8 қаңтарда Алматыда бірнеше жерде жалғыз адамдық пикеттер өтті. Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында - белсенді Асхат Жексебаев, Абай мен Достық даңғылы қиылысындағы Абай ескерткіші алдында - Талғар тұрғыны Еркін Сабаншиев, "Саяхат" автобекеті жақтағы Райымбек батыр ескерткіші алдында Талдықорған тұрғыны Дархан Валиев акция өткізді.
Олар биліктен саяси тұтқындарды босатуды, пікірін ашық айтқан азаматтарды қудаламауды, шешім шығарарда халықпен санасуды талап етті. Үшеуі де 16 желтоқсан күні қарсаңында немесе сол күні "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылған.
Абай ескерткішінің алдында Еркін Сабаншиевтің жалғыз адамдық пикет өткізіп жатқанына бірнеше күн болды. 8 қаңтарда түстен кейін Азаттық тілшісі барған кезде оның қолында "Саяси тұтқындарға бостандық", "Қазақстандықтар, біз өзіміз-ақ қаржы жұмсап, экологиялық таза зауыт-фабрика, кәсіпорындар салып, мемлекетті өзіміз басқарамыз" деген жазуы бар плакат болды.
- Отыз жыл ішінде мемлекет ешқандай жетістікке жеткен жоқ. Совет кезеңінен қалған зауыт-фабрикалардың бәрі жабылып қалды. Қазіргі биліктің жүргізіп отырған саясатына наразымын. Конституцияда жазылған ашық пікір айту құқығының сақталуын талап етемін. Өзім 16 желтоқсанда ұсталып, он тәулікке қамалдым. Сол кездегі биліктің заңсыз әрекетіне көзім жетті. Билік халықтың айтқандарына құлақ ассын! - деді Еркін Сабаншиев Азаттық тілшісіне.
8 қаңтар күні түске дейін Тәуелсіздік монументі алдындағы Асхат Жексебаевтың жалғыз адамдық акциясына бір топ белсенді қосылып, Украина билігін қазақстандық блогер Жанна Ахметті қайтармауға шақырған. Белсенділер пикетті күн сайын өткізетінін айтып отыр.
Оқи отырыңыз: Құқық қорғаушылар: Президент ауысса да, саяси тұтқын азаймады
2019 жылы Қазақстанда "Саяси тұтқындарға бостандық!" талабымен белсенділер акциясы жиі өтті. Мұндай талап Қазақстанның ішінде әртүрлі наразылық шерулері кезінде де, сырт елдерде өткен акцияларда да көтерілді.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстанда президент ауысқанымен саяси тұтқындарға байланысты мәселеде ешқандай өзгеріс байқалмайды, белсенді азаматтарды түрлі айып тағып, қудалау бұрынғысынша жалғасып отыр.
Еуропарламент, АҚШ, БҰҰ және өзге халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды "саяси тұтқын" деп танылған азаматтарды түрмеден босатуға талай рет шақырған. Қазақстан билігі елде "саяси көзқарасы мен азаматтық позициясына бола жазаланған ешкім жоқ, түрмеде отырғандар - қылмысы үшін сотталғандар" деуден танбай келеді.
ПІКІРЛЕР