Accessibility links

Билікке талап қойғандар шырғалаңға түскендерін айтады


Жалғыз адамдық пикет өткізген бұрынғы полиция қызметкері Әлібек Ерғазиевті ұстап жатыр. Орал, 31 мамыр 2018 жыл.
Жалғыз адамдық пикет өткізген бұрынғы полиция қызметкері Әлібек Ерғазиевті ұстап жатыр. Орал, 31 мамыр 2018 жыл.

"Клуб любителей Конституции" бейресми ұйымының белсенділері Алматы қаласы әкімдігіне көп балалы аналар құрылтайын өткізуге өтініш берген соң қудалауға тап болғандарын мәлімдеді. Оралда қала әкімінің есепті кездесуіне талаптары жазылған плакатпен барған екі белсендінің біреуі үш тәулікке қамалса, екіншісі аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Ол полиция ғимаратының үшінші қабатынан өзі құлап кеткен-мыс. Азаттық Алматы мен Оралдағы белсенділердің қызметіне не тоқтау салғанын анықтауға тырысты.

Қазақстанда қазіргі кезде оппозициялық қызметпен айналысатын қоғамдық ұйым немесе партия жоқ. Олардың орнына жекелеген аймақтарда жергілікті билікті сынап, мәселелерді шешуге шақырып жүрген белсенділер бар. Билік оларды әкімшілік қамауға алады не қылмыстық жауапқа тартамыз деп ескертеді.

FACEBOOK-ТЕГІ ҮНДЕУІ ҮШІН ОН БЕС ТӘУЛІК

Ақпанның 11-і күні өздерін "Клуб любителей Конституции" ұйымының белсенділеріміз деп атайтын бір топ азамат ақпанның 15-інде Алматыда "Көп балалы аналар мен жалғызілікті аналарды қолдау шаралары" тақырыбына қоғамдық жиын өткізуге қала әкімі Бауыржан Байбекке өтініш берді.

Белсенділер өздері жоспарлап отырған жиында билікке арыз-өтініштерін айтып жүрген аналар мен мемлекеттік органдар арасында диалог ұйымдастыруды ұсынды. Үндеуге қол қойған белсенді Әлнұр Ильяшев әкімдіктен жиын өткізетін ғимарат бөлуге жәрдем сұрап, егер аналар аяқасты жиын өткізетін болса белсенділердің оған жауап бермейтінін ескертті.

Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев (сол жақта) әкімдікке қарсы талабы бойынша сот отырысында. Алматы, 24 желтоқсан 2018 жыл.
Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев (сол жақта) әкімдікке қарсы талабы бойынша сот отырысында. Алматы, 24 желтоқсан 2018 жыл.

Әкімдікке өтінішті тапсырған күннің ертесінде Ильяшев пен әріптестері Марат Тұрымбетов және Геннадий Крестьянский соттан оралды. Былтыр Ильяшев пен пікірлестері әкімдік және мәслихатқа қарсы екі даулы іс қозғаған еді.

Дүкенге кірген Геннадий Крестьянскийді полиция қызметкерлері қолын қайырып, өздерімен бірге алып кеткен. Сол күні оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алған. Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Жанна Нұрғалиеваның қаулысында ақпанның 12-сі күні Геннадий Крестьянский Facebook парақшасында азаматтарды 28 панфиловшылар саябағына шақырып, "судьяларды қолдау үшін акция өткізбек болған және жергілікті уәкілетті мекеменің рұқсаты болмаса да, басқа аймақтардағы азаматтарды осындай акция өткізуге шақырған, солайша митинг ұйымдастырған" деп жазылған.

Крестьянский тағылған айыпты мойындамады, сот кезінде "Ақтаулық судьялар Мәлік Кенжалиев пен Гүлнәр Байтұрованы және әлеуметтік жағдайы нашар көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында Қазақстан азаматтарына бейнеүндеу жасағанын" айтты.

Геннадий Крестьянский әлеуметтік желіде билікті қатты сынайды. Астанадағы уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласы мерт болғаннан кейін Facebook парақшасында жариялаған бейнеүндеуде көзіне жас ала отырып, "мұндай үкіметті желкелеп қуу керек" деп мәлімдеді.

Азаматтық белсенді Геннадий Крестьянскийдің Facebook-парағындағы жазбасынан скирншот. Алматы, 12 ақпан 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Геннадий Крестьянскийдің Facebook-парағындағы жазбасынан скирншот. Алматы, 12 ақпан 2019 жыл.

Таңертең қамауға алынғанға дейін белсенді: "Достар, бәрімізге қатты қысым жасалып жатыр. Біздің жариялайтындарымызды назарда ұстаңыздар. Алда-жалда көзден таса кетсек бізге тықыр таяды деп біліңіздер. Алдағы уақытта бізге таң қаларлық айыптар тағылады. Ойдан құрастырылған қылмыстық істерді мойнымызға іледі. Сенбеңіздер, оның бәрі лас өсек-аяң. Біз жоғалып кеткен жағдайда туыс-жақындарымызға бізді іздеуге көмектесіңіздер" деген үндеу жариялады.

Крестьянскийдің сотына куәгер ретінде қатысқан Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары (мемлекеттік мекеменің негізгі міндетінің бірі – "қаладағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеп, талқылайтын диалог алаңын ұйымдастыру") Шегебек Қауымбаев белсенділердің қудалау туралы айыптауына байланысты түсінік беруін сұраған Азаттық тілшісіне жауап бермей, телефон тұтқасын тастай салды.

ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚОЗҒАЛҒАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Марат Тұрымбетовтың айтуынша, Крестьянскийді соттап жатқанда оған телефон соққан Смағұлов деген тергеуші белсендінің үстінен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын айтып, полиция департаментіне келуін сұрапты. Полицияға барған белсенді "Зорлауға оқталу" бабы бойынша үстінен іс қозғалғанын естіген. Тұрымбетов өзіне тағылған айыпты мойындамайды, оның сөзінше, бұл іске екі жыл бұрынғы оқиға ілік болған.

- Бірінші топтағы мүгедекпін. Жасанды бүйрек – гемодиализбен жүрмін. 2017 жылы ауруханада жымқыру барын әшкерелегем, сол кезде осындай айып ойлап тапты. Медбикелерге маған қарсы мәжбүрлеп арыз жаздыртты. Бірақ сотта ештеңе дәлелденбеді. Оның бәрі азаматтық белсенділігіме байланысты жасалған іс-әрекет деп санаймын. Енді олар қылмыстық іс аясындағы тергеу амалы деген сылтаумен мені кез келген уақытта, кез келген жерде ұстап алып, ішкі істер департаментіне апарып, бірнеше сағат ұстай алады, - дейді Марат Тұрымбетов.

Алматы әкімшілік сотының судьясы Дастан Алыбаевтың 2017 жылы шілденің 17-сі күні шығарған қаулысы бойынша Марат Тұрымбетов 2017 жылы ақпанның 4-і күні №4 қалалық клиникалық емханасында "медбикелерді қорлап, тиіскен". Тұрымбетов тағылған айыпты мойындаған жоқ. Ақыр соңында судья "хаттама құқық бұзу оқиғасынан соң алты айдан кейін толтырылғандықтан әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткені себепті" сот өндірісін тоқтатқан.

Әлібек Ерғазиев (сол жақта), Мақсат Айсауытов және қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Кушеков (оң жақта). Орал, 31 мамыр 2018 жыл.
Әлібек Ерғазиев (сол жақта), Мақсат Айсауытов және қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Кушеков (оң жақта). Орал, 31 мамыр 2018 жыл.

Ал енді екі жылдан соң полицияның қылмыстық істі қайта қозғау себебін Азаттыққа түсіндіруден бас тартқан полиция тергеушісі Айдын Смағұлов ол жөнінде департаменттің баспасөз қызметінен сұрауға кеңес берді. Алматы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ақпанның 15-і күні телефонмен сөйлескен тілшіге мәселенің мән-жайын анықтап беруге уәде еткенімен келесі күні телефонын көтермеді.

- Қазір билік аузымызды жауып, үнімізді шығармауға тырысады. Жарайды, біз үндемейік, бірақ мәселе онымен бітпейді ғой! Біздің жаман ойымыз жоқ, бірақ жүйе бізбен күресіп жатыр. Оның өзгеруіне көмектескіміз келеді. Диалогқа әрқашан әзірміз. Бізге қарсы мұндай шара қолданудың не қажеті барын түсінбедім. Бәрін заң аясында істеп жатырмыз, сондықтан жұрт бізге өтініш айтады. Билік сындарлы іс-әрекетке бармай отыр, - дейді Әлнұр Ильяшев.

Белсенділердің үндеуіне әкімдіктен ешкім жауап бермеді. Алматы әкімінің баспасөз қызметінен пікір алу мүмкін болмады.

ӘКІМГЕ КЕЛІП, ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНЕН БІР-АҚ ШЫҚТЫ

Ақпанның 13-і күні Оралдың Жастар сарайында қала әкімі Мұрат Мұқаевтың жыл сайынғы тұрғындармен кездесуі өтті. Жергілікті азаматтық белсенділер Мақсат Айсауытов пен Әлібек Ерғазиев жиын өтетін жерге "Қазақстанда саяси реформа жасауды талап етеміз" және "Әділетсіз судьяларды жауапқа тартайық" деген жауы бар плакаттарды ала келді.

Полиция қызметкерлері дәлізде ұстап алған Айсауытов залға кіре алмады, ал Ерғазиев қолындағы плакатты жайған сәтте полицейлер оны итеріп залдан шығарып жіберді. Кейін екі белсендіні полицияға қарсылық көрсетті деген айыппен әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Белсенді Мақсат Айсауытов бұған дейін елде саяси реформа жасауды талап етіп бірнеше рет наразылық акциясын өткізген. Ақпанның 16-сы күні оны "билік өкілдерінің талаптарына кедергі келтірді" деген айыппен үш тәулікке әкімшілік қамауға алды.

Әлібек Ерғазиев – полицияның бұрынғы қызметкері. 2018 жылы зейнетке шығуына екі жыл қалғанда оны жұмыстан шығарған. Ол бірнеше рет соттасқанымен бұрынғы жұмысына қайта тұра алмады. Сол жылы Саяси репрессия құрбандарын еске алу күні Ерғазиев алғаш рет Орал қалалық саябағында рұқсат етілмеген наразылық акциясын өткізіп, бес тәулікке қамалды.

Содан бері Ерғазиев жергілікті әкімдікке митинг немесе пикет өткізуге рұқсат сұрап, жетпістен астам өтініш тапсырған. Бірақ билік ешбіріне рұқсат бермеді.

Орал әкімінің халықпен кездесуіне Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

– Соттың әділетсіз шешіміне қарсы бейбіт митинг өткізуге үнемі өтініш беретінімді облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өзіне айтқым келді, - деді Әлібек Ерғазиев ақпанның 14-і күні Азаттыққа.

Ақпанның 16-сы күні қала әкімімен кездесу кезінде "бұзақылық жасағаны" және "ІІБ қызметкерлерінің заңды талабын орындамағаны" туралы әкімшілік хаттама толтыру мақсатында Ерғазиевті Орал ішкі істер басқармасына жеткізген. Оған әкімшілік қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында Әлібек Ерғазиевтің полиция ғимаратының үшінші қабатындағы кабинеттен "жауапкершіліктен қашу мақсатында кенеттен терезені ашып, көшеге секіріп кеткені, соның салдарынан жарақат алғаны" айтылған.

Ерғазиевті қалалық ауруханаға жеткізген, туыстары оны содан бері көрмегендерін айтады. Ерғазиевтің сүйектері бірнеше жерден сынғанын айтқан дәрігерлер науқасты көруге туыстарын кіргізбей қойған. БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Азаттыққа Ерғазиевтің жансақтау бөлімінде жатқанын айтты.

- Оны лақтырып жіберді. Қалалық прокуратураға шағым түсірдім, тергеу басталуын күтеміз, - деді әкесі Тілек Ерғазиев.

Блогер Асқар Шайғұмаров. Орал, 16 наурыз 2018 жыл.
Блогер Асқар Шайғұмаров. Орал, 16 наурыз 2018 жыл.

Кездесу кезінде белсенділерді ұстап жатқанын видеоға түсірген оралдық блогер Асқар Шайғұмаров ертеңінде Орал ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Кушековтан жазбаша ескерту алған. Онда шенеунік блогерден "әкімге сауал қоя алмай кеткендер бар" деп жазғанын алып тастауын сұрап, оның видеосы "мемлекеттік мекеме қызметіне нұқсан келтіріп, мемлекеттік қызметтің имиджін бұзатынын" айтқан.

Егер бір ай ішінде Шайғұмаров әлеуметтік желіде пікірін терістемесе Кушеков оны сотқа беретінін ескерткен. Блогер Шайғұмаровқа бұған дейін де ескерту жасалған болатын.

Азаттық телефон арқылы түсініктеме беруін сұрағанда Ербол Кушеков: "Пікір берілмейді" деп мәлімдеді.


  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG