ҰШУ АЛАҢЫ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
Алматы әуежайының хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 7:05 кезінде №2100 рейспен Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан ұшақ әуеге көтерілген соң көп ұзамай байланыс үзілген. Әуежай баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған.
"Bek Air әуе компаниясының ұшағы аэродромнан аулақта апатқа ұшырады. Аман қалғандар бар. Апат болған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр" деп хабарлады әуежай баспасөз қызметі.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қираған ұшақ әуежайдың ұшу алаңынан екі шақырымдай жерде Алматы облысы Талғар ауданындағы Гүлдала ауылының маңында жатыр. Апат салдарынан екі қабатты үй бүлінген. Апат болған жерде жұмыс істеп жатқан төтенше қызмет өкілдері қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат бермеді.
Алматы қаласы әкімдігінің Telegram-каналында жарияланған ақпаратта ұшақ Талғар ауданындағы Әлмерек ауылы маңына құлаған деп жазылған.
Әлеуметтік желілерде ұшақ құлаған жерде түсірілген суреттер мен видеолар тарады.
Алматының іргесіне жолаушы ұшағы құлады
Your browser doesn’t support HTML5
Талғар ауданы полиция басқармасы "Гүлдала ауылы маңына ұшақ құлағаны" туралы ақпарат таңертеңгі сағат 7:30 кезінде түскенін хабарлады.
Әуе кеңістіндегі ұшақтарды онлайн режимде бақылауға арналған flightradar24.com сайтының дерегінше, №2100 жолаушы рейсімен Алматы әуежайынан аттанған Fokker 100 ұшағы әуеге көтерілген соң екі жарым минуттан кейін жерге күрт құлдиылдаған.
ҚАЗА БОЛҒАНДАР МЕН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР
Ұшақта болған адам саны және қаза болғандар туралы қарама-қайшы ақпарат тарады. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаев апаттан 15 адам мерт болды (біреуі аурухана жеткізілген соң қайтыс болған) деп хабарласа, кейін Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі 12 адам қаза болды деген ақпарат таратты.
Фотогалерея. Алматы маңындағы ұшақ апаты
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі желтоқсанның 27-і күні Алматы маңына ұшақ құлаған кезде қаза тапқаны анықталған адамдардың аты-жөнін жариялады:
- Николай Астанов, 1971 жылы туған.
- Рүстем Хайдаров, 1940 ж.
- Бауыржан Қалиев, 1974 ж.
- Базархан Кәрібаев, 1974 ж.
- Марат Мұратбаев, ұшақ экипажының командирі, 1961 ж.
- Абай Нұрбеков, 1986 ж.
- Арман Исина
- Сәния Аманжол
- Дана Круглова, 1984 ж.
- Қайырхан Туматов, 1955.
- Валерий Ануфриев
- Әмина Оспанова, 1963 ж.
Олардың арасында ішкі істер органы зейнеткері генерал Рүстем Хайдаров, Informburo.kz сайтының редакторы Дана Круглова бар деп хабарланды.
"Дана Жаңа жыл мерекесін ата-анасымен бірге қарсы алу үшін Нұр-Сұлтанға жолға шыққан еді" деп жазды ол жұмыс істеген басылым.
ІІМ баспасөз қызметінің дерегінше, ұшақта экипаждың бес мүшесі мен 93 жолаушы болған. Олардың арасында Қырғызстаның бір азаматы, Украинаның екі азаматы мен Қытайдың бір азаматы болған. Оның алдында Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Алматы әуежайының баспасөз қызметі "ұшақта 95 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған" деп хабарлаған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұшақ апатынан кейін ауруханаға жеткізілген адамдардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатынан кейін бірнеше сағаттан соң Алматы қаласы әкімдігінің Telegram-каналында желтоқсанның 27-і күні Алматы әуежайынан ұшып шыққан сәтте апатқа ұшыраған Bek Air компаниясының Fokker-100 ұшағында болған жолаушылардың тізімін жариялады:
1. Абаганова Назым
2. Абилев Жанат
3. Абилдаева Асел
4. Адаев Еркебулан
5. Айболатова Зухра
6. Акболат Даваа
7. Акболаткызы Асылым
8. Акишева Гүлім
9. Акмаганбетова Асем
10. Алекперов Олег
11. Аманжол Сания
12. Аманов Серик
13. Ануфриев Валерий
14. Асташев Николай
15. Асырова Анара
16. Баймурат Нурислан
17. Байымбетова Гулнар
18. Бекжанова Нагима
19. Бекмаганбетов Бахытжан
20. Габдыжамалов А Зубаржат
21. Гатиат Адилжан
22. Гатиат Айсұлу
23. Гатиат Максут
24. Девичинская Ольга
25. Даулет Динара
26. Дедов Виталий
27. Егамбердиев Наби
28. Ерімбетов Сәрсенбек
29. Ерман Марал
30. Ескеров Жандос
31. Әбдісаттар Жанқозы
32. Әлімхан Нұрболат
33. Жанаболатова Бекзат
34. Жанбоссынова Динара
35. Жауғашты Әділ
36. Жауғашты Әли
37. Жолдыбаев Бекзат
38. Жұмаханов Шыңғыстөре
39. Зубов Виктор
40. Зубова Галина
41. Ибраев Дархан
42. Иминова Зульфия
43. Исина Арман
44. Кадауов Темирлан
45. Кайдаров Рустем
46. Каипбергенова Гулнара
47. Калиев Бауыржан
48. Каратаевс Иван
49. Карибаева Базархан
50. Карнаева Надежда
51. Клыков Матвей
52. Кулгави Евгений
53. Кошенова Гулнара
54. Круглова Дана
55. Куанышалин Марат
56. Куралбай Айгерим
57. Куралбай Дамели
58. Қожабергенов Даулет
59. Мамиев Мурат
60. Мажкенова Алтын
61. Мукашева Салтанат
62. Мурат Латипа
63. Набиев Едік
64. Назаралиев Аслан
65. Нуерлан Маолина
66. Нурахметова Шынар
67. Нурбеков Абай
68. Нурбекова Адина
69. Нурбекова Мариям
70. Нурманов Асхат
71. Нурманова Сауле
72. Нурхамит Тілеулес
73. Омаров Ринат
74. Омарова Айман
75. Орынбаев Нурдос
76. Оспанова Амина
77. Попков Андрей
78. Рахымжанова Айя
79. Сагимбеков Арман
80. Салтанат Талап
81. Салтанатқызы Уралшын
82. Сейпилов Ильяс
83. Сериков Мейрамбек
84. Сиделковский Андрей
85. Сон Юрий
86. Сон Яна
87. Теменов Айбар
88. Тулебаев Нурлан
89. Тулебаева Анар
90. Туматов Кайырхан
91. Удербаева Кымбат
92. Усен Сәттігүл
93. Утепов Еркін
Азаттық тілшілері ұшақ құлаған аумақты полиция қоршап тұрғанын, ол жерде төтенше қызмет, құқық қорғау органдары өкілдері жүргенін айтты.
Жедел жәрдем көліктері апаттан зардап шеккендерді Алматы облыстық көпсалалы ауруханасы мен Алматы қаласындағы бірнеше ауруханаға жеткізді.
ІІМ баспасөз қызметі Алматыдағы бірнеше ауруханаға 49 адам жатқызылғаны, олардың 18-інің жағдайы ауыр екенін хабарлаған. Оған дейін Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаев ұшақ апатынан зардап шеккен 50 адамның ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеген еді.
- Жедел медициналық бригадалары 66 адамды ауруханаға жеткізген. Соның 50-і ауруханаға жатқызылды. №4 қалалық клиникалық ауруханаға - 19 адам, қалалық жедел жәрдем ауруханасына - 13 адам, орталық қалалық ауруханаға - үш адам жатқызылды. Жедел балаларға көмек көрсету орталығына 9 бала жеткізілген. Алматы облыстық көпсалалы ауруханаға 6 адам жатқызылды. Олардың барлығы қажетті емдеу шараларымен қамтылып отыр, - деді Тілеухан Әбілдаев.
Апаттан соң ауруханаға жеткізілгендер
Your browser doesn’t support HTML5
Ол қажет болған жағдайда республикалық санавиация арқылы Нұр-Сұлтаннан білікті дәрігерлер шақырылатынын айтты.
Бұған дейін Алматы қаласы әкімдігі Telegram-каналында жариялаған ақпаратта "Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына аса ауыр халдегі 5 адам жеткізілді. Балаларға арналған жедел жәрдем орталығына түрлі жарақат алған 8 бала түсті. Жедел жәрдем ауруханасына апаттан зардап шеккен 5 ересек адам жеткізілді. №4 қалалық ауруханаға әкелінген 17 адамның жағдайы өте ауыр" деп хабарлаған.
Қазақстанның бала құқығы бойынша өкілі Аружан Саин халықты ұшақ апатынан зардап шеккендерге қажетті қан тапсыруға шақырды. Сағат 13:30 кезінде Алматы қаласының қан орталығына барған Азаттық тілшісі ұшақ апатынан зардап шеккендерге жәрдем беру үшін қан тапсыруға өте көп адам жиналғанын көрді. Ғимараттың сыртындағы көшеге дейін созылған кезекте тұрған адамдар әлеуметтік желідегі хабарламаны көріп, зардап шеккендерге көмек беруге келгенін айтады.
Қан орталығының басшысы Дилявер Бекировтің айтуынша, түске дейін орталыққа шамамен 500 адам келген. Жүзден астам адамнан қан алынған.
Дәрігерлер бәрін қабылдап үлгермегендіктен тек қан құрамы төртінші топқа жататын адамдарды ғана кезексіз кіргізетінін айтып, қалғанын кейінірек қабылдаймыз деп қайтарып жатыр.
- Қан тапшылығы жоқ. Қан жеткілікті. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа байланысты көп адам келді. Біз қан тапшы деген ақпаратты таратқан жоқпыз, - деді орталық басшысы Дилявер Бекиров Азаттыққа.
23 ЖЫЛ БҰРЫН ЖАСАЛҒАН ҰШАҚ
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, ұшақ апатының себебін тексеру үшін құрылған үкімет комиссиясы жұма күні апат орнына барған. Комиссия мүшесі, Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр жұма күні Алматыда өткізген брифингте апатқа ұшқыш қателігі немесе "техникалық ақау" себеп болуы мүмкін деп мәлімдеді. Оның сөзінше, алдын ала мәліметке сәйкес, ұшақтың артқы бөлігі ұшу алаңына екі рет соғылған. Скляр ұшақтың "қара жәшіктері" табылғанын, апаттың себебін анықтау үшін арнайы техникалық сараптама жүргізілетінін хабарлады.
Ұшақ апатының себебі толық анықталғанша Bek Air әуе компаниясының қызметі уақытша тоқтатылды.
Ресми мәлімет бойынша, апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағы 1996 жылы сәуірде жасалған. Ұшақты шығарған кәсіпорын сол жылы банкрот болғанын жариялап, 1997 жылдан бастап мұндай ұшақ шығару тоқтатылған.
Fokker-100 ұшағы Қазақстанның тіркеу реестріне 2016 жылы тамыздың 26-сы күні алынған. Биыл мамырда ұшу сертификатының мерзімі ұзартылған. Соңғы жеті күнде ұшақ Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент, Орал және Нұр-Сұлтан қалаларына жолаушы жеткізген.
Bek Air әуе компаниясы ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына Facebook әлеуметтік желісі арқылы көңіл айтты.
АЗА ТҰТУ КҮНІ ЖАРИЯЛАНДЫ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апаты салдарынан мерт болғандардың туыстарына көңіл айтып, "кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады" деп жазды Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына.
Тоқаев ұшақ апатына байланысты желтоқсанның 28-ін жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды.
"Апат себебін анықтау мақсатында үкімет комиссиясы құрылды. Жағдай анықталғанға дейін мұндай ұшақтың ұшуы уақытша тоқтатылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақта 95 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған" деп хабарлады Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Бұдан бөлек, билік қаза тапқандардың отбасыларына 4 миллион теңге өтемақы төлемек.
Ресми мәлімет бойынша, апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағы 1996 жылы сәуірде жасалған. Қазақстанның тіркеу реестріне 2016 жылы тамыздың 26-сы күні алынған.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Алматының іргесінде болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жәрдем көрсетілетінін хабарлады.
ҚАЗАҚСТАНДА БОЛҒАН ҰШАҚ АПАТТАРЫ
Биыл наурыздың 27-і күні Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің Ми-8 тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырады. Қазақстан қорғаныс министрлігі тікұшақта болған 13 адамның бәрінің қаза тапқанын хабарлады.
2016 жылы қаңтардың 27-і күні Алматы облысында Алакөл ауданынан Талдықорған қаласындағы ауруханаға науқас баланы апара жатқан UP-MD 600-N тікұшағы құлап, бес адам мерт болған.
2015 жылы қаңтардың 20-сы күні Жамбыл облысында бортында экипаж мүшелерімен қосқанда жеті адам болған "Ан-2" ұшағы құлаған. Апаттан бір адам – жолаушы әйел ғана тірі қалды.
2013 жылы қаңтардың 29-ы күні Алматы әуежайына жақын Қызылту ауылының тұсына Көкшетаудан Алматыға жолаушы әкеле жатқан Scat компаниясының CRJ-200 ұшағы құлап, 21 адам (16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі) қаза тапқан еді.
2012 жылы желтоқсанда Шымкент түбінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы апатқа ұшырап, 27 адам қаза болған.