АМЕРИКАЛЫҚ СЮЖЕТКЕ ҚҰРЫЛҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХИКАЯ
Жұмыс аптасында құрылыс базарында ауыр жұмыс істеп, арасындағы сирек демалыс күні би алаңына барып, "түбін түсіріп" билеу. Өмір, жоқшылық пен байлық туралы әңгімелер. Төгілген әуен, жалын атқан би мен жарқын костюмдер.
"Лихорадка субботнего вечера" қойылымының көрермендері осы аттас америкалық фильмді көрген болса, "АРТиШОК" театрының жаңа туындысы мен басты кейіпкерді Джон Траволта сомдаған Голливуд фильмінің өзара ұқсастығын іздейтіні анық. Азаматтық позициясы мен саяси репертуары мықты алматылық театр үшін алғашында бұл қойылым әдеттен тыс, ерекше жұмыс болып көрінеді. Бірақ бұл бір қарағанда ғана.
– Бұл жай ғана шоу немесе көңілді мелодрама емес. Қойылымда бәрі кейіпкерлердің "өн бойынан" көрінеді. Бас кейіпкерлер – [Алматының] құрылыс базарында істейтін, жұмыстан соң, шартты түрде айтқанда, Айнабұлақтағы (Алматының төменгі бөлігіндегі ықшамаудан. – ред.) клубқа баратын жастар. Олардың әлеуметтік жағдайы Ташкент көшесінен (Алматыдағы Райымбек даңғылының бұрынғы атауы. – ред.) төмен тұратын қарапайым адамдарға жақын. Бұл – солар туралы қойылым. Олар "кедейлікте туған өмірден кедей болып өтеді" дегенді көп айтады. Тонаушылықпен айналысып, көлік айнасын ұрламасаң, бимен көп ақша таба алмайсың, – дейді тәуелсіз "АРТиШОК" театрының басқарушы директоры, актриса Анастасия Тарасова.
Тарасова "айна ұрлау" дегенде, екі жыл бұрын күллі Қазақстанды дүр сілкіндірген қылмыс туралы айтып отыр. 2018 жылы шілдеде Алматының орталығында мәнерлеп сырғанаудан олимпиада жүлдегері Денис Тен кісі қолынан мерт болды. Полицияның дерегінше, 25 жастағы спортшы көлігінің айнасын шешіп жатқан өзі құрылыптас екі жігіттің үстінен түскен. Жігіттер арасында алыс-жұлыс басталып, Денистің санына салынған пышақ күре тамырын кесіп, спортшы қансыраған... Сотта айыпталушылар ақшасы болмағандықтан ұрлыққа барғанын айтқан.
"АРТиШОК" театрындағы жаңа қойылымда Голливуд фильміндегі Тони, Анэт, Стефани деген кейіпкерлердің есімі сол қалпында қалғанымен, театр қызметкерлері бұл Қазақстандағы хикая туралы туынды екенін айтады. Мұндай оқиға бәріне ортақ.
– Тақырып пен кейіпкерлер таныс. Театрдың сиқыры да осында: мұнда оқиғаны бір көріністе ғана емес, бірнешеуінде көрсетуге болады. Театрымызға тақырыбы маңызды. Драматург не пьеса, материал, ақын емес, тақырып. Бұл тақырыпты біз "Гамлеттен", "Дон Кихоттан" немесе қазіргі заманғы драматургиядан да кездестіреміз, – дейді Тарасова.
"Оскар" жүлдесі мен "Алтын глобус" сыйлығын жеңіп алған америкалық фильмге ремейк жасау туралы идеяны театрдың көркемдік жетекшісі Галина Пьянова ұсынған. Фильмде Бруклинде тұратын қарапайым жігіт кешкісін би алаңының жұлдызына айналып шыға келеді. Алматыдағы қойылымда ойнайтын актерлар көркем фильм 1977 жылы экранға шыққаннан кейін дүниеге келген. Бірақ бұл оларға рөлге еніп, кейіпкерін шынайы сомдауға еш кедергі болмаған.
Басты рөлде Шыңғыс Қапин, Айсұлу Әзімбаева мен Дина Тасболатова сияқты белгілі актерлар ойнайды. Кәсіби биші Капин "АРТиШОК" театрының осы алғашқы көлемді би қойылымының продюсері қызметін қоса атқарып жүр. Қойылымға жас актерлар мен театр жанындағы мектепте дәріс алып жүрген, кастингтен өткен студенттер де қатысты.
Қойылымдағы музыка негізінен қазақстандық әнші Ғалымжан Молданазардың шығармашылығынан алынған. Спектакльде шырқалатын оның диско жанрындағы әндері "Лихорадка субботнего вечера" фильмінің саундтрегін орындаған британ-австралиялық Bee Gees музыкалық тобының стиліне ұқсас.
– Ремейк идеясы келгенде бірден өз музыкамызды қолданамыз, Ғалымжанның әндерін аламыз деп шештік. Ол осы қойылымның өзегіне айналды, – дейді Анастасия Тарасова.
Спектакльді дайындауға кәсіби хореограф Айман және Шолпан Шәкеновалар қатысты. Бұл олардың театрмен бірлесіп жасаған алғашқы жобасы. Костюмдерді әзірлеген суретші Ақниет Баймаханова да осы жолы "АРТиШОК" театрымен бірінші рет жұмыс істеді. Ол – театр суретшісі емес, стилист. Соған қарамастан, Ақниеттің жұмысы режиссердің барлық талабына сай шыққан.
Қойылымға келген адам түнгі клубқа тап болғандай әсерде қалады: залда әдеттегі орындық жоқ, көрермен бардың алдына немесе қалаған басқа жерге жайғасады.
КАРАНТИННЕН КЕЙІНГІ ОЙЛАР
Актерлар сахнаны сағынғанын айтса, көрермендер де театрға деген сағынышын ақтарыла айтып жатыр.
Театр басшылығы қаржы жағдайының қиындығы (Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты қызмет көрсету саласындағы көп компанияның жұмысы бірнеше ай бойы тоқтап қалған) экономика ауыр соққанын, сондықтан театрға келетіндер азаюы мүмкін екенін жақсы түсінеді.
Жұмысы жанданған театрларға залды жартылай ғана толтыруға рұқсат берілген. Эпидемиологиялық ахуал нашарласа, театрларды тағы да жауып тастауы мүмкін.
– Осындай ұзақ үзілістен соң қойылымдарды қалпына келтіру жаңа дүние жасап шығарумен тең. Залдағы орындардың тең жартысы қысқаруына байланысты билет бағасы да 50 пайызға өсті. Көрерменімізге бұл жайлы ашық айттық. Жағдай осындай екенін жеткізіп, түсіністікпен қарауын сұрадық. Ұжымнан айырылғымыз келмейді, қазір барлық адамда жұмыс болуы керек. Сондықтан бұл қойылымға ("Лихорадка суботнего вечера" – ред.) бүкіл труппа қатысты. Театр мұндай қадамға саналы түрде барып отыр. Бұл – бюджеті шағын қойылым, бірақ біз еңбек етіп жатырмыз. Қатты уайымдап едім, алайда бағаның өскені туралы бір де бір сын естіген жоқпын. Билет бағасы 10 мың теңге, бұл қымбат екенін білемін. Көрерменнің көңілін қалдырмауға тырысамыз, – дейді Анастасия Тарасова.
Наурызда Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде театр бірнеше үлкен жоба бастады. "АРТиШОК" спектакльдердің онлайн-трансляциясын ұйымдастырып өткізді. Краудфандинг платформасы арқылы ақша жинады. Көрермен қолдауының арқасында театр шығындары мен қызметкерлердің жалақысы төленді. Көктем, жаз бен күздің басында театр ұжымы ашық аспан астында концерттер, қойылымдар мен әртүрлі шара ұйымдастырды. Актерлар театр жанындағы жазғы дәмханада даяшы болып та уақытша жұмыс істеген.
– Біз тез бейімделуге тырысып, дәл қазір істейтін жұмыс тауып отырдық. Тапқанымыздан жұмсағанымыз көп болса да, ештеңе істемей, қол қусырып бос отыруға болмайтынын түсіндік, – дейді Анастасия Тарасова.
Жазда театрлар жаппай мәдени шаралар өткізуге ресми рұқсат беріліп қала ма деп күтті. Бірақ шілдеде елде Covid-19 коронавирусы өршіген тұста тағы да қатаң карантин жарияланып, "АРТиШОК" театры қызметкерлерін ақысыз еңбек демалысына жіберуге, әкімшілік шаруамен айналысатын бірнеше адамды жұмыстан босатуға мәжбүр болған. "Карантиннің ауыр әсерінің бірі осы болды, өйткені ұжымдағы әр адамның орны бөлек" дейді театр директоры.
Театр ұжымы ұзақ үзілістен кейін көрермен назарына ұсынған "Лихорадка субботнего вечера" қойылымына дайындықты қыркүйекте бастаған. Жастық шақ, бұла күш-қайрат, арман-тілек пен көзсіз батылдық туралы қойылымның соңында көтерілген мәселе ашық қалады. "АРТиШОК" басшылығы спектакль премьерасын театрдың 20-маусымы ашылған 15 қазанға қоюдағы мақсат – "білім мен денсаулық сақтау саласындағы белгісіздік пен болашағын ойлаудан эмоционалды тұрғыда шаршаған" адамдарға қолдау көрсету болатын дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ YouTube-тегі қойылым, желідегі дайындық. Карантин кезіндегі театр