Freedom House ұйымы "2019 жылғы әлемдегі еркіндік. Демократия әлсіреп барады" атты есебінде 68 елде саяси және азаматтық еркіндік нашарлағанын, 50 елде жағдай жақсарғанын жазған.
Есепте Қазақстан "еркін емес" елдердің қатарына енген. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанда жаңадан қабылданған БАҚ туралы заң бұрыннан қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан журналистердің құқығын шектей түскен.
2017 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған.
Жаңа заң бойынша, журналистер "азаматтардың жеке басына қатысты, отбасылық, дәрігерлік, банк деректері және заңмен қорғалатын өзге де құпияларын" олардың рұқсатымен ғана жариялауы тиіс. Мемлекеттік органға БАҚ сауалдарына жеті күннің (бұрын үш күн еді) ішінде жауап қайтару белгіленген. Сайттарда анонимді пікір жазуға тыйым салынған.
Ұйымның есебінде айтылған негізгі деректер:
- Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Сирия, Оңтүстік Судан, Солтүстік Корея, Ливия, Судан – азаматтардың еркіндігі мен бостандығы көп шектелетін елдер.
- Қырғызстан билігі экстремистік сайттарды бұғаттау ережесін қолданып, вебсайттарды, видео платформалар мен SoundCloud аудио тыңдау сайтын бұғаттады. Тәжікстан тәуелсіз сайттар мен әлеуметтік желілерге шектеу қойды.
- Әлемнің 24 елі соның ішінде Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Сауд Арабиясы саяси диссиденттерді қудалауды күшейткен. Оған дәлел – сауд арабиялық журналист Жамал Хашоггидің өлімі.
- Қытай миллионнан астам ұйғыр, қазақ және дүнгенді саяси тәрбиелеу орталығында ұстап отыр. Лагерьде болғандар қысым, азаптау туралы айтады.
- Әлемде ой еркіндігі шектеле түсті. Бұған дәлел, 2018 жылы Түркияда "президентті сынаған үшін" 20 мың тергеу жүргізіліп, 6 мың сот өткен.
- Ресей президенті Владимир Путин мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 2018 жылы қайта сайланды. Олар сайлау кампаниясы кезінде заң бұзушылықтарға көп барды. Тәуелсіз басылымдарға қысым күшейді. Әкімшілік ресурстарды асыра пайдаланды. Саяси қарсыластарын қудалады.
- 2018 жылы Арменияда оппозиция лидері Никол Пашинян премьер-министр болып сайланды. Елдің бұрынғы президенті Серж Саргсян премьер-министр болып сайланғысы келген. Бірақ жұрт бейбіт митингіге шығып, халық және оппозиция талабы орындалды. Халық талабына көп құлақ аса бермейтін елдің өзінде адамдар еркіндікке ұмытылды.
- 2018 жылы АҚШ-та заң үстемдігі әлсіреді. Елдегі демократия нашарлап, қазір Грекия, Хорватия және Моңғолиямен бір деңгейде тұр. Ел президенті Дональд Трамптың заң үстемдігіне шабуылы күшейді.
- АҚШ билігінен көп қаржы алатын Freedom House ұйымы Трамп әкімшілігінің босқындарға қысым көрсетуін сынады. Трамп Мексикамен шекарада қабырға тұрғызуға бес миллиард доллардан астам қаржы сұрап отыр.
Freedom House ұйымының есебінше, әлемдегі 7,6 миллиард адамның 39 пайызы еркін, 24 пайызы жартылай еркін, 37 пайызы еркін емес.
"Еркін елдердің" қатарына Моңғолия, Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан, Бразилия, Канада енген. Ал Қырғызстан, Мексика, Малайзия, Индонезия – "жартылай еркін елдердің" қатарында. "Еркін емес елдердің" ішінде Қытай, Ресей, Иран, Түркия, Венесуэла, Сауд Арабиясы, Египет бар.
ПІКІРЛЕР