"Әблязов круассанын жеген жоқпыз!". Алматыда не болды?

"Митингі басталады" деген уақытқа дейін "Астана" алаңын күштік құрылымдар жапты. Ондаған полицей саябақ пен Қазақ-Британ университетіне қарсы аумақты қоршады. Маусым айында бұл жерде жаппай наразылық өтіп, полиция азаматтарды ұстаған еді. Наразылар сайлауға бойкот жариялауға шақырып, сайлау өткеннен кейін президент сайлауының қорытындысына қарсылық білдірді.    

Полицейлер "Қытай экспансиясына қарсымын", "Саяси тұтқындарға бостандық!" деп айқайлаған әйелді ұстап жатыр. Алматы. 26 қазан, 2019 жыл.

Ашық жасыл және қызғылт түсті жилет киіп, оқиғадан ақпарат таратқан журналистерге формадағылар келіп, қызметтік куәліктерін тексерді, телефондарын суретке түсіріп алды. Суретте полицейлер фототілші Владимир Третьяковтың қызметтік куәлігін тексеріп жатыр.  

26 қазанда Алматыда ондаған адам ұсталды. Суретте полицей ер адамды автозакқа апара жатыр. 
 

Көк түсті куртка киген зейнет жасындағы ер адам қолында Қазақстан Конституциясын ұстап тұрды. Ол полицейлерді заң бұзбауға шақырды.
"Биліктің жалғыз қайнар көзі - халық. Бізде таңдау құқығы бар ма? Жоқ. Бұл - Конституция! Біз оны орындауымыз қажет! Мен де кезінде шенеунік болғанмын, ауыл шаруашылығы министрлігінде істегенмін" деді ол. Полицейлер оған тиіспеді. 
 

Полицейлер ер адамды ұстап барады. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Алматы әкімдігінің өкілі Бекжан Сәрсенбаев азаматтарға "шерудің заңсыз" екенін ескертті. 
"Қандай митингі? Қай жерден митингі көріп тұрсыз? Төрт қария отыр - болды!" деді сәкіде отырған зейнет жасындағы адамдар. 

"Біз Әблязовқа қарсымыз, сонымен бірге Қытай экспансиясына да қарсымыз" деді айналада жүрген адамдар. "Әблязовтің круассанын жеп жүрген жоқпыз, өз нанымызды жеп жүрміз!" деді олар. 

Полицейлер саябаққа кіреберіс жолды жауып, ары-бері өткендерге басқа жақта серуендеуге кеңес берді. Суретте екі әйел саябақты қоршаған полицейлер жанынан өтіп барады.

Қазақ-Британ техникалық университетінің алды. 26 қазан 2019 жыл.

Полиция қызметкері. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы полковник Әлішер Тұрсынбетов журналистер алдына шығып, "бұл экстремистік ҚДТ ұйымының рұқсат етілмеген митингі орны, бас прокуратура рұқсат етілмеген митингіге қатыспауды, азаматтарды заңды сақтауға шақырған" деп айтты.  
"Қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда азаматтар аудандық полиция бөлімшелеріне жеткізіледі, заңда қарастырылған шаралар қолданылады" деп ескертті. 

Бір әйелдің күйеуін полицейлер ұстай бастаған кезде әйелі "Оған тиіспеңдер! Онда екі инфаркт болған!" деп айқайлады.
"Қалада серуендеп жүруге болмайды! ҚДТ-дан неге соншалықты қатты қорқасыздар? ҚДТ-ның өзін қайдан көріп тұрсыздар?" деді ол. Жарты минуттан соң полицейлер ер адамды жіберді, ерлі-зайыптылар алаң маңынан кетіп қалды. 
 

Митингі болады деген жерде тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрған Мұхтар Әблязов жақтастарын митингіге бірнеше рет шақырған. Соңғы рет осыған ұқсас жағдай 21 қыркүйекте болды. ҚДТ белгілеген "митингі орындарында" сол күні ресми дерек бойынша шамамен 100 адам ұсталып, 15 адам әкімшілік жазаға тартылған. Оқиға кезінде полицияның бейбіт шерушілерге дөрекі күш қолданылғаны хабарланды. Билік шерулердің заңсыз екенін ескертіп келеді. 

 

Сенбі, 26 қазанда Алматыда күштік құрылымдар "Астана" алаңын қоршап, Төле би көшесінде полиция көліктері мен автобустар қаз-қатар тізіліп тұрды.