"Қалқан мен резеңке таяқ". Алматыда қаңтар оқиғасына қатысқан 17 жастағы өзбекстандық істі болды

Your browser doesn’t support HTML5

Алматыда 4 қаңтардағы оқиғаға қатысқан 17 жастағы өзбекстандық Сәкен Тәліпов екі айға қамалды.

Алматы соты 4 қаңтардағы шеруге қатысқан 17 жастағы Өзбекстан азаматы Сәкен Тәліповті екі айға қамады. Ол ауыр қылмыс жасаған деген күдікке ілінген. Бозбала жерде жатқан қалқан мен резеңке таяқты қолға алғаннан өзге жазығым жоқ дейді. Өзбекстан билігі Қазақстанға наразылық нотасын жолдаған, бірақ екі тарап та оның мазмұнын Азаттыққа айтудан бас тартты.

БОЗБАЛАҒА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Өзбекстанда туып-өскен 17 жастағы Сәкен Тәліпов 1 ақпаннан бері Алматы қаласындағы тергеу абақтысында қамауда отыр. Тергеу орындары 4 қаңтарда Алматының Республика алаңында болған оқиғаларға қатысқан Тәліповті "төтенше жағдай кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысқан" (Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-тармағы) күдікті ретінде ұстаған. Кейін "құқық органы қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіру" (380-1 бап) айыбын да таққан. Бұл баптағы іс-әрекеттер аса ауыр қылмысқа жатады және он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге не өмір бойына бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

17 жастағы өзбекстандық қазақ Сәкен Тәліпов.

3 ақпанда Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Сәкен Тәліповті тергеу аяқталғанша екі айға абақтыға қамауды сұраған тергеушілердің өтінішін қанағаттандырды. Алматыда кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын арнайы бөлек сот бар. Бірақ бозбала аса ауыр қылмысқа күдікті болғандықтан сот оның ісін ересектердікімен бірге қарады дейді Тәліповтің адвокаты Ақерке Меңдіғалиева.

Адвокат кәмелетке толмаған баланы ерекше жағдай болмаса, изоляторға қамауға болмайтынын айтып, Тәліповті үйқамаққа алуды сұраған. Бірақ сот "күдікті Өзбекстанға қашып кетуі мүмкін" деп, бұлтартпау шарасын өзгертпеді.

Сот шешімімен келіспеген Меңдіғалиева апелляцияға шағым түсірген. Тәліповке "құқық органы қызметкерін ұрды деген ауыр айып еш айғақ-дәлелсіз тағылған" және "кәмелетке толмаған баланы изоляторды ұстауға негіз жоқ" дейді заңгер.

Сәкен Тәліповті екі айға қамау туралы сот шешіміне адвокаттың шағымы бойынша апелляция соты ақпанның ортасында өтуі тиіс.

"ЖИЫНДЫ ҚЫЗЫҚ КӨРІП БАРҒАН"

Өзбекстанда қазақ отбасында дүниеге келген Сәкен Тәліпов сондағы нағашыларының қолында тәрбиеленген. Былтыр орта мектепті тәмамдаған соң, қазан айында Алматыда тұратын анасына баруды ұйғарған. Сәкеннің шешесі Кәмшат Дербісәлиева Шаңырақ ықшамауданында жалғыз өзі пәтер жалдап тұрып жатқанына он жыл болғанын айтады. Өз сөзінше, Сәкеннің әкесімен дәм-тұзы жараспапты. Кәмшат Алматыдағы тұрғын үй кешенінде күзетші болып жұмыс істейді.

Кәмшат Дербісәлиева (сол жақта) ұлы Сәкен Тәліповпен бірге.

– Сәкен Өзбекстанда нағашы ата-әжесінің қолында өсті. Ақыл-есі кіргенде "анама барам" деп тұратын. Есейсін, мектебін бітірсін дедік. Былтыр қазан айында "мама, енді қасыңызда болам, екеуіміз екі жақтап жұмыс істейік, үй алайық" деп келген. Ал биыл наурызда жасы 18-ге толғасын Қазақстан азаматтығын алсам деп жүрген еді, – дейді Кәмшат.

Кәмшаттың сөзінше, ұлы уақытша жұмыс істеп, анасына көмектесіп жүрген. 4 қаңтарда күні бойы үйде болған Сәкен кешқұрым "киноға барам" деп шығып кеткен. Сол күні Алматының Алатау ауданындағы Алатау театры алдына қарақұрым адам жиналып, Жаңаөзендегі наразылық акциясына қолдау білдірген.

Your browser doesn’t support HTML5

Алатау театры алдындағы дүрбелең

Сәкен мен дос баласы ел жиналып жатқанын естіп, "жиынды қызық көріп барған" дейді Кәмшат. Сәкеннің әлгі досына ілесіп, Республика алаңына барғанын анасы кейін, өзіне прокуратурадан хабарласкан кезде бір-ақ білгенін айтады.

Алаңнан түн мезгілінде оралған Сәкен содан кейінгі күндері ешқайда шықпаған. 1 ақпанда арнайы жасақ қызметкерлері Сәкенді жұмыс орнынан алып кеткен.

– Бес адам келіп: "Сәкен деген кім?" деді. Сәкен "Мен" деп еді, оны балағаттап, бірнеше рет ұрып, алып кетті. Өздері кім екенін айтқан жоқ. Видеоға түсірмек болып едік, "Түсірмеңдер, өздеріңе жаман болады!" деп доқ көрсетті, – деді Сәкен Тәліповті қалай әкеткенін көргендердің бірі Азаттыққа.

17 жастағы Сәкен Тәліповті жұмыс істеп жатқан жерінен күштеп әкетіп бара жатқан адамдар. 2022 жылғы 1 ақпанда бейнебақылау камерасына жазылған таспадан скриншот.

Сол күні Кәмшат Дербісәлиеваға кешкі бестерде прокуратурадан "балаңызды полиция қызметкеріне шабуыл жасады деген айыпппен ұстап жатырмыз, келіңіз" деп хабарласқан.

– Барсам, үлкен залда жиырма шақты адамды тергеп жатыр екен. Бәрінің қолы май-май, жұмысынан алып кеткені көрініп тұр. Ұлым да жұмыс киімімен отыр, қолы кісіндеулі. Тергеуші жауап алып отыр екен. "Кәмелетке толмаған баладан менің рұқсатымсыз неге жауап алып отырсыз?" деп едім, тергеуші өзіме жекіп тастады, – дейді Кәмшат.

"ЖЕРДЕ ЖАТҚАН ҚАЛҚАН МЕН РЕЗЕҢКЕ ТАЯҚТЫ АЛҒАН"

"Алаңға қандай мақсатпен бардың?" деген тергеушіге Сәкен қалада адасып кетпес үшін досына ілесіп жүріп, көппен бірге қайда барғанын өзі де аңғармағанын айтқан.

– Ұлым Алматыны жөнді білмейді. Жұмысқа өзім апарып, алып келем. Бір автобусты көрсетіп қойғанмын, сонымен барып-келіп жүреді. Тергеуде отырған кезде сөйлескенде "мама, қаланы білмеймін ғой, әкімдікке қалай келіп қалғанымды байқамай қалдым" деп айтты, – дейді анасы.

Your browser doesn’t support HTML5

Алматыда бірнеше мың адам наразылыққа шықты

Тергеуші Сәкеннің үстінен "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" үшін іс қозғалады деп хабарлаған.

– "Полицияға шабуыл жасады" деп шақырғанымен, оған ешқандай дәлел келтірген жоқ. "Біреуді ұрдың ба?" деген сұрағыма Сәкен "жерде жатқан полиция қалқаны мен резеңке таяғын қолыма алғаным рас, бірақ ешкімді ұрған жоқпын" деп жауап берді, – дейді Кәмшат.

Сәкен көшеде жатқан полиция қалқаны мен резеңке таяқты сол маңда болған біреулердің "Не, жігіт емессің бе?" деген сөзіне намыстанып қолға алғанын айтқан.

3 ақпанда тергеу мерзімі аяқталғанша күдіктіге бұлтартпау шарасын белгілейтін сотқа бір сағат қалғанда тергеуші Сәкеннің анасы мен адвокатына бақылау бейнекамерасына жазылып қалған бір видеоны көрсеткен.

– Видеода әкімдік маңында қашып бара жатқан полиция қызметкерлерін біреулер қуып, ұрып жатқаны көрінеді. Бірақ олардың арасында Сәкен жоқ. Ол қасынан полиция өтіп бара жатқанда бергі жағында еңкейіп тұрған, енді оған "полицияны ұрды" деген айыпты іске еш негізсіз қосып отыр, – дейді анасы.

Наразылық шеруіне шыққан адамдар келе жатқан көшеде тұрған полиция көлігі. Алматы, 4 қаңтар 2022 жыл.

Анасы ұлының ісін жүргізіп жатқан Мұрат Әбдіқұлов есімді тергеушінің бірнеше рет өзіне "балаң кінәсін мойындаса, жазасы жеңілдейді" дегенін айтады. Кейін Сәкеннің адвокаты Ақерке Меңдіғалиева тергеушіге іс құжаттары бойынша бірнеше ескерту жасаған.

Азаттық тілшісі сөйлескен тергеуші Мұрат Әбдіқұлов "тергеу кезінде Сәкен Тәліповке ешқандай күш көрсетілген жоқ, заңға сәйкес жауап алынды" деген қысқа жауаппен шектеліп, "тергеу құпиясына" жататындықтан өзге мәлімет бере алмайтынын айтты.

Қазір тергеу изоляторында отырған Сәкен Тәліповпен анасы да, адвокаты да бір-ақ рет жүздескен. Кәмшат ұлының денсаулығы бұрынғыдай емесін байқаған. "Соттан кейін полиция департаментіне барсам, беті-аузы іскен, еңсесін тік ұстап отыра алмайды" дейді ол. Сәкен "денсаулығым жақсы, ешкім ұрып-соққан жоқ" деп анасын сендіруге тырысқан.

Сәкен Тәліповтің анасы Кәмшат Дербісәлиева. Алматы, 8 ақпан 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу кезінде қамаудағы күдіктілердің азапталғаны, тіпті кейбірінің полициядан тірі шықпағанын естіген Кәмшат абақтыдағы баласын уайымдайды. Өзінің де денсаулығы сыр беріп жүр, жақында жол апатына түсіп, өтін алдырып тастаған. "Ұлыммен кездестіріп қала ма деп, жұмысыма да бармай жүрмін" дейді ол.

Адвокаттың айтуынша, қазір Сәкен Тәліпов өзі сияқты кәмелетке толмаған тағы бір күдікті баламен бөлек камерада отыр. Бірақ наурыздың басында Сәкеннің жасы он сегізге толған соң оны ересектер отыратын камераға ауыстырады.

Ақерке Меңдіғалиева қазір Тәліповті изолятордан шығаруға күш салып жатқанын, содан кейін бозбалаға еш айғақ-дәлелсіз тағылған "Төтенше жағдай кезінде құқық қорғау орган қызметкерінің өміріне қауіп төндіру" (380-1 бап) деген екінші айыпты алып тастау мәселесімен айналысатынын айтады.

Кәмшат Дербісәлиева ұлына араша сұрап Өзбекстанның Алматыдағы бас консулдығына шағымданған. Азаттық сөйлескен консулдық баспасөз қызметі Қазақстанға қарсылық нотасы жолданғанын мәлімдеді. Нота келгенін Қазақстан сыртқы істер министрлігі де растайды. Бірақ өзбек консулдығы да, Қазақстан СІМ де нота мазмұнын айтудан бас тартты.

"МЕЗГІЛСІЗ УАҚЫТТА ОРЫНСЫЗ ЖЕРДЕ ЖҮРГЕН БАЛАЛАР"

Қаңтар оқиғасына байланысты қамауға алынған кәмелетке толмаған балалар ісімен айналысып жүрген Алматы қалалық адвокаттар алқасы меңгеруішісі Светлана Витковская істі болған жеткіншектердің бәрінің жағдайы ұқсас дейді.

– Бар мәселе олардың сол жерде жүргенінде болып тұр. Әлгі полиция қалқаны мен резеңке таяғын ұстап, жай ғана жүрген. Ешкімге тиіспеген, ештеңені бүлдіріп-қиратпаған. Дүрбелеңге байланысты істі болған барлық баланың жағдайы осындай. Өйткені олардың психологиясы солай. Істеген ісінің арты не болатынын ойламайды. Сондықтан он сегіз жасқа дейінгі күдіктілерге өзгеше шара қолданылуы керек. Ерекше, жеңіл жауапкершілік қарастырылуы керек, – дейді Витковская.

Әлеуметтік проблемалармен бірге саяси талаптар да көтеріп, үкіметке қарсы шеруге шыққан адамдар. Алматы, 4 қаңтар 2022 жыл.

Оның сөзінше, Алматыда кәмелетке толмаған онға жуық баланың үстінен дүрбелеңге байланысты іс қозғалған. Оның бесеуі қамауға алынып, екеуі үйқамақта отыр. Светлана Витковская Алматыда полиция қамауында болған балаларды азаптау фактілері де барын айтады.

– Бізде бұған дейін балаларға қатысты азаптау мәселесі өте сирек болатын. Бірақ қаңтардағы жағдай құқық қорғау органдарында ересектерді ғана емес, балаларды да ұрып-соғатынын көрсетті. Қазір екі баланың адвокаты азаптау фактісі бойынша полиция қызметкерлерінің үстінен арыз түсірді. Мезгілсіз уақытта орынсыз жерде жүрген кәмелетке толмаған балалар болған жайттың құрбаны екені сөзсіз, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтардағы оқиғаның хронологиясы

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді.

Дүрбелең кезінде және кейін қанша шетелдік азамат ұсталғаны да белгісіз. Бұған дейін Қырғызстанның он азаматы ұсталғаны, екі қырғыз, бір өзбек азаматы қайтыс болғаны айтылған. Қаңтарда Қазақстандағы мемлекеттік телеарналар шетелден келген "лаңкес" деп көрсеткен адам Алматыға концерт қоюға келген қырғызстандық танымал музыкант Викрам Рузахунов екені анықталды. Бішкек Нұр-Сұлтанға нота жолдаған соң, Қазақстан Рузхуновты еліне қайтарған. Рузахунов қамауда отырғанда азап көріп, "өзін өзі қаралауға мәжбүрлегенін" мәлімдеген соң жұрт арасында биліктің "террористер" туралы сөзіне күмән күшейді. Қазақстанға жұмыс істеуге келген тағы бір қырғыз азаматы Шолпанбек Сыдықов өзін Алматы полициясы ұрып-соғып, бірнеше қабырғасы мен екі аяғын сындырғанын мәлімдеді.

Билік қаңтар оқиғасына байланысты Қазақстан бойынша кәмелетке толмаған қанша бала ұсталғанын нақты айтпады. Бірақ әлеуметтік желіде Алматыдан бөлек Тараз, Талдықорған қалаларында да қамауға алынған кәмелетке толмағандар арасында азапталғандар барын айтып жатқандар көп. Олар тергеу кезіндегі азаптау мен қорлауды Азаттыққа да баяндаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Азапталған Талдықорған