«ҚДТ бағдарламасын қолдайтын» көп балалы ананың үстінен іс қозғалды

Оксана Шевчук Алматыдағы наразылық шарасында. 1 мамыр 2019 жыл.

9 мамырда Алматыда ұсталған 30 жастағы Оксана Шевчуктің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Төрт баласы бар Шевчук «тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты» деген күдікке ілінді.

Алматы тұрғыны Оксана Шевчуктің сөзінше, оны полиция 9 мамырда «Мәңгілік полк» шеруі кезінде ұстап әкетіп, кешке дейін жеті айлық қызымен полиция департаментінде ұстаған.

Шевчук полиция 9 мамырда тергеп, пәтерін тінтіп, компьютер, планшет, смартфон, флеш-картасын алып кеткенін айтады. Кейін полиция оны жеті айлық қызымен бірнеше сағат тергеу изоляторында ұстап, қайта жіберген. Қазір ол – «күдікті».

Оксана Шевчук Youtube және Facebook желісінде Қазақстан билігін сынайтын видеолар жүктеп, посттар жазып, бөліскен. Оған елде тыйым салынған «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысының «бағдарламасы ұнайды». Шевчук «ҚДТ қозғалысының әлеуметтік желідегі топтарында жоқ», бірақ «Алматыда 22 наурыз және 1 мамырда өткен митингіге қатысқан».

Көп балалы ана 1 мамыр Алматының Орталық демалу паркінде «ҚДТ бағдарламасын қолдайтынын айтқан». Шевчуктің пайымдауынша, белгісіз біреулер оның айтқан сөзін видеоға түсіріп алған және ол видео полицияға жеткен.

- ҚДТ белсендісі емеспін, бірақ бағдарламасын қолдаймын. Бейбіт митингіге шығуға құқығым бар. Елдегі қазіргі жағдай ұнамайды. Сондықтан өзгерісті қалаймын. Ал бізде митингіге шықсаң болды, экстремист деп санайды, - дейді ол.

ТЕРГЕУ

Адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, Шевчуктің үстінен Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағы (Экстремизм мен терроризмге байланысты елде сот шешімімен тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу) бойынша тергеу басталған.

Бұл бапта 2000 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі (50 млн теңге) айыппұл, түзеу жұмыстарына жегу, екі жыл бас бостандығын шектеу, үш жыл белгілі бір қызметтермен айналысуға тыйым салу сынды айыптар қарастырылған.

Бұл бапта «тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысудан өз еркімен бас тартқандар, басқа айыбы болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады» деп жазылған.

Оксана Шевчук (оң жақта) наразылық шарасында. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Шевчуктің адвокаты Гүлнара Жуаспаеваның ойынша, тергеушілер тергеу кезінде заң бұзған.

- Оксананы қорғаушысыз тергеген, кішкентай баласымен ұстаған. Кінәсін дәлелдейтін айғақтар жоқ, - дейді ол.

Оксана Шевчукті қылмыстық істе күдікті ретінде тану туралы қаулыға Алматы қалалық полиция департаментінің тергеушісі Толғанай Ержанова қол қойған.

Жуаспаеваның қолындағы қаулының көшірмесінде «Шевчук ҚДТ қозғалысын белсенді түрде қолдап, азаматтарды қозғалысқа тартқан» деп жазылған.

Азаттық тергеуші Толғанай Ержановамен телефон арқылы тілдесті. Ол бұл ісі бойынша пікір беруден бас тартып, Алматы полиция департаменті баспасөз қызметіне хабарласуды сұрады. Азаттық тілшісі полиция департаменті баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек хабарласқанымен, телефонын көтермеді.

Қазақстан соты 2018 жылы наурызда «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, ел аумағында оның қызметіне тыйым салған. Бұл қозғалысты Қазақстанда бірнеше бап бойынша сырттай ұзақ жылға сотталған, қазір шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов құрған.

Әблязов соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы азаматтарды наразылық шерулеріне шақырып тұр. Ол халықты 22 наурыз, 1 және 9 мамырда билікке қарсы шеруге шығуға үгіттеген. Осы күні елде ондаған адам ұсталған.

Бұған дейін Қазақстан билігі азаматтарды 1 және 9 мамырда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандар «қатаң жауапқа тартылатынын» ескерткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халық екіжүзділіктен шаршады". Сарапшылар наразылық туралы