Accessibility links

Эрика Марат: «Полиция азаматтық қоғамы мықты елде реформаланады»


Полиция наразылыққа шыққандардың бірін ұстап жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Полиция наразылыққа шыққандардың бірін ұстап жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Эрика Марат Азаттыққа полицияны реформалау қандай жағдайда мүмкін болатынын, неге Қазақстан сияқты елдерде полиция халық емес, билік мүддесі үшін қызмет ететінін, полицияға халықпен «бірге болуға» не кедергі екенін айтып берді.

Азаттық: Мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда өткен рұқсат етілмеген наразылық акциялары кезінде полиция митингінің бейбіт сипатта өтіп жатқанына қарамастан, Қазақстанда қалыптасқан әдет бойынша наразыларды ұстады. Нұр-Сұлтанда арнаулы жасақ өкілдері демонстранттарға қарсы резеңке таяқ қолданды. Алматыда наразылық акциясына қатысушылар «Полиция халықпен бірге» деп ұрандатты. Эрика, сіздің ойыңызша, постсоветтік елдерде, оның ішінде Қазақстанда полицияның «халықпен бірге болуына» не кедергі?

Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Эрика Марат.
Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Эрика Марат.

Эрика Марат: Советтік кезеңде полиция саяси элитаны қорғауға, халық арасында жаппай наразылық акцияларының алдын-алуға және қылмысты болдырмауға күш салды. Полицияның билікке адалдығы постсоветтік елдерге мұра боп қалды. Балтық елдерін есепке алмағанда, постсоветтік мемлекеттердің кейбірі ғана бұл мұрадан бас тарта алды. Бұлай болатын себебі – Украина, Грузия және Қырғызстан елдеріндегі сияқты бәсекесі күшті сайлау арқылы билікке келген саясаткерлердің өзі полицияның билікке толықтай адал және халықтың кез келген наразылығын басып тастауға дайын күйін бұзбауды тиімді көреді. Қазақстанда біз дәл осы көрініске куә болып отырмыз: полиция халыққа емес, билікке қызмет етуін жалғастырып жатыр.

Азаттық: Саяси құрылым, режим және басқару формасы полицияның іс-әрекетіне әсер ете ме?

Эрика Марат: Постсоветтік елдерге қарасақ, полициядағы салмақты реформалар азаматтық қоғамы мықты елдерде жасалған. Реформа — қоғам полицияны реформалауға қатысып, ал билік қоғамның идеялары мен сұранысын ескере бастағанда ғана жүреді. Яғни, екі ортада қандай да бір диалог орнауы қажет. Біз мұндай диалогты азаматтық қоғамы әлдеқайда мықты Украина, Грузия, Молдова мен Қырғызстан мысалынан көріп отырмыз. Бірақ билігі авторитарлы және қоғаммен ашық диалогқа дайын емес Қазақстан, Әзірбайжан және Тәжікстан сияқты елдерде айтарлықтай реформа жүріп жатқаны байқалмайды. Авторитарлық режимдердің полицияны материалдық жағынан қолдауды күшейткені байқалса, шынайы реформа негізінен демократиясы дамыған мемлекеттерде жүріп жатыр.

Полиция наразылыққа шыққандардың бірін ұстап әкетіп барады. 1 мамыр 2019 жыл.
Полиция наразылыққа шыққандардың бірін ұстап әкетіп барады. 1 мамыр 2019 жыл.

Азаттық: Қазақстанда Ішкі істер министрлігін реформалау туралы талаптар 2018 жылы мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімінен кейін күшейді. Бұл бағыттағы қоғамдық талқылау Қарағандыдағы ІІМ академиясы қызметкерінің полицияны «братва» деп атаған жаңажылдық құттықтау сөзінен кейін өрши түсті. Осыдан кейін сол кездегі ел президенті, қазіргі қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдан бастап ІІМ-ді реформалау керегін айтты. Бұл Қазақстан билігінің полиция қызметін реформалауға дайын екенін білдіре ме? Сіздің пікіріңізше, бұл реформалар неден басталуы керек?

Эрика Марат: Постсоветтік елдердің әрқайсысында билік пен президент полиция қызметін жан-жақты реформалауға уәде берген. Бірақ әдетте бұл уәделер жоғарыдан берілген тапсырма бойынша полиция қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсарту – жаңа форма және көлік берумен шектеліп, олардың қызметінде көп өзгеріс болмайды. Постсоветтік елдерде полицияны реформалауға қатысты қоғам талабы Денис Теннің өлімі сияқты қайғылы жағдайлардан кейін жандана түседі. Мәселен, Украинада полицияның Еуромайданға (2013 жылдың соңы мен 2014 жылдың басында Киевте бірнеше айға созылған наразылық акциясы – ред. ) шыққандарға күш қолдануы қоғамдық резонанс туғызды. Грузияда қоғамдық белсенділік әлеуметтік желіде тараған түрмедегі тұтқындарды азаптау туралы видеодан кейін оянды. Ол кезде жастар әлеуметтік желіде бірігіп, наразылық акциясына шығып, полицияны реформалауды талап етті. Қазақстан билігі Денис Теннің өлімінен кейін қоғамның полицияға қатысты талабы мен сұраныстарын айтуға дайын болған сәтін жіберіп алды. Билік осы қоғамдық резонансқа назар аударып, халықты тиімді жұмыс істейтін күш құрылымдарымен қамтамасыз ету үшін полицияны ішінен өзгертуге мән беруі керек еді. Амал не, бұлай болмады. Билік диалогқа бармай, өзіне ғана тиімді реформа туралы мәлімдеді.

Эрика Марат

Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің профессоры. Грузия, Қырғызстан мен Моңғолиядағы полиция қызметін реформалау бойынша сарапшы. «Полицияны реформалау саясаты: постсоветтік елдердегі мемлекетке қарсы қоғам» кітабының авторы.

Азаттық: Қазақстанның жыл басында тағайындалған жаңа Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды жеке қабылдауды бастап, ведомствоны реформалау бойынша қоғамнан ұсыныстар күтетінін жеткізді. Реформа туралы жіліктеп айтсақ, жұмысты қандай қадамдардан бастау керек?

Эрика Марат: Біріншіден, бұл үшін билік, Ішкі істер министрлігі және қоғам арасында диалог орнауы керек. Жаңа министр байланыстың осындай жолдарын қолданысқа енгізгені өте жақсы. Бұл жолдар қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін уақыт көрсетеді. ІІМ басшылығы қоғамдағы саяси белсенді топтың ғана емес, полиция қызметімен күнделікті бетпе-бет ұшырасатын қатардағы азаматтардың да пікіріне құлақ асуы керек. Екіншіден, «реформа қалай жүруі керек?» деген талқылауға қоғам ашық қатысып, БАҚ-та кеңінен жариялануы қажет. Үшіншіден, ІІМ мақсаттары мен қоғам талабы арасында мәміле табу керек. Бұл келісім кейінірек заңнан, полиция әдебінен және ІІМ даму стратегиясынан көрінуі тиіс.

Азаттық: Полицияға жақсы жалақы, баспана мен қажет жабдық беру жеткіліксіз екені түсінікті. Ал полиция қызметкерлерінің санасын қалай өзгертуге болады?

Эрика Марат: Материалдық-техникалық базаны жаңарту — реформа емес. Реформаның мәні полицияның азаматтар алдында өзін қалай ұстауынан көрінеді. Полиция санасын өзгерту өте ұзақ процесс. Бірақ бұл қоғаммен диалог жүргізу, полицияның халық алдында есеп беруін енгізу арқылы мүмкін болатын нәрсе. Полиция өз жұмысына қоғам әсер ете алатынын, қызметі үнемі бақылауда екенін түсінгенде, олардың тәртібі де өзгеруі керек.

Азаттықтың анықтамасы

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дерегінше, Қазақстанда тәуелсіздік жылдары қызмет барысында 779 полиция қызметкері қаза тауып, екі жарым мың қызметкер жараланған. ІІМ мәліметінше, мекеме штатында, территориялық органдар мен ведомствоға қарайтын мемлекеттік мекемелерді қоса алғанда, 159 371 қызметкер бар. Қазақстандағы әрбір 100 мың азаматқа 471 полиция қызметкерінен келеді.

Азаттық: Әртүрлі халықаралық ұйымдар постсоветтік елдерге полицияны реформалау бойынша кеңес беріп, қаржы бөліп көмектеседі. Мұндай көмектің көбіне тиімсіз болуының себебі неде?

Эрика Марат: Менің ойымша, бұл бағытта нәтиже бар. Бірақ халықаралық ұйымдардың негізгі қателігі — олардың шын мәнінде реформа жүргенін қаламайтын ІІМ-мен және саяси күштермен жұмыс істеуі деп ойлаймын. Бұның орнына олар қоғам мен мемлекет арасында диалог орнатып, пікір алмасу жолдарын дамытуға күш салуы керек. Бұл өте қиын жұмыс және халықаралық ұйымдардың көбі бұлай жасамайды. Халықаралық ұйымдар әдетте белгілі бір мемлекетке не қажет екенін өз көзқарасына сүйеніп анықтайды. Мысалы, олар әр полиция қызметкері адам құқықтары жөнінде білуі керек деп санайды. Бұл, сөзсіз жақсы мақсат, бірақ өкінішке қарай, полиция қызметінде өзгертетін басқа аспектілер де бар. Мүмкін адам құқықтары туралы теориялық білімге қарағанда, полицияға мұқтаж әлеуметтік топтармен сөйлесу тәсілдерін үйрету керек шығар. Халықаралық ұйымдар әртүрлі елдегі полиция қажеттілігіне жергілікті ерекшелікті ескеріп қарауы керек. Мысалы, қаладағы полиция мен ауылдағы полицияның мәселелерін салыстыруға келмейді.

Азаттық: Постсоветтік елдердің бірінде жүрген сәтті полиция реформасынан мысал келтіріңізші?

Эрика Марат: Белгілі бір мемлекет деңгейінде айту өте қиын. Азаматтық қоғамы мықты елдердегі кей қалаларда қоғам ішкі істер министрлігіне «еніп», халық мүддесін бірінші кезекке шығарып, полицияның есеп беру механизмін қалыптастырды. 2012 жылдан кейін Грузияда позитивті өзгеріс байқалады. Мұндай өзгеріс Украинаның бірнеше қаласында жүзеге асты. Полицияның халық алдында есеп беруі мен қоғамдық диалог орнатудағы алғышарттарды Бішкектен көріп отырмыз. Онда белсенді азаматтық қоғам ішкі істер министрлігін биліктің емес, халықтың мүддесі үшін жұмыс істеуге үгіттеп жатыр. Постсоветтік елдердегі саяси күштер түбегейлі реформалар жүргенін қаламайды. Өкінішке қарай, Қазақстан осы басым топқа кіреді. Бұл топтағылар материалдық базаны кеңейтіп, жеңіл өзгеріс енгізуді «реформа» деп таныстырғысы келеді. Осылай советтік кезеңде басталған «полицияның билікке адалдығы» мұра ретінде әлі жалғасып отыр.

Одан бөлек, Қазақстанда соңғы наразылық акцияларына байланысты қызық динамика байқалады. Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа қалалардағы полиция халыққа қарсы біз көргеннен де қатаң күш қолданатын болса, тағы да үлкен қоғамдық резонанс басталады. Бүгін бұлай болған жоқ және ары қарай да полиция мұндай тәсілдерден аулақ болады деп үміттенемін. Бірақ полиция күш қолданса, әділ сайлау сияқты саяси процестерге шақыратын наразылыққа қарағанда, полиция мен биліктің халыққа қарсы әрекетін сынайтын белсенділікке куә болуымыз мүмкін.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG