Алматы соты Қаңтар оқиғасы кезінде қала орталығында оққа ұшқан бес адамды "жаппай тәртіпсіздікке қатысып, мемлекеттік нысандарға шабуылдаған" деп таныды. Марқұмдардың туыстары үкімге келіспей, оларды ақтауды талап етіп отыр.
2 мамырда Алматының Бостандық ауданының №2 соты былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза болған бес адамның ісін үш ай қарағаннан кейін үкім шығарды. Судья Дәурен Маукеев Серік Керімовті, Қанат Әубәкіровті, Нұрболат Қасымжановты, Аслан Уәлиевті және Шыңғыс Тастанбековті "ғимараттарға шабуылдаған" және "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан" деп таныды. Сот бесеуін қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Мемлекеттік айыптаушы соттан бес адамның барлығын "тәртіпсіздікке қатысушылар" деп тануды сұраған.
Бұл істің сотқа жетуіне марқұмдардың жақындарының арызы негіз болған. Үкімге келіспеген олар апелляциялық шағым түсірді.
"КҮМӘНДІ ВИДЕОНЫ АЙЫБЫНА ДӘЛЕЛ РЕТІНДЕ ҰСЫНДЫ"
Қаңтарда қаза тапқаннан кейін істі болған бес адамның туыстары үкімге келіспейді. Олар билік жазығы жоқ марқұмдарға дәлелсіз айып тағып, әділетсіз шешім шығарды деп есептейді.
– Сот ақтайды-ау деген үміт болды. Себебі марқұм күйеуімнің айыбына "дәлел" ретінде бір видео ұсынды. Онда үстіне бушлат (әскери күртеге ұқсас киім), бұтына көк шалбар киген ер адам көрінген. Қолында полиция қалқаны бар, резиденцияның құлап қалған темір шарбағына тақап келіп, сол жерде құлап жатқан, жаралы я өлген адамға жақындап барады да, оқ тиіп құлайды. Бет-жүзі көрінбейді. Маған "осы адам – сіздің күйеуіңіз, ол митингіге қатысып, резиденцияны басып алмақ болды" деді. Ал мен сенбеймін. Ол – Қанат емес. Бұл видео жұбайымның айыбына дәлел бола алмайды дедім. Бірақ сот үмітімді ақтамады, өлтіргені аздай, кінәлі де етті, – деді марқұм Қанат Әубәкіровтің әйелі Ләйла Әлдибекова.
Қанат Әубәкіров 48 жасқа толуына бес күн қалғанда қазаға ұшырады. Зайыбының сөзінше, былтыр 5 қаңтарда Қанат үйінде болған. Түстен кейін жолдастары телефон соғып, алаңда митинг болып жатыр, көріп қайтайық деген соң шығып кеткен. Арада жарты сағатқа жетпей, оқ тиіп мерт болған.
– Бір оқ жүрек тұсын тесіп өткен. Екіншісі санына тиген. Ол оқты кім атқанын сұрамай-ақ қояйын, күйеуімді ақтаса болды деп ойлаған едім, енді сот оны кінәлі деді. Мен апелляцияға шағым берем. Күйеуімді ақтап алудан бөлек, оған оқ атқан адамды тауып беруін де талап етемін, – деді Ләйла Әлдибекова.
"БАУЫРЫМДЫ АҚТАУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ – СОТ"
49 жастағы Аслан Уәлиев былтыр 5 қаңтарда Алматыдағы президент резиденциясының жанында оқ тиіп мерт болды. Кейін билік оған айып таққаны марқұмның туыстарының наразылығын туғызған.
– Сотқа бермесек, марқұм жақындарымызды "террорист", "қылмыскер" етпекші. "Ағаңыз сол күні президент резиденциясына шабуыл жасаған, бірақ қайтыс болғанына байланысты істі тоқтатайық" деді тергеушілер. Көкем шабуыл жасамағанын, қылмыскер емес екенін біле тұра, оны қалай ақтамаймын? Оны ақтаудың жалғыз жолы – сот, сондықтан сотқа бердім, – дейді Аслан Уәлиевтің інісі Дархан Уәлиев.
Марқұм ағасынан үш жас кіші Дархан кейінгі бірнеше жылдан бері азаматтық белсенділікпен айналысып жүр: әлеуметтік мәселелерді көтеріп, саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, жалғыз адамдық пикеттер мен бейбіт митингілерге шығып көзге түскен. Сол үшін бірнеше рет жауапқа да тартылған. Ал ағасы белсенділікке жоқ, бала-шағасы мен ата-анасының жанында, көлігімен адам тасып, қарапайым тірлік кешкен.
– Көкем маған 5 қаңтарда телефон шалды. "Қайдасың?" деді. "Алаңдамын, монументтің жанындамын" деп едім, "мен де осындамын" деді. Содан кейін байланыс бірде бар, бірде жоқ болып тұрды, түстен кейін мені полиция алаңнан ұстап әкетті. Ал ол сол күні резиденция маңында оққа ұшқан. Екі оқ кеудесіне және басы мен аяғына бір-бір оқтан тиген екен, – дейді Дархан Уәлиев.
Айыптау актісінде Аслан Уәлиев былтыр 5 қаңтарда "наразылыққа әдейі барған, шабуылдаушыларға жол ашу үшін резиденцияның темір қақпасының алдында тұрған "КамАЗ" жүк көлігін айдамақшы болған кезде оққа ұшқан" деп жазылған.
– Маған дәлел ретінде бір ғана видео көрсетті. Онда резиденция қақпасының жанында тұрған "КамАЗ"-ға мініп алған біреу оны айдауға талпынады, кейін ол адамға оқ тиген. Маған "мынау – Уәлиев" деп көрсетті. Бірақ ол – көкем емес, видеодағы адамның түрі анық көрінбейді, киімі де ұқсамайды. Мен бауырымды білемін, ол – өте момын, өзгеге көмектесуге дайын тұратын адам. Такси айдап жүріп алаңға барды. Сол жерде атып тастап отыр. Резиденцияны күзетіп отырған өгіздей жігіттер неге наразы топпен сөйлеспеді, неге келіссөз жүргізбеді? Неге су шашып я резеңке оқ қолданып тоқтатпады? Неге қолына таяқ ұстаған халықты қырып тастады? – деді ашумен сөйлеген Дархан Уәлиев.
Дархан Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынып, кейін тергеу органдарымен процестік келісімге келген соң, сот үкімімен бостандығы 4 жыл 2 айға шектеліп, былтыр қыркүйекте бостандыққа шыққан. Биліктен саяси тұтқындарды босатуды, адам құқықтарының бұзылмауын үздіксіз талап етіп жүрген азаматтық белсенді Дархан Уәлиев 2021 жылы қазан айында Қазақстан қоғамында резонанс тудырған "13 белсендінің ісі" бойынша сотталып, бостандығы бір жылға шектелген.
"ТУ СЫРТЫНАН ТИГЕН ОҚ"
Туыстары 42 жастағы Серік Керімов Қаңтар оқиғасы кезінде жазықсыз атылған деп біледі. Қарындасы Ләззат Керімованың сөзінше, марқұм ағасының ісіне тіркелген бір фотосуретте Серік қала көшелерінің бірінде емен-жарқын кетіп бара жатқаны бейнеленген. "Суреттегі Серік екені рас. Арғы жағында кетіп бара жатқан бір қыз бен жігіт көрінеді. Бәрі ештеңе бүлдірмей, тәртіпсіздік танытпай, жайбарақат кетіп барады" дейді Ләззат.
– Дәлел ретінде көрсеткен екінші видеода үстіне қара күрте киіп, қолына қалқан ұстап, еңкейген қалпы резиденцияның шарбағын беттеп келе жатқан ер адам бейнеленген. Түрі көрінбейді, бірақ аяқкиіміне көзім түсті. Өйткені бауырыма Жаңа жылға аяқкиімді өзім сыйлаған едім. Ал ана видеодағы ер адам аяғына үлкен платформа киген, менің бауырымда табаны жайпақ, іші жүн, қонышы шолақ етік болатын, – деді марқұм Серік Керімовтің қарындасы Ләззат Керімова.
Алматыда құрылыста істеп жүрген Серік Керімов былтыр 5 қаңтарда түстен кейін қарындасымен бірге тұрып жатқан Талғар ауданындағы үйінен шығып кеткен. "Жұмыс орнында қалған киімі мен көрпе-жастығын әкелем деп кеткен еді" дейді Ләззат.
– Сол кеткеннен оралған жоқ. 9 қаңтар күні ғана мәйітханадан таптым. Үстінде киімі де жоқ, жалаңаш жатыр екен. Кейін тергеу басталып, бізді шақырған тергеушілер ағамның телефонына детализация жасалғанын айтып, сағат 11-лер шамасында президент резиденциясы маңында болған деді. Бірақ ол үйден 2-ден кете көршімнің көлігіне мініп, екеуі бірге шыққанын дәлелдедім, көршім куә болды. Одан кейін іс құжаттары өзгертіліп, "сағат 3-тен бастап сол жерде жүрді" деген детализация пайда болды. Менің бауырым ол жерге барған да шығар. Сол күні қызық көріп алаңға барғандар көп болды ғой. Бірақ резиденцияға шабуыл жасамағанына сенімдімін. Шабуыл жасаған болса, оқ неге ту сыртынан тиген? – дейді Ләззат Керімова.
Ол соттан істі қайта тергеуге жіберуді сұраған. Бірақ сот өтінішін орындамады.
Өлгеннен кейін сотталған бес марқұмның бірі – 35 жастағы Шыңғыс Тастанбеков. Айыптау актісінде "Тастанбеков қолына темір ұстап, Алматы әкімдігіне шабуыл жасады" деп жазылған. Прокурорлардың сөзінше, Тастанбековке сол күні оқ тиіп, ол ауруханаға барар жолда жан тәсілім еткен.
"48 жастағы Нұрболат Қасымжанов та Қаңтар оқиғасы кезінде алаңда болып, митингіге қатысты, президент резиденциясына шабуылдаған" дейді тергеу орындары.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қанды қаңтар құрбандарыӨЛГЕН АДАМДЫ СОТҚА ТАРТУ
Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабында белгілі бір істі тергеу кезінде ондағы күдікті қайтыс болса, іс тоқтайды, бірақ қайтыс болған адамды ақтау немесе оның сол істегі рөлін анықтау қажет болса, тергеу органы я жақындары істі сотқа жеткізуге құқылы деп көрсетілген.
Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтистің сөзінше, әдетте прокуратура заңбұзушылықтың мән-жайын анықтау үшін я ондағы әрекет топтасып істелген болса, әр күдіктінің кінәсін анықтау қажет болса, істі сотқа жеткізеді. Ал жақындары марқұмды ақтау үшін сотқа жүгінеді.
– Өлген адамды ақтау үшін істі жандандырып, сотқа жеткізу керек. Сот арқылы ақтап алу, біріншіден, марқұмның бұзылған құқығы, сонымен бірге оның қандай да бір шені, лауазымы болса, соны қайтару үшін керек. Екіншіден, ақшалай өтемақы мәселесі. Жақынын өлтіргені үшін, оған қатысты заңсыз қару қолданғаны үшін биліктен өтемақы алу марқұмның туыстары үшін маңызды, – дейді құқық қорғаушы.
Әдетте тергеу органы белгілі бір қылмысты тергеп, тергеу кезінде айыпталушы қайтыс болса, істі сотқа жеткізбей, "айыпталушының қайтыс болуына байланысты істі тоқтатады" да, іс жабылады. Кейде марқұмның жақындары соған қанағаттанып жатады.
– "Қайтыс болуына байланысты істі тоқтату" реабилитацияға жатпайды. Бірақ жақындары марқұм туысы жазықсыз екеніне сенімді болса, сотқа шағымданып, оны ақтап алуға құқылы. Мұнда да бір нюанс бар, егер жақындары сотта марқұмды ақтап ала алмаса, марқұмды сот айыпты деп тануы мүмкін. Өлгеніне байланысты жазадан босатылады, әрине, – дейді Жовтис.
Демек, марқұм адамның әлдебір қылмысқа қатысы бары анықталған күннің өзінде оның қайтыс болуына байланысты іс тоқтауы керек. "Ол айыпты деп танылмайды, себебі сот болған жоқ. Бірақ ақталуына да мүмкіндік жоқ. Ал жақындары істі сотқа жеткізіп, ақтап ала алмай, сот айыптау үкімін шығарса, марқұм сотталған болып есептеледі" дейді құқық қорғаушы.
– Соттың мұндай заңды күшіне енген үкімі, жақынынан айырылып, қайғы шегіп отырған отбасына жығылған үстіне жұдырық болып тиеді. Отбасы үшін "баласы сотталған" деген сөз қара дақ болып қалады, – дейді адвокат Жалғас Сапарханова.
Қазақстан билігі Қаңтар кезінде оққа ұшқан және азапталған азаматтарға қатысты шағымдардың басым бөлігін қарамағанын құқық қорғаушылар мен белсенділер, саясаткерлер сынаған.
Кемі 238 адамның қазасына себеп болған Қаңтар оқиғасы бойынша құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің бірқатары "билік өкілетін асыра пайдалану", "әрекетсіздік таныту", "азаптау" баптары бойынша жауапқа тартылған. Бірақ құқық қорғаушылар "Қаңтардағы қантөгістің шындығы толық ашылмады, бейбіт наразылардың өліміне кінәлілер толық жауапқа тартылған жоқ" деп есептейді. Билік Қаңтарды халықаралық дәрежеде тергеу жөнінде бастама көтерген құқық қорғаушылардың ұсынысын қабылдамай тастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
БҰҰ комитеті Қазақстаннан Қаңтарда қаза тапқандар мен азапталғандар туралы барлық деректі жариялауды талап еттіРеспублика алаңындағы қырғын. Билік Қанды қаңтарда қаза тапқандардың ісін құпия қылды"Аруақтар сотындағы" үкім. Қаңтарда оққа ұшқандарды кінәлі деп таныдыКөзден аққан қан. Қаңтаршылардың Өскемен түрмесінде көрген азабы"Жоқты бардай қылып, ойдан құрастырып жазған". Қаңтардан соң бес жылға сотталған Айболдың хикаясы