15 миллионға сатылған мектеп имамның меншігіне қалай өтті?

Your browser doesn’t support HTML5

15 миллионға сатылған мектеп имамның меншігіне қалай өтті?

Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында біршама уақыт бұрын оқушылар жаңа мектепке көшіріліп, ескі мектеп ғимараты сатылып кеткен. Оның себебін орнына балабақша ашатын инвестор іздеп жатырмыз деп түсіндірген. Содан бері меншік иесі бірнеше рет ауысқан мүлік ақырында белгілі дін өкілінің қолына өтіп кеткен. Уәде етілген балабақша ашылған жоқ. Азаттық мектеп қалай, неліктен сатылғанын, оны алған адамдарды не байланыстыратынын анықтап көрді.

ҚОЛДАН ҚОЛҒА ӨТКЕН МЕКТЕП ҮЙІ

"Сіздерге бір сұмдықты айтайын. Біз бар мектептің өзін сатып жатырмыз қазір" – парламентке "Аманат" партиясынан сайланған депутат Мақсат Толықбай 5 маусымда мәжілістің отырысында осылай деп мәлімдеді.

– Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы мектеп болған. 250 балаға арналған. Кейінгі жылдары толығымен күрделі жөндеу жасалды, жаңадан спортзал салып берді. Ауылдың балалары қуанып жүргенде, сол ауылдың мектебін жеке қолға сатып жіберді. Оны кім сатады, сондағы әкімдік сатады, басқа кім сатады? Ол біреуден алған да 80 миллион теңгеге сатқан. Содан тізбек кеткен. Ол біреуге 80 миллион теңгеге сатқан.

Осы мәлімдеме жасалған күні Facebook-те журналист Диас Нұрақын мектеп қалай сатылғаны туралы құжаттарды жариялады. Оқу орны 2018 жылғы қаңтарда аудандық білім бөлімінен "Қарасай тұрғын үй құрылысы" деген әкімдік иелігіндегі компанияға өткен. Аумағы 1585 шаршы метр ғимарат 75 сотық жерімен бірге 15 миллион 224 мың теңгеге бағаланған. Бір айдан соң аудан әкімдігі "Қарасай тұрғын үй құрылысының" балансында тұрған ғимаратты сату туралы қаулы шығарған.

Арада бір апта өткенде Шерхан Әлібекұлы деген азамат мүлікті жоғарыда айтылған сомаға сатып алған. "Алматының іргесіндегі Қарасай ауданы Шалқар ауылындағы мектеп ғимараты нарықтағыдан әлдеқайда арзанға бағаланған" дейді депутат Толықбай.

Шерхан Әлібекұлы ғимаратты сатып алғанда Сүлейман Демирел атындағы университеттің 19 жастағы студенті еді. Ол екі айдан кейін бұл мүлікті өзі алған сомаға Гүлмира Омарова, Нұрсұлтан Шорманов деген екі азаматқа қайта сатқан.

Олар осы уақытта мектепке дейінгі білім беру саласындағы "Нур Медикус+" деген компания ашып, тіркеткен. Бірақ әлі күнге дейін салық төлемеген.

Аудан әкімдігінің дерегінше, мектеп ғимараты 1,5 жылдан кейін "Іргетас-Құрылыс-ІІ" деген компанияға 80 миллион теңгеге тағы сатылған.

Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылындағы сатылып кеткен мектеп ғимараты.

Компанияның иесі Алматы облыстық мәслихатының депутаты болған Әлібек Сәрсенов еді. Кәсіпкер сол жылдары Қарасай ауданынан құрылыс саласында түрлі тендер алып, мемлекеттік тапсырыстар орындаған.

Мектеп ғимараты "Іргетас-Құрылыс-ІІ" компаниясының балансында 2,5 жылдай тұрып, сыйға тарту шартымен Сәдуақас Олжабай деген азаматқа берілген. Ақыры дін өкілінің меншігіне өтті дегеніміз – осы. Сәдуақас Олжабай – діни басқармаға қарасты қарилар орталығының директоры.

ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ?

Мектеп сатылған кезде аудан әкімі болған Махаббат Бигелдиев заң бұзылмады деген пікірде. Ол парламенттегі мәлімдеме орынсыз болды деп біледі.

Істі тексерген прокуратураға қалай жауап бердім, саған да соны айтайын деп, Бигелдиев Азаттыққа жағдайды былай түсіндірді:

– Барлығы жаңа мектепке көшіп кеткеннен кейін біз бағалау жасаттық. Кәдімгі лицензиясы бар бағалау жасайтын мекемені шақыртып, бағалау жасаттық. Сондағы бағалап берген құны – 15 миллион бірдеңе. Ұмытып қалдым қазір бағасын.

– Иә, 15 миллион 224 мың.

– Қалған жерін сақтап қалу үшін не істеуіміз керек? Содан Шалқардың халқына салдық. "Мына нысанды не істейік?" деп едік, "балабақша жасап беріңдер" деді. Балабақшаны кім жасайды, өзі – қаңырап тұрған дүние. [Облыстық білім басқармасына] хабарласып едік, "балабақша жасаймын деген адам болса, мектеп бұзылып кеткенше, тегін беріңдер" деді. Содан кім бұдан балабақша жасайды десек, тегін беру деген механизм жоқ екен. Бұл адам өзі – Қарасай ауданының бизнесмені, азамат адам. Сол адамға "мынаны 15 миллион теңгеге ал, бірақ біздің шартымыз – балабақша жасап бер" дедік. Содан біз мектепті бердік. Ол кезде мұның бәрі заңды болатын. Барлық қызметпен ақылдасылған әңгіме болған.

Шалқар ауылындағы мектеп ғимараты сатылған кезде Қарасай ауданы әкімі қызметінде болған Махаббат Бигелдиев.

Бұрынғы әкім айтып отырған кәсіпкер – жоғарыда айтылған "Іргетас-Құрылыс-ІІ" компаниясының иесі Әлібек Сәрсенов. Ал мүлікті алғаш сатып алған Шерхан Әлібекұлы осы кәсіпкердің баласы болып шықты. Кәсіпкерге телефон соқтық. Ол Бигелдиевтің сөзін растап, мүлікті ұлының атына аударғанын айтты. Сөзінше, кейін Нұрсұлтан Шорманов пен Гүлмира Омарова деген кәсіпкерлер сатып алып, балабақша ашамыз деген. Шормановқа телефон соқтық, ол журналистің сұрағын естіген соң, тұтқаны тастай салды. Ал кәсіпкер Сәрсенов олар балабақша аша алмағаннан кейін мүлікті қайта сатып алуыма тура келді дейді.

– Сол кісілер біраз жөндеді. Құрылысын жүргізді. "Ары қарай жүргізе алмаймыз, мынадан бас тарттық" деді. "Жүргізе алмасаңыздар, сіздерге бір жерге итеріп жібергендей болмайын, қайтып маған беріңіздер, шыққан шығындарыңызды төлеп алайын" деп, қайтып төлеп алдым.

– Қаншаға алдыңыз? 80 миллион теңгеге алдыңыз, иә?

– Иә, қалғанын өзім жасадым. Оны бағалауға бердім.

Әлібек Сәрсеновтің айтуына қарағанда, ғимараттың жөндеуге кеткен шығынымен қосып есептегендегі құны – 80 миллион теңге. Ол балабақшаны жүргізуге мемлекеттен тиісті қолдау болмады, депутаттың айыптауы біржақты дейді. Кәсіпкерден мектепті былтыр қарилар орталығының директоры Сәдуақас Олжабайға неге сыйға тартқанын сұрадық.

– Ол кісі – дін өкілі. Ол кісінің қасында балабақшамен айналысатын азамат бар. Фархат деген. Сол жігіт "сіз балабақшаны жүргізе алмасаңыз, мен жүргізіп көрейін, қолымнан бірдеңе келсе, көрейін" деп ұсыныс жасаған соң, сол кісілерге қаражатсыз сыйға тартып жібердім.

– Ол кісілер одан кейін мекемені аша алды ма?

– 2-3 рет аудандық, облыстық әкімшілікке хабарласып, хат жазған, бірақ ешқандай қозғалыс жоқ. Сөйтіп, биыл наурызда әкімдікке қайтарып алыңыздар деп ұсындым, бірақ олар заң негізінде қайтарамыз деп шешті дейді. Мәселе парламентте көтерілген соң, Сәдуақас қари Олжабайдың сенімхатын алып, әкімдікке тегін қайтарамыз деп өтініш жазып кетіпті.

– Бүгін таңертең сағат 10-11 шамасында Қарасай ауданы әкімдігіне барып, апарып бердім. Арызымды жазып, қабыл алыңыздар деп өткізіп бердім, – деді 8 маусымда Әлібек Сәрсенов.

Депутаттың мәлімдемесінен кейін аудан әкімі Жасұлан Естенов мүлікті мемлекетке қайтаруды үш ай бұрын бастап кеткенбіз деп хабарлаған. Бірақ биыл наурызда Алматы облыстық әкімшілік соты, кейін ауданаралық экономикалық сот мүлікті меншіктен шығару жөніндегі әкімдік қаулысының күшін жою туралы талап арызды кері қайтарған. Әкімшілік сот бұл талаптар біздің арбитражда қаралмайды деп ұйғарған.

– Ең қызығы, бұл заңбұзушылықты жергілікті прокуратура да, "антикор" да, әкімдік те біліп отыр. "Антикор" да сотқа арыз берген. Прокуратура да арыз береді. Бірақ бәрінің талап арызын кері қайтарады... Аудан әкімі пост жариялапты, біз онсыз да қайтарайық деп жатырмыз деп. Қайтарамын десе, 2018 жылдан бері жергілікті билік қайда қарап отыр? Бес жыл өтті ғой. Одан да көп өтті. Сондықтан енді кірісіп жатыр. Соңын күтейік қалай болатынын, – деді мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.

Қарасай аудандық прокуратурасы мәслихат депутатының ресми сауалына "мүлік заңсыз берілген" деп жауап қайтарған. Ал бұрынғы әкім заңды не заңсыз екенін сот шешеді дейді. Ауданның қазіргі басшылығы қайта берілген арыз бойынша сот процесі жүріп жатқанын айтты. Үкім қашан шығатыны әзірге белгісіз.

14 маусымда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданы Шалқар ауылындағы жеке меншікке сатылып кеткен мектеп ғимараты мемлекет иелігіне қайтарылды деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы ең ұзын көпір құрылысы екі есе қымбаттады. Бұған әкім Даниал Ахметовтің не қатысы бар?