науқастарды емдеу үшін қосымша инфекциялық бөлімше ашылған бұрынғы "Шағала" шипажайы. Ақтөбе қаласының іргесіндегі Кеңес Нокин ауылы. 23 қазан, 2023 жыл

Немересі Ангелинамен бірге "Шағаладағы" инфекциялық бөлімшеде жатқан Ольга Выгоняева дәрі-дәрмек жетіспей жатқанын айтты. Зейнеткер сырқат немересіне қажет дәрілерді үйінен алдыртыпты.

– Дәрі жоқ. Сұрасаң да бермейді. Баланың қызуы көтерілгенде тік ішекке енгізілетін дәрі де тапшы. Нан сұрағандай сұрайсың. "Өздерің алып келіңдер" дейді. Қызылша жұқтырған балалардың көзі қабынып кетеді. Бұл жерде ең аяғы коньюнктивитке қарсы тамызатын дәріні де бермейді. Оның бәрі ең арзан нәрселер ғой. Мұндайда қымбат дәрілер туралы айта да алмайсың, – дейді Ольга Выгоняева.

Ақтөбе облысында қызылша ауруы өрши бастағанына екі аптадай болды. Денсаулық сақтау басқармасы қызылша жұқтырған науқастардың 80 пайызға жауығы – екпе салдырмағандар деп хабарлады. Ондай науқастарды үш топқа жіктеуге болады: вакцина егетін жасқа толмаған балалар, түрлі диагнозы болғандықтан екпе салынбағандар және діни наным-сеніміне байланысты немесе басқадай себеппен вакцина салдыртудан бас тартқандар ("антиваксерлер").

Қазақстанда қызылшаның алдын алатын екпе балаға бір жасқа толғаннан кейін салынады. Бала алты жасқа толғанда екінші мәрте егіледі. Яғни ревакцинация жасалады.

"МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАЙЫ МҰНШАЛЫҚТЫ МҮШКІЛ ЕКЕНІН БІЛМЕППІН"

Қазір "Шағаладағы" инфекциялық бөлімшеде ем алып жатқан 105 науқастың 88-і – бала. Қызылша жұқтырғандардың басым көпшілігі үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Дәрігерлердің дерегінше, күн сайын мұнда ондаған науқас түседі. Сексен орындық бөлімшеге науқас сыймаған соң және 40 орын қосылған. Одан бөлек тағы 40 кереует дайын тұр.

"Шағала" шипажайындағы инфекциялық бөлімше қызылша өршіп бара жатқан соң мәжбүрліктен асығыс ашылған. Бұл – Азаттық тілшісіне ауруханадан хабарласқан адамдардың пікірі.

Қызылша жұқтырған бір жарым жасар Ибрагим мен шешесі Алмагүл Қаражанова 19 қазаннан бері "Шағаладағы" инфекция бөлімшесінде жатыр.

– Алдымен инфекциялық ауруханаға барғанбыз. "Сіздерді "Шағалаға" апаратын көлік жоқ" деген соң түн ортасында жолдама қағазымызды ұстап өз көлігімізбен осында келдік. Мұнда науқастарға ешқандай жағдай жасалмаған. Жарайды, от жағып, күл шығарып жатқан жоқпыз. Балам сауығып кетсе болды. Бәріне де шыдар едім. Бірақ бұл жерде қыл аяғы дәрігер де жетіспейді. Әлі оқу бітірмеген резиденттер жүр. Олардың қолында баланы тыңдайтын стетоскоп та жоқ. Біреуі келіп "ем алғаныңыз туралы құжатқа қол қойыңыз" дейді. Оқып қарасам, құжатта "жаңа Қазақстан" орнатып қойыпты. "Мынаның бірін де көрген жоқпын" деп қол қоймадым. Медицинаның жайы мұншалықты мүшкіл екенін білмеппін. Сонда біз төлеп жатқан салықтар қайда жұмсалған? – деп реніш айтты Алмагүл Қаражанова.

Бұрынғы "Шағала" шипажайында қызылшамен ауыратын науқастарды емдеу үшін қосымша инфекциялық бөлімше ашылған. Ақтөбенің іргесіндегі Кеңес Нокин ауылы. 23 қазан, 2023 жыл

Он айлық Ахметтің шешесі Гүлнар Мұқанованың сөзінше, инфекциялық бөлімшенің асханасы жоқ. Науқастар палатада тамақтанады. Үлкен-кіші бір раковинаға жуынып-шайынып, ыдыс-аяғын да сонда жуады дейді ол. Терезелерге перде тұтылмаған. Науқастарға жақындары әкелген азық-түлік ескі әрі жалғыз тоңазытқышқа сыймай, ашып жатыр деп шағынады бөлімшеде жатқандар.

Гүлнарды жыларман қылған жағдай – ауруханада ұлының мұрнына өрмекші кіріп кеткен. Жәндікті баласының мұрнын тазалаған кезде өзі алып шығыпты, бірнеше күн бойы маман дәрігердің (лор) кеңесін ала алмаған.

– Қызылша жұқтырғанға дейін балам бронхит болып, 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында қалалық балалар ауруханасынан ем алдық. Ахметке қызылша сол жерден жұққанына күмәнім жоқ. Өйткені "Шағалаға" түскен соң балалар ауруханасында бірге емделген бірнеше адамды кездестірдім. Сұрастыра келе білгенім, ауруханада науқас баламен қатынаста болған екен. Біз одан бейхабармыз, – дейді Гүлнар Мұқанова.

Мұны Ақтөбе облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Жолдас Қамбаров та растап отыр. Оның сөзінше, аурудың инкубациялық кезеңінде науқастың денесінде бөрткен болмайды. Яғни науқастың қызылша жұқтырғанын бірден айыру қиын.

– Көпбейінді балалар ауруханасында қызылша жұқтырған науқаспен қатынаста болып, кейін бізге түскендер болды. Нақты саны есімде жоқ. Төрт-бес адам-ау деймін, – дейді Жолдас Қамбаров.

Ақтөбеде балалар арасында қызылшаның өршуіне кейінгі жылдары жер-жерде вакцина егуге қарсы (антиваксер) адамдардың көбеюінің де әсері бар дейді бас дәрігер.

– Науқастардың хал-жағдайын бақылап палата аралағанда "Неге вакцина алмадыңыз?" деп сұраймын ғой. "Екпе алғандар да ауырып жатыр емес пе?" деп қарсы сұрақ қояды. Иә, қызылша жұқтырғандар арасында екпе алғандар да бары рас. Бірақ олар қызылшаның жеңіл түрімен ауырып, ауруды жеңіл өткереді. Екпе алмағандарға қызылша қиынға соғып тұр. Төрт адам реанимацияға түсті. Науқастардың 70 пайызға жуығы түрлі себеппен вакцина алмаған. Қызылша – емі жоқ ауру. Тек екпемен ғана жолға қойылады, – дейді дәрігер.

Жұқпалы дерт жұқтырған науқастар жатқан аурухананың ауласында тұрған медициналық жедел жәрдем көлігі. Ақтөбенің іргесіндегі Кеңес Нокин ауылы. 23 қазан, 2023 жыл

Жолдас Қамбаров пациенттердің "маман жоқ, дәрі-дәрмек тапшы" деген сөзін жоққа шығарды. "Дәрігер жеткілікті, бөлімшенің қабылдау бөлімінде бір дәрігер, одан бөлек емдеуші екі дәрігер бар. Науқас көбейген жағдайда қызылшамен күреске қала емханаларының инфекционистерін қосу туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс жасадық" дейді ол.

– Қыркүйекте балалар мектепке, студенттер оқу орындарына оралды. Осыған дейін бір қарқынмен таралған инфекция күзде өрши бастады. Бір бала науқаспен қарым-қатынаста болған жағдайда оның бойынан ауру білінгенге дейін 21 күн өтеді. Қыркүйек айында оқу басталды. Міне, сол кезде таралған ауру енді жаппай көрініс беріп жатыр. Қызылша – жылдам таралатын ауру. Суық тию белгілері сияқты басталады. Созылмалы ауруы бар адамдар қызылшаны өте ауыр өткереді. Сондықтан дер кезінде вакцина салдырып, күтінуден өзге амал жоқ, – дейді дәрігер.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ: ДӘРІ ДЕ, ДӘРІГЕР ДЕ ЖЕТКІЛІКТІ

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев "Шағала" шипажайының ғимараты фтизиопульмонология (тубдиспансер) орталығының балансында екенін айтты. Қызылша өрши бастағасын уақытша инфекциялық ауруханаға берілген.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев

– Бастапқыда "Шағаладағы" орталықта маман тапшы болғаны рас. Қазір бұл мәселе шешілді. Жаңадан ашылған инфекциялық бөлімшеге фтизиопульмонология орталығының мейіргерлері, медицина академиясындағы инфекциялық аурулар кафедрасының қызметкерлері, резидент-дәрігерлер жіберілді. Одан бөлек СПИД орталығынан бір инфекционист, қалалық балалар ауруханасынан екі реаниматолог бөлінді, – деді Рүстем Исаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қала сыртындағы стационарға қатынап жүрген медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төленбейтінін хабарлады. "Өйткені, бұл пандемия емес, аймақтық індет" деп түсіндірді басқарма өкілдері.

Әзірше Ақтөбе облысының бюджетінен қызылшамен күреске қосымша қаржы бөлінбеген. Қызылшаны емдеу үшін әр науқасқа әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бекіткен тарифке сай қаржы бөлінеді: балаға – 31 500 теңге, ересек адамға – 63 360 теңге.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев та "дәрі-дәрмек те, маман да жеткілікті" деп отыр. Ол болашақта қалада жаңа аурухана салу жоспарланып отырғанын айтты.

– Ақтөбеде жаңа тубдиспансерге бөлінген жер учаскесі бар. Басқарма осы құрылыстың жоба-сметалық құжаттарын қайта жасатып, көпбейінді инфекциялық аурухана етуді ұсынды. Құны 12 млрд теңге болатын жоба құрылысына бюджеттік өтінім береміз. Денсаулық сақтау министрлігі де Ақтөбеден көпбейінді инфекциялық аурухана салу үшін жергілікті бюджеттен қаржы көзін қарастыруды ұсынып отыр, – деді Исаев.

Жергілікті эпидемиологтардың мәліметінше, биыл Ақтөбеде қызылша ақпан айында тарала бастаған. Алдымен ата-анасымен бірге Түркияда болып келген 6 жасар қыз баланың инфекция жұқтырғаны анықталған. Уақыт өте науқас саны көбейе бастаған. 22 қазандағы дерек бойынша, ақпан айынан бері Ақтөбе облысында мыңға жуық адамға осындай диагноз қойылған.

Науқастардың көптігіне қарамастан Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды "тұрақты" деп бағалады. Басқарма аурудың беті қарашаның ортасынан кейін қайта бастайды деген болжам жасап отыр.